Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Пластикалық хирург, Айна Досан: «Елімізде пластикалық хирургия қарқынды дамып келеді»


20 июня 2016, 04:22 | 3 273 просмотра



Кәрілік белгілерін, жараты¬лысымыздағы ақауларды көбіміз медициналық жолмен жеңгіміз келеді. Мысалы, бүгінде кеуде тұрмақ, балтырды да силиконмен үлкейтуге болады. Және тершеңдікті жою, көзге қатпар салу, қалқан құлақты кішірейту секілді және басқа да операция түрі көп. Бірақ, оның қыр-сыры көп жағдайда бізге беймәлім болғандықтан, бұл мәселеде ақпараттың неше атасымен әлеуметтік желілер арқылы танысамыз. Ал, олардың бәріне сене беруге болмайтыны тағы белгілі. Сондықтан, осы салада 11 жылдық тәжірибесі бар, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, пластикалық хирург Айна Досанның пікірін тың¬даған едік.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда пластикалық хирургия қарқынды дамып келеді. Елімізде осы сала қызметіне жүгінетін пациенттер санының артуы өз алдына, пластикалық хирургтар қатарының көбеюі де, оның халық сұранысына ие екенін көрсетеді. Хирург бұл тұрғыда «Біз ылғи да білім-білігімізді көтеру мақсатында шетелдерге барып, тәжірибе алмасамыз. Әр бес жыл сайын арнайы сынақтан өтеміз. Корея, Қытай, Германия және тағы басқа елдерге бардым, сонда байқағаным, біздің білім деңгейіміз олардан төмен емес», – дейді.

Ең алғаш ботоксты балалар ауруына пайдаланған

Қоғамымызда ботокстың зиянды¬лығы туралы да түрлі пікір бар. Бірақ, хирург ботокс дұрыс жасалса, онда ешқандай асқыну болмайтынын алға тартады. Мысалы, медицинада ботокстың қолданылғанына 30 жылдай болыпты. Әуел баста оны балалардың мойнын бұра алмау, жабысып қалу дертіне қолданған. Ауруды емдеу барысында, ботокс салған жаққа әжім түспейтіні, яғни, қыртыс тез жазылатыны байқалған. Содан ботоксты әжімге қарсы пайдалану тәжірибесі қалыптасыпты. Маман бұл тұрғыда «Біз қолданатын мөлшерде асқыну болмайды. Өйткені, әжімге қарсы салу мөлшері баланың мойнын түзеуге жасалатын дозадан да аз болады. Нағыз ботоксты салса және оның дозасын дұрыс таңдаса, ешқандай асқынуға жол берілмейді. Егер осы факторлардың бірі орындалмаса, яғни, лицензиясы жоқ клиника, білім-білігі жеткіліксіз дәрігер салса немесе препараттың өзі дұрыс болмаса, әрине, ақау кетеді»,-дейді. Емге қолданғандықтан, ботокс – дәрі. Сондықтан, мөлшерден тыс дозаға ешкім кепілдік бере алмайтын көрінеді. Себебі, кез келген дәрінің емдік дозасы бар. Мөлшері көп немесе жиілеп кетсе, ол токсиндік әсер беруі мүмкін.

Көп әйелдің көкейінде жүрген сұрақтың бірі ботоксты қанша рет жасатуға болады десек, хирург оған «Ботоксты негізі жылына бір немесе екі рет жасатуға рұқсат берілген. Одан жиі болса, организмде қарсы иммунитет пайда болады», деп жауап берді. Көз айналасы немесе бет әжімдеріне ботокс жасатқандардың түрлері кейде оғаш өзгеріске ұшырайтыны да белгілі. Бұл ботоксты дұрыс жасамаудың салдарынан болады екен. Мәселен, адамның бетіндегі мимикалық бұлшық еттің бірін тартсаң, бірі босайды. Яғни, бетте бір-біріне қарама-қарсы әсері бар бұлшық еттер орналасқан. Егер ботокс жасаушы анатомияны өте жақсы білсе, ондай қателікке жол бермейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл көбінесе дәрігердің білігіне, дәрі мөлшерін дұрыс қолдануына байланысты екен. Айтып отырған мәселенің тағы бір жағын хирург былайша түсіндіреді: «Мимикасымен өте қатты ойнайтын адамдар да бар. Солардың әжімді бейнесіне үйреніп қалғандарға, оның әжімсіз түрі біртүрлі көрінуі мүмкін».

