Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Темекінің зияндығы оның қорабында бейнеленуі қажет


23 апреля 2010, 04:20 | 1 831 просмотр



Қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды. Кеше ғана темекінің ең төменгі құны қымбаттады. Шылымқорлармен күрестің күшеюі қуантады. Дегенмен «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының атқарушы директоры Жәмилә Садықованың әңгімелеуінше, темекі өнімдерін шығарушы компаниялар әліге дейін қарсылық танытып келеді екен

...«Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы» кодекс қабылданар тұста осы темекіге қатысты жалғыз баптың көп талқыға түскені белгілі. Шу көтерген, әлбетте, темекіні табыс көзіне айналдырған өндіруші, таратушы топ болған. Десе де, халық талабы жеңіске жетті - қоғамдық орындарда шылым тартуға тыйым салынды. Заңды бұзғандарға - айыппұл белгіленді. Алайда Жәмилә Садық-

ованың айтуынша, асқан тартыс темекі қорабына шылым құрамындағы зиянды бөліктердің атауын жазып, темекінің зиянын бейнелейтін суреттер беру мәселесінде туындапты. - Алғашқыда мұндай зиянды, канцерогенді және мутагенді заттар тізімінде 18 ингредиент болатын. Мәселен, тұтынушы өз өкпесіне темекі түтіні арқылы сынап, мышьяк, толуол, қорғасын сынды зиянды заттардың барып жатқанын білуі керек деп есептегенбіз. Әрине, бұған темекі өндіруші компаниялар үзілді-кесілді қарсы болып, кодексті қабылдату үшін оны әзірлеушілер тізімді 5-ке дейін қысқартуға мәжбүр болды. Ал заң бабының күшіне ену уақытын 6 айдан 12 айға дейін ұзартты. Бұған да шүкір еді, бірақ құжат Сенаттың талқысына жеткенде, бұл тізім тіпті 3-ке дейін қысқарып қалды. Ең жаманы - қандай зиянды заттардың темекі қорабында көрсетілетіні нақтыланған жоқ. Біз мышьяк, сынап пен толуолдың жазылғанын қалар едік, - дейді Ж.Садықова. Ал шылымнан болатын өкпе қатерлі ісігі, эмфизема секілді сырқат белгілерін бейнелейтін қорқынышты суреттер салу да үлкен кедергілерге тап болып, қолдау көрмеген. Ж.Садықова бастамашы бол-

ған топ бұл қажетті ақпаратты қосу жөнінде арнайы бұйрық жобасын да әзірлеп қойыпты. Жоба Денсаулық сақтау министріне жеткен, енді бұл саяси құжатқа қол қою рәсімін ғана күту қажет. Бұдан бөлек, темекі қорабын жасаудың өзіндік техникалық регламентін сақтау ісінде де ұқыптылық керек. Маманның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұл істе де «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының пікірімен бөлісуден бас тартпапты.

- Біздің ойымызша, ингредиенттер тізімін қораптың көрнекті бөлігінде көрсету керек. Бұл бір жағынан, адамдарды темекіден бас тартуға қызмет етсе, екінші жағынан, Қырғызстан мен Қытайдан ағылатын заңсыз контрабанда жолына тосқауыл қояды. Ендігі мәселе - әзірленіп жатқан техникалық регламенттің іске асу мерзімі. Өйткені біздің коалицияның бұл іске араласа бастағанын естіген шылым өндірушілер бұған да қарсылық танытып бағуда. Олардың ЕурАзЭҚ шеңберінде Ресейде дәл осы тектес техникалық регламенттің қабылданатынын және біздің сол кезде соған қарап жасауымыз қажет екенін айтып, мәселе көтеріп жүргенін естіп қалып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Біз ресейлік құжаттың көшірмесін алуға міндетті емеспіз. Оған қоса, техрегламент шілде айында дайын болуы қажет. Демек, ЕурАзЭҚ шешімін күтетін бізде уақыт та жоқ, - дейді ұлттық коалицияның атқарушы директоры.

Қазақстанда расымен де, шылым нан мен сүттен арзан. Ал енді екеуінің зияны мен пайдасын таразыға тартыңыз. Қарама-қарсы көрсеткішке ие боласыз. Дәл осындай ұранмен ұлттық коалиция «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып, акция да өткізген болатын. Осы бастаманың нақты нәтижесі ретінде санаулы күн бұрын ғана арнайы қаулымен ұзындығы 45 пен 85 миллиметр аралығындағы темекі қорабының ең төменгі құны 40 теңгеден 60 теңгеге қымбаттаса, 87,1 мен 160 миллиметр аралығындағы шылым қорабының бағасы 70 теңге етіп белгіленді. Ж.Садықованың айтуынша, дәл осы шара ертерек, айталық 2008 жылдан бастап қолға алынғанда, шылымқорлар санын 25 пайызға дейін қысқартуға болар еді. Дегенмен «ештен кеш жақсы».

Бұл жақсылықтың да «жемісін көруге» үміт бар. Ұлттық коалиция маманынан халықтың қай өкілдері шылымға құмар екені жөнінде де сұраған едік. Олардың «Темекі және жастар» тақырыбында жүргізген зерттеулері мектеп оқушылары ішінде темекіге әуестер қатары 15 пайызға жеткенін көрсетіпті. -13-15 жастағы балалардың 15 пайызы темекі тартатын болса, кәмелетке толмаған жастардың 70 пайызының әкесі, 40 пайызында шешесі шылымқор болып шықты. 1,5 миллион халқы бар Алматы қаласы үшін 350 мың адамның темекіге әуестігі аз көрсеткіш емес. Алматы - темекі түтінінен азат қала болуы керек, - дейді Жәмилә Садықова.

Автор:
Нұрболат Аманжол