26 февраля 2016, 04:20 | 1 942 просмотра
Негізгі әлеуметтік көрсеткіштердің бірі мемлекеттің демографиялық ахуалы. Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2016 жылдың 1 қаңтарға еліміздегі халық саны 17 671,0 мың адамды құрады, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда халық саны 253,6 мың адамға немесе 1,46% өскенін көрсетеді. Сонымен 2015 жылы Қазақстан халық саны қаншалықты өзгерді, қанша сәби дүниеге келді, табиғи өсім көрсеткіштері қандай? Қанша адам көшіп келіп -кетіп жатыр? Демографиялық жағдайға байланысты басқа да сұрақтарға жауаптарды нақты пайыздармен пайымдайық.
Адам – планетамыздың басты баға жетпес байлығы. Адамзат факторының қоғам өмірінің барлық саласындағы алатын орны аса маңызды. Бұл ешкім қарсы келе алмайтын шынайы шындық. Мемлекеттің негізгі байлығы –адамы, халқы. Қазақстан жер аумағы үлкен (2724,9 мың км²) болғанымен халық сирек қоныстанған елге жатады. Оның аумағының сәйкес түрде 1 км²-не 5,4 адамнан келеді. Қазір қанша қазақ бар? Қанша қалалық және ауылдық тіркелген? Статистика комитетінің соңғы дерегіне сүйенсек, 2016 жылдың 1 қаңтарға еліміздегі халық саны 17 671,0 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 10 066,7 мың бұл жалпы халық санының 57%-ын құрайды , ал ауылдықтар – 7 604,3 мың адамды, яғни 43%-ды құрады. Бұл деректерге негізделіп, бүгінгі қазақстандықтардың дені қалалық болғанына көз жеткіземіз. 2015 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны 253,6 мың адамға немесе 1,46% өсті. Сәл кері тартып, алдыңғы жылдарда демографиялық ахуал қалай өзгергеніне көз жүгіртсек, 2009 жылы Қазақстан халық саны 15 982 370 құраған, оның ішінде қалалықтар 8662919 адам болса, ауыл тұрғындары 7 319 451 адам болған. 2010 жылдың басында 16 203 036 адам тіркелген. 2013 жылы халық саны 700 мыңға өсіп, 16 909 776 адамға жетті. 2014 жылы нақты статистикалық дерек бойынша Қазақстан халқы 17 160774 адамға жеткен. Қазақстан жерінің тұрғындар үшін табиғат жағдайы неғұрлым қолайлы өңірлер – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары (Алматы қаласын қоса алғанда) жатады. Статистика комитетінің 2015 жылғы дерегіне сүйенсек, халық ең көп қоныстанған аймақ Оңтүстік Қазақстан облысы. Бұл өңірде 2 788 404 тұрғын бар, оның 1 247 454 қала халқы, ал 1 540 950 ауыл халқы екен. Алматы облысы халық көп қоныстанған екінші аймақ, Жетісу өлкесінде 1 922 107 халық қоныстанған, оның 465 804 қала, 1 4560303 ауыл тұрғындары. Шығыс Қазақстан облысы да халық санынан көп аймақтың бірі, бұл жерде 1 395 324 адам мекендейді, оның 827 401 қала және 567 923 тұрғындары. Халық саны ең аз аймақтарға Атырау және Солтүстік Қазақстан жатады. Бұл өңірде небәрі 571 759 халық тұрса, оның 243 112 қала және 328 647 ауыл тұрғындары. Атырау облысында 581 473 халық тұрады. Еліміздің Астанасында 852 882 халық тұрады екен, Алматы қаласында 1 642 334 халық мекендейді.
Туу көсеткіші және....
Еңбек ететін адамдар - қоғамның негізгі өндіргіш күші болып табылады. Олар материалдық құндылықтарды өндірушілер ғана емес, әрі пайдаланушылар болып саналады. Сондықтан халыққа сараптама жасау - кез келген эқономикалық-географиялық зерттеудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Халықты көптеген ғылымдар, ең алдымен - халықтар географиясы, демография мен этнография зерттейді. Халықтың табиғи қозғалысын демография зерттейді. Демографиялық керсеткіштердің негізгілері - туу (туғандар саны), өлу (өлгендер саны),туғандар мен өлгендер санының айырмасы табиғи өсімді керсетеді. Егер де өлім туудан артық болса, халықтың табиғи азаюы (депопуляция) пайда болады. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2015 жылы қаңтар-желтоқсанда туылғандар саны 398,6 (2014 жылғы қаңтар- желтоқсанда – 401,1) мың адамды құрады, бұл 2014 жылдың қаңтар-желтоқсанға қарағанда 0,6% аз екенін көрсетеді. Туу кезектілігі бойынша бірінші, екінші және үшінші туғандардың үлес салмағы сәйкесінше 34% (37%), 28% (27%) және 18% (17%) құрады. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 22,72 (23,20) туылғандарды құрады.
