Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Рио-2016: Жеңістерге үміттіміз...


28 июля 2016, 16:15 | 1 568 просмотров



Дүниежүзі көз тіккен байрақты бәсеке - XXXI жазғы олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Дүйім жұртты екі апта бойы теледидар алдында телміртетін Рио олимпиадасы 5-21 тамыз аралығында Бразилияда өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында 26 спорт түрінен 100-ден астам жолдама бар. Биыл Қазақстан 12-ші рет Олимпиада ойындарына қатыспақ. Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында болайын деп отырған додаға қатысатын спортшыларды Елбасы Ақордада қабылдап, ақжол тіледі. Төрткүл дүние назарындағы жарыста Көк Туымызды таэквондошы Руслан Жапаров ұстап шығатын болды. Төртжылдықтың негізгі додасы –Олимпиада ойыны жайлы біраз тарқатсақ. Биылғы бәсеке айналасында Зика вирусы қауіпі, допинг дауы сияқты шулы оқиғалар әлем назарын қаратты. Қазақстандық жанкүйерлер кімге үміт артады?

Көк тудың желбірегені

Олимпиада ойындарында ту ұстап шығу үлкен абырой. Және сол спортшыға ауыр міндет. Себебі, Ту көтеріп шыққан спортшы оны жай көтеріп қана қоймай, жеңісімен қайта желбіретіп қайтуға барынша күш-жігерін салуы тиіс! Рио Олимпиадасына Қазақстан туын таэквондошы Руслан Жапаров ұстап баратын болды. «Неге туды басқа танымал спортшыларға бермейді?», «боксшылардың бірі ұстауы керек еді» деген сияқты әртүрлі ой-пікірлер әлеуметтік желілерде қаптап кетті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті осы мәселе жайында мәлімдеме былай делінген : «Руслан Жапаровтың көк байрағымызды Олимпиада ойындарында көтеріп шығуы жай кездейсоқтық емес. Себебі, ол біріншіден өте талантты спортшы. Егер қатардағы жай спортшы болса, Олимиадаға жолдама ала алмас еді. Бүгінде таэквондошыларымыздың еншісінде 3 жолдама бар. Соның бірі осы Руслан бауырымызға тиесілі. Біз Риода Жапаров бауырымыздан да үміт күтеміз. Жалты ту көтеретін спортшы психологиялық тұрғыдан да өте тұрақты болуы тиіс. Себебі, ту көтеріп ұзақ қатарда тұру адамның жүйкесіне салмақ салады.Бұл азамат осы талапқа да сай келеді. Үшіншіден, Русланның жарыс кестесіне сәйкес шаршы алаңға шығатын күні басқа спортшыларға қарағанда әрірек. Олимпиада басталғаннан кейін 3-4 күннен кейін жарысқа шығады. Сондықтан әдейі Русланды таңдадық. Ал сіздер ойлаған спортшылардың барлығы бүгін ту көтерсе, ертесі жарысқа шығатын болды. Ту көтерген спортшы салтанатты ашылу рәсімінде 7-8 сағат тікесінен тік тұрады. Ол жақта күн өте ыстық. Сағаттап тұру спортшыға өте үлкен салмақ түсіреді. Шаршатады. Ол ертесі жарыста әсер етуі мүмкін. Сол үшін ту көтергеннен кейін жарысқа асықпай шығатын Русланды таңдадық».

Қазақстан Олимпиада ойындары тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқалы бері Көк байрақты көтеріп шығу мәртебесі кімдерге бұйырғаны туралы еске түсіріп өтейік. Еліміз дүбірлі додаға жеке мемлекет болып 1996 жылдан бастап қатысып келеді. Нақтырақ айтсақ, 1996 жылдың 19 шілдесінен 20 жыл бойы біздің спортшылар көк туды желбіретіп келеді.

Риоға дейінгі Жазғы Олимпиада ойындарында ту ұстап шыққан спортшылар мыналар:

Атланта - 1996 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Ермахан Ыбрайымов (бокс); Сидней - 2000 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Ермахан Ыбрайымов (бокс);Афины - 2004 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Асхат Жіткеев (дзюдо);Бейжің - 2008 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Бақыт Ахметов (ауыр атлетика);Лондон - 2012 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Нұрмахан Тінәлиев (грек-рим күресі).

