Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Министр халық алдында есеп берді


1 июля 2016, 04:43 | 985 просмотров



29 маусымда Қазмедиа орталығында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенованың тұрғындармен кездесуі өтті. Шара барысында ҚР ДСӘДМ басшысы азаматтарға министрліктің медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша атқарып отырған жұмысы туралы мәлімдеді.

Шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ішкі істер, қаржы, әділет, энергетика, қорғаныс, білім және ғылым, ауылшаруашылық, ақпарат және коммуникациялар, мемлекеттік қызмет жөніндегі министрліктерінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Тамара Дүйсенованың халық алдындағы есептік кездесуіне ҚР ДСӘДМ Қоғамдық кеңесінің мүшелері, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Атамекен» ҰКП, Ұлттық денсаулық сақтау саласы палатасы, кәсіби бірлестіктер, Медициналық қызметкерлер кәсіподағы, ҮЕҰ, ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері және ҚР ДСӘДМ ардагерлері келді. Видеоконференция режимінде денсаулық сақтау, әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының, ҚР ДСӘДМ комитеттерінің аймақтық департаменттерінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері және т.б. қатысты.

Сөз басында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Елбасы айқындаған Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамды» жүзеге асыру шараларының аясында Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ортақ жауапкершілігі негізінде денсаулық сақтау жүйесінің жаңа үлгісі енгізіледі. Биылғы жылы ҚР ДСӘДМ ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жасады. Оны Елбасы ағымдағы жылғы 15 қаңтарда бекітті. Бұл құжат алдыңғы бағдарламалардың логикалық жалғасы әрі денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістердің әрі қарай толықтырылуы болып табылады.

Жаңа бағдарламаның маңызды бағыты

Жаңа Мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – аурулардың алдын алу мен оны ескерту болып табылады. Сондықтан ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің,  Дүниежүзілік Банк және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының ұсынымдары негізінде Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылатын болады. Оның негізгі қызметі - жұқпалы және негізгі жұқпалы емес ауруларды бақылау және эпидемиологиялық қадағалау; профилактикалық шараларды өткізу; халықтың хабардарлығын арттыру және т.б. Балалар арасындағы аурулардың алдын алу мақсатында мектептегі медицина білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне берілетін болады. Тиісті Заң жобасы әзірленді. Жыл басынан бастап пилоттық тәртіпте жүзеге асырылып келе жатқан сауықтыру шараларының күнтізбесі балаларды жыл бойы сауықтыруды қарастырады: балаларды профилактикалық тексеру мамандар бригадасын шығару арқылы білім беру ордаларында жүзеге асырылатын болады; оқу кезеңі мен демалыс уақытында сауықтыру шараларын ұйымдастыру; мектептерде мүсін мен көрудің бұзылуын алдын алу шаралары, қосымша дәрумендеу, физиотерапиялық процедуралар, «функционалдық» тамақтану азық-түліктерін қолдану (қышқыл сүт өнімдері), фитопрепараттар мен оттегі коктейлін қолдану және т.б. сияқты денсаулық сақтау технологияларын енгізу. Қаңтар-наурыз айларының аралығында профилактикалық тексерумен 2,6 млн. оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 97,9%-ы қамтылды. Аурудың алғаш рет анықталуына байланысты диспансерлік есепке 305,8 мың (11,4%) оқушы тіркелді.

«Бала - аман» бағдарламасы

«Бала-аман» бағдарламасы әзірленді. Бұл бастауыш сынып оқушылары арасында шаршағандықты төмендету үшін әртүрлі жаттығуларды көрсетуді; нақты мысалдар арқылы дұрыс мүсін қалыптастыруға; дұрыс тамақтану дағдыларына; балаларды медициналық алғашқы көмек көрсетуге үйретуді қарастыратын веб-ресурс болып табылады.  Бұл бағдарлама пилоттық тәртіпте 2016 жылғы қыркүйек айынан бастап желтоқсан айына дейін Астана және Алматы қалаларының мектептерінде, ал 2017 жылдың 1 қантарынан еліміздің барлық мектептерінде іске асырылады.

