1 апреля 2016, 07:29 | 1 523 просмотра
Қандай бiр қоғам саяси жүйе болсын оның дамуында жалпы ақпараттық қызметтiң, бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметi өте зор. Өйткенi қоғамның қалыпты саяси әлеуметтiк өмiрiн күнделiктi ақпарат тарату қызметiнсiз көзге елестету қиын. Әр түрлі ақпараттар күнбе-күн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады. Десек те, бұл таралымға шыққан болмаса айтылған бұқаралық ақпарат көздерінің адам тағдырына кері тұстары да бар. Себебі, қоғам көргені мен естігенін қайталамауы мүмкін. Жастары мен ересектері өмірге деген көзқарастары өзгеріске ұшырап, болған жайтты бұлжытпай орындауына түрткі болады. Мысалы, кейінгі жаңалықтар да ашығын дөп басып, тастанды балалар мен өз-өздеріне қол жұмсау айқара айтылып жүр. Тіпті, бұндай жағдайлар жиілеп кеткенін көреміз. Міне осыған байланысты ақпарат желісіне жыл басында «Қазақ үні» газетінде белгілі журналист Қанат Әуесбайдың «Қайғылы оқиғалардың жиілеуіне ақпарат құралдарының да кінәсі бар» деген бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жариялаған еді. «Айтпайын десем, ішіме сыймай барады. Нәрестелердің ойдан-қырдан, қоқыс арасы, әжетханадан көп табылуына қатысты айтарым бар еді. Социология ғылымында “Вертер синдромы” (Sindromul werther) деген бар. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, бұл қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Мәселен, өзіне-өзі қол салу әрекеті. Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидті жаппай жүртшылықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам, теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, “мен ғана емес екенмін, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен ғой” деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды. Мұны айтып отырған себебім, соңғы кездері ақпарат құралдарында қызыл шақа тастандыларын лақтырып кеткен “көкек аналар” туралы ақпарат ел ішін кеулеп кетті. Тараздағы екі оқиға аздай, Алматы облысындағы тағы бір тастанды бала жағамызды ұстатты. Мұндай оқиғаның жиілеуіне ақпарат құралдарының шектен тыс әсіре сенсацияшыл өрекпіген ниеттерінің де кінәсі бар деп айтар ем. Өйткені, журналистер көп айта берген сайын құлақ та, көз де, ауыз да үйренеді, бойымыз да үйреніп кеткенін байқамай қаламыз. Сондықтан лажы болса, мұндай қайғылы тақырыптарды жіті назарға іліктіріп, соған екпін қойып, маздата беру орнына барынша шектеп, тіпті, тиым салса да артық емес деп санаймын. Үндеуіме ақпарат құралдарының құлақ асқанын қалаймын. Нақты мысал, 80-ші жылдары Аустрияда метрода өзін-өзі өлтірген әрекеттер көбейіп кеткен. Сонда бұл келеңсіздік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналады. Жергілікті билік ақпарат құралдарына бұл тақырыпқа шектеу қоюға үндеу тастағаны сол екен, көбісі құп алған екен. Нәтижесінде көп ұзамай-ақ Аустриядағы метрода суицид статистикасы едәуір азайған». Расында да «Вертер синдромы» өз ісін істеді.
Бүгінде, қазіргі таңда жастарды өмірге бейімдеуге жаңа сипатта қарау басты міндеттердің бірі болып отыр. Себебі, қоғамда болып жатқан түбегейлі бетбұрыстардың, ғылым мен техника жетістігінің, тұлға психикасына әсері күшті болып отырғаны белгілі. Осындай өмір ағысына қарай тез бейімделіп кететін жастардың психологиялық теңдігін сақтау үшін отбасылық қарым- қатынастың, қоғамдық күштің, оның ішінде этностық құндылықтардың рөлі ерекше. Осыған орай, жастардың отбасылық ұғымына бұқаралық ақпарат құралдарының жағымды жақтарымен бірге жағымсыз, кері әсері де қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Теледидар, радио, кинотеатр және интернет сияқты бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік жүйелерді қалыптастыру және күшейтуде зор ықпалға ие екендігі даусыз. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарының жеке өмірге де тигізетін әсерін жоққа шығаруға болмайды. Қатыгез бағдарламалар, ойындар мен кинолар, жарнамалар адамның рухы мен жанына кері әсер етеді. Бұлардың бәрі қоғамдағы адамдардың тұрмыс тәсілінің өзгеруіне әкеп соғады. Әрине, дәл осындай ақпараттар адамның адами құндылықтарының жойылуына себепші болады. Отбасы ең маңызды әлеуметтік мүше ретінде, бұқаралық ақпарат құралдарының отбасы мүшелеріне тигізетін ықпалынан көп зардап шегеді. Теледидар жастардың отбасын құру туралы пайымына, отбасында қарым-қатынас құруына, жас ұрпақты тәрбиелеу сапасына әсер етеді. Бала санының азаюы, әйелдердің қоғамдағы рөлінің өзгеруі және тағы басқа әлеуметтік факторлар отбасы құрылымын өзгерткен. Бұл шындық!
