Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мамандыққа әке өсиетімен келдім


18 марта 2016, 08:51 | 1 929 просмотров



Медицина – жауаптылықты талап ететін мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте медицина қызметкерлеріне үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте Алматы Облыстық перенаталдық орталықтың 2-ші балалар бөлімінің жоғарғы санаттағы аға мейіргері саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Сәндіқыз Аубәкірқызының өнегелі істері төңірегінде бүгінгі мақаламызда сөз қозғағанды жөн көрдік. Адамның кейде бала күнін еске алып, еріксіз күлетін сәттері болады. Өйткені бала өмірді тану жолында талай сәттерді басынан өткеріп, оны өзінше қабылдап, соған сай бала көңілімен әрекет етеді. Сәндіқыз Аубәкірқызы да, медицинаға бала күнгі әкесінің берген тәлімімен, салған сара жолымен келген. Қарапайым отбасынан шығып, таудай талабымен, еселі еңбегімен үлкен абыройға ие болған кейіпкеріміз туралы редакциямызға Орманбаева Айнұрдан маманға деген білдірілген алғыс хат келген болатын. Осы хатты арқау етіп, Сәндіқыз Аубәкірқызынан сұқбат алудың сәті түсті.

– Сәндіқыз Аубәкірқызы, әңгімені алдымен өзіңізді қысқаша таныстыра кетуден бастайық, қайда білім алып, алғаш рет ақ халатты қашан кидіңіз?

- Мен осы Жетісу өңірінің тумасымын. Алматы облысы Киров ауданы бұрынғы Жамбыл колхозында қарапайым да өнегелі отбасында дүниеге келдім. Әкем Рахимбаев Аубәкір-соғыс ардагері. Анам Рахимбаева Күлгүл-үй шаруасындағы, біздің аяулы жанымыз. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Мен қыздың үлкенімін. Медицинаға келуімнің себебі әкем соғыста болғанда жаралы жандарға көмек қолын созатын ақ халаттылар саны аз болған. Енді, соғыс болғандықтан жаралылар көп болады ғой. Ал, мейіргерлер үлгермеген. Сонда менің әкемнің жанына медицина қызметкерлерінің аздығы қатты батқан. Содан, мен мектепті бітіргенде Талдықорған қаласындағы бұрынғы медициналық училищеге оқуға жібереді. Негізінен, өзімде осы мамандықты армандап, мектепте биология мен химия пәндерін қызыға оқитынмын.

- Жаңа босанған анаға баланы алғашқы күтім жолдарына қандай жұмыс жүргізесіз?

- Бала туыла салысымен міндетті түрде баланың ауыз қуысы мен мұрын қуысын электрлік сорғыш аппараттың көмегімен тазалау керек. Жаңа туған баланы жылы стерильді жаялыққа орайды. Медбике қолын жуып және спиртпен өңдеп, офтальмобленореяның алдын алу шараларын істейді. Ол үшін жаңа туған баланың көзін стерильді мақтамен сүртіп, кейін 30 % альбуцид ерітіндісін тамызады. Осы ерітіндінің бірнеше тамшысын жаңа туылған қаздардың жыныс саңылауына тамызады. 2 сағаттан кейін процедураны қайталайды. Кіндікті біріншілік өңдеу нәресте туылып, 2- минуттан соң кіндік қан тамырларының соғысы тоқтағаннан кейін істеледі. Алдымен кіндіктен 10-15 см кіндік бауын спиртпен өңдеп , Кофердің 3 қысқышымен қысып қоямыз.Біреуі анасының вульварлы сақинасы аймағынан , екіншісі жаңа туған баланың кіндік сақинасы аймағынан 8-10 см қашықтықта, 3-шісі екіншісінен 2 см төмен. Кіндік пен қысқыш аймағын 5 %-тік йодпен өңдеп, стерильді қайшымен кеседі. Балалардың кіндігінен қан тобы мен резус факторын анықтау үшін қан алады. Баланы стерильді жаялыққа орап, анасына көрсетеді. Содан кейін баланы жаңа туылғандар бөлмесіне ауыстырады, онда кіндіктің соңғы өңдеуін жүргізеді. Қалған қан қалдықтарын 96 %-тік этил спиртімен өңдейді. Кіндік сақинасынан 0,5 см қашықтықта Рогован қапсырмасын кіргізіп, қалғанын стерильді қайшымен кесіп, жоғарғы жағын 5 %-тік калий перманганатымен өңдеп, стерильді салфеткамен жабып қоямыз. 5-6 сағаттан соң салфетканы алып,қалған кіндікті жабын түзетін антисептикалық препаратпен өңдейді және оның жазылуы ашық түрде жүреді.Баланың салмағын, бойының ұзындығын, бас және кеуде шеңберін өлшейді. Өлшемдері жазылып алып, жетіп туылған немесе шала туылғанын анықтаймыз(Апгар шкаласы бойынша). Баланың қолына стерильді арнайы қағазды байлаймыз. Онда: фамилиясы, аты, анасының аты-жөні, жынысы, туған күні, сағаты жазылады. Дені сау баланы 2 сағаттан соң балалар бөліміне ауыстырамыз. Шала немесе ауру туған балалар интенсивті терапиялар палаталарына түседі.

