Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақ деп соққан жүректе


25 марта 2016, 11:53 | 1 415 просмотров



Калифорния университетінің пос директоры Мәдетгүл Жұмабайқызымен сұхбат

Қытайдың қазақ тілді CCTV 3 телеарнасының “Гүлдер-ай” бағдарламасында Америкадағы Калифорния университетінің пос директоры Мәдетгүл Жұмабайқызымен сұхбат болған екен. Өзге елде жүрсе де қазақ ұлтының намысын қорғап жүрген Мәдетгүлдің сұхбатын біз де өз оқырмандарымызбен бөлісуді жөн көрдік.

-Сәлеметсіз бе сұхбатымызды әуелі туған жеріңізге қандай бір бұйымтайлармен келгеніңіз жайында сұрасақ?

– Осы рет келуімдегі себеп ғылыми мақала жариялау болды. Қандай ғылыми мақала жариялау десеңіз, мына Америкада біз сияқты мамандар кәсіп, мамандық төңірегінде өзара барыс-келіс болып, пікір алмастырады. Мұндай пікір, көзқарас, тәжірибе алмастыру мемлекеттер, университеттер ортасында да болады. Өзіміздің істеп жатқан жаңалықтарымызды таныстырамыз, оларды шақырып, біз де олардан үйренеміз. Ал енді бұл рет қытайға келуім Шыңжаң медицина университеті ашқан халықаралық мәжіліс болды. Мені соған лекция оқуға шақыртты. Ол орындалып болды. Енді бүгін Шыңжаң университетінде ғылыми міндет сәтті болды. Ендігі қадамым Қазақстан Республикасы Астана қаласындағы Назарбаев университетінде болмақшы.

– Жарайды, осындағы сапарларыңыз сәтті болсын деп тілейміз. Сұхбатымызды бастай берейік, теледидар алдындағы көрермендер де ойлап отырған болуы мүмкін. Бұл талантты қызымыз қайсы ауылдың баласы екен деп, өскен жеріңіз, туған ауылыңыз жөнінде әңгіме қозғай отырсаңыз?

-Туған жерден бастап айтсам, мен Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданының Жиек деген ауылында тудым. Кішкентай кезімізде тайынша қуып, тезек теріп ержеттік. Бес жасымда мектепке бардым, ол кезде мектеп біздің үйге өте жақын болды. Оқуға сондай қызығып, менің ағам мектепке барса, мен неге бармаймын деп барғанмын. Әдетте бес жастағы балаға өте ерте болуы мүмкін, бірақ мен оқуды бастап кеттім. Сол кездегі клас әлі есімде бар, бір класта бес қатар бар, 1-қатар бірінші сынып, 2-қатар екінші сынып… Бесінші қатарға дейін бір мұғалім бәрімізге сабақ бере беретін. Бірінші сыныпқа А Б С-ны жазса, екінші сыныпқа көбейтуді жазып береді. Үшінші сыныпқа одан күрделірек сабақ сөйлейтін-ді. Біз ауылда сондай шарт-жағдайда оқығанбыз. Және бірі ол кезде бізге қарындаш, қалам деген өте табылмайды. Бір қарындаш тұғыры қалғанша істетеміз. Кейін орталау мектепке кірерде қызылту фермасына көшіп келдік. Ол кездегі оқу системалы біршама жақсырақ болды. Бір сыныпқа бірден мұғалім, шарт-жағдай жақсы болды. Ол жерден мен үш жыл оқып, орта мектепті бітірдім. Ал енді біраз орнықтық деп тұрған жағдайда, біздің отбасымыз әкемнің қызметінің алмасуымен қалаға көшіп келдік. Ол кезде ауылдан келдік, қаланың балаларының оқуына ілесе алмаймыз ба деген қорқыныш болды. Бірақ жарым жылдан кейін жақсы оқып кеттік, ешқандай қиындық болған жоқ.

– Бұл қай жылдары?

-Бұл 1981-1982-жылдары, ол кезде орта мектеп екі жыл ғана болады. Тарбағатай аймақтық 2-орта мектепте оқыдым. Сынып жетекшіміз Зайтұн Абызи болған, әдебиет сабағын ақын Қыдырқан Мұқатайұлы берген. Міне осындай ұлағатты ұстаздардың қолында тәрбиелендік.

