Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тосын жаңалық! Сиыр төрт бұзау туды


22 июля 2016, 06:52 | 1 938 просмотров



“Бәленшенiң сиыры егiз туыпты, иесi ауыл балаларын жиып алып жаяу жарыс ұйымдастырып, бiрiншi келген балаға егiз бұзауының бiрiн жетектетiп жiберiптi”, тағы бiрде “Түген қойшының сиыры егiз туған екен, бұзаулары өскенде тай жарыс өткiзiп, қара үзiп келген балаға бұзауын берiптi” дегендi үлкендерден еститiнбiз. Ал мына оқиға бiздiң аудан түгiлi, елiмiзде бұрын-соңды болды ма екен?

Жиырма шақты күн бұрын Райымбек ауданы, Қарасаз тұрғынының сиыры өрiсте бұзаулады. Жалқы емес, егiз де емес – төртеу. Үшiншi тумасында бiрден төрт бұзау туған сиыр малшылар жақындағанда аяқтана алмай жатқан төртiншi бұзауын таптап өлтiрiп қойыпты. Қалған үш бұзауы дiн аман. Бiр жатырда төртеуi өсiп жетiлгендiктен, дене бiтiмi кiшi. Өсе келе жетiлiп кетедi дейдi малшылар.

Осы күнге дейiн екi рет бұзаулаған сиыр қалайша төрт бұзау туды? Райымбек ауданы әлемдегi 14 мемлекетпен шекаралас Қытай Халық Республикасымен шектеседi. Қытай Лобнор көлiнiң маңында ядролық қаруын сынайтын алаң салып қойған. Сол сынақ алаңы да себепкер емес пе екен деген де күдiк бар көңiлде.

Қайткен күнде де бiр сиырдың төрт бұзау туғанын көпшiлiк жақсылыққа жори қоймайтыны анық. Ақырзаманның белгiсi емес пе екен деп те айтып жүр. Мал иесi ендi қайтедi? Бұрынғының жосығымен аман қалған үш бұзаудың екеуiн бауыздап көмiп тастай ма? Мұнымыз асыл дiнiмiзге мүлде қайшы емес пе? Ислам дiнiнде ешқандай себепсiз тiршiлiк иесiн өлтiрмек түгiлi, жапа шектiрудiң өзi қатыгездiк саналған. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерiнде төрт түлiк мал пенделерiне Алланың берген мүлкi екенiн, меншiгiндегi жануарларға да мейiрiммен қарауға үндейдi. Қалай десек те бұл бiр тосын оқиға болды.

Ғани Бейқұтбай,

Райымбек ауданы,

Алматы облысы.

Сiз не дейсiз?

Қыдырбай Аманжолов, ғалым: ЗЕРТТЕУ КЕРЕК

– Аша тұяқты, оның iшiнде iрi қараның үшеу, төртеу туғаны басқа елдердiң тарихында бар. Бiрақ қазақ жерiнде осындай оқиға болыпты дегендi естiген жоқпын. Егер де бұзаулардың мүшелерi сау болса, қорқатын ештеңе жоқ. Бұл – Жарат¬қанның шеберлiгi. Кезiнде өзiмiз де егiз туған сиырдың бұзауын 18 айлығына дейiн өсiргенбiз. Сонда әрқайсысының салмағы 420 келiге дейiн жеттi.

Iрi қара малының тұқымына қарай бұзауының салмағы әркелкi тартады. Жаңа туған бұзаудың салмағы 22-43 келi аралығында болады. Ал ендi егiз, үшеу, төртеу туса, онда салмағы аз болады. Өйткенi сиырдың жатыры төрт бұзау жатқандықтан, төрт есе үлкеймейдi. Төрт бұзау туған сиырды зерттеу керек.

Болат Бопай, этнограф: ЖАҚСЫ ЫРЫМҒА БАЛАҒАН ЕМЕС

– Iрi қара малының егiз туғанын қазақ ежелден жақсы ырымға балаған емес. Бұрынғы заманда сиыры егiз туса, бiреуiн бауыздап көмiп тастайтын болған. Ал бiреулер балалар арасында жарыс өткiзiп, сыңарын сыйға берген. Дәулеттiлердiң сиыры егiз туса, бiреуiн кедей-кепшiкке жетектеткен. Ал ешкiмге бермей өсiргендер маңдайы мен құйрығына күйе жағып қойған. Мұнысы тiл-көз тимесiн деген сақтық болуы керек. Өсiрген күннiң өзiнде қазақ iрi қара малының егiзiн малданған емес. Сыйға берген, тiптi болмаса сойып етiн садақаға таратқан.

Автор:
«Жас Алаш» газетінен.