18 марта 2016, 09:20 | 1 325 просмотров
Сарапшылар Қазақстанның қай аймағында жалақының ең көп өсірілгенін анықтады. Бұл туралы хабарлайды tengrinews.kz ақпарат порталы Ranking.kz ұсынған ақпаратқа негізделіп. 2015 жылы қазақстандықтардың жалақысы орташа есеппен 4 пайызға өсті дейді сарапшылар. 2015 жылдың 4-ші тоқсанында Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 136,1 мың теңге болыпты. Бұл 2014 жылға қарағанда 5,2 мың теңгеге жоғары. Өткен жылы жалақының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткен.
Өткен жылдың 2-ші тоқсанында жылдық өсім - 3 пайыз, 3-ші тоқсанда - 2 пайыз, ал 4-ші тоқсанда 4 пайыз болды. Салыстыра кетсек, 2014 жылдың 4-ші тоқсанында қызметкер орташа жалақыны 2013 жылдың осы кезеңіне қарағанда жалақыны 12 пайызға көп алғанын айтады сарапшылар.
Сондай-ақ, мамандар еліміздің аймақтары бойынша жалақы көлемін анықтап шықты. Республика бойынша елордалық қызметкерлердің жалақысы ең көп, яғни 17,2 мың теңгеге өскені анықталды. Мұнай өндіретін аймақтарда, яғни Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында жалақы 15,9 мың және 12,9 мыңға өсті. Ал Маңғыстау облысында жалақы 4,5 мың теңгеге, ал Ақтөбе облысында 1,2 мың теңгеге қысқарған. Қызылорда облысында жалақы небары 84 теңгеге өсіпті.Өткен жылға қарағанда 7,9 мың теңгеге жоғары жалақы алатын алматылықтар жалақының өсу қарқыны жөнінен 4-орын алды. Алматы қаласынан кейін Павлодар және Шығыс Қазақстан облысытары 5 және 6-орында сәйкесінше. Одан кейін ретімен Қарағанды,Ақмола, Солтүстік Қазақстан орнласқан. Алматы облысы бұл тізімде 10-орында тұр. Жетісу өлкесінен кейін Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары тұр. Көш соңында Қызылорда және жалақы керісінше төмендеген Ақтөбе мен Маңғыстау облысы орналасқан.
Жалақысы жоғары қызметтерге тоқталып өтсек. Түрлі қызмет көрсетумен айналысатын компаниялардың қызметкерлерінің жалақысы бір жылда 45,2 мың теңгеге, яғни 27 пайызға өсіпті. Сонымен қатар, кәсіби, ғылыми, техникалық қызмет өкілдерінің жалақысы бір жылда 39,5 теңгеге, яғни 15 пайызға өсті. Қаржыгерлер мен тау кенді игеру өнеркәсібінің қызметкерлері болса бұрынғыдан 18-20 мың теңге артық жалақы алды.