Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Статистика не дейді...?


9 сентября 2016, 17:00 | 540 просмотров


Еліміздегі ең төменгі күн көріс деңгейі 23 588 теңгені құрады, тұрғын үй бағасы төмендеді, инфляция жыл басынан бері 5,4 пайызды құрады. Бұл ұлттық эконмикаға байланысты соңғы жаңалықтар. Рас, осы іспетті ақпараттардан хабардар болу бүгінгі заман адамына міндет. Қаражат мәселесі көпшілігімізді алаңдататыны сөзсіз. ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынған ресми сандарға көз жүгіртіп, бізде бағамдай өтейік.

Ең төменгі деңей

Ең төменгі күнкөріс деңгейі - мөлшері бойынша ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай табыс. Ең төменгі тұтыну қоржыны адам тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құндық көріністегі ең төменгі жиынтығы болып табылады. Осы ретте  статистика агенттігі осы көрсеткіштің ай сайынғы өзгерістерін ұсынып отырады. 2016 жылғы тамызда күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 23 588 теңгені құрады. Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2016 жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда 6,6%, 2015 жылғы тамызбен - 13,8%-ға жоғарылаған екен. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 18,6%, жемістер мен көкөністерді - 15,8%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқаны - 15%, нан және жарма өнімдерін - 8%, қант, шай және дәмдеуіштерді - 2,6%-ды құрапты.

Егер күн көріс деңгейін тұрғындардың жас шамасына қарай бөлсек, мынадай көрініске тап боламыз. Он үш жасқа дейінгі балаларға азық-түлікке 14 153 теңге жұмсалса, басқа тауарларға 9435 теңге қаражат кетеді екен. 14-17 жастағы жасөспірімдер үшін қыз балаларға азық-түлікке 17542 теңге, ер жігіттерге 12828 теңге жұмсалады екен. Ал 18 жастан асқан, еңбекке қабілетті ер азаматтарға 13442 теңге  азық-түлікке жұмсалса, әйелдер үшін бұл көсеткіш 16570 теңге екен. Ал зейнеткерлерге азық-түлікке жұмсалатын қаражат 13142 теңгені құрады. Көрсетілген бұл қражаттар бір айда жұмсалатын ең төменгі мөлшері деп белгіленген.

Тұрғын үй

Биыл  тамызда тұрғын үй нарығындағы баға өзгерді. 2016 жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 0,2%-ға төмендеді, абаттандырылған және абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сату бағалары - өзгеріссіз қалды. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,4%-ға өсті. Тұрғын үй нарығындағы бағаны байқау Астанада, Алматы қаласында және облыс орталықтарында құрылыс компанияларына қоса қалалық қор бойынша жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың іріктелген шеңбері бойынша жүргізіледі.

Инфляция

Жыл басынан бері  Қазақстанда инфляция 5,4% құрады. Баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы сегіз айда 5,2%, азық-түлік емес тауарларына - 6,1%, ақылы қызметтерге - 4,9%-ға өскен. Деп хабарлайды  ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметі. Агенттік мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың басынан бағаның өсуі жармаларға 31,3 пайыз, қантқа - 30,2 пайыз, шайға - 22,9 пайыз, картопқа - 19,8 пайыз, нанға - 15,9 пайыз, қайта өңделген және консервіленген көкөністерге - 12,1 пайыз, кондитерлік өнімдерге - 10,7 пайыз, салқындатылған сусындарға - 10,2 пайызды құраған. Сонымен бірге, макарон өнімдеріне баға 9,8 пайыз, күнбағыс майына - 9,3 пайызға, жеміс және көкөніс шырындарына - 9,1 пайыз, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға - 8,6 пайыз, құс етіне - 7,7 пайыз, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдерге - 7,1 пайызға өскендігі белгіленді. Ал бағаның төмендеуі жаңа жиналған көкөністерге 20,6 пайыз, жұмыртқаға - 13 пайыз, шикі сүтке - 8,2 пайыз болды. «Бұдан бөлек, баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 13,9 пайыз, оқушылардың сөмкесіне - 13,3 пайыз, кеңсе тауарлары мен сызу құралдарына - 11,1 пайыз, жеке қолданатын тауарларға - 9 пайыз, тұрмыстық аспаптарға - 8,8 пайыз, автомобильдерге - 6,8 пайыз, тоқыма бұйымдарына - 6,6 пайыз, киім және аяқ киімге - 5,7 пайызды құрады. Дизель отыны 15,9 пайыз, баллондағы сұйытылған газ - 13,4 пайызға қымбаттады», - делінген баспасөз баянында. Статистика мәліметтеріне қарағанда, есепті кезеңде баға деңгейі денсаулық сақтау қызметтеріне 7,8 пайыз, мектепке дейінгі балалар мекемесінің - 7,6 пайыз, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласында - 4,1 пайыз, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары - 2,5 пайыз ға өскен. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы 30,6 пайыз, алыс қашықтыққа қатынайтын темір жол көлігіне - 15 пайыз, ішкі қалалық қатынастарда автобуспен - 8,4 пайызға жоғарылады. 

Автор:
ЖД ақпарат