- Тамақтандыру жолын ше?

- Ана сүтінің компоненттері емшектегі баланың ішектерінің ферменттік еркешелігіне және микробтың құрамына бейімделген. Ана сүті перистальтиканы жақсартып, патологиялық газ түзілуіне кедергі жасайды. Соңғы кездерде баланы ерте емшекке салуды қолдайды, яғни туылған соң алғашқы сағатта, себебі ол баланы инфекциядан қорғайды. Анасында лактацияны стимульдейді. Гемолитикалық аурудың жедел фазасында цитомегалияның жедел түрінде, гепатитте емшекпен емізуге болмайды. Мерзімі жетіп туылған нәрестені 6-7 рет емізу керек. Емізер алдында анасы қолын жылы сумен сабындап жуып, бас киім және маска кию керек.Сүт безінің емізіктерін фурациллинмен ерітіндісімен жуады. Анасы отырса немесе тұрса да баланың басы көтеріңкі болу керек. Бұл мұрынмен дұрыс тыныс алуға негізделген. Нәрестені анасына парарельді орналастырып, басын шынтақ буынына орналастырады. Емізу ұзақтығы 20-30 мин. Баланың емген сүт мөлшерін есептеу үшін , емізбей тұрып, емізгеннен соң тағы өлшеп, қалған сан емген сүт мөлшері болады. Егер бала толық тамақтанбаса, сауылған сүтпен тамақтандырылады.

- Жас аналарға ана сүтінің ерекшеліктері мен ондағы дәрумендер жайында алғашқы кеңес мейіргерлерден бола ма?

- Әрине, болады. Жас босанған ана баласын емізбек түгілі, қолдарына алғаш баласын алудан қорқып жатады. Ал, сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – анасының сүті. Ана сүті өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Ана сүтін беру интеллектуальды және эмоциональды дамудың жақсы негізін қалайды. Ал ана сүтін ембеген бала, көп жағдайларда, аурушаң болып өседі. Сәби мұрнында сүт иісін тез сезетін қасиеті дамыған. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды. Тіпті, туылғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені, уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Бұл – оның ғажайыптығы. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы. Ешқашан бірдей екі ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Өйткені, олардың құрамы, майлылығы баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде өзгеріп отырады. Ана сүті мынадай тиімділігімен ерекшеленеді: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді; оны еш жерден сатып алмайсыз; ол тек сіздің балаңызға ғана арналған. Емшек сүтінде арнайы ферменттердің және оның қалыптасқан құрамының болуы, баланың тамақтануы кезінде ас қорытудың ешқандай бұзылуын туғызбайды. Ол баланың ішектерінде патогенді бактериялардың таралуына кедергі қойып, пайдалы микроорганизмдердің қоныстануына жағдай жасайды. Ұзақ уақыт емшек емген балалардың, болашақта гипертониялық аурулармен атеросклерозбен, қант диабетімен де сирек ауыратыны белгілі жайт. Ана сүті ми тканьдарының дамуын камтамассыз ететін және қалыпты интеллект қалыптастыратын май қышқылдарына қанықпаған тауринге бай келетіндігін міндетті түрде айтамыз.

- Сәндіқыз Аубәкірқызы, дәрігерлер «жиі ауыратын бала» деп кімді айтады?

- Дәрігерлер қауымы 1 жасқа толмаған балаларды жиі ауыратындар санатына қосады. Олар тым әлсіз, кез келген ауруды бойына жұқтырып алғыш болып келеді. Сондай-ақ, жылына 4-5 ретке дейін ауыратын балалар да осы санатқа жатқызылады. Ауру кезеңі 10-15 күнге дейін созылса да, ол жиі ауыратын болып саналады. Педиатрлар бұл балалармен ерекше жұмыс жасайды. Жиі-жиі үйіне барып, жеке қадағалауына алады.