Қысқы Олимпиада ойындарында ту ұстап шыққан спортшыларымыз:

Лиллехаммер - 1994 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Кайрат Биекенов (трамплиннен секіру);Нагано - 1998 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Владимир Смирнов (шаңғы жарысы);Солт-Лейк-Сити - 2002 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Радик Бикчентаев (конькимен жүгіру);Турин - 2006 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Александр Корешков (хоккей);Ванкувер - 2010 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Диас Кенешев (биатлоншы); Сочи - 2014 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Ердос Ахмадиев, (шаңғы жарысы).

Қазақстан спорты үшін тарихи күн -19 шілде. Осыдан дәл 20 жыл бұрын, тура осы күні Қазақстан тәуелсіз ел ретінде тұңғыш Олимпиада ойындарына қатысты. Жеке ел ретінде өз алдына команда жасақтап 1996 жылы Атланта олимпиадасына барды. Бұл байрақты бәсекенің алауы 19 шілдеде тұтанып, 4 тамыз күні сөнген болатын.Қазақстан бірінші Олимпиада ойындарына спорттың 15 түрінен 94 спортшы апарып, жалпы есепте 24-орынды иеленген болатын. Онда жерлестеріміз 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған еді.

Алтынды Василий Жиров (бокс, 81 келі), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі, 57 келі) иеленсе, күмісті Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика, 99 келі), Сергей Беляев (нысана көздеу, 2 дүркін) жеңіп алған. Ал 4 қола медальға Болат Ниязымбетов (бокс, 63,5 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Мәулен Мамыров (еркін күрес, 52 келі), Владимир Вохмянин (нысана көздеу) қол жеткізген еді.

Міне, биыл Қазақстан спортшылары жазғы олимпиада ойындарына 6 мәрте қатыспақ. Ал Тәуелсіз Қазақстан спортшылары қатысқан 5 жазғы олимпиада ойындарындағы жетістіктеріміз қандай? Төрт жылда бір өтетін басты додада жалпы есепте нешінші орындарды иелендік.

Атланта олимпиадасы

Спортшы саны - 94

Спорт түрі - 15.

Медаль саны - 11

Командалық есеп - 24.

Сидней олимпиадасы

Спортшы саны - 130

Спорт түрі - 18

Медаль саны - 7

Командалық есеп - 22

Афины олимпиадасы

Спортшы саны - 114

Спорт түрі - 18

Медаль саны - 8

Командалық есеп - 40

Бейжің олимпиадасы

Спортшы саны - 129

Спорт түрі - 20

Медаль саны - 13

Командалық есеп - 29

Лондон олимпиадасы

Спортшы саны - 115

Спорт түрі - 20

Медаль саны - 13

Командалық есеп – 12

Бразиялықтардың дайындығы

Олимпиада ойындары барша әлем жұртшылығы асыға күтетіні белгілі. Ал сол дүбірлі доданы ұйымдастырушы мемлекет үшін бұл тіптен ерекше сәт. Ал Бразилия төртжылдықтың негізгі жарысына қаншалықты дайын екен? Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындар уақытында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2,9 млрд реал ($853 млн жуық) бөлінді. «Федералдық үкімет 2016 жылы Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындар өткізуге байланысты орын алатын Рио-де-Жанейро штатының қоғамдық қауіпсіздігіне жұмсалатын шығындарға жәрдемдесу үшін 2,9 реал көлемінде біржолғы төлем түрінде қаржылай көмек беруге міндеттеледі», делінген құжатта. Бразилиялық БАҚ түсіндіргендей, әңгіме субсидия, яғни өңірлік билікке өтеусіз көмек жайында болып отыр.

18 маусымда Рио-де Жанейро штатының басшылығы өңірге қаржы саласында төтенше жағдай енгізетінін хабарлады. Жарияланған декретке сәйкес мұндай қадам билікке «негізгі коммуналдық қызметтер жұмысын оңтайландыру үшін» қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Құжатта сондай-ақ ауыр экономикалық жағдай «штатқа Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарды өткізу бойынша алған міндеттемелерді орындауға кедергі келтіріп отырғандығы» атап өтілген.

