22 апреля 2010, 22:29 | 2 977 просмотров
Бақытты адам –жақсы таңдау жасаған адам! Адам өмірінде екі маңызды сәт бар екен : бірінші –жар таңдау, екінші-мамандық таңдау. Осы екі таңдауды дұрыс жасаған адам өмір бойы бақытты болатын көрінеді. Адам шын жүрегімен шынайы сүйгенін таңдағанда ғана ол дұрыс таңдау болады. Өмірлік жарыңды да, мамандығыңды да шын жүрекпен, жан тәніңмен сүю керек. Сол кезде ғана адам шынайы бақытты болады. Жүрегің қаламаған адаммен өмір кешу, жүрегің қаламаған іспен айналысу - өте үлкен бақытсыздық. Тынышбай Нүсіпбекұлы Керімбаев пен Маргарита Сапарғалиқызы Авганбаева ерлі-зайыптылар. Олардың бірге күн кешіп, бір іспен айналысқандарына 45 жыл болды. Екеуі де бақытты жандар.
Тынышбай Нүсіпбекұлы мен Маргарита Сапарғалиқызы –бақытты ата-ана, білікті дәрігер мамандар, «ақ халатты абзал жандар».Екеуі де өмір бойы еңбек етіп, сол еңбегінің жемісін көріп келуде. Қанша уақыт өтсе де, екеуі де бір-біріне және өз ісіне адал болып жүр. Сірә, бұл олардың бір-біріне және кәсібіне деген махаббатының қуаттылығында болар. 29 жыл бойы Алматы облысы, Ақсу аудандық ауруханада қызмет жасады. Қазір Маргарита Сапарғалиқызы Қарасай аудандық ауруханада дәрігер-терапевт, ал Тынышбай Нүсіпбекұлы Алматыдағы №7-қалалық клиникалық ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып қызмет жасайды. Кейіп-
керлеріміз «Зейнеткер болсақ та әлі сұраныс-
қа ие маманбыз! Мүмкіндік бар кезде, денсаулық бар кезде жұмыс жасаған дұрыс!» дейді.
Тынышбай Нүсіпбекұлы Керімбаев 1942 жылы Сар-
қан ауданы, Лепсі бекетінде дүниеге келеді. Ақсу ауданы Жансүгіров поселкісіндегі мектебінде білім алады. 1960 жылы мектеп бітіргеннен кейін төрт айлық механизатор курсын оқып, бір жарым жыл тракторист болып жұмыс істейді. Үш жыл әскерде азаматтық борышын өтегеннен кейін Алматыдағы медицина институтына оқуға түседі. 1970 жылы оқуды бітіріп Ақсу ауданындағы ауруханада 1997 жылға дейін анестезиолог-реаниматолог болып қызмет жасайды.Реанимация бөлімінің меңгерушісі болады. 1997 жылы Алматыға қоныс аударады.
Тынышбай Нүсіпбекұлы:
Мен үшін тынығу деген бақшамен айналысу.Шынымды айтайын мен енді медициналық кітаптарды көп оқыдым...
Маргарита Сапарғалиқызы:
Өмірдің өзін бағалау керек!..
Маргарита Сапарғалиқызы Авганбаева 1945 жылы Шығыс Қазақстанда туылды.
1963 -1969 жылы Алматыдағы медицина институтында оқиды. 1969 жылы Ақсу ауданы, Жансүгіров поселкісіне келіп 29 жыл бойы үзбей қызмет жасайды. Алдымен терапия бөлімінің меңгерушісі болып, кейіннен он сегіз жыл бойы бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарады. 1997 жылдан бері Қарасай аудандық ауруханада терапевт .
- Екеуіңіздің отасқандарыңызға 45 жыл болыпты, сіздердер қалай таныстыңыздар?
Тынышбай Нүсіпбекұлы: -Енді біз мединститутта бірге оқыдық. Жігіт қыз болғанан кейін көз түсіп , солай бір бірімізді ұнатып жүріп, жарты жылдай бір бірімізді танып, кейін үйлендік. Бөлек шықтық, балалы болдық. Үш баламыз бар. Үлкен қызымыз журналист болып жұмыс істейді. Екінші баламыз дәрігер-нейрохирург,медицина ғылымының докторы. Қазір Астанада қызмет жасайды. Ал кіші ұлымыз банк қызметшісі. Немерелеріміз бар.
- Екеуіңізде дәрігерсіздер, мамандығыңыз отбасыңыздағы өмірге кедергі болған жоқ па? Сіздер үшін үй мен жұмыстың арасында шек болды ма?