Ауруларды ерте кезеңде анықтауға ерекше көңіл бөлінетін болады. ДДСҰ сарапшыларымен бірге Ұлттық скринингтік бағдарламаның тиімділігі анықталды. Нәтижесінде жас бойынша мақсатты топтың құрамы мен скринингті өткізу жиілігін қайта қарау қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, ауруды ерте кезеңде анықтау мәселелері бойынша медқызметкерлерді оқыту ұйымдастырылып, скринингтік тексеруден өткен азаматтарды бақылау мен есепке алудың ақпараттық жүйесі құрылады. Сонымен бірге, ересек тұрғындарды профилактикалық тексеру тәртіптері жеңілдетілмек. Азаматтар міндетті профилактикалық тексеруден өту кезінде (жұмысқа тұру немесе оқуға барар кезде және т.б.) мерзімі өтпеген жағдайда, денсаулығы жайында медициналық анықтаманы халыққа қызмет көрсету орталықтарында ала алады. Ал бағдарлы мамандарға қаралу қажеттілігі туындаған жағдайда олар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімінде емхана мен қызмет көрсету уақытын таңдай алады. Сонымен бірге, диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру процедураларын оңайландыру қарастырылуда. Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын пациенттер үшін тоқсанына бір рет, қымбат дәрілер алатын ауыр түрдегі сырқаттанғандар үшін ай сайын жазып беретін болады. Дәріханалар пациенттерге берілген рецептер негізінде сәйкес дәрілік заттарды беріп, олардың есебін жүргізеді. Ресцептерді келісімдерден өткізу  автоматты тәртіпте «ИСЛО» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Оны апробациялау ағымдағы жылғы шілдеден бастап Астанада жүргізілмек. Министр «Денсаулық» Мембағдарламасының басты бағыттарының бірі – алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу болып табылатынын (әрі қарай - АББ) айтты. Қазақстанда АББ 2013 жылдан бастап пилоттық тәртіпте Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының 7 емханасында үш нозология бойынша енгізілуде: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті. Бағдарламаға қатысушылар саны 1,2 мыңнан астам адамды құрады. Пилоттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде пациенттердің 75%-ында артериалдық гипертензия деңгейінің көрсеткіші тұрақталып, артериалдық қысымды бақылау және гипотензивті препараттарды тұрақты тұрде қабылдау машықтарының қалыптасуы байқалды. Созылмалы жүрек кемістігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы 2 есеге азайды. Пилоттық аймақтардағы АББ-ны енгізудің тиімді тәжірибесін ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру биылғы жылы Астана, Алматы қалаларының, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының емханаларында жүзеге асырылатын болады. 2018 жылдан  бастап АББ еліміздің барлық өңірлерінде енгізілетін болады.

Жол картасы

Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ негізгі әлеуметтік мәні бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар 5 ауру: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу бойынша Жол картасын жасағанын хабарлады. Аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша қызметтің барлық түрлері көрсетілетін болады: профилактика, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер. Сонымен қатар, күрделі технологиялық құрылымдар мен жоғары білікті мамандарды талап ететін қызметтер ауданаралық, аймақтық және республикалық деңгейде орталықтандырылатын болады. Күрделі технологиялық құрылымдарды талап етпейтін қызметтер тұрғылықты мекен-жай бойынша медициналық ұйымда көрсетілетін болады. Жол картасын жүзеге асыру шараларының аясында 5 үйлестіру кеңесі құрылып, оларға жауапты республикалық денсаулық сақтау ұйымдары анықталды. Медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша нақты шаралар дайындалды: медициналық көмек көрсету медициналық қызметкерлері барлық деңгейінің біліктілігін арттыру бойынша курстар ұйымдастырылды; емдеу стандарттарын қайта қарау бойынша, емханалық хаттамалар мен процестердің алгоритмін жетілдіру жөнінде, пациенттердің қозғалыс маршруты бойынша жұмыс басталды және т.б.

Жедел медициналық көмек көрсетудің екі сатылы біріктірілген үлгісін құру жоспарланып отыр. Бірінші жергілікті деңгейде жедел көмек пен санавиацияның бірыңғай қызметі құрылады. Оған облыстың санавиациясы, ауданның, қала мен ауылдық жерлердегі жедел көмек стансалары кіреді. Екінші – республикалық деңгейде қызмет құрамына санавиация, автоматтандырылған GPS жүйесі мен телемедицинасы бар жедел көмек қызметінің бірыңғай диспетчерлік қызметі кірмек. Отандық медициналық ЖОО-дағы кадрларды дайындау сапасын арттыру мақсатында әлемдегі 500 үздік университеттер қатарына кіретін стратегиялық әріптестерді шақыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия және т.б. елдердегі медициналық мектептер. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы қыркүйек айынан бастап 6 медициналық колледжде мейірбикелерді дайындаудың финдік үлгісі енгізілетін болады.

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын әрі қарай дамыту бойынша жобалау тобы құрылып, инфрақұрылым мен МЖМӘ-ні дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып аймақтардың медициналық картасы жасалуда. Картада азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, оларға медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қажет болатын денсаулық сақтау ұйымдары нысандарының саны анықталатын болады. Тізімделген нысандарға құрылыс, қайта құру, жеке секторды тарту мен жекелеген нысандарды МЖМӘ тетіктерін қолдана отырып, сенімді басқару ісі кіреді. Қазіргі таңда қолданыстағы барлық медициналық техника мүліктері түгенделіп, оның тозу деңгейі анықталды. Медициналық техниканы сатып алуды өзгерту бойынша ұсыныстар дайындалды: медициналық ұйымдар құны 5 млн-ға дейінгі медициналық техниканы өздігінен сатып ала алады, 5-100 млн. теңге көлеміндегі техниканы лизинг арқылы, ал құны 100 млн.теңгеден астам бұйымдарды республикалық және жергілікті бюджет есебінен сатып ала алады. ҚР ДСӘДМ дәрілік қамсыздандыруды жетілдіру мақсатында сапаның халықаралық стандарттарына сай дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдету бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларын дайындады. Шетелдің сарапшылармен бірлесе отырып Ұлттық дәрілік формуляр әзірленіп, енгізілді. Оған республикада тіркеліп, барлық клиникалық тиімділігі дәлелденген және әрбір дәрінің шектік бағасы көрсетілген дәрілік заттар кіреді. Кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрілік заттардың тізімі жаңартылып, референттік баға құруды енгізудің бірінші кезеңі қамтылды. Тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына (GXP) өту бойынша жұмыс атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында және денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкерлердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу (әрі қарай - МӘМС) бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. МӘМС енгізілгеннен кейін Қазақстанда әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындар қатарына кіретін (азаматтардың 12 санаты) 9,8 млн-нан астам адам медициналық көмекті мемлекет енгізетін жарна есебінен алатын болады.

Жұмыспен қамту 2020 жол картасы

Әлеуметтік-еңбек саласының мәселелеріне тоқтала келе, Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту мақсатында ҚР ДСӘДМ «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» (әрі қарай – «ЖҚЖК 2020») бағдарламасын жүзеге асырып келе жатқанын еске салды. 2015 жылы бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 167 мың адам, оның ішінде ашық бос орындарына азаматтар жұмысқа орналастырылды. Олардың 85%-ы тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды (142 мың адам).  Сонымен қатар, 6 мыңнан астам адам өз бизнесін ашу мен ұлғайту мақсатында  микрокредит алды, олар 6,1 мың қосымша жұмыс орындарын ашты. 14 мың адам тегін кәсіби оқытуға жіберілді, 24,5 мың адам мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, 1,2 мың адам жаңа мекен-жайға көшірілді. Оларға тұрғын үй беріліп, жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында аталған бағдарлама жаңғыртылған болатын. Онда жұмыс орындарын сақтауға негізделген жаңа құралдарды қарастырылды. Бұл – білікті мамандардың жоғалған еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, жұмыс берушілерге өз қызметкерлерін оқытуға арналған гранттарды беру (қайта даярлау мен бліктілікті арттыру), жұмыс орындарын міндетті түрде сақтау шартымен жұмыс істейтін жастарды кәсіби оқытуды ұйымдастыру. 2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 100,8 млрд.теңгенің 63 млрд. теңге көлеміндегі бөлігі жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады. Министр ағымдағы экономикалық жағдайға қарамастан, Үкіметтің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы әрі толыққанды орындап отырғанын атап айтты. 2016 жылы ынтымақты зейнетақы 9%-ға ұлғайтылды, барлық жәрдемақылар - 7%-ға, мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағы 25%-ға артты. Мемлекет басшысының әлеуметтік қолдау бойынша берген бірқатар тапсырмалары азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатындағы шаралардың жалғасы болып табылады. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» шараларын іске асыру аясында 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап қазіргі таңда аз қамтылған азаматтарға төленетін әлеуметтік көмектің үш түрі атаулы әлеуметтік көмек түріне (әрі қарай - АӘК) жаңа үлгіде өзгертіледі. Ол отбасының жұмысқа жарамды мүшелерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді түрде қатысқан жағдайда ғана беріледі. Сондықтан 2014 жылы 3 аймақта пилоттық режимде, 2015 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап республиканың барлық облыстарында (38 аудан мен қала) басталған «Өрлеу» жобасының аясында жаңа әдістерді жүзеге асыру сатылай жүргізіліп келеді.

«Өрлеу» жобасы қатысушыларының жан басына шаққандағы орташа кірісі 2 еседен астам ұлғайды; АӘК алушалыр саны 31,8%-ға, балаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы 2,1%-ға азайды; жобаның жұмысқа жарамды мүшелерінің 90%-ы жұмыспен қамту шараларына қатыстырылды. Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары сатылай жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым нысандарын паспорттау мен бейімдеу арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру бойынша; мүгедектерді оңалтудың техникалық қосалқы (компенсаторлы) құралдарымен қамтамасыз ету, кохлеарлы имплантация отасынан кейінгі есту қабілетін оңалту, кохлеарлы импланттардың сөйлеу процессорлары ауыстырылып, күйге келтіру шаралары жүйелі түрде атқарылып келеді.

Жұмыспен қамту орталықтарының мәліметінше, жыл сайын орталыққа жүгінетін мүгедектердің 75%-ы жұмысқа орналастырылады.

Қиын өмір жағдайына тап болған адамға стационар, күндізгі орталық, үй күтімі, уақытша орналасу жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бүгінде әлеуметтік қызметтер мүгедектерді, жасы ұлғайған адамдарды, адам саудасының құрбандары, сотталған адамдар, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды қамтиды. Өткен жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің біріктірілген үлгісін енгізу бойынша пилоттық жоба басталды. Жыл соңына дейін мүдделері бір қызметтердің өзара қарым-қатынас тетіктерін құру бойынша Жол картасы жасалып, білім жүйесі, денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қорғау мен пробация қызметі мамандарын оқыту ұйымдастырылатын болады.

Баяндамадан соң Тамара Дүйсенова азаматтардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Автор:
ЖД ақпарат