Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Наурыз тойы- бұлда бір ем!


1 апреля 2016, 07:11 | 946 просмотров



Өткен аптада Талдықорған қаласы аймақтық Облыстық онкологиялық диспансерінде Ұлыстың ұлы күні арналған мерекелік шара өтті. Оған емхана қызметкерлері мен науқастарды қолдау орталығы бірлесіп ұйытқы болды. Мақсаты - емделіп жатқан азаматтар мен азаматшаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Осы ретте, емхана алаңына киіз үй тігіп, ұлттық тағам наурыз көже үлестірді. Салт-дәстүрден бесікке бөлеу, тұсау кесу сияқты көріністер де қойылды. Шараны тамашалаған қауым әншімен ән айтып, бишілерге ере билеп, мереке көрігін қыздырды. Жалпы, науқастарға арналған 140 орны бар бұл мекемеде қазір қатерлі ісікке шалдыққан 85 адам емделіп жатыр. Ал, оларға жалпы саны 192 дәрігер ем-домын жасап, медициналық қызмет көрсетуде. Бүгін сол дәрігерлер ақ халаттың орнына ұлттық нақыштағы киімдер киіп, шашу шашып, күй тартып науқастарды бір серпілтіп тастады.

Болат Ахметұлы, Алматы облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері

- Бұл мереке айдан аман, жылдан есен шыққанымызға шүкір ететін, өткенді ұмытпайтын, дәстүрді құныттайтын, Алладан тілеу тілеп ертеңді ұлықтайтын мереке! Ал сіздер көріп отырған бұл Наурыз тойы біздің мекемеде өтіп жатыр. Бұл мерекелік шара, менің ойымша емге де себеп болады. Науқастардың көңілдері мен еңселері көтеріліп, және тез жазылуға мүмкіндік тудырады деп ойлаймын. Сондықтан науқастарымызға осындай мүмкіндік сыйлап отырмыз. Олар да халықпен бірге наурыз мерекесін бірге қызықтап, тойлап, наурыз көжеден дәм татса деген ниет.

Бақыт, емделуші

- Бұл мерекелік шараны ұйымдастырып отырған ұжым мен ұжым басшылығына айтар алғысым шексіз. Көңілімізді бір көтеріп, серпілтті. Ұрпаққа үлгі-өнеге болады. Салт-дәстүріміз қалпын жазбай ортамызда көрсетіліп жатыр. Елдің тыныштығы, ынтымақ береке-бірлігі осындай қуанышты күндер көп бола берсін. Біз елдің тыныштығы мен қуанышына тілектеспіз!

Анар, студент

- Жалпы бұл ұйымдастырылып жатқан шара ең алдымен біз секілді жастарға үлгі. Себебі, бізде болашақ медицина қызметкеріміз. Науқастардың көңілін көтеру, олардың тілін түсіну біздің басты міндетіміз болып табылады. Ал, мұндай шарадан көңілі түскен адамның көңілдері көтерілмей қалуы мүмкін емес. Барша Қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Деніміз сау, науқастарымыз аз болсын!

Ұлыс оң, ақ мол болған, күн мен түн теңеліп, берекенің қазаны қайнаған бұл мереке бізге бабадан қалған мирас екенін бүгінгі қауым жақсы түсінеді. Сондықтан жиналған жұрт келер жылғы наурызда бас-аман, бауыр бүтін қауышайық деп ізгі тілектер тілесіп тарасты.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