Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қан қысымы қауіпті ме?


23 апреля 2010, 04:20 | 8 308 просмотров



Елімізде қан қысымымен ауыратын адамдардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Осы уақытқа дейін аталмыш дертті «тікелей ауа райына байланысты» деп келген ғалымдар енді «қан қысымы басқа да аурулардың салдарынан болады» деген пікірге тоқталып отыр. Әңгіме осы турасында болмақ.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының инновация-аналитика бөлімінің меңгерушісі Қуат Ошақбаевтың бізге берген мәліметі бойынша, қазір қан қысымымен еліміз бойынша 392 073-тен астам адам ауырады. Дертті болғандардың саны жөнінен алғашқы орынды Оңтүстік Қазақстан облысы иеленеді (74 822 адам). Бұдан кейін Алматы қаласында - 74 822, Павлодарда - 22 128, Маңғыстауда - 9718 науқас қан қысымы бойынша тіркеліпті. Ал тіркеуде жоқтар қаншама?.. Ауыратындардың көбі өз денсаулықтар-

ына атүсті қарайды. Медицинада «Гипертония» термині - қан қысымының көтерілуін белгілеп, анықтайтын саланың бірі. Адам организмінде қан қысымының жоғарылауы қан тамырының және оның ұсақ тармақтарының тарылуынан басталады. Кейбір адамдарда ұсақ қан тармақтары жиі тарылады. Әуелі қан тармақтарының жиырылуынан, кейін тамыр қабырғаларының қалыңдауынан ұдайы тарылып ауырады. Осыған байланысты организм-

де қан айналымы кезінде жүректің жұмысы күшейеді де, тамыр арнасына қан көптеп шығарылады. Мұндай жағдайға тап болған адамдарда әдеттегідей қан тамырының қысымы жоғарылайды. Қан қысымы қанның тамырлар жүйесі бойынша қозғалу мүмкіндігін қамтамасыз ететіні белгілі нәрсе. Сөйтіп, ағзадағы тіндердің зат алмасу процесін іске асырады. Артериялық қысым шамасы, негізінен, жүректің жиырылу күшіне, әрбір жиырылу кезінде жүректің шығаратын қан мөлшеріне, қан тамырлары қабырғаларының кедергісіне байланысты анықталады. Қысым мөлшері артерия, күре тамыр және майда тамырларда әртүрлі болады. Ол ағзаға өз қызметінің жағдайын көрсетеді. Артериядағы қан қысымы жүрек жиырылғанда (сис тола) артады, босағанда (диас тола) кемиді. Артериялық қан айналымының ірі артерияларында 160/100 мм сынап бағанасына дейін және одан жоғары болса, жүректің соғуы жиілеп, артерия қабырғасының серпінділігі бұзылады. Қан қысымының көтерілуіне немесе төмендеуіне көптеген факторлар әсер етеді. Мысалы: тамырларда сұйықтық деңгейінің төмен түсуі (гипотензия) адам уланғанда, жүрек-қан тамырлар жүйесі бұзылғанда, қан қысымы төмендейді. Ал қысымның көтерілуі ағзада эндокриндік жүйенің бұзылуынан, бүйрек ауруынан болады. Ал жасөспірімдерде қан қысымы жыныстық жетілу кезінде жиі байқалады, мұны ювенильді - гипертензия деп атайды.

Қан қысымының артуы (артериялық гипертензия) - көбінесе адамның жасы ұлғайған сайын пайда болатын дерт. Өйткені ағзадағы кез келген аурулар тамырға қатты әсер етеді. Қан қысымы көтерілгенде, ұсақ тамырға қанның өту процесі қиындайды. Адамда қан қысымының көтерілуіне не себеп болатынына келсек, жағымсыз және ұзаққа созылған көңіл күй күйзелістері көбірек әсер етеді. Сонымен қатар бас, ми жарақаты, жасқа байланысты туындайтын эндокриндік өзгерістер (климактериялық кезең), ас тұзын көп қолдану қан қысымын туындатады. Ал бейімделуші факторларға келетін болсақ, тұқым қуалау бейімділігі, жүйке және ішкі бөліп шығару бездерінің бұзылуы, семіздік, шылым шегу, ішімдік, айқай-шу, вибрация, созылмалы бүйрек аурулары да бұл дертке шектен тыс әсер етеді. Ал қалыпты жағдайда жас ерекшелігіне қарай, қан қысымы сынап бағанасы бойынша 130/90 мм болуы керек.Өте сирек жағдайда, яғни он адамның біреуін-

де қан тамыры қысымының жоғарылауы бір мүшесінің зақымдануынан туындайды. Мұны қан қысымының қайталануы деп түсінген жөн. Алайда көптеген жағдайда сырқаттардың 90 пайызы мөлшерінде қан қысымы бірінші рет басталады, оны эссенциялдық (мәнді) қан қыымының жоғарылауы деп айтады. Қан қысымы жоғарылауының себебі медицинада толық анықталмаған. Сондықтан емделмеген адамның өміріне қауіп төнеді. Қан қысымы асқынуының жиі кездесетін басты себептері-ми, жүрек және бүйрек сияқты өмірлік маңызды мүшелердің зақымдануы көбірек әсер етеді. Адамда қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болады. Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы болып табылады. Әсіресе, үшінші сатысы - науқас үшін өте қауіпті.

