Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Елім деген ер болған...


20 мая 2016, 05:24 | 1 457 просмотров



Алдағы 25 мамырда білікті дәрігер, асыл азамат Асылбек Қасабекұлы Меңіс 75 жасқа толар еді. Жан досым болған Асылбектің мерейтойы қарсаңында аруағына тағзым етіп, ол туралы біраз сыр шертуді жөн көрдім. Адамның өмірінде араласатын жолдастары көп болса, ал нағыз шын досы бір-екеу ғана болады екен. Асылбекпен сонау 60-жылдары мединститутта бірге оқу бақыты бұйырыпты. Ашық, шынайы, мәрт болмысы өзіне көп достарды тартатын. Риясыз, бауырмал жан сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу еді. Қарапайым болмыстың астарында асқан зиялылық, достары мен әріптес¬теріне жанашырлық, жұмысына адалдық бұғып жататын.

Бүгінде жер жанаты Жетісуда Асылбектің есімін білмейтін адам кем де кем. Ол Қазақстанды мақтан тұтып, өзгеге жалтақтамай, өз күшіне сене біліп, ел үшін еңбегін аямайды. Бәріміз ұлттық идеяның формуласын табуға бас қатырып жатамыз. Оны алыстан арбалаудың қажеті жоқ. Еңселі еңбек пен адалдықтың үлгісі – Асылбектің өрелі өмірі, міне, нағыз нұсқа, нағыз фор¬мула. Міне, осы өнегелі өмірінен біраз баяндасақ.

Асылбек Қасабекұлы Меңіс 1941 жылы 25 мамыр күні бұрынғы Талдықорған ауданының Өтенай ауылында дүниеге келген. 1958 жылы орта мектепті бітірісімен ол Талдықорған медицина училищесіне оқуға түсіп, фелдьшерлік-акушерлік мамандығын алды. Училищені аяқтаған соң облыстық денсаулық сақтау бөлімі оны Талдықорған ауданының «Аяққара» мал жайылымындағы дәрігерлік пунктке меңгеруші етіп жіберді. Осы жерде жұмыс жасап жүрген ол алғашқы күннен-ақ алдына кездескен қиыншылықтарды басынан өткере отырып, өзінің бұл мамандықты толық меңгере алатындығына көзі жетеді. Оның үстіне арғы бабасы ел арасында Қаратәуіп атанып кеткен Құттыбайдың керемет білгірлігі мен көріпкелдігі жатса-тұрса да көңілінен шықпай, қалай да дәрігер болатынына іштей нық сенген. Өйткені, өзі орта мектепті Шұбар ауылынан бітіріп, жоғары оқу орнының қайсысына барып түсерін білмей дал болып жүргенде Меңістің інісі, Бәзіл қария атасы бір күні келіп: «Балам, бәле қуған бәлеге жолығады, ата жолын қуған қазынаға жолығады» деуші еді бұрынғылар. Құттыбай бабаңда ерекше қасиет бар еді, сол жолға түссең қайтеді?!» деп ақыл қосқандай болады. Атасының бұл сөзі Асылбекке қасшы болды ма, соған иланып, зор сенім артып, үлкен мәртебе санап, төбесі көкке жеткендей қуанады. Сөйтіп ұсынысын құп көріп, Талдықорған қаласындағы медициналық училищеге тапсырып, 90 қыз, 6 ұлдың құрамына кіріп, оқуға кірісіп кетеді.

Адамды әрдайым алға жетелейтін арманның ақ құсы – мақсатты қиял екені аян. Құмдағы малшылар арасында фелдьшер болып жүріп, өмірден аз да болса тәжірибе жинап, қосымша медициналық әдебиеттерді оқиды. Өз білімін осылайша өзі көтеріп, білімге машықтанған зерек жас жігіт Асекең 1962 жылы Семейдің мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетіне барып, еш қиыналмайтан оқуға түседі.

