Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Бәсекеге қабілетті» сүт ішеміз


15 апреля 2010, 21:21 | 2 034 просмотра



Отандық сүт өндірісі мемлекеттік маңызға ие бола бастады. Бұған дейін ауыл шаруашылығының қалтарысында қалып келген бұл сала енді бәсекелестік бағытында жұмыс істейтін болады. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдауымен өткен конференцияда Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников мәлім етті.

Еліміздің отандық сүт өндірісі саласында шешімін таппай жатқан мәселелерді «Айқын» да бірнеше мәрте көтеріп, министрлік назарына ұсынған болатын. Сүт одағы атқарушы директорының мәлімдемесінен біз қойған сауалдардың бірқатарына жауап тапқандай болдық. Бірінші кезекте сүт өнімдерін импорттау көлемін өсірмеудің амалы жасалу қажет. Одақ мәліметтері бойынша, республикаға тасымалданатын сүт өнімдерінің пайыздық үлесі төмендегіше: сүт және қышқыл сүт өнімдері - 20%, май өнімдері - 40%, сыр және ірімшік - 67%. Пайыздық үлес ата кәсібі - мал шаруашылығы болып табылатын қазақ елі үшін өте жоғары. Оның үстіне Кожевниковті алаңдатып отырған тағы бір жайт бар. Бұл үлес көршілес елдерде бәсекеге қабілетті сүт өнімдерін шығару пайызының артуына байланысты жоғарылауы әбден мүмкін. Сондықтан отандық өндірісті өркендетуге тиіспіз. Бізді мазалаған мәселенің бірі - жеке сауыншылар сүт өнімдерінің еркін сауда айналымына енбеуі еді. Көзіқарақты оқырманның есінде болса, қалаға әкеліп, қарабайыр түрде сүт саудалап жүргендерді тыюға арналған шаралардың жүргізіліп жатқанын жазған едік. Себеп - сүт құрамынан түрлі ауру қоздырғыштары, оның ішінде аса қауіпті бруцеллез таяқшалары да табылған болатын. Бұл мәселе төңірегінде айтқан сөзінде Кожевников Беларусь елін мысалға алды: - Қазақстанның сүт өндірісінің жылдық көлемі Беларусь елінікімен шамалас. Сүт сапасы жөнінен де екі ел бір-бірінен қалыспайды. Айырмашылық - логистикада жатыр. Беларусь өнімнің 95 пайызын кәсіпорындар арқылы қайта өңдеуден өткізіп, саудаға шығаратын болса, біздегі бұл мөлшер - бар болғаны 24%. Яғни өндірілген сүтті біз халыққа дұрыстап жеткізе алмай отырмыз деген сөз. Рас, логистика мәселесін шешу Қазақстан үшін Беларусьпен салыстырғанда мол шығынды қажет етеді. Өйткені біздегі ауыл мен қаланың арасын жүріп өтсеңіз, бұл Беларусьтің оңтүстігінен солтүстігіне жетумен бірдей. Жеке сауыншылардың өнімдерін кәсіпорындарға жеткізе алмауының себебі міне, осында жатыр. Енді қандай ұсыныс бар? Қазақстанда сүтті қайта өңдеуден өткізумен айналысатын кәсіпорындарды аймақтарда құрып, олардың сандарын көбейтуіміз қажет. Маңызды сұрақтардың тағы бірі - Кедендік одақ аясындағы сүт өндірісінің халі қалай болмақ? Жұтыламыз ба, ұтамыз ба? Владимир Кожевниковтің айтуынша, аталған екі жағдайдың да болуы екіталай. Кедендік одақ сүт өндірісіне елеп айтарлық өзгеріс әкеле қоймайды. - Қазақстанның сүт өнімдерін көршілес Ресейге экспорттауға қатысты 0 пайыздық ставка Кедендік одақтан бұрын қалыптасқан. Соған орай, республиканың Кедендік одақ құрамына кіруі бұл салаға соншалықты үлкен әсерін тигізбейді. Дегенмен халықтың алаңдауын түсінуге болады. Мұндағы мәселе, бірақ басқада болып отыр. Осы уақытқа дейін Қазақстанда сүт өнімдері саласында тауарды, яғни сүт өнімдерін сату мен сатып алуға ғана ден қойылып келді, оның жүйелі өндірісіне аса мән берілген жоқ, өкінішке қарай. Егер біз өндіріс пен өңдеу саласын бір жүйелендірсек, оған билік қолдау жасаса, ешқандай қауіп жоқ. Басты міндет - бәсекеге қабілетті жұмыс жүргізу ғана, - дейді Одақтың атқарушы директоры.

Автор:
Нұрболат Аманжол