Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Атадан мирас болып қалған мамандық»


24 июня 2016, 05:55 | 1 795 просмотров



Бәйтерек ағаш тамыры неғұрлым терең болса, ол қандай да бір дауылдарға төтеп береді, топырақ тереңіндегі ылғалды алып, құрғақшылыққа да дес бермей, жапырақтарын жайқалтып, тұқым шашып, өніп-өсуін жалғастырады. Оның осы қасиеті адамзат қоғамымен салыстыруға келеді. Еңбек өтілі бір ғасырдан асатын әулет. Елімізде бір кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын әулеттер аз емес. Солардың бірі – Алматы облысы Талдықорған қаласының Жансеңгіровтер отбасы. Дәрігерлік мамандықты жалғастырушы отбасы мүшелері бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Көрінген кәсіпке көз тікпей, бір салада сенімді еңбек етудің артықшылықтары жайлы Жансеңгіров әулеті бүгінгі мақаламызға арқау. Дәрігерлік кейіпкеріміз үшін атадан балаға жалғасқан кәсіп десек жарасады. Бұл мамандық осы әулетте ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасын тауып келеді. Ата-әке, аға, қарындас тіпті жұбайы мен ұлы да - дәрігер. Барлығының еңбек өтілін қосқанда бір ғасырдан асады.

Серік Максимұлы – дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Алматы облысының дәрігер – педагогы, денсаулық сақтау ісінің бірінші дәрежелі дәрігер – ұйымдастырушысы, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне - 20 жыл» медалінің иегері, Алматы облысының «Құрметті азаматы» орденінің иегері. Күнделікті аудиторияға асығу – Серік Максимұлы үшін үйреншікті шаруа.

СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі Талдықорған облыстық орталығын басқарған, болашағынан зор үміт күттіретін қажырлы жас санитариялық дәрігер Серік Максимұлы Жансеңгіров 1997 жылы медицина колледжінің директоры болып тағайындалып, бүгінде білікті педагог-дәрігер басқарып келеді.

Жер жаннаты Жетісудың төрінде орналасқан Талдықорған медицина колледжі денсаулық сақтау ісіндегі реформа мен медициналық кадрларды дайындауда өз үлесін қосып келе жатқан киелі білім ордасы. Талдықорған медицина колледжі алғаш рет 1936 жылы құрылды. Колледж фельдшер, медбикелер, дантистер, фармацевттер, гигиена көмекшілері, медициналық лаборанттар мамандықтары даярланып, тек облыс көлемінде емес, кең байтақ еліміздің түпкір –түпкірінде медицинаның әр саласында жемісті еңбек етуде. Серік Максимұлы 1962 жылы 21 тамызда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медицина институтының гигиена, санитариялық-эпидемиологиялық бөліміне барып, оқуға түседі. Институтты тамамдағаннан кейін Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрінің жолдамасымен Талдықорған обаға қарсы станциясына эпидемиолог-дәрігер болып қызметке орналасады. Ал, 1995 жылы СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі Талдықорған облыстық орталығында алдымен эпидемиолог-дәрігер, бас дәрігердің орынбасары, одан соң бас дәрігері болып қызмет істейді. Бүгінде педагог-дәрігердің жалпы еңбек стажы 27 жыл. Осы жылдарда жазған 15 ғылыми еңбегі (оның ішінде «Оңтүстік Балқаштағы Ақсу-Қаратал өзендері аралығындағы обаның жаңа ошағының орны» Алматы қаласы,1992 ж.). «Қызылбас саршұнақтардан кездейсоқ бөлінетін обалар және оның Балқаш аймағындағы ошағы» (Саратов қаласы, 1992 ж.) Отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды. 1999 жылғы желтоқсанда «Қоздырғыш гепатидтердің А. В. С. Д. Е. С. Маркерлердің пайда болуы мен олардың эпидемиялық және диагностикалық маңызы » деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ол бірінші санатты мамандаған педагог.