Маргарита Сапарғалиқызы: -Шек болған жоқ. Біз үйде отырып науқастарымыз туралы айтып, соларды уайымдап отыратынбыз. Тіпті балаларымыз да сол науқастардың жағдайын сұрап тұратын. Мына кіші баламыз дәрігер болмағанымен, кішкентай ке- зінде дәрігерлердің бәрін біліп, науқастар, аурулардың түр-түрін бәрін біліп алған. Өз басым балаларымның дәрігер болғанын қаламадым. Себебі өте ауыр жұмыс. Дегенмен Талғат деген ұлымыз мамандықтың қиындығына да қарамай дәрігер болды. Қазір медицина ғылымдарының докторы. Үлкен қызымыз журналист, «Тв Доктор» бағдарламасын жүргізген, ол да медицинаға жақын болды.
- Үлкен ұлыңыз дәрігер екен, ол дәрігерлікті өзі қалады ма әлде сіздердің тарапыңыздан да ықпал болды ма?
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Енді үлкен ұлымыз кішкентайынын біздің жұмысты көрді. Анестезиолог-реаниматологтың жұмысын білесіздер, күндіз -түні ауруханада науқастардың жанында өтеді. Шынымды айтсам баларды көп көрген жоқпын. Енді жұмысымыздың қиындығын көре тұра, анасы да дәрігер соны да көре тұра, өзінің жеке қалауы бойынша дәрігер болды. Ол өзі кішкентай кезінен біздің кітаптарды оқып жүрді, біздің жұмысты көрді. Өзінің таңдауы. Екінші ұл «дәрігер болмаймын» деп анық кесіп айтқан болатын.
- Реаниматолог дәрігердің жұмысы өте ауыр, өте нашар ауыр халдегі науқастар болады, науқастар о дүниелік болып кетіп жатады . Осының барлығының өзі психологиялық жағынан да ауыр тиіп жататын шығар?
Тынышбай Нүсіпбекұлы: -Енді мен жетпіс үшінші жылдан бері істедім. Көз алдымда неше түрлі құтқарып алып қалған адамдар да болды, құтқара алмай қалған адамдар да болды. Құтқара алмай қалып өзімізді талай жеген кездеріміз де болды. Қазір енді көбінесе көлік апатына ұшырып ауруханаға түскендер өте ауыр халде болады. Ауруханаға келіп бірден қайтып кететіндер болады. Құтқару үшін бар күшімізді саламыз. Болмай қалады кейде . Сонымен бірге біздің адамдар өзі ауруын асқындырып, әбден нашарлаған кезде келеді. Бөтен адам болса да, ол сен емдейтін науқас болғандықтан о дүниелік болып кетіп жатса, қиналасың, жаман сезінесің. Өзіңді де іштей жейсің. Ал қазір мына жастарды былай байқап қарасаң жас реаниматологтар, жасыратыны жоқ, олар біз сияқты қайғырмайды. Бес саусақ бірдей емес, барлығы ондай емес. Дегенмен жұмыс өте ауыр, көбісі шыдай бермейді. Екі үш жыл жұмыс істегенен кейін басқа жұмысқа ауысып кетіп жатады. Мен Талдықорған облысында жұмыс істегенде Шевченко деген дәрігер болды, ең көп жұмыс істеген одан кейін реанимация бөлімінде көп жұмыс істеген мен болдым. Зейнетке шыққан біз сияқты реаниматолог дәрігерлер өте сирек кездеседі.
- Жас мамандар шыдамай кетіп қалады ,ал қазіргі жас мамандарға көңіліңіз тола ма? Жастарға не жетіспейді деп ойласыз?
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Анығын айту керек, барлығы да біледі дәрігерлердің, медбикелердің жалақысы өте аз. Бірінші себеп сол, жаңадан бастап жатқан дәрігер реаниматологтың жалақысы 20000 теңге дейді. Көп жастар үйленіп келеді. Қалада жұмыс істесе , пәтер жалдап тұрады, оның үстіне балалы болып жатады. Шынын айтқанда күн көру өте қиын, біздің жас кезіміздегідей емес. Біз жас кезімізде алған жалақымыз бізге көпке жетіп жатты. Балаларды да оқыттық, жақсы күн көрдік. Курортқа да бардық, жақсы демалуға да жететін. Ал қазіргі жас дәрігерлерде ондай мүмкіндік жоқ. Жалақының аздығы. Бұл біріншіден. Екіншіден енді, бес саусақ бірдей емес, келген күннен бастап бірден жұмысты ұнатып шын пейілмен істеп кететіндер де бар. Істемейтіндер де бар.
