Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Үш жасар сәбиді құтқарып қалды


23 апреля 2010, 04:28 | 1 275 просмотров



Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ішкі істер министрлігіне қарасты 6506 әскери бөлімшеде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген аға сержант Нұрлан Әбжан-

ов ІІ дәрежелі «Қайсар» төсбелгісімен марапатталды.

Бөлімше басшыларының сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер қолбасшысы, генерал-майор Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен марапатталған сержант Нұрлан Әбжанов қас-қағым сәтте басын өлімге тіге отырып, бір сәбидің өмірін арашалап қалған. Нұрланның айтуынша, түскі үзіліс кезінде әскери бөлімшеге келе жатқанда, көпқабатты үйдің үшінші қабатында терезеден шығып жатқан жалын аралас түтінді көзі шалып қалады. Ол өзінің кешігіп жатқан себебін әскери бөлімше басшыларына жедел хабарлап, өрт сөндірушілерге де телефон соғуды ұмытпайды. Үшінші қабатқа көтерілгенде, есікті аша алмай тұрған әйелді көреді. Көршілерден сүймен сұрап алып, есікті бұзып ішке кірген сержант қорыққанынан жуынатын бөлмеге тығылып қалған сәбиді сыртқа алып шығады. Осындай қырағылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен 28 жастағы сержант Нұрлан Әбжанов кеудесіне бейбіт заманның алғашқы төсбелгісін тақты.

Автор:
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