Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балалар денсаулығы күзетінде


24 июня 2016, 05:59 | 1 223 просмотра



Елорданың емханаларында нақты саланың мамандарына (узкий специалист) қаралудың қаншалықты қиын екенін қала тұрғындары жақсы біледі. Бұл күрделі мәселеден балалар емханалары да сырт қалған жоқ. Осындай жағдайда №2 қалалық балалар ауруханасына қарасты емханада 29 түрлі медицина саласының мамандары қабылдау жасайды екен. Бір емханада отызға тарта сала мамандары балалар денсаулығына араша тұрады! Тамаша мүмкіндік!

«Жақсыны көрмек үшін» де¬мекші, атбасын аталмыш емдеу орталығына бұрып, озық тә-жірибемен танысуға асықтық. Бізді №2 қалалық балалар ауруханасы педиатрия бөлімінің жетекшісі, жоғары санаттағы дәрігер Гүлнар Абляева қарсы алды. Бүкіл саналы ғұмырын балалар денсаулығының күзетіне арнап келе жатқан Гүлнар Рүстемқызының салиқалы еңбек жолы да өнеге тұтуға тұрарлық екен. Ол – бүгінгі Астана меди¬циналық университетінде 1979 жылы алғаш рет ашылған педиатрия факультетінің тұңғыш түлектерінің бірі. 1989 жылы елордадағы №1 қалалық балалар ауруханасында дәрігер болып қызмет көрсете бастаған¬нан бергі уақытта барлық білімі мен тәжірибесін кішкентай аста¬налықтардың мықты денсаулығы жолына сарп етіп келеді.

– 350 төсектік аурухана және бір ауысымда 250 бүлдіршіндерді қабылдайтын емханадан құралған біздің медициналық кешен бүгінгі халықаралық медициналық стан¬дарттарға толық жауап береді, – деп бастады әңгімесін №2 қалалық балалар ауруханасы педиатрия бөлімінің басшысы. – Біздің орта¬лықта негізінен медицинаның ең күрделі де жауапты саласы – медициналық хирургияға ба¬сымдық берілген. №2 балалар ауруханасы елордадағы ургенттік орталық болып саналады. Яғ¬ни, қаламыздағы балаларға қатысты барлық медициналық жедел көмек осы орталық ар¬қылы көрсетіледі. Аурухана мен емхана медицина саласы же¬тістіктерінің ең озық үлгілерімен жабдықталған. Тексерістен өтетін бүлдіршіндердің денсаулық дә¬ре¬жесін дәл анықтайтын сәу¬лелі диагностикалық рентген, уль¬традыбыстық қондырғылар, бірден 64 спиральдік көрініс жасайтын компьютерлік-томограф, ядролық магниттік резонансты томограф біздің медициналық кешеннің шын мақтанышы болып табылады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, №2 балалар ауруханасының емхана бөлімінде медицина саласының нақты 29 түрінің мамандары қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, эпилептолог, ревматолог, невропотолог, кардиолог, гематолог, гинеколог, уролог, нефролог, аллерголог, прок¬толог, сурдолог және басқа сирек кездесетін мамандық иелері осы емханадан табылады. Қазір емхана бөлімінде 45 жоғары санатты маман, оның ішін¬де 3 медицина ғылымдарының кандидаты қызмет жасайды.

Әртүрлі саланың тәжірибелі мамандарын ортақ іске жұмылдырып, емхананың елордадағы іргелі де білікті кеңестік-диагностикалық орталыққа айналуына емхана бөлі¬мінің басшысы, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі маман Гүлнар Абляеваның қосқан үлесі өлшеусіз. Оның осындай іскер ұйымдастырушылық қабілетінің шыңдалуына осы медициналық кешенде қалыптасқан жоғары кәсіби шеберлік мектебінің ықпалы зор болғандығы даусыз. 2004 жылы қаламыздағы №2 бала¬лар ауруханасының жанынан алғаш рет емхана орталығы ашылған болатын. Сол жылы Гүлнар Абляева осы жас ұжымға дәрігер-пульмонолог ретінде жұмысқа қабылданды. Ал 2007 жылы №2 балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылдан бастап №2 балалар ауруханасы бас дәрігерінің емхана жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Бүгінде аталмыш емханада бүлдіршіндердің бойындағы сирек кездесетін сырқаттарды дер кезінде анықтап, уақытында тиімді емдеу шараларын жүргізуге барынша жағдай жасалған.