Рио-де-Жанейродағы қылмыстың жоғары деңгейі басты проблемалардың бірі саналады. Қоғамдық қауіпсіздік институтының деректеріне сәйкес осы жылғы қаңтар-сәуір аралығы кезеңінде штатта қасақана кісі өлтіру саны өткен жылмен салыстырғанда, 15,4 пайызға артты. Зорлық-зомбылық қылмыс сәуірдің өзінде 417-ге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 38,9 пайызға көп. Көшеде тонау, ұрлау, автомобиль айдап кету сияқты қылмыстар да артты.

XXXI жазғы Олимпиада Оңтүстік Америкада ұйымдастырылған алғашқы Олимпиадалық ойындар. Паралимпиада 7-18 қыркүйекке жоспарланған.

Рио-де-Жанейродағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын медальдардың дизайны таныстырылып үлгерді. Шетелдік ақпарат құралдарына сүйенсек, 812-ден алтын және күміс, 864 қола, жалпы барлығы 2488 медаль дайындалыпты. Салмағы 500 граммды құрайтын медаль сынапты пайдаланбай, өндіріс талаптарына сәйкес алтыннан жасалатыны хабарланды. Күміс және қола медальдардың 30%-ы қайта өңделген материалдардан болмақ. Осылайша, медальдар ілінетін ленталар материалының жартысы қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден дайындалмақ. Медальдарды сақтауға арналған қаптамалар Оңтүстік Америкада өсетін Кордия Гоэлда ағашынан жасалады.

Рио олимпиадасының уақытылы басталу басталмауы туралы осыған дейін көптеген теріс ақпараттар болғаны да белгілі. Бірі –қаржы жеткіліксіздігі болса, екіншісі зика вирусы да себеп болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директорының атына 150 ғалым мен дәрігер ұжымдық хат жолдаған еді. Олар хатта Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарын өткізуді басқа елге ауыстыруды немесе айтулы спорттық шараның өткізілу мерзімін өзгертуді сұрады. Себебі оқымыстылар Зика вирусының бүкіл әлем бойынша таралып кетуінен қауіптенеді екен. Бірақ ДДСҰ Олимпиаданың вирустың таралуына еш әсер етпейтінін айтып, жауап қайтарды. Ал спорт министрі Леонардо Пиччианидің айтуынша, Бразилия дәрігерлерінің арқасында қауіпті дертке шалдығу деректері едәуір азайған. Мысалы, сәуірде Зика вирусы 4,3 мың адамнан табылған болса, мамырда дертке тек 700 адам шалдыққан. Мамандар тамыз айында вирусты жұқтырудың мүлде болмайтынын айтып отыр. Сондай-ақ таяуда Бразилияға барып, бірқатар тестілік сайысқа қатысқан 7 мың спортшының бір де бірі бұл ауруды жұқтырмаған туралы белгілі.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маусым айының ортасында берген хабарламасында алдағы Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындары барысында Зика вирусын жұқтыру қаупі барынша төмендігін жария етті. Халықаралық ұйымның мамандары тамыз айында өтетін олимпиаданы кейінге қалдырудың қажеттілігі жоқтығына сендіруде. Бразилия - Зика вирусының таралу ошағы болып саналады. Бұған дейін ДДСҰ аталмыш вирусты вакцинасы жоқ жаһандық қатер ретінде айқындаған. ДДСҰ сарапшылары тамыз айында Бразилиядағы масалардың белсенділігі аса жоғары еместігін атап өуде. Дүниежүзілік дәрежедегі мамандарға біз де сеніп, биылғы жазғы олимпиада оййындарынің ойдағыдай сәтті болуына үміттіміз!