– Бағана әкеңіздің атынан да біліп отырмын. Сіз Шыңжаң қазағының қазіргі заман әдебиетінің үлкен ту ұстаушыларының бірі болған танымалы жазушы, қарт қаламгеріміз Жұмабай Біләлұлының баласы екенсіз. Қазақта тамаша бір сөз бар «Құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады»- деген. Осы ғылым саласына қадам тастауыңызға, өнер саласында қалықтауыңызға отбасының да себебі бар шығар?

– Әрине, әке-шешемнің әсері өте зор деп ойлаймын. Кішкентай кезімнен бастап әкем кітап оқуға бізді шабыттандыратын. Базарға барса ылғи кітап әкеліп беретін. Шешем жұмыс істеңдер, қыз бала тұрмысты түсініңдер десе, әкем көбінде кітап оқыңдар дейтін, әкем ғылыми жаққа көбірек жетелейтін. Кей кездерде кейбір қиын сабақтарға, күрделі түйіндерге ұшырап қалып, істей алмаймын ба дегенімде әкем айтатын «Менің қызым болсаң, орындап кетесің» деп шабыттандыратын. Мен сол бір сөзді арқаланып істей алмайтын жұмысымды орындауға тырысатынмын. Ал енді шешемнің маған қалдырған әсері шешем қалай адам болу керек, басқаларға қалай мәміле жасауды көбірек үйрететін. Мәселен, маңайыңдағы жолдастарыңды сыйлап өту, достарыңмен жақсы шығысу дегендей… Мұның да менше табысқа жетуге себебі бар деп ойлаймын, бір адам жеңіске, табысқа жетуі оның қаблеті ғана емес, оның адамгершілігі, басқа адамдарға болған көзқарасы, басқаларды қалай құрметтеу сияқтыларға да байланысты. Онан кейін орта мектепті бітіріп, университетке келдік. Университетке келгенде мен 15 жаста болатынмын. Ол кезде алғашында үйді қатты сағындым. Бірақ кейін келе үйреніп кеттім. Маған ең маңыздысы сабақты жақсы оқу керек болды. Құдды кішкене кезімізде бұзауды емізіп қойсаң, сүт жоқ деген сияқты, сабақты жақсы оқымасаң өте алмай қаласың. Өте алмасаң, кейін қайтып бітіресің? Бітіре алмасаң кейін қызметті қалай табасың деген сияқты себептер болды. Сондықтан адамда бір түрлі жауапкершілік болады. Ол кезде мен таңертең ерте тұрып дене шынықтырып жүгіретінмін. Егер дене шынықтырмай ауырып қалсаңыз тағы да оқудан қаласыз, күнде өткен сабақты кеште пысықтап шығатынмын. Ал басқа балалар ертең не сабақ деп соны пысықтайтын. Мен басқаша, бүгінгі сабақты пысықтап отыратынмын. Неге десеңіз бүгінгі өткен сабақты бүгін пысықтасаңыз, есіңізде жақсы қалады. Ал енді ертеңгі сабаққа даярлық қылсаңыз, ертең өтіледі. Бұл мен үшін оңай деп ойламаймын. Сондықтан мен күнделікті сабақты күнде қарағаным үшін, емтихан кезінде көп қиналмайтынмын. Онан кейін сабақта жақсы болдық, нәтижеміз де жаман болмады. 6 жылдық университет өмірін сәтті аяқтатып оқу бітірдік. Ол кездегі түзім нәтижеге қарап қызметке бөлетін болған. Бір сыныпта 120 студент оқу бітірдік. Алдыңғы беске дейінгі озат оқыған оқушы қайда баратындығы турасында кесім жасау құқығы бар еді. Мен сол озаттардың қатарында болғандықтан Шыңжаң медицина университетін таңдадым. Қызмет орным Шыңжаң медицина университетіне қарасты 1-шипаханасы болды. Кейін, маған шұғыл құтқару бөлімінде істейтін болдым. Өте шұғыл науқастармен жолығып таң атқанша істеген кездеріміз болды.

–1989-жылы бұрынғы Шыңжаң медицина институтынан оқу тауысқаннан кейін, жалғасты сол мектепте қалыпсыз. Демек бұл сіздің қоғам табалдырығын аттағаннан кейінгі алғашқы қадамыңыздың сәтті болғандығынан дерек береді. Ал жалғасты аспиранттық оқуыңызға не себеп болды екен?

-Жүрек ауруларын зерттеуге қатты қызықтым. Өйткені сап-сау келген адам есіктен кіріп, төрге шығып болғанша аяқ астынан өліп кетеді. Басқа ауруларға қарағанда жүрек ауруы өте шұғыл болады. Сондықтан мен жүрек ауруларын тіпті де ішкерілеп үйренгім келді. Ол кезде отбасымызда бір балам бар. Сонда да емтихан тапсырдым. Аспиранттыққа бірнеше рет беріп әрең өткен болатынмын. Аспиранттықты 3 жыл оқыдым. Шыңжаң медицина университетінде Шын Зоухың деген профессор менің жетекшім болды. Бітіретін жылы менің мұғалімім жапондағы Нихуоң университетімен бірлесіп «Қанбасым туралы» бір зерттеу жүргізді. Ол қазақ халқы, ұйғыр ұлты, ханзу халқының қанбасымын салыстырған бір зерттеу тақырыбы екен. Сол кезде мұғалім мені осы зерттеуге қатыстырды. Себеп: мен осы үш түрлі тілді де толық түсіне алатындықтан, қызметке қолайлы болды. Сонымен бұл жұмысты біз жапондықтармен бірге істедік. Кейін келе оларға да бір адам қажет болыпты. ٴСонымен мен 1998-жылы Жапонияға аттандым. Аттанар кезде маған әсер қалдырған іс менің балам сол кезде бірінші сыныпқа мектепке кірмекші. Барлық ата-аналар балаларының оқуға қадам тастауына қызық көріп қатынасады ғой. Бірақ дәл соған бірнеше күн қалғанда Жапонияға аттанбасам болмайтын болды. Сол кезде маған өте ауыр келді, бірақ жолдасым қолдап қуаттады. Сосын Жапонияға аттанып кеттім. Бір жылдан кейін ол арадағы қызметім де сәтті аяқталды.

– Ғылым жолына қадам тастағандардың бірден бір жетістігі – жаңалық жарату дейміз. Сіздер сияқты медицина саласындағы ізденген ғалымдардың үлкен бір нәтижесі ғылыми зерттеумен шұғылдану. Өзіңіз Жапонияда жүргенде, Америкада болғанда қанша зерттеу еңбегін жаздыңыз?

– Мен 2007-жылы көктемде Американың Калифорния штатындағы Калифорния университеті Лос-анжелес бөлімшесіне келдім. Қазірге дейін сол бір орында тұрақтап істедім. Жапонға барғанда да сол бір орында тұрақтап істеген болатынмын. Менің сол кезде жариялаған мақаламның аты:«Ұзақ жасаған қарттардың қантамырындағы ерекшеліктер», журналдың аты « American journal of Hypertension». Бұл – америка қантамыр журналы деген сөз.

– Бұл медицина саласындағы әйгілі басылымдардың бірі ме?

– Иә. Бұл басылымға ғылыми мақала жариялау мен үшін зор мақтаныш. Жаңа жерге келгеннен кейін ғылыми мақала жариялау көбейді. Өйткені Жапонға қарағанда Америкада істеген орынның шарт-жағдайы әсіресе мына ғылыми-зерттеу жасауға шарт-жағдай өте қолайлы болды. Қазірге дейін халықаралық деңгейдегі журнал-газетте 26 мақала жарияладым. Соның ішінде үшеуі сыйланды. Біріне Италиядан бір маман халықаралық үлкен журналға бағалау жазды. Жүрек қантамырларын зерттедім.

– Бастауыш, орталау, толық орта мектепті қазақша оқыпсыз, ал кейін Шыңжаң медицина университетіне барғаннан кейін әлбетте ханзуша білім алдыңыздар, Жапонияға барып 8 жыл оқығанда жапон тілінде жұмыс істедіңіз. Бүгін Шыңжаң университетінде лекцияны кілең ағылшын тілінде сөйледіңіз. Демек қазірге дейін төрт, бес тілді біледі екенсіз. Ал ана тілдің құдыреті не де деп ойлайсыз?

– Отбасымызда қазақ тілінде көп мәміле жасаймыз. Кішкене кезімізден бастап қазақша оқығанбыз. Университетке келгенде ғана ханзуша оқыдық. Онан кейін мен университет оқып жүргенде басқа тілге қызықтым. Сол кезде менің бір мұғалімім мынадай бір сөз айтты: “егер сен өз ана тіліңе жетік болсаң, басқа тілді оңай қабылдайсың. Өзінің ана тілін толық білмеген адам басқа тілді де шала үйренеді” деді. Мен ол кезде бұл көзқарасқа онша сенгім де келмеді, бірақ кейін көп жылдар өткеннен кейін ойласам сол дұрыс екен. Мен университетке келген кезде ағылшын тілін үйренгім келді, бірақ ол заманда бізге ағылшынша клас жоқ, мұғалім де жоқ. Сол себепті Шыңжаң медициналық университетінен Шыңжаң университетке әр күні кеште келіп ұйғыр мұғалімнен ағылшынша сабақ алдым, қалмай келетінмін. Кейде қыста қатты суық болады көше автобусына қысылып сабақтан түсемін. Тамақ жеп болып тапсырмаларымды орындай салып, автобусқа отырып Шыңжаң университетіне келіп түсып қалып класқа келетінмін. Сонымен бір күні соқыр ішек болып ауырып бара алмадым. Сөйтіп, ауруханада жатсам ағылшынша мұғалімім менің көңілімді сұрап келіпті. Қатты әсерлендім. Сонша оқушыңыз бар мені елеп-ескеріп неге келдіңіз дегенімде, сен әр күні қалмай келетінсің, сабаққа келмей қалғаныңда үлкен себеп бар деп ойладым, ауырып қалғаныңды естіп келдім дегені маған өте жігерлендіру болды. Содан кейін тіпті қалмайтын болдым, сөйтіп мен ағылшын тілін өздігімнен үйрендім. Кейін аспирантқа емтихан берген кезде ағылшын тілі недәуір көмек болды. Жапонға барғанда да мен жапонша тіл білмейтінмін. Ол кезде менің ұстазым менімен ағылшынша сөйлесетін. Кейін ұзақ тұрғаннан соң жапоншаны да үйреніп кеттім. Ал енді Америкаға барғаннан кейін орта ағылшынша болғаннан кейін тез қабылдап кетеді екенсіз, сонда кейде бір тілді сөйлеуге тура келіп қалады. Мәселен ағылшынша сөйлеуге тура келеді, сол кезде өзіңіздің қазақшаңызды қалай сөйлесеңіз, екінші бір тілді солай сөйлеп кете береді екенсіз. Сонда менің мұғалімімнің сөзі есімде балаларды ана тілін жақсы үйренуге тәрбиелеу керек. Тек өзіңнің ана тіліңді қанық, жеттік білсең екінші бір тілді оңай қабылдайсың. Өйткені ғылыми жақтан да оның жаны бар деп ойлаймын. Адамның миында тіл жүйесі деген болады, тіл жүйесі жақсы дамыса екінші бір тілді оңай қабылдайды. Өзіңіздің тілді шала білсеңіз екінші бір тілді де шала білесіз, мен бұған алғашында сенбегем. Бірақ өмір жолымда бірнеше тілдерді үйрендім. Іс жүзінде сол көзқарастың дұрыс екендігінің дәлелі. Сондықтан менің балаларым қазақшаны жақсы сөйлейді. Ағылшыншаны, жапоншаны бәрін толық сөйлейді. Кейбіреулер айтады: “балаларыңыз неге қазақшасын ұмытып қалмаған?” деп. Меніңше ұмытпаудағы бір себеп көбінде үйде қазақ тілінде сөйлейміз. Мен оларға қазақшаны тастама деймін. Ана тілін жақсы білсе екінші бір тілді жақсы үйренеді дегенге қатты сенімдімін. Бірақ олар ағылшыншаны да, жапоншаны да жақсы үйреніп алды. Ал енді жапондағы басқа қазақ ата-аналар балаларына жапонша сөйлейді, жапоншаны тез үйренсін деп. Содан олар қазақшаны ұмытып қалған. Ал менің ұстанған жолым басқаша болды. Мен үйде тек қазақша сөйлеймін. Ал ол оның басқа тіл үйренуіне кедергі болмастан тіпті де жақсы үйренуіне септігін тигізді деймін. Өйткені менің балам айтады қазақшаны сылдыратып сөйлегенде кейде сол секілді басқа тіл де ойға келе қалады екен. Сөйтіп сөйлеп кетеді екенбіз дейді. Меніңше балаларды кішкене күнінен бастап ана тілін ұмытпауға тәрбиелеу керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Қуандық Көбен namys.kz