Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Көкек әкелермен» күрес халықаралық деңгейде жүргізіледі


4 марта 2016, 03:12 | 2 292 просмотра



Балаларына алимент төлеуден қашатын «көкек» әкелермен күрес енді халықаралық деңгейде жүргізіледі. Парламентте талқыға түскен арнайы заң жобасы әкенің қаржысы мен қамқорынан қағылған балалардың құқығын қорғайды.

Ажырасқан отбасылар көп қазір. Балаларына алимент төлеуден қашатын «көкек әкелер» де. Бірнеше жылдан бері күн тәртібіне шыққан «алимент төлеу» мәселесі енді халықаралық деңгейде шешілмек. Атап айтқанда, «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасына сәйкес, Қазақстан 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен балалар алиментін өндіріп алу мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатады. Аталған Конвенцияның басты мақсаты – балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың тиімді халықаралық тәжірибеде қалыптасқан тәртіпке сәйкес қамтамасыз ету. Ынтымақтастыққа қол қойған тараптардың мемлекеттік органдары арасында өзара біріккен іс-әрекет жүйесі қалыптасады. Сонымен қатар алименттер туралы шешімдерге қатысты берілетін өтініштердің қолжетімділігі қамтылып, алименттер туралы шешімдерді дереу мәжбүрлеп орындату үшін тиімді шаралар айқындалады.

Осы орайда, ҚР Әділет вице-министрі Эльвира Азимова Қазақстанда балалар құқын қорғауға баса назар аударылатынын, сондықтан аталған Конвенцияны ратификациялау елімізде жүзеге асып жатқан саясатқа сәйкес келетінін айтады: «Заң жобасын қабылдау арқылы біз алименттерді өндіріп алу бойынша 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты арттыратын боламыз. Сонымен қатар, құжатты қабылдау Конституцияға да, заңнамаларға да қайшы емес».

Конвенцияның нормаларына сүйенсек, 21 жасқа дейінгі бала – ата-ана арасындағы қатынастардан туындайтын алименттік міндеттемелерге, сондай-ақ, жұбайын күтіп-бағу туралы шешімді мойындауға және орындатуға қатысты қолданылады. Егер 18 жасқа толмаған балалар Конвенцияның талаптарын қабылдағысы келмесе, ерік өзінде болады.

Алимент төлемейтін және төлегісі келмейтін әкелермен күресіп жүрген «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының жетекшісі Марианна Гуринаның айтуынша, былтыр екі айға созылған шараның нәтижесінде, 153 нөмірлі «Жедел қоңырауына» 153 әйел хабарласып, 270 баланың алименттен қағылғаны анықталған. Сәл кейінірек заңға енгізілген өзгертулердің арқасында міндетін өтеуден жалтарған әкелерге айыппұл салынып, тіпті, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2014 жылдың 28 қаңтарынан бастап орташа айлық көлеміне сәйкес төленетін болған. Бұрын ең төменгі жалақы көлемінде есептелетін. Ал алимент төлемегендер ел шекарасынан өтуге қақы жоқ. «ОЮЛ» үкіметтік емес ұйымының басшысы Зүлфия Байсақованың айтуынша, 5 миллион балаға алимент төленбей отыр: «Егер біз дамыған 30 елдің құрамына енгіміз келсе, барлық балаға жағдайды бірдей жасауымыз керек. 5 миллион баланы болашақ ресурс ретінде қарастырмау керек – олар біздің қазір қолда бар қазынамыз. Олар бүгін тамақ жеп, киім киіп, дамығысы келеді».

Жесір аналар мен тірі жетім балалардың құқығын қорғауға құлшынған белсенді топ өкілдері мемлекеттік алимент қорын құрсақ дейді. Алименттен қағылғандар аталған қорға жиналған ақшадан қамтамасыз етіледі. Бір жағынан алғанда, бұл жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі саналады. Яғни, жұмыссыз жүргенін сылтауратып, алимент төлеуден қашатын әкелерге арнайы бағдарлама бойынша жұмыс тауып беріп, алимент төлетеді. Ал жұмысы барларды мәжбүрлейді. Екіншіден, дәл осындай қордың арқасында мыңдаған бала жетімдер үйіне өткізілмей, отбасында тәрбиеленеді. Күйеуімен ажырасқан әйелдердің көпшілігі балаларын асырай алмай, жетімдер үйіне өткізуге мәжбүр болатыны белгілі. Егер мемлекеттік алимент қоры құрылса, әр балаға 30 мың теңгеден алимент төленеді. Ал жетімдер үйіндегі бір көгенкөзге ай сайын 168 мың теңге бөлінеді екен. Демек, мемлекеттік қазынаға түсетін салмақ та азаяр еді.

Былтыр жыл басында ажырасқан отбасылардың 15 пайызында алимент төленбейтіні анықталған. Ал әкелердің 10 пайызы балаларына қарыз. Айталық, 2015 жылдың 1 қаңтарында ресми деректерде алимент бойынша тіркелген 208 мың 466 құжаттың 14 406-сы алименттен жалтарғаны көрсетілген. Олардың 21 мың 474-і 3 айдан бері қарыз болған. Бір қызығы, екі айдан астам уақыт жұмыс істеген 153 нөмірлі «Жедел қоңырауға» хабарласқан аналардың тек небары жетеуі бұрынғы күйеулерінің жұмыссыз жүргенін айтқан…

Автор:
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ. «Түркістан» газеті».