«Қоғам» деп аталатын алып жүйедегі барған сайын өзгерістегі дағдарысқа ұшырауда. Ал оның ішкі сыртқы бұтақтары мен арналарында қандай азалы сценарийлер ойналып жатқаны бір Аллаға ғана мәлім. Ақпараттық заманның арқасында ондай сұмдық жаңалықтарға тойып, кекірік атып отырған жайымыз бар. «Атып кетіпті», «шауып кетіпті», «ұрыпты», «сабапты», «зорлапты», «тонапты», «жасанды түсік жасатыпты», «босанып баласын қоқысқа, жер төреге, үйдің алдына немесе подъездге тастапты» – айта берсең, таусылмайды. Әйткенмен, осының бәрін естіп, біліп, көріп отырғанымызды «қоғамның өзгеруінің кесірі» деп қатқыл сөйлеуге де итермелейді. Өйткені осының бәріне етіміз үйренді. Үйретті. Құлағымыз дағдыланды. Дағыландырды. Көзімізге үйреншікті жағдайға айналды. Селт етпейтін болдық қой. Жүрек құрғыр да толассыз суық ақпараттарға қарсы иммунитет қалыптастырып алды. Құлаққа жағымдылары қала берді, жағымсыз жаңалықтарды үзбей көруге машықтанып алдық па, қалай өзі? Кішкентай бүлдіршіндерге зорлық жасайтын педофильдердің өзі жаңалық, масқарашылық болмай қалды қазір. Қалыпты жағдайдай қабылданады. Анасын өлтіріп, жертөлеге көміп тастаған қанішердің сюжетін жаңалықтар қызметі қанша айналдырса да, әттең деген бастамашыл топтарды көрмедік. Осыдан келіп немқұрайлылық, одан қатыгездік шығып тұр. Шәкәрім Құдайбердіұлының айтып кеткен «бірінен-бірі туады, жоғалар, сөйтіп адамдықтың» қиюы. Әйтпесе, ол хабарлардың ішінде жантүршігерлік оқиғалар қаншама?! Жаңалықтың болғаны да жақсы. Бірақ, ақпарат құралдарынан естідік, көрдік демей қайталауға болмайтынын қашан қоғам түсінеді. Болған жағдайды болдырмаудың жолын неге іздемейді. Кейбіреуі бұл менің тағдырым. Пешенеме жазғаны деп жатады. Пешене, тағдыр, жазмыш… Бала кезден үлкендердің «Пешенеңе не жазылды, соны көресің», деген әңгімесін басқа сіңіріп өстік. «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Жазмыштан – озмыш жоқ» деген мақалдар осы түсінігімізді толықтыра түскендей. Тіпті, адам баласы араққа салынып кетсе де, жазатайым апатқа ұшырап жатса да, көп қиыншылық көрсе де «Қайтесің, пешенеңде бар екен, амал жоқ көнесің»,-деп жұбатып жатамыз. Ал, тастанды балалардың тағдырын өзінің қатігез көкек анасы жазғаны ма сонда?! Әлі, дүние есігін ашпаған шақалақтың өмірін қыршынынан қию ше?! Жоқ, бұл пешенесіне жазғаны емес, өз қолымен адам өлтіру мен тастау. Тастанды балалардың тағдыры не болмақ. Болашағы ше? Міне, мұның бұқаралық ақпарат көздерінен есітігенінен қайталау ма, әлде өзінің санасыздығы ма? Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайды бас¬тан кешіретініміз анық. Тағдыр жолы сан тарау. Бірақ, кей кезде пешене деген адамды меңіреуге, көз соқырлыққа айналдыратын сияқты ма, қалай өзі. Онда адамның пультпен басқарылатын роботтан қай жері артық? Сонда адам баласы қандай қадам жасаса да, өз еркімен істемейтін болғаны ма? Адам өмірінің бәрі алдын ала жазулы, кітапқа қаттаулы болса, онда бізде ерік, ықтиярдың жоқ болғаны ма? Жаңадан туған сәбидің ата-анасы нашақор немесе ішкіш болса, солардың ықпа¬лында кеткен бала да әке-ше¬шесінің соқпағына түсетіні анық. Бірақ, бұл бала осындай тағдырды таңдап алған жоқ қой. Бұл жерде сәбидің кінәсі не? Неге сәби тумай жатып, бақытсыз болуы керек? «Менің маңдайыма жазылған пешене осы екен» деп қаншама адам жаманшылыққа барып, өз тағдырына балта шауып жатыр. Ойлану керек. Қоғамда болып жатқан жайттарды қайталамау қажет. Сен де осы өмірдің бір кірпіші болып қалануды ойла. Бұқаралық ақпаратты, болмаса пешене ме, тағдырыма жазылғаны осы деп сылтауратпа? Ақпарат сені болған жайтты қайталасын деп жарыққа шықпайды. Керісінше болған жағдайды болдырмасын, қайталамасын, ойнап жүріп от кешпесін дейді. Міне, мұның бәрін дұрыс түсіну қажет. Кейбіреулері айтып жатады, мұның бәріне қоғам кінәлі. Ал, қоғамның кінәсі не? Ашығын айтқан да дұрыс, салауатты өмір салтын ұстану әрбір азаматтың өздерінің қолында. Қазіргі заман ойшылдары «ну орманда жақсы қасқырға кезіккен абзал ма, әлде қатыгез қоянға ма» деп сұрау тастапты. «Қасқырдың жайсаңы, қоянның қатыгезі болушы ма еді» деп орыннан тұрып та кетеміз. Қатыгездік дейтін әрекеттің қорқақтық пен әлсіздіктен, қорқыныштан күш алатынын астарлағаны. Психолог ғалымдар қатал адамдардың психологиялық ауытқушылығы болатынын атап өтеді. Онда да ол психикалық жарақаттардан, өзгелердің оларға деген қатыгез қарым-қатынасынан туындайтын көрінеді. Қазақ ертегісіндегі қоянның «бәрі маған тиісе береді, суға батып өлем» деп, өзенге ұмтылатыны бар емес пе? Бірақ су жағасында өзінен үріккен қойларды көріп, «менен де қорқатындар бар екен» деп, бағытынан қайтатыны болушы еді. Бұрынғы-соңғы ойшылдардың да дені қатыгездікке «қорқақтықтың анасы» деп бір ғана сөзбен анықтама беріпті. Шындап келсек, қаша-қаша «жауыз» болған, қамыстан «өліп- тірілген» ондай мінездің әрқайсысымызда болуы мәлім. Тірлік кешу қиын, айнала толған әділетсіздік болса да, адами бейнені жоғалтпау – парыз. Ендеше, ыңғайсыз сұраққа бәрінен де оңды жауапты өмірдің өзі беретінін ұмытпайық. Өйткені тіршіліктің өзі – таразы. Қатігездік пен сенімнің күйреуі – соғыс психологиясынан, адамның адамға жасаған айуандығынан бастау алады. Ал қазір бәрінің бір-біріне қарсы соғысы жүріп жатқандай әсер қалдырады. Еліміздегі ғана емес, бүтін дүниедегі күрделі рухани ахуал содан ба екен? Рухани құлдырау өз шеңберінен асып, өзін өзге тіршілік иелерінен биік санайтын адамдар қатыгездіктің түпсіз шыңырауына, тоғышарлыққа, тіпті барлық болмыс-бітімімен бейсаналылыққа беттеп барады. «Азалы қоңырау кімге соғылды» демеңіз. Ол – баршамызға қағылған дабыл. Қатыгез пенделерге ескерту. Болатынымыз, болмаса бордай тозатынымыз өзімізге байланысты. Жақсы хабар, жақсы жаңалық, жақсы кино, жақсы кітапты іздейік. Қазақта «Жақсы сөз, жарым ырыс» дейді. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген тағы бір даналығы бар. Азғындықтан алыстап, жақсылыққа ұмтылған абзал. Сананы санасыз «қоқыс» ақпараттан тазарту бүгінгі ақпараттық-технологиялық заманда оңайға түспейді. Бірақ, ақпарат ағымының астында қалмау, пайдалы мен пайдасыздықтың ара – жігін айқындау бүгінгі надандықтан адамдыққа ұмтылу.