«Талант тас жарады, тас жармаса – бас жарады» демекші, оның бойындағы өнерге деген туа біткен құштарлығының арқасында үшінші курста оқып жүріп, өнерлі қыз-жігіттердің басын қосып, «Жас дәурен» ән-би ансамблін құрады. Оған әйгілі композитор Бекен Жамақаев жетекшілік етті. Ансамбльдің бағдарламасын өзі жасап, басқарушылықпен өзі айналысты. Сөйтіп, өнегелі өнерін өрттей лаулатып, бүкіл әлемге танылады.

Асылбек мұнымен де қоймай қоғамдық жұмыстарға да аса белсенділікпен араласады. Комсомол, кәсіподақ ұйымдарының көшбастаушы ұйытқысы болады. Институттың студенттер кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. Сүрінгенді сүйеп, жығылғанды жебеп, нағыз қамқор қорғаушы бола жүріп, 1969 жылы институтты «өте жақсы» деген үздік бағамен аяқтайды. Алғыр да білікті шәкіртті ұстаздары өз институтында қалдырып, Украинадағы Харьков мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына оқуға жібереді. Оны 1972 жылы бітіріп, Көксу ауданындағы Большевик ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып қызмет істейді.

Асылбектің іскерлігін таныған облыстық денсаулық сақтау бөлімі оны жоғарылатып, қазіргі Балпық би кентіндегі аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары етіп тағайындайды. Осы қызметінде алты жыл жұмыс істей жүріп, өзінің білімі мен кәсіби мамандығының қыр-сырын ұштай түсті. Кемелденіп өскен жас жігіт 1979 жылы Талдықорған облыстық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу жұмыстары жөніндегі меңгерушісінің орынбасары қызметіне жоғарылады. Ал 1981-1987 жылдар аралығында Талдықорған қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында 1987 жылғы мамыр айынан 1994 жылғы қаңтарға дейін облыстық туберкулезге қарсы диспансерде бас дәрігер қызметін де атқарды. Асылбек 1994 жылғы қаңтар айынан бастап Талдықорған қалалық аурухананың бас дәрігері, ал 1999 жылдың алғашқы күнінен Талдықорған мемлекеттік қалалық денсаулық сақтау мекемесінің медициналық-санитариялық жәрдем беру орталығының директоры болып істейді.

Асылбек Қасабекұлы тәжірибесі мол, жоғары санатты іш құрылыстары дәрігері. Әрдайым жаңашыл, іскер басшы әсіресе денсаулық сақтауды реформалау кезінде аса біліктілік пен көрегендік танытты.

2000 жылдардың басында болған реформалау салдарынан қалалық орталық емхананың директоры болып қызмет істеген Асылбек сол кезде тұйыққа тіреледі. Алайда есін тез жиып, қарамағындағы ұжымды қайта жинап, өздерін қамтамасыз ете алатындай ақылы қызмет көрсететін 30 төсек орынды «Сенім» медициналық орталығын ашты. Бүгінде бұл орталық қанатын кеңінен жайып, дамып келеді. Елге – мұң, ерге – сын болған шақта асқан азаматтық танытып, ақ желеңді абзал жандарды абыройынан ажыратпай, халқына қадір-қасиетін кетірмей, мейір-шапағатымен еңбек етуге үндеген Асылбек Қасабекұлы сол бір шақта ерлікпен пара-пар іс жасады.

Асекең медициналық сақтандыру мекемелерін қалпына келтіруге де қомақты үлес қосты. Науқастарды зерттеп- емдеудің ғылыми-техникалық жаңа әдістерін пайдаланып, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын үнемі жақсартып, жетілдіріп келеді. Емханада жүргізілетін статистикалық мәліметтер бойынша есептеу медициналық сараптау бағдарламалары енгізілген, компьютерлендірілген мағлұматтық-талдау орталығы жұмыс істейді.

Бас дәрігер ретінде ол емдеу және ұжымға басшылық ету қызметтерін бір-бірімен үйлестіріп, тәжірибесі мен білімін ұдайы жас мамандарға үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Өзінің еңбексүйгіштігімен, біліктілігімен, адамдарға деген қамқорлығымен ұжымда үлкен сый-құрмет пен беделге ие болды.

Автор:
Шаймерден Сыдықұлы, КСРО және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау үздігі