Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Мен сен yшiн алдым медальдi»


9 сентября 2016, 11:09 | 691 просмотр



Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасының күмiс жүлдегерi Жазира Жаппар­құлға елiмiздiң атынан 150 мың АҚШ доллары көлемiнде қаржылай сыйақы берiлдi. Ауыр атлет өзiнiң алған сыйақысын сiңлiсiнiң емiне жұмсайтынын айтты. Бiлегi жуан болғанымен, жүрегi нәзiк спортшы өзiне бауыр керектiгiн осылай дәлелдедi.

Жазираның бауырға деген қамқорлығы жайында айтардың алдында, Олимпиада ойындарында жеңiп алған медальдарын қайырымды iске жұмсап, сатылымға шығарған спортшылардың ерен еңбегiне тоқталғанды жөн санадық.

Осыдан 40 жыл бұрын Австрияның Инсбрук қаласында өткен қысқы Олимпиа­да ойындарында Николай Круглов алтын медаль ие­лендi. Эстафеталық сайыста командаластарымен бiр­ге Олимпиада чемпионы атанған Круглов ұлының болашағы үшiн алтын медалiн сатты. 20 шақырымға жүйт­куде еншiлеген алтын ме­далiн 5 мың АҚШ долларына сатқан спортшы жинал­ған қаржысын ұлының да шаңғымен сырғанауды шебер меңгеруiне жұмсады. 2006 жылы Туринде (Италия) өткен қысқы Олимпиада ойындарында Николай Кругловтың ұлы күмiс жүлдегер атанды. Ресей билiгi Кругловтың күмiс жүлдесiне берген сыйақыға әкесiнiң сатқан алтын медалiн қайтарып алып бердi.

Эстон қызы Эрике Салумяэ 1988 жылы Сеулде, 1992 жылы Барселонада өткен жазғы Олимпиада ойындарында жеңiп алған алтын медальдарын бәссаудаға шығарып сатты. Эрике алтын медальдарын сатудан түскен қаржыны өз денсаулығын емдетуге жұмсады.  

Тәуелсiз Украина тарихында бокстан жазғы Олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы Владимир Кличко 1996 жылы Атланта Олимпиа­дасында жеңiп алған алтын медалiн сатты. Ағайынды Кличколар қорға түскен қаражат балалардың спорт кешенiне қажеттi құрал-жабдықтар алып бердi. 

Сидней Олимпиадасында 50 метрге еркiн стильде жүзуден алған алтын ме­далiн Энтони Эрвин де сатты. Америкалық спортшы алтын медалiнен түскен қаржыны Үндi мұхитындағы орасан зiлзаладан зардап шегушiлерге үлестiрдi. 2004 жылы Афины Олимпиа­дасында чемпион атанған жүзгiш Отыля Енджейчак та алтын медалiн сатып, 80 мың АҚШ долларын лейкемия ауруына шалдыққан балаларды емдеуге аударып жiбердi.

Спортшылардың күндi түнге жалғай жаттығып, қол жеткiзген медальдарын сатып, өзгенiң өмiрi үшiн жомарттық жасау iсi Рио Олимпиадасынан кейiн де жал­ғас­ты. Польша елiнiң жеңiл атлетi Петр Малаховски диск лақтыру сынында күмiс жүлдегер атанды. “Олимпиа­даның жүлдегерi атанған кез келген спортшының бiр арманы орындалды деп есептеймiн. Мен де Олимпиаданың алтын медалiн иеленгiм келдi, сол мақсат­қа жету үшiн барымды салдым. Маған көзiнде iсiк пайда болған бүлдiршiннiң анасы хабарласып, көмек сұрады. Мен Рио Олимпиадасында жеңiп алған күмiс медалiмдi сатамын да, түскен қаражатты екi жасынан берi сырқатқа шалдыққан баланың ем-домына аударамын” дедi атлет. Рио Олимпиадасында қол жет­кiзген Петр Малаховскидiң күмiс медалi 84 мың АҚШ долларына сатылды. Науқас баланың көзiне Нью-Йоркте ота жасатуға 125 мың АҚШ доллары қажет екен.

69 келi салмақта Рио Олимпиадасының күмiс жүлдегерi атанған Жазира Жаппарқұл Бразилияда тұрып сiңлiсiне телефон арқылы қашанда қамқор бола бiлетiнiн айтқаны елдiң есiнде. “Мен жазғы Олимпиада ойындарының медалiн сен үшiн жеңiп алдым” деп едi Жазира қыз. Жазираның 10 жастағы сiңлiсi церебралды сал ауруына шалдыққан екен. Сiңлiсiнiң қатарынан қалмай, сырқатынан айығып кетуi үшiн ауыр атлет бар күшiн сарқитынын айтты. Жарайсың, Жазира! Сенiң бұла күшiңнiң өтеуiне келген Олимпиаданың күмiс медалi елдiң еңсесiн одан бетер биiктете түссе, бауы­рыңа деген қамқорлығың, әпкелiк мейiрбандығың адами қасиетiңдi асқақтата бермек.

Автор:
«Жас Алаш» газетінен.