Медицина қауымы арасында «медицина жолында тұлғалар жасайды» деген түйінді сөз бар. Бұл тұжырымның астарында бұра тартқызбас ақиқат жатып, көп көңілін иландыра алар болса, онда бұл біздің, одан ары, «жеке тұлғалардың шығармашылықтағы жетістігі – жалпы дәрігердің де жетістігі» деген батыл байлам жасауымызға берік негіз болар еді. Бұл арадағы ел игілігіне айланар деген суреткер табысының ұшы-қиыры жоқ аста-төк еңбек емес, қатарластарымен қабат кейінгілерге өнеге болғандай жаңашыл жол, алда ден қоймақ жеткіншек буынға адастырмас бағыт сілтегендей байыпты жоба болмағы шарт, әрине. Сонда ғана төккен тер бодауына бар болған соныдағы сораптың әлденеден иіс алып соңына түскен із қуушыларды алдыдан енді ашылмақ ен өріске алып шығар ақжолтай сүрлеуге айналары хақ. Ары қарай уақыт өте келе баршаға ортақ кең даңғыл болып даңқы айтпаса да белгілі. Күллі дәрігерлік жолды атадан балаға шиырдан шығарып, тыңға бастаған мұндай баянды бастаманың тағы бір аты үлгі. Оның көпке еншілі жетістік болатынының себебі де сонда.

Мамандыққа беріктік пен адалдық үлгі-өнеге, әсер-ықпал ежелден келе жатқан ескі ұғымдар. Адамзат ақыл-парасатының жауһары есебіндегі атадан қалған асыл мұраны бір-бірінен мәуе алған жеміс ағашы секілді жақсыны жосын, озықты ұстаз етіп өсіп, өркендетіп келеді. Бұл жерге, әлбетте, еліктеудің ешқандай қатысы жоқ. Оның ортаға салар олжасы да шамалы. Біз мұнда сананың ғана емес, жанның да сығып алған сөлі іспетті дәрігерлік еңбектің, яғни, медициналық қызметтің дара жолын айтып отырмыз. Бір қуанарлығы, үздікке қарап бой түзеу, жүйрікке қарап ой түзеу өркен өсірер өрелі қасиет ретінде бұл медициналық жолдың жұғысты болғаны ұнамды көрініс. Күллі қазақ баласының тынымсыз өрге ұмтылған көркем ойының құрамдас бір бөлшегі санатында өз беріктіктерін дараланып, халқымыздың рухани қазынасына айналған шежірелі мұрасына, атадан балаға мирас болып қалған көз ашқаннан бері-ақ сырттан болар ықпалдан да, іштен табылар тағлымман да өнеге алып, толассыз толысып, жетіліп келеді. Бұған келтірер мысалдың да аз болмасы анық. Басқаны былай қойғанда, бір ғана ата салған сара жолды жүз жылдықтың қайнар көзі ретінде медицинаның басталар тұсын тосын дүр көтеріліп, аяқасты аспандап кетуін атасақ та, айтқанымызға айқын айғақ болары даусыз. Соның бәрі, сөз жоқ, «ақыл − ауыс, ырыс − жұғыс» деген асыл жосынды негізге алған алыс-жақынмен болған ауыс-күйіс нәтижесі. Асыл ағалар ақыл-парасатының арқасында іргетасы берік қаланған медициналық сара жол өскен өркенді дәстүр осылай жалғасса мақұл еді. Үлкендер салған қазыналы жолға кіші іні айнымас мұрагер болып дегендей... Серік Максимұлы да өзінің медициналық дара жолын ағасы Тілеуберді Максимұлынан жалғасын тапқан. Әрине, басқадан үйренудің жөні бөлек. Бірақ, ол өзіңді мансаптықтың ұраны болмай, барыңды молықтырудың, жоғыңды толықтырудың құралы болса деген ұстанымды нық ұстады. Әрі-беріден соң жаңалық деген де көлденеңдей шапқан көк аттыға емес, үлгі көрген өнегеліге, білімі терең біліктіге жұғысты болар кірпияз «қазына» болса керек. «Ата көрген оқ жонса...», несі бар, алдыңғылар мұратына адал болғаны. Оны кейінгілер үзіп алмай, үздіксіз жалғастырып әкетсе, нұр үстіне нұр болмақ. Міне, ілімді ғана емес, ізденгіш, дарынды ғана емес, соны өміріне ұстаным ете білген Серік Максимұлының еңбек жолына бүгінгі жеткіншек буынның үлгі алары сөзсіз.