– Елордадағы халықаралық жоғары медициналық стандарт¬тарға сай жаңа үлгідегі осы балалар ауруханасының базасында Астана медициналық университетінің балалар хирургиясы және педиатрия кафедралары жұмыс істейді. Жалпы, біздің ауруханада балалар хирургиясы саласына басымдық беріліп, осы күрделі сала бойынша ұжымның жоғары талап үдесінен көрінуіне аурухананың бас дә¬¬рігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміз бойынша балалар хирургиясының қазіргі уақыттағы білікті маманы Расулбек Рахманбердіұлы Аиповтың сіңірген еңбегі зор, дейді үзілген әңгімесін одан әрі сабақтаған Гүлнар Рүстемқызы. Осы ретте ерекше атап өтетін бір мәселе, біздің ауруханада соңғы кезде бүлдіршіндердің бет-жақ мүшелерін емдеу бөлімшесі ашылды. Өмірге енді ғана келген нәрестелердің арасында ерні жырық, таңдайы жоқ және басқа туа біткен кемістіктері бар сәбилердің кездесетіні жасырын емес. Бұрын мұндай сәбилерге ота жасау үшін республикалық орталықтарға, тіпті шетел мамандарының көме¬гіне жүгіну қажет болатын. №2 қалалық балалар ауруханасында ашылған бүлдіршіндердің бет-жақ мүшелерін емдеу бөлімшесі туа біткен кемістігі бар мұндай нәрестелерге бірден ота жасап, құлан-таза сауықтырып жібереді.

Емхана бөлімі жетекшісінің айтуы бойынша, бұрын қаламызда жазатайым күйікке шалдыққан, үсікке ұшыраған балаларды ем¬дейтін жеке орталық болмаған екен. Мұндай бүлдіршіндер ересектер ауруханасындағы арнайы бөлімдерде емделіп келген. Оның өзіндік қиындықтары да көп болды. Өйткені, күйік, үсік сияқты жазатайым апаттарға балалардың жиі ұшырайтындығы белгілі. Міне, сондықтан аталмыш медициналық кешенде ашылған балаларды күйік¬тен және үсіктен емдеу орта¬лығы республикамыздың балалар медицинасы саласындағы үлкен же¬тіс¬тіктердің бірі екендігі даусыз.

Өмірдің қай саласы болмасын, білікті маманға жүктелетін жауапкершілік жүгі үлкен. Бұл мәселенің, әсіресе, денсаулық саласында салмағы ерекше артатыны да ақиқат. «Біздің №2 қалалық балалар ауруханасының медициналық қызмет сапасын және емдеу шараларының тиімділігін арттыра отырып, қаламыздағы емдеу орталықтарының көшбасы¬нан көрінуіне ұжымдағы тәжіри¬белі де білікті мамандардың ең¬бегі зор. Бұл ретте жоғары санаттағы дәрігер-кардиолог Ғайша Балташеваның, жоғары санаттағы дәрігер-невропатолог Алия Досымбекованың, жоғары санаттағы дә¬рігер-травматолог-ортопед На¬талья Чжен және бас¬қалардың есімін ерекше атап өткен жөн», дейді емхана бөлімінің жетекшісі Гүлнар Абляева әріп¬тестерінің еңбегіне деген зор ілтипат сезіммен.

Елордадағы еңселі де іргелі емдеу орталығындағы қалыптасқан осы бір жоғары еңбек ахуалы мен жас астаналықтарға көрсетілетін сапалы медициналық қызметке куә болып, көңіліміз шынайы алғыс сезіміне толды. Сонымен бірге, осы мамыражай маусым айында еліміз бойынша ерекше аталып өтілетін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен ақ халатты абзал жандарды шын жүректен құттықтап, сәттілік және табыс тіледік.

Автор:
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Астана