Маман қызметіне жүгінуге де себеп керек

Пластикалық хирургияға жүгіну¬дің өз себебі болуы керектігін айтқан Айна: «Мысалы, көп жағдайда жас қыздар келіп, көзін, ернін өзгертіп беруді сұрайды. Ондай пациенттерге қарсылық білдіремін. Себебі, оның бет-әлпетінде бәрі дұрыс, тыртық не кемістігі жоқ. Сондайда кейбіріне психологтың көмегі қажет екенін аңғарамын. Және психологқа баруға кеңес беремін. Өйткені, депрессияға түскен жандар кейде өзгергісі келеді. Ал, шынында да, операцияны қажет ететін адамдар бар. Солардың шағым¬дарымен келісіп, көмегімді беремін»,-дейді.

Әлеуметтік желілерде жарнамасы жер жарып, көп әйелді желіктірген тағы бір мәселе – кеудені үлкейту. Бұл қыз-келіншектер арасында қызу талқыланатын тақырып. Әрі хирургке кеуде өсіру мақсатымен келушілер де көп екен. Бірақ, Айна мұның да бірден келісуге болмайтын, шынайы қажет жағдайда ғана жасалатын операция екенін жоққа шығармайды. Себебі, операция наркозбен жасалады. Сондықтан, пацинет алдымен анализдер тапсырып, оның нәтижесі мен маммолог қорытындысы барлық талапқа сай болғанда ғана операцияға алынады.

Медицина жетістігі ғарыштық жылдамдықпен өсуде

Медицинаның соңғы жетістігінің бірі қазіргі таңда импланттар бұрын¬ғыдай емес, өмірбақиға жасалады екен. Хирург сөзінен ұққанымыз, бұрынғы силикон импланттарының қабығы жұқа болған. Сол себепті, силикон жұқа қабық арқылы шығып кететін. Қазіргі импланттардың сыртқы қабаты өте мықты. Ішіндегі гель желе сияқты, кессеңіз де өз формасын сақтап тұрады. Сондай гельмен толтырылған. Силиконның өзі Америкадағы белгілі мекеменің бақылауынан өтіпті. Олар көп жыл¬дар бойы силикон қабығы¬ның адам организміне қарсы әсерін анықтаған. Мысалы, аллергия, рак ауруын тудыра ма, соларды зерттеген. Зиянды-лығының бар-жоқтығын жан-жақты анықтап, зиянсыздығына толық көздерін жеткізіп қана қол¬дануға рұқсат береді. Оның баға¬сы да қыз-келіншектердің бас ауруы екені жасырын емес. Маманның мәліметінше, наркоз, жіптер деген сияқты операцияға кететін шығындар бар. Сондықтан, басқа операцияларға қарағанда кеуде өсіру – қымбаттау. Себебі, операцияның негізгі құнын силиконның бағасы құрайды.

Арамызда құлағының қалқан¬дығын кемістікке балайтындар да бар. Оны түзеу медицинаға түк болмай қалған. Мәселен, қалқан құлақты кішірейту операциясы 1,5-2 сағат уақыт алады және балаларға 6 жастан, ал, ересектерге де жасалады екен. Операциядан кейін бір ай құлақты артқа ұстап тұратын арнайы таңғыш тағады. Жалпы, денсаулыққа қатысты мәселелерде білікті маман кеңесінің маңызы зор екенін естен шығармайық.

Автор:
Т.СМАҒҰЛ, «Заң медиа».