Серік Максимұлы Жансеңгіров, педагог -дәрігер, медицина ғылымының кандидаты:

- «Денсаулық – Алланың адамға берген аманаты, өлшеусіз сыйы» дейді. Ал сол аманатты, яғни адамның аса құнды байлығы, ең қымбаты денсаулығын дәрігерге сеніп тапсыруы оның шипагерлігінде болса керек. Содан да болар дәрігерлік ең қайырымды мамандық қатарынан орын алады. Дәрігер болу деген оңай емес, ол деген адамның іш-дүниесін өзі сол ауырған адамға аяушылықпен қарау, соның ауырғанымен бірге ауырған адам - сол ғана дәрігер бола алады. Адам өміріне деген жауапкершілікті, адалдықты, сонымен қатар жүректілікті қажет ететін мамандық, әрине, дәрігер болу. Өмір сан түрлі соқпақтан тұрады десек, сол түрлі белесте жаны ауырғандар әуелі жақынын емес, «ақ халатты жанды» іздейтіні рас. Тіпті бала күнімізде «Болашақта кім боласың?» деп сұраса, ойланбастан «дәрігер боламын, адамдарды емдеймін, дәрі беремін» деп жауап беретін едік. Ауруға араша түсіп, жанын сақтап қалғысы келетіндер көп-ақ. Алайда екінің бірі дәрігер бола алмайды. Ол үшін қызығушылық жеткіліксіз. Дәрігердің адам өміріне жауапкершілігі мен адалдығы да керек. Енді менің арманым - осы менің өсіп келе жатқан немерелерім, солар да осы мамандықты үзбей кетсе екен деген арманым.

Тамыры тереңнен бастау алатын емдеу ісі қанша ғасырды артқа тастағанымен, өз өзектілігін күшейтпесе жойған жоқ, жоймайды да. Оның бірден бір себебі - адамзат денсаулығы. Сондықтан, емдеу ісі адамзатпен бірге жасай бермек. Төменде болашақ отбасылық медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге үлгі болсын деген мақсатпен, бүкіл өмірін халық денсаулығына арнаған педагог- дәрігерден сұхбат алған едік.

- Серік Максимұлы, сіз педагог-дәрігерсіз. Педагог – дәрігердің ерекшелігі мен айырмашылығы қандай?

- Ең алғаш бұл салаға келгенімде маған педагог-дәрігер болудың ерекше тұстарын түсіну қиын болған. Ерекшелігін емес, ұғымына терең бойлаудың өзі күрделі еді. Ал, бүгінде мен үшін бұл түсінік өте терең ұғым. Терең мән мен мағына. Бұрын мен дәрігер болсам, қазір педагог - дәрігермін. Егіз саланың тізгінін қатар алудамын.

– Медицина саласына айтылатын сын аз емес. Сала жұмысында кездесетін көп проблемаларды өз аузыңыздан естісек.

– Жұмыс жүру үшін сын болу керек. Әлбетте, салада кемшіліктер жоқ емес, бар. Ең бастысы, сын нақты болса. Рас, жұртшылық тарапынан кей дәрігерлердің біліктілігіне, этикасына қатысты сындар да болып жатады. Оның барлығы өз арамызда міндетті түрде талқыға салынады, зерттейміз, анықтаймыз, шара қолданамыз.

- Серік Максимұлы, ХХІ ғасырдың ұстазысыз ба? Кешегі мен бүгінгі ұстаздардың сіз үшін айырмашылығы қандай?

- Ұстазымын. Себебі мен медицина жолындағы жай ғана дәрігер емес, педагог – дәрігермін. Кешегі мен бүгінгі білім берушілердің еш айырмашылығы жоқ. Ұстаз қашан да ұстаз болып қала береді. Бұлардың арасын да бір ғана айырмашылық бар, ол техникада ғана. Басқа айырмашылық жоқ.

– Қарап отырсаңыз, педагогтың атқаратын функциясы жан-жақты. Қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Қалай ойлайсыз, осындай талаптарды жүзеге асыратын, педагог қоғамымызда мәртебелі ме?

