Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ата-аналардан басқа ешкім алып шыға алмайды


4 марта 2016, 03:10 | 1 046 просмотров



Алматыда «Мейірімділік» ерікті қоғамы» (ҮЙ) қоғамдық Қоры аутист-балалардың көктемгі балын өткізді. Оған 2015 жылғы Қазақстан аруы Әлия Мергенбаева қатысты.Шара аясында аутизм дерті бойынша арнайы бейімдеу курсынан өтіп жатқан балалар тұңғыш рет көпшілік алдында театрландырылған қойылым көрсетіп, вальс биін биледі.

Бал «Аутизмді жеңеміз» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба қолға алынғалы бері қордың мамандары аутист балалары бар екі мыңнан астам отбасына консультациялық қызмет көрсеткен.

«Жобаға ата-аналар тікелей қатысады. Ол сонысымен де ерекшеленеді. Әрине, көп адам барлық мәселені шешуге көмектесетін бір ғажайып дәрі ойлап табылса екен деп армандайды. Бірақ, аутимзнен зардап шегетін балалардың қоғамға етене жақын болуы үшін, оларға бірінші кезекте ең жақын туыстарының қолдауы керек», - деді Қор директоры Аружан Саин.

Ол сонымен қатар, кез келген адам Қордың Қызылорда, Қарағанды және Алматы қалаларында ашылған орталықтарына келіп, ақыл-кеңес ала алатындығын жеткізді. Оның үстіне мұнда балалар үшін дәрістер тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда орталықтарда 200-дей бала дәріс алады. Олардың кейбірі басқа қалалардан келген.

«Биыл біздің 9 баламыз мектепке барды. 17 баладан аутизм диагнозы алынып тасталды. Біздің орталықтарымыз - балаларды күнұзаққа тастап кететін жер емес. Ата-аналар мұндай балалармен қалай тілдесу керектігін білулері тиіс. Бұл үлкен еңбекті талап етеді. Егер олар бұған дайын болса, онда аутизмді жеңуге болады. Балаларды мұндай күйден ата-аналардан басқа ешкім алып шыға алмайды», - деді А. Сайын.

Өз кезегінде 2015 жылғы Қазақстан аруы Әлия Мергенбаева өзінің осындай шараға қатысуы арқылы балалары аутизм дертіне шалдыққан ата-аналардың назарын осындай орталықтарға аудырғысы келетіндігін жеткізді.

«Мұндай акциялар кәсіпкерлерді белсенді түрде әлеуметтік саясат жүргізуге итермелейді», - деді ол.

Автор:
Айбота Жаппарберген