Ал қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 131,9 (132,2) мың адамды құрады, бұл 2014 жылдың қаңтар-желтоқсанға қарағанда 0,2% аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға 7,52 (7,65) қайтыс болғандарды құрады.
2015 жылдың қаңтар-желтоқсанда республика халқының табиғи өсімі 2014ж. қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 2,1 мың адамға немесе 0,8% азайып, 266,7 (268,8) мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 15,20 (15,55) адамды құрады.
Мемлекеттің болашағы – оның ұрпағы. Сол себептенде үкімет тарапынан ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Статистикалық деректерге сүйенсек,соңғы жылдары бала өлімі көрсеткіші төмендегенін байқаймыз. 2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда республикада 1 жасқа дейінгі 3 742 (3 943) нәресте өлімі тіркелді. 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 5,1% азайды. 2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда нәресте өлім-жітімінің коэффициеті 1 000 туғандарға шаққанда 9,39 (9,83) құрады. Ресми деректерге негізге ала отырып, нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар екенін түсінеміз. Бұндай жағдайлар бойынша 2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда 1 973 (2 156) нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 52,7% (54,7%) құрады. Сондай-ақ, туа біткен ауытқулардан 798 (820) немесе 21,3% (20,8%), тыныс органдары ауруларынан – 256 (277) немесе 6,8% (7%) және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан - 195 (177) немесе 5,2% (4,5%) нәресте қайтыс болды.
Келіп- кеткендер
Қазақ халқы ықлым заманнан көшпенді халық. Көшіп-қону қанымызда бар десек, артықшылық болмайтын шығар. Демографиялық жағдайына халықтың көшуі үлкен маңыз береді. Халықтың көші-қоны, - адамдардың бір ауданнан екінші ауданға тұру үшін қоныс аударуы болып табылады. Көші-қон (миграция) - өте күрделі әлеуметтік процесс (былай айтқанда танымайтын жерге орнығу). Бұл тек қана көшіп бару емес, барған жеріңе бейімделуің керек (мүмкін өмір сүру деңгейі ол жерде мүлдем басқаша болуы мүмкін). Осы кезде адамның жинақылығы, шыдамдылығы, кәсіпшілігі және жаңа жердің жағдайына үйренісуі байқалады. Сондықтан да халықтың көшіп қонуы - мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді. Көші-қонның қоғамдағы рөлі ерекше орында. Ол қазақ халқының қалыптасуына, мәдениетіне, тіліне үлкен өсер етті. Көші-қон полициясы органдары ұсынған келу-кетуді статистикалық есепке алу талондарындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны (көшіп-қонушылар) 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 0,7% кеміп, 16 670 адамды құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 3,9% көбейіп, 30080 адамды құрады.Ал көші-қонның айырымы -13 410 адам болды. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болғанын ескерген жөн. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі, тиісінше, 84,4% және 89,8% құрады. Яғни, көшіп кеткендердің үлесі көбірек болып тұр. Сондай-ақ,қарастырылып отырған кезеңде 2014 жылдың қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда ел ішінде көшіп-қонушылар саны 12,3% көбейіп, 455 751 адамды құрады. Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 42,9% тиесілі. Бұндай көшушілердің оң айырымы Алматы (41 927 адам) қаласында және Ақмола (3633 адам), Қостанай (1 075 адам), Маңғыстау (575 адам), Павлодар (336 адам), Батыс-Қазақстан (184 адам) облыстарында қалыптасты. Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында байқалды. Ерлердің саны 7201,8 мың болса, әйелдер 7751,8 мыңды құрады. 1990 жылдан кейінгі кезеңде славян, герман тектес тұрғындардың өз еліне қоныс аударуы көбейіп, республика халқы едәуір азайды, қазақ және басқа түркі тектес халықтардың үлесі артты, сондай-ақ, нарықтық қатынастарға байланысты ішкі көші-қонның әсерімен қала тұрғындарының саны өсе бастады.