Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы


24 июня 2016, 06:04 | 2 213 просмотров



Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күніне орай Талдықорған қаласында салтанатты жиын болып өтті. 17 маусымда өткізілген шараға Алматы облысының барлық ақ халаттылары мен өңір басшылары түгел дерлік қатысты. Аймақтың ең үздіктері анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Облыс басшысы Амандық Баталовтың құттықтау сөзінен басталған жиын соңы медицинаға өз үлесін қосқан абзал жандарды мадақтауға ұласты.

«Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Сіздерді төл мерекелеріңіз – медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өмірде мықты денсаулық, еңбекте жеміс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Жан жылуын аямай, аялы алақан мейірімділікпен халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Халықтың денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Еліміздегі диагностика мен емдеудің жаңа технологиялары даму үстінде. Заман талаптарына сай емдеу, сауықтыру мүмкіндіктері іске қосылуда. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр уақытта Қазақстан әлемге танымал озық елдердің алдыңғы қатарына қосылды. Мемлекетіміздің қуатты болуы үшін – әр адамның дені сау, рухы биік болуы тиіс. Осы орайда, «100 нақты қадам. Ұлт жоспары» медицина саласының дамуына жаңа серпін беруде»,- дейді облыс басшысы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бір сөзінде: «Өмірде нағыз табысқа – адамдарға және өз еліне пайда әкелетіндер ғана қол жеткізеді» деген сөзін айта келе, медицина саласында аянбай тер төгіп жүрген қызметкерлерге үлкен алғысы мен шынайы лебізін білдірді. «Дәрігер ауа-райының қолайсыздығы мен қиындыққа қарамай, өздерінің кәсіби қызметін атқарып жүргенде жанын бере жұмыс істейді. Осындай тыңғылықты қызметі атқарып жүрген Бақытгүл Қайсанова мен Гүлнұр Хамитованың есімдері мәңгі халық жүрегінде қалады»,- деп аяқтады өз сөзін Амандық Ғаббасұлы.

Алматы облысы бойынша медицина саласына қатысты 825 мекеме, оның 666-ы мемлекеттік, 230 аурухана, 104 фелдьшерлік пункт және 234 медициналық пункт жұмыс жасайды. Санитарлық автопарк жаңа 38 көлікпен толықтырылды, ал Талдықорған медициналық колледжі үшін 50 млн теңгеге заманауи жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар облыста 14 телемедицина орталығы, 8 компьютерлік және магнитті-резонансты томографтар мен 19 монографтар қызмет атқарады. Адам өмірі мен денсаулығы әдетте абзал жандардың жедел жәрдем көрсете білуіне тікелей байланысты. Ақсу, Еңбекшіқазақ, Іле, Көксу және Панфилов аудандарында 5 тасымалы компас, санитарлық ота жасайтын екі республикалық филиал бөлімшелері жұмыс жасайды. Сонымен бірге облыстың медициналық мекемелерінде көптеген жаңартулар жүргізіліп, соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталды. Өңірде барлығы 5 мыңнан аса ақ халатты қызметкерлер тер төгуде. Соңғы 5 жыл ішінде С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің 250 түлегі Жетісуға қоныс тепті. Оның 175-і ауылдық жерлерге жұмысқа орналасып, халыққа көмек көрсетіп келеді. Алайда кәсіби мамандар әлі де жетер емес. Бүгінде облыс аймағына жоғары білімді 170 медицина саласының қызметкері талап етілуде. Жас мамандардың жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Соңғы 5 жыл көлемінде 375 жаңа пәтер салынды.

Кештің марапаттау бөлімінде өңірдің үздіктеріне мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. «Кезексіз емхана!» номинациясын Көксу аудандық орталық ауруханасының емханасы жеңіп алса, Жамбыл ауданы Ақсеңгір дәрігерлер амбулаториясы «Үздік дәрігерлік амбулатория» деп танылды. Текелі қалалық ауруханасының бас дәрігері Төлеуханова Ляйля «Үздік менеджер» ретінде марапатталды. «Үздік аудандық ауруханаға» Райымбек ауданы Нарынқол аудандық ауруханасы, «Үздік аудандық орталық ауруханаға» Талғар аудандық орталық ауруханасы ие болды. Алматы аймақтық туберкулез диспансері «Үздік облыстық медициналық мекеме» ретінде танылып, 200 000 теңге ақшалай сыйды ұтып алды. Өңірдің «Үздік медибикесіне» Сарқан аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Малайбекова Салтанат лайық деп танылды. Ал Қарасай аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Стадников Максимге «Үздік дәрігер» атағы беріліп, 500 000 теңгені қанжылады.

Мемлекеттің қайнар көзі – халық. Ал оның амандығы мен денінің саулығы тынбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен өзге де медицина саласы қызметкерлерінің жемісі. Аптасына жеті күн 24 сағат бойы өзге тағдыр үшін арпалысқа түсетін батыр жандарды марапаттап, лайықты құрмет таныта білу керек. Осы мақсатпен ұйымдастырылатын жыл сайынғы жүйрікті анықтайтын күн әлі де өз жалғасын таба бермек!

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА