Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛАЛАР ДИАБЕТІМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕМІЗ ?


15 апреля 2010, 21:22 | 2 071 просмотр



Бүгінгі таңда қант диабеті мен семіздік сияқты аурулар ересектерді былай қойғанның өзінде, жас­өспірім балалар арасында кеңінен тарап кетті. Бұл қалай болған деген сұраққа сәрсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Мектептегі қант диабетімен ауыратын балалар» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелге жиналған денсаулық сақтау саласының мамандары жауап іздеді. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мен медициналық қызмет көрсетуді жақсарту – «Нұр Отан» ХДП-ның негізгі нысанасында жүрген мәселелердің бірі. Өткен жылдың мамыр айында Тұңғыш Президент қорының қолдауымен Қазақстан Диабет қауымдастығының «Орта білім беретін мекемелерде білім алушы қант диабетімен ауыратын балалар мен жасөспірімдер проблемаларын шешу, құқықтарын қорғау және мүдделерін таныстыру үшін республикалық ата-аналар комитетін құру» жобасы өз жұмысын бастаған болатын. Осыған байланысты бүгінгі таңда еліміздің көптеген аймақтарында қант диабетінің таралу себептері жан-жақты зерттелу үстінде.

Қазақстан балаларының арасында қант диабетінің кең тара­луы­ның алдын алу, бұл аурудың етек жайып кетуіне тосқауыл қою үшін балалар арасындағы саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін «Нұр Отан» ХДП, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті мен Диабет қауымдастығы күш біріктіргенді жөн көріпті. Аталған төрт құрылым арасында ынтымақтастық туралы төрт жақты меморандумға қол қойылды. Дөңгелек үстел барысында балалар арасындағы қант диабетінің кең таралуына, олардың дұрыс тамақтанбауы, сонымен қатар, ата-ана, білім беру мекемелері тарапынан нақты қадағаланбауы себеп екендігі атап көрсетілді. Созылмалы аурулар қатарына жататын бұл дерттің жарасы жеңіл деп көптеген балалар мен олардың ата-аналары бұл ауруға онша мән беріп қарамайды. Қан құрамындағы қанттың жоғарылауы уақыт өте келе басқа да күрделі әрі қиын ауруларға шалдықтыратындықтарын қаперге алмайды. Сондықтан да қант диабетімен ауыратын балаларды белгілі уақыт мерзімінде тексеріп, оларды қатаң диеталық бақылауда ұстап, мінез-құлықтарындағы ерекшеліктерді бақылауға әрбір білім беру мекемелерінде арнайы дәрігерлердің болуы қатаң ескертілмек. Қорыта айтқанда, қант диабеті – шығын көп жұмсалатын, асқынса мүгедектікке душар ететін созылмалы ауру, сондай-ақ мұндай аурумен ауыратын балаларды жазғы лагерьде қабылдамайды. Осы себепті әрбір ата-ана өз балаларының дұрыс тамақтануын қатаң бақылауға алуы шарт.

Автор:
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