Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Міндетті медициналық сақтандыру» Заңы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізілді


22 июля 2016, 07:02 | 1 116 просмотров


«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының жанынан құрылған АНТ мүшелері Қаратал ауданындағы «Косенков» бастауыш партия ұйымында орталық аурухана қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамында көрсетілген 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енетін "Міндетті медициналық сақтандыру" Заңын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесуге «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Г.Тойлыбаева, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Талдықорған қалалық мәслихаттың депутаты М.Досқалиев, медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегін бақылау бөлімінің басшысы С.Пак , аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Абақов, аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Құмаров, «Үштөбе» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қ.Есботанов және медицина қызметкерлері қатысты.

Түсіндіру жұмысы барысында медициналық сақтандырумен қатар, медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарының енгізілуі жайында сөз болады.

Жиын барысында Алматы облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Г.Тойлыбаева биыл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңі басталғанын айтып, наихат жұмысы «Нұр Отан» партиясының қызметкерлеріне жүктелгенін баса айтып өтті.

Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша департаментінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегін бақылау бөлімінің басшысы Савелий Пак өз баяндамасында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен халықтың денсаулығын сақтау саласындағы қолжетімділігі, сапалы медициналық көмек алу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қажеттілігі туралы айтты. «Бүгінгі біздің қолға алып отырған бұл реформа мемлекетке көп көмегін тигізетін болады. Біріншіден, медициналық сақтандыру орталығы қаржыны қадағалап отыруы арқасында емдеу орталықтарындағы жұмсалған қаржыны қатаң бақылайтын болады. Нәтижесінде ақша бей-берекет шашылмай, мақсатты түрде жұмсалады. Ал екіншіден, азаматтар уақытылы салым салып отырған соң, денсаулығына да мән береді. Қазіргі күні кез келген қазақстандық азамат ауруы асқынғанда ғана қаралуға келетіні жасырын емес», - деді.

Сондай-ақ, Медицина қызметкерлері "Міндетті медициналық сақтандыру" Заңы бойынша сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Автор:
ЖД ақпарат.