Допинг дауы

Риода өтетін Олимпиада ойындары жақындаған сайын допинг дауы көбейе түскенін білеміз. Халықаралық олимпиада комитеті Рио-де-Жанейрода өтетін ойындарға таза спортшыларды ғана жіберу науқанына былтырдан бері бел шеше кіріскен секілді, алайда бұған наразылар саны да артқан еді. Біреулер спорттың өзі әлемдік саясаттың құрбанына айналғанын айтады, енді біреулер державалар арасындағы бізге көрінбейтін күрес-тартыстың осылай жүріп жатқанын алға тартты. Бұның да жаны бар. Мәселен, кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, допингке қатысты тексеріс әлем елдерінің барлығында бірдей жүргізіліп жатқан жоқ. Халықаралық допингке қарсы агенттіктің келісімімен АҚШ пен Ұлыбритания елдері өздерінің спортшыларын тексеруді өз бетінше жүргізетін болған. Соның арқасында болуы керек дәл осы екі ел спортшылары ешқандай да допинг дауына ілікпеген. Ал ресей құрамасын тіптен Рио олимпиадасынан шеттету қауіпі болды. 25-шілдеде Лозанна қаласында Рио Олимпиадасына Ресей құрама командасының қатысу-қатыспауына қатысты талқылау өткен болатын. Отырыс шешімі бойынша ХОК Ресей атлеттерінің 2016 жылғы Олимпиадаға қатысуы туралы шешімді спорт түрлері бойынша халықаралық федерация қабылдайтынын айтты. Айта кетейік, бүгін британиялық танымал Daily Mail басылымы Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) бүкіл Ресей құрамасын «мемлекеттік допингтік бағдарламасы» үшін жазалап отырғанын, ал ХОК-тың ұстанымы «допинг - спорт атаулыға жасалған шабуыл» екенін алға тарта отырып, ресейлік спортшыларды Олимпиада ойындарынан шеттететіні туралы жазады. Сондай-ақ, кейбір дереккөздер келтірген дәйектерге сүйенсек, Ресей спортшыларын тек Риодан ғана емес, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарынан да шеттету мәселесі қарастырылып жатқаны айтылған.

Естеріңізге сала кетейік, допинг дауы Қазақстан құрамасын да айналып өткен жоқ. Осыған дейін халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Бейжің мен Лондон Олимпиадалары кезінде, ал Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедова үшеуі соңғы Олимпиадада допинг қолданды деп, жарыстардан шеттеткен болатын. Бұл аты аталған спортшылар биылғы Рио олимпиадасына қатыспайды.

Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елiмiзде допингке қарсы жақсы зертхана жабдықтау мүмкiндiктерiн қарастырған абзал екендігін айтқан еді.

Біздің үміттер

Рио Олимпиадасына аттанатын Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында 26 спорт түрінен 100-ден астам жолдама бар. Сол жолдама иелерін таныстырып өтсек.

Таэквандо

Қазақстан намысын үш таэквондошы - Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова мен Жансель Дениз қорғайтын болады. Жамбыл облысының тумасы - 20 жасар Р. Жапаров Олимпиадада Қазақстан құрамасының Байрағын ұстап шықпақ. 18 жастағы А.Есбергенова Қызылорданың түлегі. Таэквондодан жасөспірімдер арасында «Фуджера Опен» халықаралық турнирінің екі дүркін чемпионы. 2016 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Жансель Дениз - Түркиядан келген этникалық қазақ қызы. Ол Түркияның сегіз дүркін чемпионы, Austrian Open турнирінің екі мәрте күміс және қола жүлдесін еншілеген, Russian Open жеңімпазы, Dutch Open мен Trelleborg Open жарыстарының қола жүлде иесі, Ukraine Open және Moldova Open турнирлерінің екі мәрте күміс медалін олжалаған. Риода таэквондошыларымыз жарысты 17 тамызда бастайды.

Курес

Балуандарымыздың олимпиадаға 12 жолдама алған. Грек-рим күресінен Алмат Кебісбаев (59 кг), Досжан Қартықов (75 кг), аса ауыр салмақта Нұрмахан Тінәлиев (130) боз кілемге шығады. Ал еркін күрестен қазақ балуандары Артас Сана (57 кг ), Ғалымжан Өсербаев (74 кг), Аслан Кахидзе (86 кг), Мамед Ибрагимов (97 кг) Дәулет Шабанбай (125 кг) ел намысын қорғайды.

Әйелдер күресінен қазақстандық балуан қыздар Жұлдыз Ешімова (48 кг) Эльмира Сыздықова (69 кг) , Екатерина Ларионова (63 кг) мен Гүзел Манюрова (75 кг) ел намысын қорғайды.

Дзюдо

Бразилияда ел намысын қорғайтын дзюдошылар саны 6 болды. 60 келіде Елдос Сметов, 66 келіде Жансай Смағұлов, 73 келіде Дидар Хамза, 100 келіде Максим Раков және қыздар құрамасынан 48 келіде Галбадрах Отгонцегцег, 63 келіде Мариан Ордабаева күреседі.

