Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақтықтың денсаулыққа әсері


11 марта 2016, 03:18 | 1 779 просмотров



Адам денсаулығының жақсы болуы бірнеше факторға байланысты. Генетикасы, тамақтануы, өмір салты және ең соңғысы дәрігерлер жұмысы. Қазақ халық даналығында денсаулыққа қатысты айтылған сөздер жетерлік. Алайда сол даналықты ескермей жүретініміз бар. «Денсаулық –бірінші байлық» дейміз, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп тағы айтамыз. Бірақ барлығы керісінше шығады. Дәрігерге ауруымыз әбден асқынғанда бірақ барамыз. Ақ халаттылар ішінде осындай жағдайға байланысты «қазақы менталитет қой» деп қалыптасып кеткен пікір бар. Сонда қазақы менталитет бойынша денсаулық күту қандай? Ұлттық менталитеттің денсаулыққа байланысы қандай? Саралап көрсек қалай болады.....

«Еврей дәрігерге ауырмай келеді, орыс ауырған күні келеді, ал қазақ өлеріне бір күн қалғанда келеді» деген сөз барлығымызға белігілі. Бұл айтылғанды даналық дейміз бе, әлде қалжың дейміз бе? Дұрысы –шындық. Осы шындыққа сүйенсек, әрбір ұлттың өзіндік медициналық мәдениеті, денсаулығын күтудің өзінідік ерешеліктері бар. Бүгінгі біз білетін дәстүрлі медицина да ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық медицинадан бастау алады. Әр халықтың өзіндік емшілік дәстүрі, салт-санасы болған. Бірақ біз қазір емшілік дәстүрді емес, адамның емделу салтын, медициналық мәдениетін қарастырмақпыз. Ұлттық сана, ұлттық психологияға қарай ұлттың мінез-құлқы болады. Сол мінез-құлық адамның әрбір істеген ісінде көрініс табады. Жоғары айтылған «қазақ дәрігерге өлеріне бір күн қалғанда келеді» деген сөз қазақ халқының денсаулығына немқұрайлы қарайтынын дәлелі сияқты. Денсаулыққа деген салғырттық қашан, қайдан пайда болды? Қанға сінген қылық пе? Әлде жүре пайда болған қасиет пе? Ұлттың мінез-құлқын өзгертуге бола ма?

Ұлттық психолгия және діл

Мәселнің мән жайына тереңірек ұғыну үшін алдымен менталитет сөзінің мағынасын біліп алайық. Уикипедия энциклпедиясына сүйенсек,Менталитет немесе діл (лат. menta — жан құрылымы) - ойлаудың үлгісі, этностың, әлеуметтік топтың, индивидтің жалпы рухани мінез-құлқы. Сондай-ақ діл халықтың этникалық бірлігі мен оның басқа ұлттық құрылымдардан ерекшелігін тану. Сол арқылы адамдардың жалпылама және нақты баға беруі, әлеуметтік ұстанымы өзінің әлеуметтік бірлігіне және басқа да қауымдастықтарға белсенді қарым-қатынасы пайда болады. Түсінірек тілмен жеттізсек, менталитет - адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлықтардың және іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін ұғым.

Сырттай қарағанда діл мен психологияның қоғам өміріндегі көрінісі ұқсас. Бірақ бұлардың мәнді айырмалары бар. Психология үнемі өзгере бермейтін орнықты факторлардың — халық мекен еткен жердің табиғатының, климаттық жағдайлардың, мыңдаған жылдар бойы шұғылданып келе жатқан кәсіптің, орныққан салттардың, дәстүрлердің, ғұрыптардың, халықтың басынан кешкен тарихының туындысы болса, діл орнықсыз факторлардың — билікке келген түрлі үкіметтер жүргізген саясатының, идеологиялық шаралардың, белгілі бір мерзімді қамтыған әлеуметтік сілкіністердің, катаклизмдердің салдары болын табылады. Психология оңайлықпен өзгермейді, "қанға сіңген" қасиет сияқты көрініс береді, ділді білім идеологиялық, экономикалық-әлеуметтік шаралар арқылы өзгертуге болады. Яғни, ұлттық психология мен ұлттық діл екі бөлек дүние. Менталитет, яғни діл белгілі кезеңде қалыптаскан ахуалға тәуелді. Тарихтың белгілі бір кезеңінде билік иелері жүргізген саясаттың салдарынан ділдегі өзгерістер пайда болады.Ал ділді өзгерту мүмкін бе? Егер идеологиялық тәрбиенің бағытын өзгертсе ділдегі келеңсіздіктерден де құтылуға болады деп тұжырымдайды мамандар.

