Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Данияр 10 млн теңгені ауру балаларға берді


9 сентября 2016, 11:10 | 1 135 просмотров



Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов пен және оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов туған жері - Ақ Жайық өңіріне келді. Жерлестері құшақ жая қарсы алды.

 Оларды бірінші Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құрмет көрсетті.  -Данияр, сенің олимпиададағы финалдық жекпе-жегіңді Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығындағы амфитеатрда шамамен 3 мың аса батысқазақстандық тамашалады. Айқас біткеннен соң төреші сенің қолыңды көтергенде жерлестеріңнің төбесі көкке жеткендей қуанды. Бірін-бірі құттықтап жатты. Міне, ерге деген елдің махаббаты осындай болса керек!  Данияр, сен тәуелсіздіктің құрдасысың. Өзіңнің 25 жасыңда елге үлкен сый жасап жатсың. Осыдан он жыл бұрын сен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болғанда Елбасы қабылдап, саған батасын берген болады. Сол бата қабыл болып, олипиада чемпионы атандың!  Марат аға! Даниярдың осындай үлкен жетістікке жетуіне әке ретінде де, бапкер ретінде де сіз көп үлес қостыңыз. Сізге де ризашылығымыз зор,-деген Алтай Сейдірұлы батысқазақстандықтардың атынан олимпиада чемпионы мен оның бапкері әрі әкесіне, әрқайсысына 10 млн. теңгенің сертификаттарын берді. Данияр сол бойда өзіне бұйырған сертификатты Орал қаласындағы сал ауруына ұшыраған балалардың «Бәйтерек» қорына табыстады.  Тағы бір жағымды жаңалық, облыс әкімінің хабарлауынша, Орал қаласында салынып жатқан оқушылар мен жастар сарайында Данияр Елеусінов атында бокс орталығы ашылады. Бұйыртса, Данияр онда жиі келіп, жас былғары қолғап шеберлеріне өзінің шеберлік-сыныбын өткізетін болады.  -Туған жерде осылайша қошеметтеп жатқандығы біз үшін үлкен мәртебе. Олипиадада жүріп әлеуметтік желі арқылы жерлестерімнің амфитеатрға келіп қолдау көрсеткенін көріп, қатты қуандым. Сол үшін де ризашылығымды жеткізгім келеді. Алдағы уақытта да ел абыройын асқақтатуға барымызды салатын боламыз,-деген Данияр Елеусінов боксты жақсы көретін облыс әкіміне былғары қолғапты сыйға тартты.

Автор:
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы