Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚҰРМАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?


1 июля 2016, 04:36 | 1 254 просмотра



Тік шаншылып, 24 метр биіктікке дейін өсетін құрма пальмасы көбіне ыстық климатты аймақтарға тән. Құрма өсіру шаруашылығымен айналысатын араб елдеріне негізінен: Сауд Сауд Арабиясы, Ирак, Алжир, Мысыр, Судан мемлекеттері жатады.

Аталық және аналық болып бөлінетін құрма ағашы ескі жапырақтарының түбімен бүртіктеліп, өріліп өседі. Ерекше көрік беріп тұрған төбе жағындағы әдемі шашақты жапырақтарының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді. Отырғызғаннан 4-5 жылдан кейін барып жеміс бере бастайды. Салмағы 8 кг-ға дейін жететін бір шоғырына мыңнан аса жеміс бітеді. Әр ағашынан 40-80 кг жеміс алуға болады. Шамамен 150 жылға дейін өмір сүреді. Бұл жеміс мұсылмандар үшін өте маңызды. Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашатын (Әбу Дәуіт, Сиям, 21). Сол себепті құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті Рамазан айында дастарқанға құрма қоюды игі дәстүрге айналдырған. Тіпті құрманы ауызашардың сәні деп те айтуға болғандай. Құрамындағы қант мөлшерінің көптігі ораза ұстаған адамның күні бойғы денесінің әлсірегенін кетіретіндігін айтқан мамандар құрманы жай уақытта да жиі жеп жүруге кеңес беруде.

Құрма онкологиялық ауруларда, туберкулезді емдеу кезінде және ми қызметін жақсарту мақсатында қолданылады. Арықтағысы келіп, алайда тәттіден бас тарта алмай жүрген адамдар конфеттің орнына құрма қолданса болады, себебі олардың тәттіге қарағанда нәрлілігі аз.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 10 түйір құрма адамға магнийдің, мыстың және күкірттің тәуліктік мөлшерін қамтамасыз етеді. Бұл жемісті шикі түрінде де, кептірілген түрінде де жей беруге болады. Құрмадан салаттар, нәрсу (компот), десерт, тіпті бал да дайындайды. Құрма пальмасының жемістері қан қысымы көтеріңкі адамдарға пайдалы, себебі қан тамырының тарылуын баяулатады. Құрма Алланың қалауымен күш-қуатты көбейтіп, тонусты арттырады; көптеген кеселдерде көмектеседі; әсіресе экологиясы нашар аудандарда тұратын адамдарға жеуге кеңес беріледі. Аш қарынға желінсе ішектегі құрттарды өлтіреді. Құрма бауырды қуаттандырады, асқазанды тазалайды, әлсіз бүйректі күштендіреді. Құрманы сүт араластырып қалампыр қосып ішсе, өкпенің қабынуы сияқты тыныс жолдарына шипа. Құрманың құрамында танин көп болғандықтан дене жарақаттарын тез жазады. Адамды арықтатады, егер күрішпен бірге пісірсе семіртеді. Құрамында А Е Б дәрумедеріне де бай, алмадағы темірдің екі есесі құрмада табылады. Сол себепті қан аз болған кісіге көп жеуіне кеңес беріледі. Жаңа босанған ана үшін таптырмас жеміс, өйткені ана сүтін көбейтеді. Сондай-ақ рак ауруына қарсы пайдалы, құрамында микробы жоқ жеміс. Құрма сүйектерін үгітіп кофе қып қайнатып ішсе, жүйке жүйесін тыныштандырып демалдырады. Сонымен қатар беттегі түрлі дақтарды және күнге күйгеннен қалған дақтарды кетіріп бет пішінін қаз қалпында сақтап, әжімнің тез түсуінен қорғайды. Сонымен қоса Құрманы жатардан бұрын жесе сал ауруына қарсы өте пайдалы. Медицинада құрманы бір күнде ең көп дегенде бесеуін жеуге кеңес береді. Жүктілік кезінде көптеген әйелдердің біраз уақыт жүректері айнып және де физиологиялық өзгерісте жүреді. Нәтижесінде ағзаға кальий жетіспеушілігі басталады. Осы кезде жүкті әйел құрамында осы элементі бар тамақтар жеуі тиіс. Калий құрмада көп мөлшерде бар деуге болады, ол болашақ ананың ағзасындағы судың тепе- теңдігін сақтауға көмектеседі. Калий ағзаға миға қажетті оттегіні алуға көмектеседі және де ойдың сергектігін қамтамасыз етеді. Мұнымен қоса, ағзаға қажетті суды және де бүйректегі қалдықтар мен зәрдің шығуын реттейді. Ағзадағы жеткілікті калий жоғары қан қысымын болдырмай, дененің терісіне жақсы әсер береді.

Құрмадағы тағы бір минерал - темір. Ол қанның қызыл жасушаларындағы эритроциттер түзуші гемоглобиннің жұмысын реттейді. Қан аздықтың алдын алады және де баланың дұрыс жетілуіне көмек береді. Эритроциттер оттегі мен көмірқышқылды алмастыруда маңызды рөл атқарады. Құрма темірге бай, сондықтан да күніне 15 құрмадан артық жеген адам ағзаға қажетті темірді алған болады. Құрмада кездесетін кальций және фосфат қаңқа мен тіреуіш әрі қозғағыш аппараттарының дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл жемісті үзбей жеу - ағзаны сынғыш сүйек пен остеопороздан сақтайды.

Автор:
Нұргүл САБАҚАНОВА