Медициналық идеология және мемлекеттік бағдарлама

Бүгінгі Қазақстанда ұлттық идеолгияны қалыптастыру туралы көп айтылды. Мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық идеологияны жеткізуші құрал ретінде қарастырсақ болады. Медицина қауымдастығына белгілі «Саламатты Қазақстан» және жаңа «Денсаулық» бағдарламасын мысалға алсақ. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстанда» денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге негізделген бағыттар айқындалды, жаңа 2016 жылдан бастап бұл бағыттарды әрі қарай жүргізу «Денсаулық» бағдарламасына жүктеледі. «Денсаулық» «Саламатты Қазақстан» бастамаларының жалғасы іспеттес. Мемлекеттік бағдарламалар мақсаты саланы жетілдіру, әрі қарай дамыту, кемшіліктерді жою деп түсінсек, бұл өз кезегінде қоғам өміріне де өзгерістерді алып келеді. Қоғамның денсаулық сақтау ісіне деген көзқарасын өзгерту. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында денсаулық сақтау жүйесіндегі құлдырау халықтың медициналық мәдениетін өзгерткен уақыт болды. Жалпы қарапайым халықтың өз денсаулығына деген салғырттық кеңінен белең алды. Бірақ денсаулыққа деген салғырттық уақыт өте тіптен күшейді, бұл адамдардың жұмыс бастылығы, уақытының аздығының салдары. Соңғы жылдары дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты жайлы БАҚ көздерінен жиі айтылады. Бұл халықтың өмір салтын өзгерту, адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру үшін десек қателеспейміз. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі де сол бағытты көздейді. «Қазақ ауруханаға өлуіне бір күн қалғанда келеді» деген қалжың біздің қоғамдағы адамдардың денсаулығына деген немқұрайлылықты сипаттап тұрғандай. Ауруын әбден асқындырып, жүре алмайтындай дәрежеге кеткенде бірақ медициналыққа көмекке жүгінетіндер көп десек өтірік емес. Бұндай жағдайдың себептері көп, емханалардығы ұзын кезектер, дәрігерлердің тапшылығы, науқастың көптігі деп тағысын тағы айта береміз. Ұлттық сананы өзгертуге болатыны туралы айттық. Саясат қоғамдық ділді өзгертеді, дұрыс жаққа әлде бұрыс жаққа екенін уақыт өте көруге болады. Осы тұжырым бойынша, мемлекет саясатты тікелей адам денсаулығына әсер ететінін мойындауға тура келеді. «Дені сау ұрпақ –ұлт болашағы» деп бекерден айтылмайды. Мемлекет, өркениет халықсыз дамымайды, керісінше құлдырайды. Сол себептен де тіпті денсаулық сақтау саласында да ұлттық идея, идеология және бағыт қажет. Медицина саласының дамуына бағдар беретін бағдарлама деп бүгін үкімет «Денсаулық»деп көрсетуде, бұл денсаулық сақтау жүйесінің жаңа бағыты. Осы бағыттар аясында өзгерістерді орындау басталып та кетті. Халыққа осы өзгерістерді жеткізу, жетелеу, түсіндіру жұмыстары оңтайлы жүргізсе нәтижесі де оң болады деп сенеміз. Бір сөзбен айтқанда, медициналық идеологияны мемлекеттік бағдарлама арқылы жетілдіруге болуы әбден мүмкін. Жоспар құру, бағыт беру оңай, алайда соның орындалу, жүзеге асуы үлкен күшті талап етеді. Нәтижесін уақыт көрсетеді...

