Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәуелсіздікті қандай жағдайда да сақтап қалыңдар!


22 апреля 2010, 22:33 | 1 843 просмотра



- Қазір ауыл шаруашылығына біршама көңіл бөлініп жатқан тәрізді. Мал аурулары туралы кітап жаздым дедіңіз, сол туралы айтып беріңізші. Бәлкім, біреу-міреу керек етіп қалар...

- Ол кітапта малда болатын аурудың 500 түрін жаздым. Соның бірін айтайын: жылқы малы «құрт» деген аурумен ауырады. Құрт ауруымен ауырған жылқы жайылмайды, күн шығып келе жатқанда маңдайын күнге төсейді де, сүлесоқ тұрған бойы күнмен бірге күнбағыс сияқты айналады. Ол төрт-бес күннен кейін жығылады да, өледі. Бұл өте қиын ауру. Осыны қазақ қайтеді? «Ақ дәрі» дейтұғын шөп бар. Қытайда «ақ дәрі» дейді, бұл жақта «ақ жұмыр» дейді. Жылқының «құрт» екенін білгенде ауру малды пышақпен шонданайынан (белдің үстінен) теріні тіліп жібереді де, «ақ дәрі» деген жаңағы шөптің тамырынан қойдың құмалағындай бір бөлігін алып, жаңағы тілінген жерге салады. Терінің астына. Бір сөткенің ішінде әлгі жылқының екі тірсегі күп боп, күлкілдеп кетеді. Сары су жиналады. Сонда пышақпен ақырын ғана тіліп, төрт буындағы суды ағызып жібереді. Жылқы құлан-таза айығып, жүріп кетеді. Әлгі қойдың құмалағындай ғана шөппен 400-500 келі салмағы бар жылқы жүріп кетеді. Сонда бұл қандай қасиетті дәрі шөп десейші! Осындай дәрілік өсімдіктер біздің жерімізде көп.

- Қазақстанға келгелі сіз не дәрігер, не ветеринар болып жұмыс істеуіңіз керек еді, ата. Сонда кейінгілерге көрген-білгеніңізді үйретіп, біліміңіздің бір парасын шәкірттеріңізге берер едіңіз...