- Қазіргі кездегі медицина саласыда жүргізілген реформаларға, өзгерістерге маман ретінде қалай қарайсыздар?
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Енді ол өзгерістердің бәрі заманға байланысты жүргізіп жатқан шығар. Көбісінің көңілі толмай жатады. Қазіргі өзгерістердің салдары жазуды көбейтіп жіберді.
Маргарита Сапарғалиқызы: - Шынымызды айтатын болсақ, дәрігер науқаспен айналысудың орынына, қағазбен арпалысып әлек болады. Сол қағаз құжаттарды толтыру көп уақыт алады десек те болады. құжаттарды анық, нақты қатесіз толтыру қажет. Әрине әр істе нақтылық қажет, дегенмен қағаз толтырамыз деп науқасқа қарамай кетуге де болмайды. Дәрігер ең алдымен науқастың денсаулығын ойлау қажет.
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Біз мысалға науқасқа наркоз беріп жатып, арасында қағазды толтырып тұруымыз қажет. Бір көзің нау-
қаста бола тұрып, бір көзің қағазда болады. Сол жағы кішкене кедергі келтіреді.
- Сіздердің отасқандарыңызға 45 жыл болыпты. Дәрігердің жұмысы ауыр. Оның үстіне екеуіңізде бір жерде қызмет атқардыңыздар. Жұмыс орында талай қиын жағдайлар болған шығар?
Маргарита Сапарғалиқызы: - Ол реаниматолог болды, мен бас дәрігердің орынбасары. Түнде үйден жұмысқа қуатынмын, ауыр науқас бар. Науқасқа бар, соны аяғына тұрғызу керек деп бұйыратынмын. Қиын болды. Бізде артық нәрсені ойлауға шама болған жоқ. Ұрысуға да уақыт болған жоқ. Үйде кикілжің тудырып шаңырақты босқа шайқалтудың керегі не?
Тынышбай Нүсіпбек-
ұлы: - Бірге өмір сүріп жатқанымызға 45 жыл болды. Бұйыртса алтын той бола ма деп отырмыз. Бір бірімізді енді көз қарасымыздан танимыз ғой .
- Жұмыс бойынша келіспеушіліктер болды ма араларыңызда?
Маргарита Саапарғалиқызы: - Әрине болды. Диагноз қойғанда келіспей қалатын жақтарымыз болатын. Ал жұмыс істеу әдісі, тәсілі жағынан болған жоқ. Кейін ол үйде де әсер беретін. Үйде бізде ауруханың жалғасы болатын. Ауруханада шешіп бітпеген жағдайларды үйге келіп шешетінбіз. Енді қазір екеуміз екі түрлі жерде жұмыс істегендіктен ондай жоқ. Енді жұмыста менен құтылғанына қуанып жүрген шығар.
Тынышбай Нүсіпбекұл: - Бір мекемеде қызмет істегеннен кейін, бұл кісі бас дәрігердің орынбасары. Түнде үйден қуатын. Әр бір бөлімшеде ауыр халдегі бір науқас болатын. Әр бөлімшенің дәрігері болады. Жоқ бұл түн ортасында мені тұрғызады. Бар, аурудың температурасы 40 болып жатыр. Енді үйде де бастық, жұмыста да бастық.
Маргарита Сапарғалиқызы: - Қазір екеуміз екі жерде жұмыс істейміз, енді еркін тыныс алған шығар, мені басқармайтын болды деп.
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Маргарита Сапарғалиқызының мамандығы терапевт, кейін ауданда аурухананың бас дәрігердің емдеу жөнінен орынбасары болды. Емдеу жөнінен орынбасары медицинаның барлық саласынан білікті болуы тиіс. Ауруханадағы барлық жұмысқа араласып жүруі керек, акушер-гинекологтың жұмысына да, менің жұмысыма да араласты, тексеру керек болса тексеретін.
- Ал қазіргі жастарда сәл қиындық болса ажырасып жатады. Неге деп ойлайсыз?
Маргарита Сапарғалиқызы: - Мүмкін, қызығушылық аз шығар, көздеген мақсаттары жоқ. Бізде ортақ мақсат болды. Біз өз мамандығымызды сүйдік, қазір де мамандығымызды жақсы көреміз. Ал бүгінгі заманда ақшаның рөлі маңызды болып тұрған шығар. Материалдық жағдайды көбірек ойлайды. Содан барлық кикілжің басталады. Ал біз жас кезімізде ақша туралы ойламайтынбыз .