Қазақы діл денсаулыққа пайдасы мен зияны

Ұлттық психолгия мен ұлттық ділдің түп мағынасын ұғынғаннан кейін, біздің ұлттық діл ерекшеліктерміздің денсаулығымызға әсерін анықтайық. Қазақы психология, қазақы діл туралы ғалымдардың айтқан құнды дүниелерін іздегенде бұл тақырыпта Абайдан артық ешкім жазбағанын тағы түсінесің. Осыдан екі ғасыр бұрын жазылған бүгінгі күнде де маңыздылығын жоғалтпағанын мойындайсың. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде қазақтың бас ақыны айтып кеткен «бес нәрседен қашық бол,бес нәрсеге асық бол» дегені адамға зиян және пайдалы бес нәрселер деп ұғынамыз.«Өсек, өтірік, мақтаншақ,еріншек, бекер мал шашпақ», бұл адамның негізгі бес дұшпаны. Ал енді осы айтылғанның адам денсаулығына зиянын түсіндірсек. Қазақ үнемі кешігіп жүретін халық. Осы қасиетіміз дәрігерге де кеш келіп, ауруымызды асқындырудың бір себебі.Сондай-ақ, еріншектік. Денсаулығын күтуге, дәрігерге баруға, салауатты өмір салтын жүргізуге еріну. Бұл қасиет те денсаулыққа кері әсер етеді. Қазақ тойшыл халық, қонақшыл халық. Той жасаса да, қонақ шақырса да кейде «бекер шашпақтыққа» бой алдырады. Молынан болсын, көп болсын деп дастарханды жайып жібереді. Кейде сол той ұзаққа созылып кетеді. Бұндайда қайдан дұрыс тамақтану болсын? Бұрындары қазақ аттан түспеген, үнемі қозғалыста болған. Соның салдарынан дене бітімі де, сымбаты да бұзылмаған. Ал бүгінгі қозғалыс аз өмірде асыра тамақтану түрлі ауруларға әкеледі. Оның үстіне қазіргі тамақтану мәдениетіміз де ата-бабаларымыздыкінен өзгеріп кетті. Қанға сінген қасиеттің бірі деп –мақтаншақтықты айтамыз. Мақтанып кетіп, қолымыздан келмейтін іске кірісіп басымыз бәлеге қалып жатады. Бас бәлеге қалғанда жүйкеге әсер етеді. Жүйке сыр берген сайын ауру да жабыса беретінің дәрігерлер де мойындайды. «Талап, еңбек, терең ой,қанағат, рақым» деп жалпы адамдық пен адамгершілікті жоғары сатыға көтеретін бес асыл іс деп көрсетеміз. Адам жақсы өмір сүруге ұмтылады, талаптанады. «Талабыңа нұр жаусын» деп үлкен кісілер бата беріп жатады. Жақсы өмір сүруге ұмтылған адам –айналасын да, өмір сүру салтын да жақсы қылуға тырысалы. Еңбектенеді, терең ойланады. Істеген істерін терең ой елегінен өткізген тұлға дұрыс пен бұрысты саралап жүреді. Қанағатшылдық өмірде көп келеңсіздіккешалдығуға кедергі болады. Қанағатшыл адам бақытты. Бүгініне, ертеңіне, барына дәне жоғына шүкірлік айтып, қанағат тұтса жүйке де тыныш. Тамаққа қанағатшылдық –дұрыс тамақтанудың бастауы. Рақымдылық, мейірімділік тағы бір асыл қасиет. Беделді әрі белгілі ғалымдар дәледегендей мейірімді адамдар ұзақ өмір сүреді екен. Бұл дәлелдің растығын ықылым заманнан бері әр елдің даналары айтып кеткен.

Әрине,бес асыл қасиет туралы жазу да, айту да оңай. Өмірде келеңсіздіктер көп, тағдыр тәлкегіне түсетіндер бар. Адамды ертең не күтетінін ешкім білмейді. Бірақ ұлттың ділі мен психологиясы тұлғаның болшақ өміріне де, болашақ ұрпағына да әсер ететіні ақиқат. Ділді өзгертуге болады, ал психологияны түбегейлі өзгерту мүмкін емес шығар. Қазақ осындай, қазақ мынадай деп белгілі бір қасиеттер жиынтығын жабыстырамыз, одан қалса «қазақпыз ғой» деп қысқаша тағы қайыра саламыз. Гипократ антында дәрігерлер науқастың ұлтына, дініне қарамай емдеуге міндеттеледі. Яғни, дәрігер алдында науқастың бәрі бірдей. Белгілі әрі тәжірибелі хирург-дәрігерден сұхбат алып, қазақтардың ем алу мәдениеті туралы әңгіме өрбіді. Хирургия саласы –операция жасау арқылы адам өмірін арашалап қалумен байланысты. Науқастың клиникалық жағдайының қиыны да, жеңілі де болады. Бұл оның тәнінің жағдайы, науқастың тағы жанының жағдай да әсерін тигізеді екен. «Науқастың екі түрі бар: өлем деп келетіндер, шүкір дейтіндер. Жағдайының қиындығына қарамастан «шүкір» деу қазақтарға тән. Бір уақытта ауруханаға ауруы әбден асқынған қазақтың қариясы және басқа бір ұлт өкілі түседі. Ата, қалыңыз қалай деп сұрасаң өлендей деп отырған шал «Шүкір, балам, тәуірмін» дейді. Ал жағдайы орташа науқас «жаманмын, нашармын, дұрыстап қарамасаңдар» деп байбалам салады. Ең таңғаларлық жағдай халі нашар қариямыз тез жазылып, тәуір болып кетеді. Жағдайын өзі қиындататын науқасқа ем де қонбайды, жазылуы да қиындап кетеді. Өлем деген өліп кетеді. Біздің тәжірибеде осындай. Қазақтың кемпір-шалдарының қасиетіне, шүкірлігіне кейде таң қаласың. Қатты науқастанып тұрса да, тәуірмін деп ертең расында тәуір болып кетеді. Бұл қазақ ұлтына тән қасиет» -дейді хирург. Халқымызда «пейіліне қарай береді» деген сөз бар. Не тілесең, не ниет етсең сол орындалады. «Жақсы сөз –жарым ырыс» деп тағы айтады. Қазақтың денсаулығына зиян тигізетін қасиеттері бар шырағ, бірақ қазақтықтың пайдасы да бар сияқты...

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА