Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Мәңгілік Ел» пойызының жұмысы қорытындыланды


25 марта 2016, 11:57 | 1 173 просмотра


Наурыз мейрамының қарсаңында Алматыда мәреге жеткен «Мәңгілік Ел» пойызының жұмысы қорытындыланды.Айта кету керек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астанадан 15 ақпанда шыққан пойыз ел аумағында 11 мың шақырым жол жүрді. Елді мекендерге тоқтап 55 мыңға жуық адамға көмек берді.Олардың 13 мыңы жоғары сапалы медициналық көмек алды. Пойыз жолаушыларының көбі, яғни 60 пайызы медицина саласының мамандары.ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің стационарлық қызмет басқармасының басшысы Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, акцияға Алматы мен Астананың ең үздік дәрігерлері, 25 сала маманы қатысқан.

«Дәрігерлер адамдарды күнде қабылдады. Тәжірибелі мамандар неврологиялық, кардиологиялық науқастарға диагноз қойды. Әр аймақтың өзіне тән аурулары бар екенін байқадық. Мәселен, солтүстік пен шығыста қатерлі ісік көп, батыс пен оңтүстікте туу көрсеткіші жоғары. Яғни бұл өңірде балалар дәрігерінің көмегі көбірек қажет болды», - деді Н.Қыдырбаев.

Оның айтуынша, диагноз қойылған азаматтарға одан әрі қаралу үшін орталық мекемелерге жолдама берілді.Сондай-ақ, акция Алматыда да жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін 170 адам қаралып үлгерді.Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен дәрігерлер Алатау және Наурызбай аудандарында қабылдап жатыр.