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Ол кездеде жақсы көлік мініп, бай болып жүргендер де болды. Бірақ бізде жеке басымызды ойлап, көксегеніміз тек ақша табу ғана болған жоқ. Мысалы, ауруханада бірден 8-9 түнгі кезек қойып тастайтын. Артық жұмыс істегенімізге ешкім ақша төлемейтін. Қазір жастарға солай жұмыс жасатып көрші, ешкім жұмыс жасамайды. Енді олар-
ға да кінә тағуға болмайды. Жағдай қиын, ақшаң болмаса күн көре алмайсың.
Маргарита Сапарғалиқызы: - Жастардікіде дұрыс, жағдай болмаса отбасын қалай асырайды. Ал біз кеңес кезінде тәрбие-
лендік қой, «жұмыс, жұмыс тек қана жұмыс» деп , материалдық жағдайды ойлағанда жоқпыз. Әлі күнге дейін дәл солай жұмыс жасап келеміз.
- Сіз мақтан етерліктей , үлкен жетістіктерге жеткен балалар тәрбиеледіңіз. Бала тәрбиесінде ұстанған принциптеріңіз қандай?
Маргарита Сапарғалиқызы: - Баланы сүю керек, балаға көп уақыт бөлу керек. Жұмыс деп жүріп бізде уақыт та аз болды. Бірақ, балаларма уақыт әрдайым табылады. Қанша уақыт жоқ болса да, жұмыс көп болса да. Балаға көңіл бөлетін уақыт табылатын. Балаларымды қадағалап отыратынмын. Қызым мектепті қызылмен, үлкен ұлым күміс медальмен бітірді. Институтты қызылмен бітірді. Осының барлығы балаларды қадағалап отырғанның арқасында деп ойлаймын.
- Сіздер қалай тынығасыздар?
Маргарита Сапарғалиқызы: - Кітап оқимын.
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Өзі төрт ақ сағат ұйықтайды. Баларды ұйықтатқаннан кейін түнгі үшке дейін оқиды. Ал мен шарушылықпен айналысқанды жақсы көремін. Гүл егіп,бақшаны қарап. Мен үшін тынығу деген бақшамен айналысу.Шынымды айтайын мен енді медициналық кітаптарды көп оқыдым. Шығармашылық жаққа шорқақпын. Маргарита оқиды ктітапты, содан шығарманың мазмұнын сұрап біліп аламын.
- Сіз үшін өмірдің берген үлкен сыйы не?
Маргарита Сапарғалиқызы: - Үлкен сый деген енді балаларым, мақтанышым. Мына шәкірттерімнің рахметі, емдеген адамдардың алғысы. Осыдан жиырма жыл бұрын емдеген адамдар әлі келіп алғысын айтады. Ешкім есінен шығарған жоқ. Жасаған жақсылығыңды ешкім ұмытпайды. Еңбегің еш кетпейді деген осы шығар. Жасағаның өзіңе оралып келеді. Өзгелерге берген жәрдем, көмегіміз, жасаған жақсылығымыз қайтып келіп жатыр.
- Адамға жақсы маман болу үшін не керек деп ойлайсыз?
Тынышбай Нүсіпбекұлы: - Еңбек, талпыныс керек. Сонымен бірге өзіңмен үнемі жұмыс істеу керек. Өзіңді өзің күнде дайындау керексің, өзіңді күнде тәрбиелеу керек. Медицина деген өте қиын. Мысалға , біз реанимацияда жұмыс істедік , медицинаның әр саласынан хабардар болу керек. Окулист көз дәрігері болса, бір науқастың көзінен нашарлап өте ауыр жағдайда реанимацияға түсуі мүмкін. Сол себептен окулисттің білетінін білу керексің. Мысалы біз ауылдың ауруханасында жұмыс істедік. Ол жерде арнайы кітапхана болған. Өзімізге керек медициналық кітаптарды сатып алып жүрдік. Ақшамызды кітапқа жараттық. Көбінесе сол кітаптарды жинадық. Түсінбеген ауруларды сол кітаптардан іздеп, өзіміз табатынбыз. Ұйқымыз келсе де, ертең науқасты сырқатынан емдеп шығу керексің, дайындаласың. Үнемі еңбек етіп,үнемі іздену керек.
- Өмірде нені бағалайсыз?
Маргарита Сапарғалиқызы: - Өмірдің өзін бағалау керек. Жұмыс бар, отбасың, балаларың бар. Өмірде басқа не керек? Қарапайым өмірді бағалау керек!