- Балалар неге жиі ауырады?

- Жаз өтіп, күз келсе болғаны, көптеген ата-аналар үшін уайым басталады. Сыртқы белгілері әртүрлі болғанына қарамастан, олардың жауабы біреу-ақ — иммунитет әлсіздігі. Адамның иммунитеті ана құрсағында жатқанда пайда болады. Иммунитет – сыртқы ортадағы түрлі аурумен күресте таптырмас «қару». «Қару» әлсіз болса, аурумен күресте жеңіліс табамыз. Аурушаңдықтың тағы бір себебі – ана сүтінің жеткіліксіздігі. Емшектегі балалар анау-мынау ауруды қабылдамайды. Сүтпен бойында қалыптасқан иммунитет ағзаға енген ауруды жойып отырады. Ерте қосымша тағамдарға ауысқан баланың көп инфекциялармен күресуге дәрменсіз болып келетіні сондықтан. Бұдан шығатын қорытынды: көп жағдайда балалар ауруы ана сүтін дұрыс ембегеннен болады.

- Иммунитет әлсіздігінің бұдан өзге де себептері бар ма?

- Иммунитетті тым әлсіретіп жіберетін дерттің түрлері бар. Олар: рахит, дәрумен жетіспеушілігі (авитаминоз), ішек қызметінің бұзылуы, сальмонеллез, дизентерия, өкпе қабынуы (пневмония), баспа (ангина). Одан бөлек, ауыр, созылмалы сырқаттармен ауырған соң, ота жасалғаннан кейін иммунитет әлсірейді. Вирусты жолмен таралатын аурулар да қауіпті. Балалар тұмау, желшешекпен ауырған соң да жиі сырқаттанатындардың қатарына қосылуы мүмкін. Кейде дәрігер балалардың басқа ауруын емдеу үшін түрлі дәрі-дәрмек жазып береді. Мысалы, ісікке қарсы, стереоидты гормональды дәрілер, антибиотиктер. Аталған дәрілерді қабылдау кезінде баланың иммунды жүйесі қалыпты жұмысынан ауытқымауын педиатр қадағалап отыруы керек. Олай болмаған жағдайда, бір жағын дұрыстаймыз деп, екіншісін бүлдіріп алуы мүмкін. Оған көп жағдайда байқала бермейтін ішек құрттары да себепші болады. Иммунитеттің жұмысын жақсартуда астың орны айрықша. Толыққанды және дұрыс тамақтану ешбір дәрінің көмегінсіз-ақ ауруды жеңе алады. Ол үшін кішкентай баланың тағамдары дәрумендерге бай болуы керек. Оған қоса, тамақтану ережесінің үйлесімділігі де маңызды. Мәселен, балалардың тамағы тым майлы, не майсыз, көміртегі мол, алайда ақуызы жоқ болуы мүмкін. Тамақ үйлесімділігін дәрігерден сұрап, жазып алуға болады. Таза ауада жеткілікті деңгейде серуендемеу, қимыл-қозғалыстың аздығы иммундық жүйені әлсіретеді де, салдарынан бала аурудан көз ашпайтын болады.

- Бала аурушаңдығы несімен қауіпті?

- Біріншіден, бала көп ауырған соң балабақшадан, мектептен жиі қалатын болады. Сабаққа үлгере алмай, үлгерімі төмендейді. Егу (вакцинация) шаралары дер кезінде жүргізілмей, кейінге ысырылып қалады. Ауру баланың қасында отыруы керек болған соң, ата-анасының бірі әрдайым жұмыстан қалуына қажет болады. Одан кейін, жиі ауырған соң ағза тым әлсірейді де, инфекциялық аурулар созылмалы басқа ауруларға айналып кетеді. Мысалы, тұмау жұқтырса, соңынан бронхит, отит, бронхиалды демікпеге ұласуы мүмкін.

- Аурушаңдықтың алдын алып, жеңуге бола ма?

