Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Жәрдем» жеңімпаздарды марапаттады


24 июня 2016, 06:04 | 1 432 просмотра



Медицина қызметкерлері күні қарсаңында «Жәрдем» газеті өзінің оқырмандары арасынан үздік 5 маманды анықтады. Жылдың басында редакция алқасы жариялаған конкурсымыз өз мәресіне жетті, жеңімпаздар марапатталды. «Жәрдем» газетінің он жылдық мерей тойына ұйымдастырылған конкурс

1.Үздік дәрігер; 2.Үздік орта буын маманы;3.Үздік жас маман;4. Үздік басшы

5. Үздік оқырман (Газеттің жан досы) номинациялары бойынша өтті. Конкурсымызға жалпы саны 50-ге жуық маманның ұсынысы келіп түсті. Осылардың ішінен арнайы құрылған комиссия алқасы шешімімен жеңімпаздар анықталды.

Үздіктерді марапаттау рәсімі 17-маусым күні Талдықорған қалалық емханасында Алматы облыстық денсаулық басқармасы басшысы Асхан Байдувалиев және облыстың бас дәрігерлері қатысуымен өтті. «Жәрдем» газеті бас редакторы Нұрым Нұрлыбеков жиналған қауымды кәсіби мерекесімен құттықтап, «Жәрдем 10-жыл» конкурсының негізгі мақсаты, идеясы және ұйымдастырылған тәртібімен таныстырып, жеңімпаздарды марапаттады.

Сонымен «Үздік дәрігер» номинациясы бойынша Панфилов аудандық орталық ауруханасы хирургі Сариков Сымбат Сәрсенұлы жеңімпаз атанды. «Үздік басшы» Қаратал аудандық орталық ауруханасы бас дәрігері Кумаров Біржан Асқарұлы болса, «Үздік жас маман» номинациясы жеңімпазы осы мекеменің дәрігері Есимбекова Ляззат Берікқызы атанды. «Үздік орта буын маманы» атағы Алакөл аудандық ауруханасы акушері Сембаева Зура Мукашқызына берілді. Ал «Үздік оқырман» (Газеттің жан досы) атағы газеттің алғашқы шығарылымынан бері 10 жыл үзбей «Жәрдемді» жаздырып, өзінің мақалаларын беріп, ойларымен бөлісіп жүрген Кербұлақ аудандық орталық ауруханасы бас дәрігері Қалдыбаев Қанат Зекенұлына берілді. Әрбір жеңімпазға «Жәрдем -10 жыл» дипломымен марапатталып, газетке келесі 2017 жылға жазылу және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.

2006 жылы 6 ақпан күні «Жәрдем» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Сол уақыттан бері міне, 10 жыл өтті. 10-жылдық мерей той бұл тек редакцияның ғана емес, жалпы «Жәрдемнің» барлық оқырмандарына ортақ мейрам. Сол себептен редакция алқасы газеттің төл мерекесін өзінің оқырмандарымен бірге тойлау мақсатында ақхалаттылар арасында 5-номинация бойынша конкурс жариялады. Бұл бәйгеге қатысу тәртібі былай болды: Әрбір медициналық мекеме ұжымдық шешім бойынша 1.Үздік дәрігер; 2.Үздік орта буын маманы;3.Үздік жас маман;4. Үздік басшы номинацияларына лайықты деп танылған кандидаттар жайлы ақпаратты біздің электронды адреске жіберді. Арнайы құрылған конкурстық комиссия мүшелері жіберілген ақпарат негізінде іріктеу жүргізіп үздіктерді жалып комиссия отырысында анықтады. Конкурсқа қатысу үшін 2016 жыл 1-мамырға дейін кандидаттар жайлы толық (қызметі, еңбек өтілі, жетістіктері, практикалық жұмысындағы табыстары, әріптестерінің лебізі мен пікірі ) деректерді біздің электронды поштасына «Жәрдем-10 жыл» деген тақырыппен жіберу шарт еді.Облысымыздағы әрбір медициналық мекемеге конкурсқа қатысуға шақыру жіберілді. Сонымен жалпы 50-ге жуық номинанттар жайлы қапарат келіп түсті. Әрбір қатысушы жайлы мәліметтер газет бетіне жарияланып отырды

13-маусым күні комиссия алқасының соңғы отырысында барлық номинациялар бойынша жеңімпаздар белгілі болды. Әр комиссия мүшесіне қатысушылар жайлы деректер алдын-ала ұсынылды. Конкурстық комиссия құрамында Талдықорған қаласы медициналық колледж директоры Серік Максимұлы Джансеңгіров, Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Талдықорғандық филиалы төрағасы Асан Мұқанұлы Шалтабаев, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы өкілі Қазкен Ахметжанқызы Кульчикова, денсаулық сақтау ісінің ардагері Шаймерден Сыдықұлы Сыдықов және «Жәрдем» газетінің бас редакторы Нұрым Көмекұлы Нұрлыбеков. Шыны керек, барлық қатысушылар үздік деген атаққа лайық мамандар болып шықты. Конкурстық комиссия алқасы үшін жеңімпаздарды анықтау ең қиын іс болды. Комиссия алқасы үздіктерді анықтау барысында обьективті шешім қабылдауды басты назарға алды. Сондай-ақ, алқа мүшелері бұрын соңды марапаттары болмаған, еңбегі еленбей жүрген ақхалаттыларға мүмкіндік беруді ұйғарды. Жеңімпаздады анықтау үшін қызу пікір талас өрбіді. Ұзақ талқылау нәтижесінде барлығы бір шешімге келіп, үздіктер белгілі болды.

Конкурстың басты мақсаты –медицина мамандарының мәртебесін көтеру, сондай-ақ «Жәрдем» газеті мен оқырмандары-медицина қауымдастығын ынталандыру. Себебі, әрбір газеттің өсуі, өркендеуі оқырмандарына байланысты. «Жәрдем» мен медицина мамандарының мақсат мүддесі ортақ. Осы орайда биылғы ұйымдастырылған конкурсқа деген қызығушылықты байқап, редакция алқасы осы шараны жылда өткізуді ұйғарды.

Автор:
Мәдина Омарқұлова