Осы тұрғыда біз Алматыдағы №9 қалалық емхананың жоғары санатты дәрігері, кардиолог Гүлжиян Қалиқызы Маяқованы сөзге тартқан едік:- Қазіргі уақытта ең көп тараған сырқаттың бірі - қан тамырының қысымы. Елімізде он адамның біреуінде қан тамыры қысымының жоғарылауы және төмендеуі кездеседі. Елімізде адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде осы қан қысымы бірінші орынды алса, екінші орында - ауыр дене жарақаттары, үшіншісі- қатерлі ісік аурулары болып отыр. Енді осы қан қысымы ауруының белгілеріне тоқталсам, бас ауырып, көз алдының бұлдырауы, қан қысымының 160/95 мм-ден жоғары көтерілуінен білінеді. Және де желке құрысып, лоқсу, жүрек айнуы да болады. Бас ауырған кезде адам құсуы мүмкін. Таулы аймақтарға шыққанда құлағыңыз бітелуі-қан қысымынан болатын жайт. Аурудың белгісі біліне бастағанда-ақ, дәрігерге қаралып, көрінген абзал. Егер де дер кезінде емделмесеңіз, ауру асқына береді. Аурудың екінші, үшінші кезеңі ұзаққа созылуы да ықтимал. Аурудың үшінші соңғы кезеңінде қан қысымы сынап бағанасы бойынша 220/100 мм, кейде бұдан да жоғарыға көтерілуі мүмкін.Бұл кезеңде жүректің, бүйректің қалыпты қызметі нашарлайды, соңғы сатыларда миға қан құйылу (инсульт), жүрек «инфаркт», жүрек ентікпесі және жүрек қыспасына (стенокардияға) әкеліп соқтырады. Жүректің бұлшық еттерін әлсіретеді, оның жұмысын тежейді. Арты миға қан құйылуға, соқырлыққа, бауырдың нашарлауына ұласады. Сондай-ақ дер кезінде емдемесе, екі аяқ ісіп, жүректің сол жақ құлақшасы әлсізденеді. Осындай асқынулардың алдын алу үшін дәрігерге дер кезіңде қаралып, диспансерлік есепке тұруы қажет. Сонымен қатар дәрі-дәрмектерді мезгілімен пайдаланып, уақытында тамақтануды, үй тұрмысында және жұмысында эмоциялық күйзеліске жол бермеуді ұмытпаған жөн. Соңғы 2-3 жылда қан қысымы, әсіресе, ми инсульті, яғни миға қан құйылып кетуі жиі кездесіп жүр. Бұл жағдайда қан қысымы бар адамдар мынаны есте ұстағаны жөн. Қуаты төмен тағам түрлерін көбірек пайдаланып, тағамға мал майы, холестерині аз немесе тұзды тағамды аз қолданған дұрыс. Артық салмақтан арылумен қатар қан қысымын тежеуге болады. Көп жағдайда спортпен, басқа да пайдалы дене жұмыстарымен көбірек айналысқан жөн.

Шылым шегуге әуестік те қан қысымының көтерілуіне әсер етеді. Қан қысымының көтеріліп, сынап бағанасына 160/100 мм. жоғары болған жағдайда дәрі-дәрмекті қолданған абзал. Үй жағдайында әрбір адам мүмкіндігінше өзінің қан қысымын қадағалап отыруды естен шығармауы керек. Қан қысымы жоғары адамдар қашанда қан қысымын өлшейтін құрал-аутометрияны өзімен бірге алып жүргені тиімді. Ал қысымның төмен болуы - гипотания делінеді, ағзада яғни ішкі мүшелерде сырқаттылық бар екенін айғақтайды. Сондықтан өзіңіздің қан қысымыңызды қадағалап жүруді ұмытпағаныңыз жөн. Дәрігер ретінде айтарым, гипертония ауруына ұшыраған науқас міндетті түрде айына бір рет, ал өзгелер жылына бір рет терапевт, невропатолог дәрігерлерге қаралып, тексеруден өтіп тұруды есте ұстаған жөн дер едім. Тағы бір ескерте кететін жайт, мұндай дерті бар адамдар күн ыстық кезде жоғары температурадағы моншаға түсулеріне, спиртті ішімдік ішулеріне мүлдем болмайды. Жалпы, әрбір емдеу орындарында қан қысымымен ауыратындар үшін жедел емдеу орталықтары ашылса, артық болмас еді. Біздің емхана осы жағдайды ескеріп, 2008 жылдан бері қан қысымы бар адамдарға арналған скрининг жұмыс істеуде. Онда отандық кардиологтар жылда 18 жастан бастап, 25-30-35...65 жасқа әр 5 жас аралығындағы әйелдер мен ер адамдардың қан қысымын қадағалаумен айналысып, ақыл-кеңес берудеміз. Бұл артериялық қан қысымын алдын алуға септігін тигізеді. Және де осы скрининг арқылы біз елімізде қан қысымы бар адамдардың санын ғана біліп қоймай, қан қысымы жоғары адамдарды есепке алып емдейміз, - дейді білікті дәргер.

Автор:
Ақерке АЛПАРОВА