- Мені керек еткен біреу болды ғой деймісің? Бір әңгіме айтайын: Менің бір ағайым бері қарай Қазақстанға көшкенде әлгі емдік шөптің бір дорбасын алып келген екен. Содан мен «бұл ғылымға ену керек қой» деп, әлгі кісіден бір-екі тамырын сұрап алдым да, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бардым. «Жігіттер, Қытайда мұны «ақ дәрі» деп атайды, мұндағы қазақтар «ақ жұмыр» дейді, мынадай-мынадай ауруларға ем болады, сендер мұны пайдаланыңдар, іздеңдер» деп едім: «О-о-о, оған ақша бөлу керек, оған мемлекет қол қою керек, оған пәлен керек, түген керек...» деп ұшы-қиыры жоқ сылтауды айтты. Әлгіге өкпелеңкіреп, екінші бір кабинетке кіріп, бір доктор отыр екен, соған айтып едім, «сен барып мұның гүлін алып кел» дейді маған. Мен айттым: «Ей, айналайын, мен мұны Қытайдан алып келдім деп тұрмын ғой, гүлін қайдан әкелем?..» дедім. «Оның гүлін әкелмесең, жапырағын әкелмесең, біз зерттей алмаймыз» дейді. Кетіп қалдым. «Апырай» деп іштей әлгілерге ренжіп, әлгі ағайыма бардым. Ол жаңағы шөпті біледі, таниды. Соған айтып едім, «төмен жақта, құм жақта болу керек» деді. Сөйтіп, әлгі шөпті іздедік. Ұзақ іздедік. Ақыры таптық. Бар екен. Көп екен бұл жерде. Қуанып кеттім. Ол шөптің сүті болады екен, көктемде сүт шығарады екен, бір кішкене ыдысқа соның сүтін саудым. Содан кейін оның жапырағын алдым, ұрығын алдым, соны жейтін бір қоңыз бар екен, сол қоңыздарды жинадым, ол қоңыздың құмалағын жинадым, бәрін бөлек-бөлек сыртына жазып, анализ жасайтын жерге алып келдім ғой. Бұлар да менің тілімді алмады, анализ жасап бермеді. Сол күйінше ол қалды. Сөйтіп жүргенде арада біраз уақыт өтті. Мен әлгі кітапты жаздым. Сол кітапқа осы шөпті кіргізейін десем, менде көлік жоқ, сонау құмға бара алмадым. Анадан сұраймын, мынадан сұраймын, ешкім оған көңіл аударып тұрған жоқ. «Апырай, енді қайттім?..» деп қамығып келе жатсам, біреу: «Оу, Жәке, саған не болды?» дейді. Әлгі дауысқа жалт қарасам, қарсы алдымда өзімнің бір жолдасым тұр. Жексенбай дейтін. Қайтыс боп кетті, марқұм. «Не болды?» дейді. Осындай-осындай. «Жәке, қамықпа, жүр, өзім апарайын, бір жұма болды, мен бір «Жигули» сатып алдым» деді. Қуанғаным сондайлық, жүрегім жарыла жаздап үйге келдім. Анау машинасын алып келемін деп үйіне кетті. Мен келіп бәйбішеме: «Бізге екі-үш сөткелік тамақ дайында, қазір Жексенбай келеді, біз құмға барамыз» дедім. Жексенбай келді. Содан құмға кеттік. Жолсызбен келе жатырмыз. Баяғы өзімнің көрген жеріме түн ішінде мөлшерлеп барып жеттік. Бір жерге тоқтадық. От жақтық, шай қайнаттық, тамағымызды ішіп, әңгімелесіп отырмыз. Таңертең ерте тұрып, айналамызға қарасақ, маңайдың бәрі қаптаған жаңағы мен іздеген шөп. Гүлдеп тұр екен. Гүлін түсірместен, түбірімен қазып, дорбаға салып, ішіне су құйып, оншақтысын машинаға тиеп алып, Алматыға қайттық. Қайтып келіп, дереу әлгі шөптерді лабораторияғаапардым. Суретке түсіріп беріңдер дедім. Сол суретімен менің кітабыма шықты. Бұл өте қасиетті шөп. Шөп туралы айта берсең таусылмайды. Тағы бір қызығын айтайын. Қытайда, Алтай аймағында Ертіс деген өзен бар. Сол Ертіс өзенінің жағасында бір шөп бар. Соны ел мақтайды. Ол жақта оны «шөгір» дейді. Үш тікені бар шөп. Халықтың мақтауына қарағанда керемет бір нәрсе. Тарбағатай аймағының әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезім. Еміл деген өзеннің жағасында тұрамыз. Әлгі шөгірді осы жерге, Емілдің бойына егейін деген оймен Алтай аймағының әкіміне телефон шалдым. «Сол шөптің бір-екі келісін маған жіберші» дедім. Бір әкім үшін екі келі шөп деген не! Жіберді. Мен егіп көрдім. Бірақ кейін бақылай алмадым. Ол аймақтан кетіп қалдым. Түрмеге қамалдым. Сол күйінше қалды. Осы жаққа келдім. Бірақ ол шөп туралы ұмытқам жоқ, менің басымда тұр ол шөп. Содан Ертістің бойынан іздейін деп, сол шөпті іздеп мына Алтайға, осы жерден үш жарым мың шақырым жер ғой, үш рет бардым. Үш рет барғанда да мен ол шөпті кезіктіре алмадым. Әлгіні іздеп анадан сұрап, мынадан сұрап жүргем. Біреу айтты: «Күршім деген қала бар, сол жерде Абай деген көше бар, сол көшеде Қайсар дейтін шал бар, сен соған бар, осы шөпті сол біледі» деді. Мақұл деп, әлгі шалды іздеп таптым. Жақсы шал екен. Оқыған шал екен. Әңгімелесіп отырмыз. Содан әлгі шөп туралы айттым. Күлді де, «сізге кім айтты?» деп сұрады. Пәлен деген айтты. Ойланып отырды да: «Бұл шөптің бір қасиетін айтайын, - деді. - 1932-33 жылдары қырғын ашаршылық болды. Сол уақытта мен төрт-бес жастамын. Ауылда бір ұзын таяғы бар ақ сақалды шал бар, сол күнде әр үйдің есігінің алдына келеді де: «Әй, Қайсар, шық, әй, бәленше, шық далаға» деп, әр үйдегі балаларды жиып алып кетеді. Отыз неше баламыз. Ертістің жағасына алып барады да, мұздың бетіне қатып қалған шөпті ересектеу балаларға тергізіп алады. Жаңғақ, кәдімгі майлы жаңғақ. Өзі бір тастың үстіне отырып алады да, жаңғақты таспен шағып, әр баланың алақанына он данадан салады: «Ертеңге шейін өлмейсің» дейді. Басқа сөз айтпайды. Отыз неше балаға әлгіден он данадан беріп, ауылға алып қайтып келеді. Ертеңіне және алып кетеді және солай қайталайды. Сөйтіп жүріп бір қыста бізді ашаршылықтан аман алып қалды. Осы шөптің қасиетімен...» деді. Бірақ ол шөп менің қолыма түспеді... Менің қызым осында институтта оқып жүргенде бір украинның қызы бірге оқыпты. Сол қыз Өскемен жаққа тұрмысқа шығыпты. Менің қызыма хат жазыпты. Әлгі шөптің бір талын конвертке қоса салыпты. «Мына шөпті сен мойныңа тағып ал. Мұны қазақтарға жинауға тыйым салынған. Орыстар ғана жинайды» деп жазыпты хатында. Сол хатты қызым маған сол кезде айтып берді, бірақ кейіннен қызым құнттамай, хатты жоғалтып алыпты. Таба алмадық. Бірақ сол кепкен шөп менде бар. Осы шөптің қасиетін мен қазақтарға ұқтыра алмадым. «Айналайындар, мына шөпті іздеңдер, егіңдер, Ертістің бойына егіңдер, осында алып келіп егіңдер...» деймін. Ешкім ұқпайды. Қазір жеке мемлекетпіз, кім бізге қой деп жатыр?..

- Жастарға қандай өсиет айтасыз, ата?

- Қазақ елі тәуелсіздік алғанда мен екі көзімнен тарам-тарам жас сорғалап жыладым. Қуаныштан жыладым. Кейінгілерге айтарым, осы тәуелсіздігімізді қандай жағдай болмасын, сақтап қалыңдар! Тәуелсіздік жолында құрбан болуға болады...

Автор:
Сұхбаттасқан Сәуле ӘБЕДИНОВА «Айқын» газеті.