- Бала қоғамдық ортада қалыптасады. Ауру жұғады деп, оны ортадан бөліп тастау оңай емес. Көпшілік ұжымда жүргендіктен, инфекциялық аурулардың алдын алу қиын шаруа. Ал баланың ағзасын күшейту үшін иммунитет тапшылығын жүкті кезде-ақ қолға алу керек. Болашақ ана жүктілік кезінде баланың денсаулығын жақсартуға тырыссын. Іштегі баланың иммунды жүйесін бұзатын темекі шекпей, алкогольді өнімдерді пайдаланбай, дәруменге бай азық-түліктерді тұтынуы қажет. Бойдағы дертті дер кезінде алдын алып, емдеуге кірісуі тиіс. Қазіргі кезде дүниеге келген сәбиді анасының кеудесіне жатқызады. Осы сәтте баласын көріп, еміренген ана иіп, көкірегінде иммуноглоболинге бай уыз бөлінеді. Оны емген баланың ағзасында қуатты иммун пайда болады. Сондықтан ана сүтінің пайдалы екендігін ғылым толық мойындап отыр. Ал қосымша тағам ішетін балаларды тұрақты түрде біреуімен ғана тамақтандыру қажет. Қайта-қайта бір түрінен екінші түріне ауыстыруға болмайды. Жоғарыда атап өт-кенімдей, бала иммунының әлсіздігі ішек дис-бактериозы мен дәрумен жетіспеушілігінің салдарынан болады. Оның нақты себебін дәрігер анықтаған соң, ем-шара жасайды. Мысалы, көктем, күз айларында D дәрумені бар препараттар ішкізіп, өздігінен тамақ іше алатын болса, осы дәруменге бай балық секілді тағамдарды жегізу керек. Ал жаз айында қосымша дәрумендер қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені күн сәулелері арқылы қажетті иммунитетті сіңіреді. Сондай-ақ, бала иммунитетін жоғары деңгейде сақтау үшін ол туған күннен бастап салқын ауаға үйрету керек. Күннің суығынан қорқып үстіне қалың киім кигізіп, үй температурасын шамадан тыс ыстық етудің қажеті жоқ. Кішкентайынан салқын, таза ауада өскен баланың ағзасы кей ауруларға бой бермейтін болады. Аурудың алдын алу үшін вакциналар енгізуге болады. Күз айларынан бастап, барлық емханаларда егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл алдағы уақытта тұмау секілді вирусты инфекцияларды жұқтырмауға көмектеседі. Одан кейін туыла салысымен туберкулезге, кейінірек, полиомиелит, қызылша, сары ауру секілді дертке қарсы егу жүргізіледі.

Ішек құрттары да иммунның жауы. Ағзаға түскен дәрумендерді сіңірмей, көзін жойып отырады. Сол себепті де баланы кішкентай кезінен тазалыққа үйреткен дұрыс. Тамақтанар алдында қолды жуып, тісін тазалап отыруды да әдетке айналдырған дұрыс. Тағы бір айта кететін жәйт, таңды таңға соғып, теледидар мен компьютер алдында отыратын балалардың жүйкелері тез тозып, қалыпты жұмысынан айырылады. Ұйқысы бұзылған бала ауруға көп шалдығады.

- Сәндіқыз Аубәкірқызы, медицина қызметкерлеріне бүгінгі күнде қаншалықты көңіл бөлінеді?

- Өте жақсы. Күннен күнге біздің жағдаймыз жақсы жасалуда. Жұмыс жасауға қолайлы ақпараттарымыз бен заманауи құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. Жұмыс орнымыз жылы, жайлы. Уақытында кезекті демалысымыз да, еңбекақымыз да, бәрі уақытында. Бізге бұдан артық не қажет.

– Бүгін медицинада не жеткіліксіз?

- Бүгінгі медицина саласына көңілім толады, өйткені мен алғаш еңбек жолын бастағанда қазіргі қолданып жүрген бір реттік қолданатын шприцтер, инструменттер, медициналық жабдықтарды ,қазіргі заманға сай медициналық аппараттары дәрі-дәрмектерді түсімізде де көрген жоқпыз. Біз бәрін қайнатып, тозығы жетіп сынған кезде бірақ есептен шығаратынбыз. Оның үстіне біздің мекемеде жеткілікті. Өз уақытымызға сай білімгер мамандарымыз бен, заманымызға сай құрал-жабдықтарымыз да бар. Кезінде әр нәрсені, әрбір құрылғыларымызды жуып тазалаумен уақытымызды өткізсек, қазір әрбір емделушіге жеке-жеке қолдануға жетерліктей заттарымыз бар.

- Медициналық жолыңызда орын алар өкінішіңіз бар ма?

