Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Донорлардың қатары 65%-ға өсті


20 мая 2016, 05:27 | 1 223 просмотра



Қазақстандық жұлдыздар мен қоғам белсенділері Hot Blood Challenge донорлар эстафетасын бастайды. Жыл сайынғы «Сенің күнің, Донор!» акциясының мақсаты - лейкемия мен қан тапшылығына шалдыққан балаларға қолдау білдіру. 18 мамыр - 14 маусым аралығында кез-келген адам Алматыдағы Өтепов көшесіндегі Республикалық қан орталығына келіп қан тапсыра алады.

«Hot Blood challenge» акциясы тәртібі бойынша, донор қан тапсырып болғаннан кейін эстафетаны өзінің әріптесіне не достарына беруі тиіс. Олардың қатарында танымал жұлдыздар да бар. Осыған орай 18 мамыр сағат 11.00-де донор күніне арналған «Сенің күнің, Донор!» жыл сайынғы республикалық қайырымдылық акциясының баспасөз-мәслихаты өтеді.

Республикалық қан орталығының хабарлауынша, Қазақстанда ерікті донорлардың қатары 65%-ға өскен. 2014 мен 2016 жылдар аралығында донорлар саны 216 000- нан 226 910-ға дейін артқан. Жыл сайын әлемде 200 мың бала қатерлі ісік ауруымен ауырады, олардың жүзге жуығы заманауи ем қабылдауға мүмкіндігі болмағандықтан көз жұмады. Жыл сайын әлем бойынша 92 миллион донация тіркеледі. 62 елде еріктілердің 100% қан қоры сақталады. 40 елде 25% жуық ұлттық қан қорының үлесі бар.

Жоба үйлестірушісі Сахова Гүлзаттың айтуынша, аталмыш акцияның көмегімен ұйымдастырушылар донорлықты жалпыұлттық іс деңгейіне көтеруді мақсат тұтады.

«Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының көрсеткіші бойынша емдеу орталықтарының қан қорын толтыру үшін 1 мың адамға 50 донордан келуі тиіс. Қазақстанда қазіргі уақытта 1 мың адамға 18 донордан келеді. Соңғы екі жылда осы тектес қайырымды акциялар елімізде донорлыққа деген оң көзқарастың тууына себепші болды. Былтыр «Сенің күнің, Донор!» акциясы барысында жалпықоғамдық атсалысудың арқасында 1 800 литр қан жиналды», - деді ол.

Автор:
Гүлмира Ғосманәли