20 мая 2016, 05:25 | 1 294 просмотра
Медбикелер халықаралық күніне орай Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы «Жылдың ең үздік медбикесі» сайысын өткізді. 4 кезең бойынша топқа түскен ақ халаттылар өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салды және ситуациялық тапсырмаларды орындап, қазылар алқасының сұрақтарына да жарыса жауап берді. Медбикелердің тәжірибелік сауаттылығына да аса мән берілді. Бақ сынасқан 9 медбикенің біліктілігі мен өнеріне Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жұмахан Мұқашұлы, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дархан Әріпұлы, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Хасен Әжібекұлы, перзентхана бөлімінің бас координаторы Ұлтай Дауылбекқызы, дәріхана меңгерушісі Гаухар Сейітқызы, зертхана меңгерушісі Ләйлә Керімқұлова қазылық етті. Сайыс нәтижесінде 3-орынды ота бөлімінің медбикесі Абілбекова Мөлдір иеленсе, 2-орын перзентхана бөлімінің қызметкері Джанузакиева Айнұрға бұйырды. Ал 1-орынды функциалық диагностика бөлімінен Қалибек Мадина қанжығасына байлады. Жеңімпаздар қаржылай марапатталды, ал қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұл шара аталмыш ауруханада тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. «Медбикенің рөлі мен мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараны енді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, медицина қызметкерлерінің еңсесі көтеріліп, жұмысқа деген қызығушылықтары арта түсті әрі медбикелердің еңбегін елеп, оларға бағалы сыйлық табыстаудың да көңілге қуаныш ұялататыны рас» дейді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жұмахан Мұқашұлы өз сөзінде. Ал жеңіс тұғырынан көрінген Қалибек Мадина: «Бұл сайысқа ұзақ дайындалдым. Еңбегімнің өз бағасын алғаны қуантады. Сайыстың арқасында жас әрі талантты медицина қызметкерлері көзге ілініп, медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру, мамандардың профессионалды деңгейін көтеру, салауатты өмір салтын насихаттап, мейірімділікке тәрбиелеу сынды біраз міндеттер атқарылғаны анық. Осы қарқында ақ халатты жандардың абройы асқақтай берсе деген ниетім бар» деп ағынан жарылды.