Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Түзеу мекемелеріндегі медицина тізгінін кімге ұстатқан тиімді?


9 сентября 2016, 10:52 | 784 просмотра



Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет генерал-майоры Мейрам Ахатұлы оңтүстік астанаға келген сайын осындағы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сот үкімімен қоғамнан оқшаулан­дырылған жасөспірімдер колониясына соқпай өткен емес. Генерал сол іс-сапарлары барысында мұндағы білім алып, арасында жұмыс істеп, салауатты өмір салтына дағдыланып, кешегі жіберген қателіктерін түзеуге талпынған кәмелетке толмағандардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтады. Осының алдында ғана еліміздің бас омбудсмені де балалар колониясында болып, жазаларын өтеп жатқандардың бүгінгі жағдайын өз көзімен көрген еді.

Ал, таяуда халықаралық түрме реформасының Қазақстандағы өкілеттігі ұйымдастырған кезекті сапар барысында осы беделді ұйымның өкілдері Азамат Шамбилов, Жанар Назарова, Іңкәр Мұқатова, Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкова, қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Ардақ Жанәбілова, Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері  И.Әділханова мен Ы.Құлатай және Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев бастаған топ мүшелері тағы да қылмыстық атқару жүйесінің Алматы қаласы бойынша департаментіне қарасты ЛА-155/6 түзеу мекемесіне маңдай тіреп, осындағы мектеп пен дәрігерлік қызметтің жай-күйімен танысты. Меймандардың көптен пікірталас көзіне айналып келе жатқан білім ошағы мен медициналық қызмет көрсетудің жай-жапсарымен танысып, осы төңіректе ой бөлісуі де тектен-тек емес еді. Бұған дейінгі өткен алқалы жиындарда да түзеу мекемелері жанындағы білім ошақтары мен медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін оларды Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрлігінің қол астына түбегейлі беру жөнінде талай рет әңгіме қозғалып, ұсыныстар көтеріл­ген болатын. Бұл салалардың қыр-сыры мен проблемаларын жақсы білетін мамандар қауымының пікіріне сүйенсек, олар да жалақысы аз, жағ­дайы жоқ темір тордың ар жағындағы мектеп пен медициналық қызметтің тізгінін өз министрліктеріне беруді қол­дайды. Олардың ойынша, сол кез­де ғана еркін өмірдегі мектептер мен түзеу мекемелерінің жанындағы білім ошақтарының арасындағы материал­дық базаның ала-құлалығы жойылып, жалақы жөніндегі жер мен көктей айырмашылық теңесетін болады. Министрліктен келген мамандар білім ошағының басшыларымен сөйлесіп, мәселенің осы жағын пысықтап алды. Медициналық қызмет көрсету саласында да осындай проблемалар бар. Мамандарға деген зәрулікті жою үшін құзырлы органдар тарапынан қандай шаралар қабылданса да, темірдей тәртібі мен қарулы күзеті бар тү­зеу мекемелеріндегі білім саласы мен медициналық қызметке келуге тілек білдіретіндер санының артпай отыр­ғаны да сол себептен. Былайша айт­қанда, жалақысы мардымсыз, жұмыс­қа шақырған кадрларына түрлі әлеу­меттік көмек беріп, пәтермен қамта­масыз етуге қолы қысқалық жасайтын қылмыстық атқару жүйесіндегі мектеп пен медициналық қызмет әлі күнге білікті мамандарға деген зәруліктен құтыла алмай келеді. Мейрам Ахатұлы әңгіме арасында жұрт назарында тұрған бұл мәселе­лер­ден құлағдар екендігін, қазір оның жо­ғары деңгейде қарастырылып жат­қанын айтты. Біздің ойымызша да, қамқорлық атаулыдан тыс қалып кеткен түзеу мекемелерінің жанындағы мектептер мен медициналық қызмет көрсету бөлімдерінің тағдырларын салалық министрліктерге табыстаған дұрыс сияқты. Қазір бір кездері тұр­ғындары жүздеп саналатын балалар колониясындағы жазаға кесілгендердің контингенті де еліміздегі жазаларды ізгілендіру саясатының шарапатына байланысты жылдан-жылға кеміп барады. Бүгінгі күні бұл мекемеде бар болғаны 54 жасөспірім жазасын өтеуде. Оның 21-і қазақ, 20-сы орыс сыныптарында оқып білім алуда. Заң қылмыс жасаған жасөс­пірім­дерді белгілі бір мерзімге қоғамнан оқшаулап, бас еріктерінен айырға­нымен, Ата Заңымыздағы еліміздің азаматтары пайдаланатын игіліктерден шеттеткен емес. Осы тұрғыдан қара­ғанда кез келген жазасын өтеуші сотталғанына қарамастан, білімді меңгеріп, медициналық көмек алуға міндетті. Адам құқығын бәрінен де жоғары қоятын өркениетті мемлекеттерге тән ортақ қасиет осындай.

Автор:
Елеусіз МҰРАТ, «Заң газеті»