Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Спортшы жоғары нәтижеге денсаулығын сақтай отырып қол жеткізуі тиіс


26 февраля 2016, 04:25 | 1 148 просмотров


Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында Қазақстанда тұңғыш рет «Аруана» көпатқарымдық және көпбейінді сауықтыру орталығы 19 ақпан ашылған болатын. Оған еліміздегі спорт федерацияларының басшылары мен дәрігерлері, сондай-ақ осы салда еңбек ететін қытайлық, ресейлік және венгриялық мамандар қатысты.

«Еліміз бойынша тұңғыш рет ашылып отырған бұл сауықтыру орталығы дәстүрлі медицина мен дәстүрлі емес медицинаның бүкіл жетістіктерін қамтитын болады. Мұнда мысалы Қытайда ғасырлар бойы қолданылып келген мануальды терапия, сондай-ақ, Еуропа елдері психологтарының әдістемелері пайдаланылады. Сондай-ақ, бұл орталық соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталады. Біздің мақсатымыз - спортшыларға денсаулықтарын сақтай отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге көмектесу. Өйткені, бүгінде спортшыларға көп міндеттер жүктеледі. Олар сол міндеттерді орындау барысында әр түрлі жарақаттар алып қалады немесе психологиялық дағдарықа ұшырап жатады. Міне, біздің орталық оларға осы тұрғыда көмек көрсетеді. Біз әрбір спортшымен жеке жұмыс істейміз. Олардың мүмкіндігіне байланысты сауығу, қалпына келу, жаттығу, тамақтану, психология және басқа да бағыттар бойынша жеке-жеке бағдарлама әзірлейтін боламыз. Бұл бірнеше айдан бір жылға дейінгі мерзімді қамтуы мүмкін», - деді «Аруана» сауықтыру орталығының бас дәрігері Галина Ким.

Сонымен қатар ол бұл орталықта болашақта спортшыларға ғана емес, тұрғындарға да көмек көрсетілетіндігін айтты.

«Менің арманым біздің әдістемелерді болашақта инсульт, инфаркт дертіне ұшыраған, әр түрлі жарақат алған науқастарға, сондай-ақ сал ауруынан зардап шегетін балаларға да қолдану», - деді Г. Ким.

Автор:
ЖД ақпарат