Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұрпағыма хат


22 апреля 2010, 22:16 | 1 945 просмотров



Жастар үшiн тағлымы зор, ғибраты мол кiтаптар болады.

Солардың бiрi –белгiлi қоғам қайраткерi, «Парасат» орденiнiң иегерi, Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi Амантай Бiртановтың «Ұрпағыма хат» атты кiтабы. Бiз бүгiн осы кiтаптан үзiндiні «Жас алаш» газетінен алып,жариялап отырмыз....

Қыз баланың анасынан ешнәрсе жасырмай, сырлас болып сыйласулары қажет. Қызыңа мейiрiм шапағатын жасағын. Қыз деген ата-ананың мұңлығы. Ұл атасыз болса да, өзiне iс тауып алады және жағдай жасайды. Қыз бiр ғарiп, мұңлық, бейшара деуге болады. Не нәрсе қолыңа түссе, алдымен қызыңа бер. Күйеуiнiң жүзi де, сөзi де таза, намысты, iс бiлетiн болсын. Демек, ол сенен пайдалансын, сен күйеу балаңнан пайдаланба. Күйеуден көп нәрсе талап етпе. Қызыңның қадiр-құрметiн көтере бер. Ата-ана кезекпен мектепке барып, балалармен, ұстаздармен кездесiп, пiкiрлесiп тұруы ұтымды. Қызметтен бос кезде, үйге қонақ келген кезде қасыңа отырғызып, өзiңмен тең ұстап, ақылдас. Әр түрлi тақырыпта пiкiр таластыруың қажет. Есейген сайын көбiрек еркiндiк берiп, сыртқа жiберiп, қара жұмыс жасатып, өмiрдiң қиындықтарын көрсет, үйрет. Қатал бол. Жас кезiнде ұл бала әкеден қорқуы, есейгенде сыйлауы қажет. Анасы соған ықпал етсiн. Балаға бiрiң ұрысқанда, бiрiң ара түспе. Әкенiң сөзi – үйде заң, тыңдалуы әрi орындалуы тиiс. Үйдiң иесi де, басшысы да әке екенiн балалар кiшкентайынан бiлiп, түсiнiп өссе, қатарының алды болады. Соңғы кезеңдерде бiздiң көп қазақтар шектеулi 1-2 балаларына барлық ақшалай, тұрмыстық мәселенi артығымен жасап жатыр. Жастайынан институтты бiтiртпей, шетелдерге оқуға жiберiп, ұлттық сезiмдi, қазақи, мұсылмандық мейiрiмдiлiктi, әдептiлiк пен бауырмалдықты азайтып алды. Мансапқа, байлыққа алып баратын жолды олар шетелге барып оқумен байланыстырады. Олардың ойынша, шетелде оқыған бала болашақта үлкен бизнесмен не үлкен бастық болады, жоқ дегенде бай болуға тиiстi. Сол балалардың көбi ана тiлiн, дiнiн жете бiлмейдi. Мейiрiмсiз есейiп, ата-ананың қадiрiн кетiредi. Туған жерiн, елiн жат көредi. Көбi терiс жолға түседi. Мен сондай көптеген қызметтегi ата-аналардың қайғырғанын, жылағанын көрдiм. Бақытсыз, қасiреттi қарттық деген осы. Ата-ана үшiн тағдырдың ең ауыр жазасы. Сондықтан, тағы қайталаймын, бала тәрбиесi – ең маңызды iс. Мектеп бiтiргенше артық ақша, қымбат заттар, киiмдердiң қажетi жоқ. Әкеден именсiн, әкенi тыңдасын. Сонда ғана рұқсат сұрап, ақылдасады.