Бокс

Рио олимпиададасына боксшыларымыз толық құрамамен барады. Қазақстандық боксшылар барлық салмақ дәрежесінде олимпиадалық жолдама жеңіп алған. Олар : Біржан Жақыпов (49 кг), Олжас Сәттібаев (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Берік Әбдірахмановр (60 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Құрама капитаны Данияр Елеусінов (69 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Василий Левит (90 кг), аса ауыр салмақта Иван Дычко. Әйелдер арасында Дариға Шәкімова (75 кг) және Жайна Шекербекова бар.

Жеңіл атлетика

Cветлана Иванчукова, Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Анастасия Тулапина бастаған Қазақстан әйелдер құрамасы 4×100 метрге жүгіру эстафетасына қатысады.

Сондай-ақ, Ольга Рыпакова үшқарғып секіріден, марафоншы Гүлжанат Жанатбек, марафоншы Михаил Красилов, марафоншы Ирина Смольникова, спорттық жүру -Георгий Шейко, үш қарғып секіру Ирина Эктова , спорттық жүру -Флорида Миниянова.

Байдарка мен каноэ

Байдарка мен каноэ есуден Рио Олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі болды. Қазақстаның намысын Олимпиада ойындарында 11 спортшы қорғайтын болады.Команда құрамы: Дергунов Алексей , Алексеев Евгений , Клинова Инна, Голендов Илья, Ергучев Андрей, Подойникова Ирина, Ананченко Зоя, Хайдаров Тимур, Токарницкий Сергей, Сергеева Наталья ,Емельянов Александр.

Көркем гимнастика

Сабина Әшірбаева 15 жасында Азия ойындарының қола жүлдегері атанған көркем гимнастика шебері енді Олимп шыңын бағындырмақ. Тренері Әлия Юсупова.

Садақ ату

Олимпиадаға бұл спорт түрінен 2 жолдама бар. Олар Алматы облысының мергені Сұлтан Дүзелбаев пен оңтүстікқазақстандық Луиза Сайдиева. 22 жасар спортшылар былтыр Азия чемпионатында қола жүлдегер атанып, Олимпиада лицензиясын ұтып алған болатын. Екеуі де кешенді сынға тұңғыш рет қатысады.

Нысана көздеу

Елизавета Король әлем кубогынан сегізінші орын алып, Олимпиада ойындарына жолдамасына ие болған еді.

Қазіргі бессайыс

Бұл спорт түрінен еліміздің намысын Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко қорғайды.

Су спорты

Суда жүзу бойынша Виталий Худяков, синхронды жүзу апалы-сіңілі Александра мен Екатерина Немичтер ел намысын қорғайды.

Велетрек

Қазақстандық велоспортшы Артем Захаров Олимпиада жолдамасына иелік етті. Әлемдегі үздік шабандоздар рейтингінде 18-рынға көтерілген ол ел намысын енді төрт жылдықтың басты бәсекесінде қорғайды.

Тенис

Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева ел намысын Рио олимпиадасында қорғамақ.

Сондай-ақ, Қазақстан спортшыларында Семсерлесу, Үстел тенисі, слаломды есу, батутта секіру спорт түрлерінен жолдамалар бар.

Ауыр атлетика

Олимпиада ойындарына мына ауыр атлеттер қатысатын болды. Әйелдер:Маргарита Елисеева ( 48 келіге дейін),Карина Горичева ( 63 келіге дейін),Жазира Жаппарқұл ( 69 келіге дейін).Ерлер:Арли Чонтей ( 56 келіге дейін),Фархат Харки ( 62 келіге дейін),Нижат Рахимов ( 77 келіге дейін),Денис Уланов ( 84 келіге дейін),Александр Зайчиков ( 105 келіге дейін).

Өкінішке қарай, өздеріңіз тізімді көріп отырғандай бұл тізімде Лондонда топ жарған төрт чемпионымыздың есімдері жоқ. Оларды жақында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг дауынан кейін спорттан уақытша шектеген болатын. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарында допинг қолданғаны үшін Қазақстанның екі лицензиясын алып қойған еді. Спортшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрстететіне сенімдіміз.

Автор:
Бетті дайындаған: Мәдина Омарқұлова