Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Халық алғысына бөленген дәрігер!


20 мая 2016, 05:20 | 2 728 просмотров



Барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше екені сөзсіз. Олар аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін аямайды. Әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, «Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығады. Сондай адамзат баласы ерекше қадір тұтатын мамандық иесі – Рысалды Қанапиянқызы. Жолдогутова Рысалды Қанапиянқызы қазіргі Алматы облысы Андреев ауданы Екпінді ауылында дүниеге келген. Сол ауылдың орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы Алматы мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түседі. Оқуын үздікпен бітіреді. 1987 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы Ескелді ауданындағы аудандық емхананың учаскелік дәрігер-терапевті болып жұмысқа орналасады. Ол 30 жылға жуық халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жүрген білікті маман. Жергілікті аудан тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетуде өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Ол осы қызметтің негізгі бағыты – аудан тұрғындарының амандығын қамтамасыз етіп, денсаулық саласындағы Елбасы Жолдауында ерекше аталған тапсырмаларды жүзеге асыруға аянбай еңбек ету қажеттігін толық мойындайды. Кейіпкеріміздің өмір белестеріне оралатын болсақ, Рысалды Қанапиянқызы отбасы берекесін келтіріп отырған қазақтың қарапайым келіні. Отбасының аяулы отанасы. Адам жанының арашасы деп тегін айтылмаса керек, аудандағы еңбек адамы, мектеп жасындағы балалар мен жас сәбилерді, зейнеткерлерді үнемі өз бақылауында ұстайды. Әрбір науқастанып қалған адамды шипалы қолымен уақытында емдеп, дендеріне саулық сыйлап, жан дауасын тауып жүрген осы қарапайым аудан дәрігері.

Өмір жолын денсаулық саласымен ұштастырып, бүгінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуде аудан тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан. Халықтың алғысынан артық не бар? Ақын Мұқағали «Болашақ дәрігерге» деген өлеңінде:

«...Жолың болсын, бара ғой, айналайын,

Айналайын, қорғаушым, қарғадайын!

Кәсібіңе мен сенің басымды ием,

Басымды ием, несіне арланайын...» – деп жырлайтыны бар. Иә, дүйім халық ма¬ман¬дығына шын берілген дәрігерлерге басын иеді.

Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды медбикелер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз болар. Мамандықты қапысыз дұрыс таңдап, өз ісін шебер меңгергендер, айнала адамдарға мейіріммен қарап, қызметін адал атқарғандар ғана ел алғысына бөленбек.

Автор:
Жалпы тәжірибе дәрігері Жунусова Назгуль Демеденовна