***

Әрдайым әйелiңдi жақсы құрметтеу, перзентiңдi жақсы тәрбиелеп өсiру– сенiң қолыңдағы iс. Қатының табиғаты таза, жан дүниесi пәк, өзiңе дос болсын. Уақытыңды, дүниеңдi жақсы сақтай алатын болуы шарт. Жақсы қатын өмiрдiң рахаты болар. Өз тапқан дүниеңдi өзiң жұмсауға мүмкiндiгiң болсын. Қатынның қолына қарамайтын бол. Қатының сенiң iсiңдi атқармасын, сен оның iсiн атқарма. Қатының дүниеқұмар, мақтаншақ, әсемпаз болмасын. Үйiңе бақытсыздықты әкелетiн баспалдақ – қатынның тiлi.«Қатын – бастан, бала – жастан» дейдi халқымыз. Бiрiншi күннен аз сөйлеуге үйрет. Бөтен жерде, қонақта көп сөйлемей, тыныш отырғаны абзал. Аз сөйлеп, көп тыңдасын. Кiмнiң тiлi ұзын болса, соның ақылы қысқа. Қандай ата-анасы болса да, қандай қызметi бар маман болса да сенi тыңдасын. Әр iсiне сенiмен ақылдассын, рұқсат сұрасын. Сенсiз қонаққа бармасын, қыдырмасын. Әйелге бiр үйде тiрлiк табылады. Әр уақытта бiреу келе қалса, дастарқаның жаюлы болсын. Өздерiң жемесеңдер де, қонаққа арнап жақсы дәмдерiңдi сақтаңдар... Үлкен қызметiң болса үйде жұмыс туралы әңгiме қозғама. Әйелiң сенiң қызметiңе араласпасын. Қарамағыңдағы қызметкерлермен де араласпағаны орынды. Артық сөздер болмайды. Әйелдiң ең басты тiрлiгi – үйдi таза ұстап, бала туып, бала тәрбиелеу.

***

Ене мен келiн арасындағы қарым-қатынас, сыйластық – үлкен философия. Ол екi жақтан бiрдей. Ата-енесiнiң қолына түскен келiн қолда, бiр үйде тұрса – тез үйренiп, бауыр басып кетедi. Қолға түспеген, алғашқы күннен бөлек үйде тұрған келiн – өмiрi бөлектенiп жүредi. Ол – ұзатылған қыз (яғни, түскен келiн) бен анасының кiнәсi. Мысалы, бiздiң шеттегi үлкен келiнiмiз бөтен адам тәрiздi. Олар үйлену тойынан кейiн бiрден бөлек тұрды. Екеуi солай шештi. Оның себебi көп.Тойдан кейiн 5 жылдан соң өмiрге бiр ұл әкелдi, содан соң босанбады. 16 жыл өттi, «екiншi бала қажет емес» дейдi. Жұмыс iстемейдi, үйдi жинауға, тамақ әзiрлеуге еңбек ақысы төленетiн бөтен әйел ұстайды. Қазақ ша бiлмейдi, бiлгiсi де келмейдi. Шешесi қайтыс болардың алдында менiң ауруханамда жатып, жылап, қызының нашар тәрбиесi үшiн менен бiрнеше рет кешiрiм сұрады. Ана үшiн осыдан артық жаза, ауыр күнә бар ма? Бiрақ, оны түсiнген қыз жоқ. Ендi бәрi кеш. Қолдағы бар, береке мен бақытты сақтай алмады. Балаға обал. Оның кiнәсi не? Қазақтың рухы жоқ. Кiмге өкпелеп, кiмге ренжидi?Ең бастысы, ана қыз баласына өз үйiнде үлгi көрсетуi, өнеге беруi тиiс. Қыз баланы тұрмысқа шығуға дайындау – ең негiзгi мiндеттердiң бiрi. «Күйеуiңдi сүйсең, оның ұлың сүйсең, шешесiн құрмет тұтуға мiндеттiсiң!» деп құлағына құю қажеті. Жақсы бала туып, өсiрген ананың өзi де жақсы болатынын, жақсы туған баланың анасы жаман болмайтынын, өзiне де келiн бiтетiнiн айтып түсiндiру – оның борышы. Мұндай тәрбие көрген, өнегелi келiн ерiнiң де, елiнiң де бақыты, өзiнен тарайтын ұрпақтарының құты болады.

***

Мұсылман халқында үйдiң иесi, басшысы – ер адам. Отбасының

барлық тiрлiктерiне сол жауапты. Күйеуiн пiр тұтпаған, сыйламаған әйел – ақымақ әйел. Ерiн қорлап, басыну – содан туған балаларды кемiту. Әйел баласы қандай қызмет атқарып, табысы мол болса да, үйiнде, отбасында ол – әйел, ана. Әйелдiң өмiрдегi ең басты парызы – бiр емес, бiрнеше бала туып, соларды дұрыс тәрбиелеп өсiрiп, денсаулығын қадағалау. Енесiнiң мiнезiн, артық айтқан сөздерiн де түсiнiстiкпен қабылдап, айтқанын орындап, көңiлiнен шығуға талпынуы – берекесiнiң ұйытқысы. Қанша кемшiлiгi болса да, ол сенi жаман болсын демейдi, қатарының алды болса деп тiлейдi. ...Енесiнiң көңiлiн жарым етпей, жарық еткен келiн – ақылды, көргендi, қасиеттi келiн.

Автор:
www.zhasalash.kz Сайтынан