– Қоғамда педагогтың мәртебесін көтеруде мемлекет тарапынан біраз қадамдар жасалды. Біріншіден, Елбасының тапсырмасына сәйкес мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Аталған өзгерістерді Назарбаев Зияткерлік мектептері мен "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығы әлемдік тәжірибе негізінде жүзеге асыруда. Әлемдік деңгейдегі әдістемелер жаңа формациядағы мұғалімдерді қалыптастырудың ортасы, жаңартудағы қозғаушы күшке айналады. Біліктілік санаттарына сәйкес мұғалімдерге 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы, ауылдық жерлерде қосымша 25 пайыз ақы төленеді. Ең бастысы, үздік практиканы меңгерген бұл мұғалімдер орта мектеп жүйесіне жаңаша леп әкеледі. Білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге жеткізуге ықпал етеді.

- Ал медицина қызметкерлерінің ше?

- Бала кезден «Ақ халатты абзал жан» деген ойды жүрегіме түйіп өскендіктен, сол бір абзал мамандықтың иесі атануға асықтым. Екі жыл қатарынан дәрігерлік мамандыққа құжат тапсырып жүріп, әскерден келген соң оқуға түскенмін. Медицина саласында жүргендер күннің қалай атып, кештің қалай батқанын байқамайды. Ең бастысы науқасты жазып, ауруынан айықтырып, оның алғысын алғаннан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Міне, күнде осындай күйбең тіршілікті бастан кешетін ақ халатты абзал жандар неге мәртебелі болмасқа?!

– Серік Максимұлы, бүгінде сіз медицина саласының, бір жыртығы болса жамайын, құлап бара жатса демейін, бір кішкентай шоқ көрсем, үрлейін деп жүрген азаматсыз. Сіздің түсінігіңіздегі дәрігер кім?

– Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Бұл қызметке келгелі де, оған дейін де «Әр адам өз ісінің маманы болу керек» деген бір ғана ұстанымым бар. Денсаулық сақтау саласында лажбен жұмыс істеуге болмайды. Қызметтің жауапкершіліктеріне байланысты міндеттерің ұлғаюы мүмкін. Бірақ дәрігер ― тәулігіне 24 сағат дәрігер. Адам неғұрлым талантты, дарынды болған сайын, ол өзінің еңбегін, шығармашылығын, тапқырлығын үстей береді, сөйтіп оның еңбегі жігерлі еңбек болады. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» кез келген адамға қол ұшын бере алатын, көмек қолын соза алатын құдірет иесі біреу-ақ, ол – дәрігер.Жанары жәутеңдеген, ағзасын ауру меңдеген науқас адамға ерекше көңіл бөлу, рухани дем беру, дертіне шипа беру, жан жылуын сыйлау- әрбір дәрігердің парызы болғанын қалар едім. Ежелгі грек философы Сократ айтқан екен: «Жанды емдемей, тәнді емдей алмайсың» деген ұлағатты ойы есіме түседі осындайда. Маман иесі өте көп, алайда өз ісіне мығым, ойы мен ісін шеберлікпен ұштай алатын нағыз мамандар саусақпен санарлық.Ал бұл мамандыққа менің келуімнің тарихы ұзақ емес. Себебі ата-бабамнан қалған асыл қазына.

- Серік Максимұлы, бүгінгі жас ұрпақ ұлтжанды ма?

- Егер Ұлт-бәйтеректің тарих-тамыры терең болса, осы ұлтқа жататын халықтың рухы да қуатты болмақ. Ұлттың (адамның) өмірде қадамын нық, сеніммен басуы – оның өз халқының тарихын айқын біліп, сол тарихынан рухтана алуына байланысты. Өзінің кешегісін білетін халық қана бүгін не істеу қажеттігін, ертеңгі жағдайының қалай боларын дұрыс бағдарлай алмақ. Ал халқының тарихынан бейхабар кісі ата-анасының кім екенін білмейтін, оларды мақтан тұта алмайтын, өзгенің босағасында өскен жандай жасық, жалтақ мінезді болады. Ұлтының тарихын шала-шарпы білетін, сол себептен одан жігерленіп рухын көтерерлік үлгі, өнеге таппаған жан өз ұлттық құндылықтарын оңай тәрк етер, бөтенге еліктегіш, ассимиляциялануға икем көнбіс, табансыз келеді. Әсіресе, тарихи жады мүгедектікке ұшыратылған ұлт дер кезінде өз рухын көтерер тарихын түгендеп отырмаса, күндердің-күнінде өзгенің отарына айналмақ. Содан ұлттық қасиеттері: тілі, мәдениеті, салт-дәстүрінен айырылып, ақыры жер бетінен мүлдем аты өшеді. Мұндай күйге халықты мақсатты түрде – тарихындағы абыройлы істерін қасақана айтпай, санасына тек оның әлімсақтан әлжуаз этнос екендігін құя беру арқылы да ұшыратуға болатынына мысал толып жатыр.

– Сізде, «Не бітірдім? Елге, халыққа қандай жақсылық жасадым?» деп өз-өзіңізге есеп беретін кезіңіз бола ма?

– Біз «базардан қайтып келе жатқан» адамдардың көшіне ілестік қой. Пайғамбар жасымен есептесек, солай секілді. Қартайып тұрғанымыз шамалы шығар, бірақ расында 50 жаста ердің ойлауы да өзгеше бола ма деп қалдым. Өмірге деген көзқарасың да өзгереді. Бұрын шалалау болса да, істі тез-тез бітіруге құмартып тұрсақ, жылдан-жылға салмақтанып, байыппен ойлап шешеді екенсің.Соңғы үш жылдың көлеміндегі істеген ісіме қарап, осындай тоқтамға келдім. Бұрын кей істі ертеңге қалдырғым келіп, биыл болмаса, тіпті келесі жылға қалар деп жайбарақаттылыққа салсам, бүгінде басталғанды тиянақты аяқтамай, келесі істі қолға алғым келмейді. Тіпті кейде өзімнің қарамағымдағы қызметкерлерім «сіз бұл бағдарламаны жүзеге асыруға тым аз уақыт беріп жатырсыз» деп шағымданады. Мен үшін ол асығыс емес, қайта темірді қызған кезінде соққандай болып көрінеді. Бұрын өзіме үнемі біреу үшін жұмыс істейтіндей көрінетінмін, енді бүгін не істесем де, өзім үшін екенін толық сезінемін. Қазір тіпті демалыста жүрсем де, жаңа идея келе ме, соны қолға алып, жүзеге асырғанша, жаным жай таппайды. Ақыл тоқтаттым десем, тура бір жас күнімде ақылым болмағандай естіле ме, дегенмен, шынында, солай сезінемін. Бұрын жас күнімізде барлығын біреу айтып тұратындай көрінсе, қазір өзіңнің қас-қабағыңа қарап отырған елді көріп, өзіңе қамшы салады екенсің. Жасыңда көптің ортасында болуды қалап тұрсаң, қазір көбірек оңаша қалып,толғанғанды артық көреді екенсің.

- Дәрігер маманының бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет?

- Ең алдымен адам бойындағы жақсы қасиеттерге не жатады? - деген сұраққа жауап табу керек. Олар: Салқынқандылық, көркем мінез, тақуалық, жомарттық , айта беруге болады. Алайда, Аллаға шүкіршілік келтіріп, иманды болған, тазалыққа жаны құмар және тізімдегі кем дегенде 7 жақсы қасиетке ие тұлғалар жақсы адам болмақ. Ал қалғанын өмір тәжірибиесінде өзі-ақ қалыптастырады. Адам – ақыл ойы бар қоғам мүшесі. Сондықтан оның психикалық қасиеттері қоғамдық тұрмыс жағдайларының шешуші әсері арқылы қалыптасады. Оның іс-әрекеті белгілі бір мақсатқа бағынады. Қазіргі күрделі әлемде мақсатқа сай қимылдау үшін көп біліп қана қоймай, сонымен бірге адамдардың түбірлі мүддесі мен заман талабына сай дұрыс шешімдер қабылдап, дұрыс мақсаттар таңдай білу қажет. Адамдармен қарым-қатынасты орнықтыру үшін мәдениеттілікті басты назарда ұстау қажет. Адамдардың ішкі рухани әлемінің маңыздылығын, адамгершілікті жетілдіру қажеттілігін жете түсіну де керек. Міне, адами қасиет толық қалыптасқан тұлға ғана таза дәрігерлік қасиетке ие бола алады.

- Бүгінгі қоғамдағы дәрігердің жауапкершілігі мен ролі қандай?

- Дәрігердің еңбегі мен жұмсаған энергияның ең басты бағасы – ауру адамға көрсеткен көмегі. Бұл дәрігерлік тәжірибенің баюы мен оның беделінің өсуіне септігін тигізеді. Дәрігердің беделі ауру адаммен тіл табысуда үлкен роль ойнайды. Отандық медицинаның классиктері медицина қызметкерінің беделін көрсететін амалдарды тереңірек шешті. Бұл, ең бірінші – терең білім, ауру адамды оның проблемаларын сабырлы, дұрыс және тез түсіне білу қабілеті, осыған байланысты оның тез және толық сауығуына лайықты жол таба білуі. Бұл – дәрігердің бірбеткейлігін, шынайылығын, мейірімділігін, табиғи сыпайылығын, барлық адамгершілік көрінісін ашатын жеке тартымдылыығы. Дәрігердің әр әрекеті мен ісінде әрдайым басты мақсат көзделеді, ол – ауру адамның игілігі үшін. Ауруға психологиялық әсер ету - дәрігер беделін көрсететін ұлы қасиеттердің бірі. Бұл әсер тартымдылықпен, аурудың тағдырына шынайы қызығушылықпен, жақсы қарым – қатынаспен, сабырлылықпен, аурудың сауығуы үшін үздіксіз онымен кездесуге ұмтылумен қамтамасыз етіледі. Дәрігердің қарапайымдылығы - оның ең қажетті қасиеттердің бірі. Медицина көптеген керемет жетістіктерге жетті. Дегенмен, қазіргі кездің өзінде де біздің білгенімізден білмейтініміз көп: біз қолымыздан келіп, қанша тырысып, соған жеткіміз келсе де, көбінесе ауру адамға толыққанды көмек көрсете алмай жатамыз аурудың түрлері мен оларды емдеу жолдары туралы біліміміздің жетіспейтіндігін мойындау өзіңді кінәлау үшін емес, ол өзіңді - өзің тәрбиелеудегі, біліміңді жетілдірудегі басты қағида болуы қажет. Дәрігердің білім деңгейі мен жинаған тәжірибесі өз алдына бір бөлек.

- Колледж директоры ретінде сізде қандай арман-мақсат болды? Мақсаттарыңыз болса, жете алдыңыз ба?

- Мен ойлаймын адам баласы арманы мен мақсаттарына толық жете алды деп айта алмаймын. Себебі, бір аңсаған арманың мен мақсатыңа қол жеткізсең, екінші біреуі өздігінен шыға келеді. Сен соған қарай бет бұрасын. Менде де дәл осылай. Мен бала кезгі арманыма, одан кейінгі ер жеткен мақсатыма жеттім. Ал, бүгінде ақыл тоқтатқан, жас ұрпаққа үлгі боларлық іс істесем, болашақтың тізгінін ұстайтын жастарға із қалдырсам деген мақсат пен жұмыс атқарудамын.

Ой-түйін

Шынында да, Жансеңгіров әулеті – бүгінгі ұрпаққа өнеге болған өрен ретіндегі жеткіншек ұрпақтың алдынғыларға борыштылық білдірген ең лайықты лебізі. Бұлай деуімізге себеп, алдағы ағалар заңғар белеске шығып, өздерінің әуел баста көздеген мақсаттарына жетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, арттарынан үлгі алып еретін әлі жас өрімдей отбасыларға қиянға өрлеудің жолын көрсетіп, із қалдырды. Білген кісіге бұл, тіпті, маңдайға жазылып, меншікке көшкен мол мұрадан бір тұжырым да кем емес құнды қазына. Серік Максимұлы үйленіп, шаңырақ құрған азамат. Жан жары Әлия Мағзатқызы СПИД диагностикалық зертханасының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер. Бүгінде жары екеуі екі ұлды тәрбиелеп, ұлдарынан үш немере сүйіп отырған ардақты ата мен аяулы әже. Үлкені Арман әке мен ана жолын қуып С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. Бүгінде бас дәрігердің орынбасары қызметін атқаруда. Ал, екінші ұлы Руслан жоғары білімді, мемлекеттік қызметкер. Бүкіл әулетімен бір ғана саланы кәсіпке айналдырған азамат мұны дұрыс бағыт деп есептейді.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