- Ауыз толтырып айтарлықтай өкінішім жоқ. Мамандығым мен таңдаған жолыма мақтанамын. Жұмысыма мен үнемі сағына, қуана барамын. Себебі, менің қызметім дәрігерлермен бірге жалғыз болып келген ананы екеу қылып шығарып салу. Олардың жылы, қуанышты жүзін көру мен үшін үлкен бақыт. Ана мен баланың денсаулығы мықты болса, менің жұмысымның және де дәрігерлердің жемісі деп, Отанға қосқан үлесіміз деп білемін. Халықтың алғысымен батасына бөленгеннен, салауатты өмір салтына, қоғамға бір септігімізді тигізсек бізге содан асқан байлық жоқ.

- Болашақ аналарға қандай кеңес бересіз?

- Қазіргі қоғамдағы басты мәселердің бірі бала денсаулығы. Бала денсаулығы өте жауапты да қиын мәселелердің бірі. Кезінде жасалған қате немесе болашақ ананың салғырттығы баланың бүкіл өмірін өзгертіп жібереді.

Басқалардан өзгеше туылған бала бүкіл өмірі бойы өзін кінәлап, өзін басқалардан төмен санаумен өтеді. Адамның бар қызығы бала деген. Оны өмірге әкеліп, адам қатарлы ету үшін ана мен әке бірдей жауапты. Адамнан адам шығуы әсте оңай емес. Осындай салмақты істің иелері – аналар. Болашақ сәбиді тәрбиелеуді іште жатқаннан-ақ бастаған ана озады. Бала бойға біткен күннен бастап оны өмірге баули білуі керек. Жат қылықтардан аулақ, қоғамға дені сау ұрпақ әкелемін деген мақсатты ұстанулары қажет.

-Сәндіқыз Аубәкірқызы, медицинада 25 жыл қызмет атқарып жүрсіз. Бұған себепкер болған ұстаздарыңыз бар ма?

- Әрине бар. Барлық ғұлама маманадықтардың бастауы осы қарапайым да адал ұстаздардың қолынан тәлім мен білім алып шыққан. Ұстазсыз ұлы ойшыл дана емес, ғұлама ғалым да болмас еді. Менің осы күнге жеткен жетістіктерімнің барлығы маған білім мен адалдықты үйреткен ұстаздарымның, жұмысқа сауаттылықпен қарауға дағдыландырған алдыңғы буын аға-әпкелерімнің арқасы деп білемін. Атап айтсам, мектеп табалдырығында Күлтай Естібайқызы, мед училищеде Дина Егізбайқызы, Мета Артуровна, қызметте алғаш мені шыңдаған Күләнда Балтабайқыздарын ерекше атап айтуға болады.

- Мамандыққа беріксіз бе?

- Берікпін. Жұмысыма келген де мен бір мерекеге бара жатқандай қуанып барамын. Жұмысым мен үшін бірінші орында. Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді. Мамандықты таңдау үшін, ең алдымен өзін, өз бейімділігін тану қажет. Дұрыс таңдамаған мамандық әсері мамандық иесіне ғана емес, қоғамға кері әсерін тигізеді. Мен алғашқы кәсібімді мектепке дейінгі тәрбие беру саласында бастап, одан әрі өзімнің осы мамандығымды, яғни жеті жылдай психология мамандығын ұштастырып, балалардың болашақ өмірінің кілтін жан – жақты зерттеу мақсатында жұмыстанудамын.

Мамандықты дұрыс таңдай білген адам, «Мамандығым - мақтанышым» дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек. Мамандыққа асқан ынтызарлық пен еңбекқорлық таныта білу керек. Менде осы таңдаған жолыма адал қызмет атқарудамын.

- Сізге алғысын білдіріп жатқандар аз емес. Ал сонымен қатар сіздерге арызданып жататын адамдар да бар ма?

- Негізінен шағымданып келетін адамдар мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Болады ондай-ондай кездер. Кейбір түсініспей қалатын жағдайлар да аз емес. Бірақ, көбінесе бізден босанып шыққан ата-аналардың айтар «алғысымыз шексіз» деп ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп, кетіп жатады.

Бекзат болмыс, тектілік адамды қашанда биік көрсетеді. Биіктігі де, тереңдігі де, кеңдігі де бір басынан табылатын жандар жеткілікті. Маңымыздағы аз сөйлеп, көп жұмыс атқаратын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп айтқандай, білікті де мамандығының шебері Сәндіқыз Аубәкірқызы бүгінде жолдасы Алтай Сәкенұлымен үш бала тәрбиелеп отырған ардақты ана, ибалы келін. Еңбегін ел бағалайды. Одан артық бақыт бар ма?! Халық игілігіне бөленуден артық атақ-абырой болмас!

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ.