Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ғылым дәлелдеді


26 февраля 2016, 03:39 | 3 488 просмотров



Күріштің пайдасы

Күріш ежелден бері ағзадағы шлактарды кетіріп, артық салмақтан арылуға көмектесетін әмбебап тағам ретінде қолданылады. Алайда, күріш диетасы үшін бұл тағамды жүйелі түрде жеу ғана емес, белгілі бір талаптарды орындау да қажет (егер талаптарды сақтамаған жағдайда, жақсы нәтиженің орнына сырқаттарыңызды асқындырып алуыңыз мүмкін).

Еске сала кетейік, артық салмақтан арылуға арналған заманауи диеталардың барлығы бір мақсат бойынша жұмыс істейді: сіз белгілі бір уақытта калориясы төмен, бірақ көлемі әлдеқайда үлкен тағамдарды пайдалана бастайсыз. Ал сіз жейтін тағамда қажетті калория жетіспеген соң, ағза өзіндегі артық майлармен қоректене бастайды. Яғни, сіздің диетаңызға орай, бел мен жамбастағы артық майлар осылай кете бастайды. Бұл жағдайда сіз қабылдаған диеталық тағамдар тойымды болған соң, қарын ашу сезілмейді.

Осындай көлемі үлкен әрі калориясы төмен саналатын күріштің тағы бір қосымша пайдасы бар: суға салынған соң, ол борпылдақ күйге көшеді. Ал бұл өз кезегінде ағзада жылдар бойы жиналған зиянды заттардың бәрін шығаруға көмектеседі (буынға жиналып, олардың қозғалысын төмендететін әртүрлі тұздар мен шлактар). Алайда, күріш диетасын ұзақ уақыт бойы қолдансаңыз, ағзадағы зиянды заттардан бөлек, калий секілді қажетті заттар да азая бастайды. Міне, осыған орай, күріш диетасын қолдану мерзімі әртүрлі болып келеді.

Ағзаны тазартуға арналған ең қарапайым күріш диетасы мынадай: күн сайын таңертең аш қарынға дымқыл күрішті жеңіз. Тіпті, су ішуге де болмайды. Күріш дәндерінің көлемі сіздің жасыңызға байланысты (1 жаста болсаңыз, 1 дән). Мұндай таңғы астан соң үш сағат бойы ішуге де, жеуге де болмайды. Ұйықтардан үш сағат бұрын тамақ ішуді доғарыңыз. Алайда, шай, су және шырын ішуге болады. Күріш диетасын қолданған 10 күнде ұн тағамдарын, макарон мен картоптан аулақ болыңыз. Мұндай күріш процедурасын жарты жылда бір реттер артық істемеңіз. Күріш диетасының тағы бір нұсқасын мынадай: аптасына бір рет бір стакан күрішті (тұзсыз) қайнатып жеңіз. Суды мол ішіңіз. Мұндай диетаны бір-екі ай бойы ұстануға болады. Алайда, бұл диета кезінде тамақтану мәзіріңізге балық (тұзды және кептірілген балықтан бөлек) пен жеміс-жидек, көкеністерді қосыңыз. Ең нәтижелі күріш диетасы мынадай: күн сайын кешкісін банкігуе екі ас қасық күрішті салып, үстіне су қойып, қараңғы жерге қойыңыз. Таңертең бір стакан таза су ішіп, кейін суға бөктірілген күрішті жуып, тұзсыз қайнатыңыз. Әлгі дайындалған күрішті жеңіз де, кейін төрт сағат бойы ештеңе ішіп-жемеңіз. Осыдан соң, күндегідей тамақтана беріңіз, бірақ ащы тағамдардан аулақ болыңыз. Күріштен дайындалған таңғы асты екі апта бойы күн сайын пайдаланыңыз (екі аптадан аспасын, себебі, күріш ағзадағы пайдалы заттарды да өзіне сіңіріп ала бастайды). Күріш диетасын қолданған кезде денсаулығыңызда аздап сырқаттар болуы мүмкін (мысалы, бас ауруы). Алайда, бір күн ішінде бұл сырқаттан айығасыз (егер сырқат жалғаса берсе, 2-3 күн үзіліс жасап, жемістер мен көкөністерді көбейтіңіз). Екі апталық күріш диетасын тек бір-жарым екі жыл өткен соң ғана қайталауға болады.

Ашу адам денсаулығына зиянды

Соңғы жүргізілген зерттеу барысында ашу адам денсаулығына темекі мен есірткіден де зиянды екені, ол жүрек талмасы мен инсульт секілді қатерлі ауруларды тудыратыны анықталды. Адам жиі ашуға булыға беретін болса, жүрек қан-тамырының түрлі аурулары пайда болуы мүмкін. Ғалымдар бұндай қорытындыға келмес бұрын арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында ашуға жиі бой алдырып, айналадағы адамдармен жиі ұрысысатын адамдардың ол жүрек талмасы мен инсульт секілді аурулардың кесірінен ауруханаға жиі түсетіні анықталды.

Картоптың қасиеттері

Картоп - арзан әрі қолжетімді көкөністердің бірі. Арзан болғанымен оның қабығының астында пайдалы заттар көп екенін де біліп жүрейік. Қарапайым картопты үй жағдайында косметикалық құрал ретінде пайдаланудың жолдарын ұсынамыз.

Көз

Қияр кесектерін қою арқылы көз ісінуін кетіруге болатынын білеміз. Картопты да сол мақсатта пайдалануға болады. Картопты жіңішке етіп тураңыз немесе үккіштен өткізіп, дәкеге салып, көзде 10-15 минут шамасында ұстаңыз. Уақыт өткен соң бетіңізді жылы сумен жуып тастаңыз.

Тері

Теріге безеу шығып кетсе, оны үш күн қатарынан картоп сығындысымен сүртіңіз. Картоп суы күнге қатты күйген терінің ашығанын басуға да көмектеседі. Картопты қайнатқан суды суытып, оны бет жууға арналған тоник ретінде қолдануға болады. Мұндай тоникті тоңазытқышқа қою қажет және 2-3 күннен артық сақтауға болмайды.

Шаш

Егер шаш түсін қарайтқыңыз келсе, картоп қабығынан сұйықтық дайындап, шашыңызды сонымен шайыңыз. Жуылған ірі картоптың қабығын және бір анар қабығын ыдысқа салыңыз. Қабықты бататындай етіп су құйыңыз. Қайнатыңыз, одан соң суытыңыз. Суын сүзіп алып, шашыңызды сусабынмен жуып болғаннан кейін, жаңағы сұйықтықпен шайыңыз. Нәтижесінде шашыңыз табиғи түсіне қарағанда аздап қарайғанын байқайсыз.

Шағу және күйік

Картоп жәндік шаққанда немесе кішігірім күйіктен пайда болатын ауруды басуға көмектеседі. Шикі картоп кесіндісін ауырып тұрған жерге 5 минутқа басыңыз.

Есіңізде болсын, егер теріні күйдіріп алсаңыз, зақымданған жерді алдымен салқындату керек. Күйген жерді краннан аққан өте суық суға ұстаңыз немесе 10 минут шамасында мұз басыңыз. Суықтың тарау жылдамдығы жылудың тарау жылдамдығынан аз. Сондықтан 1 секундта күйдіріп алған жеріңізді 10 минут салқындату қажет. Күйген жерге түрлі май мен крем қолданудың қажеті жоқ.

Шаршаған жағдайда

Картоп қайнатқан суды бөлме температурасында суытып алыңыз. Содан соң суыған суды легенге құйып алып, шаршап тұрған аяғыңызды 20 минут шамасында малып жатыңыз. Сонымен қатар картоп қайнаған суда болатын крахмал аяқ жараларының тез жазылуына да көмектеседі.

Жұмыста көп отырмау қажет

Кеңседегі креслоның жайлы болғаны жақсы. Ал ғалымдардың пікірі қайшы: «егер орындығың жайлы болса, дереу босат» дегенге келеді. Бірақ, бұл тура мағынасында емес...

Алайда адамның отырған қалыптағы сұлбасы көктемнің картоптары секілді «сырты бүтін, іші түтін». Британияда әрбір бесінші адам жұмыс уақытында өз орнын тастап кетуге асықпайтынын мойындаған.

Отырғанның зияны неде?

Бұлшықеттер босаңсығанда метаболизмді ынталандыра алмайды. Себебі, орта есеппен бір сағат отырған адамның 50 килокалориясы далаға кетсе, онымен салыстырғанда аяғымен жүріп жұмыс жасаған адамның 40% калориясы ғана сарқылатыны анықталды. Аризона университеті жанындағы зерттеу клиникасының директоры, доктор Джеймс Ливайн көп отырып жұмыс істейтіндердің арасында гипертония, холестерин мөлшерінің артуы, жүрек-қан тамырларына шалдығу қаупі орасан екенін айтады. «Біздер ұзақ отырмауымыз керек», - дейді ғалым. Күні бойы орындыққа таңылып, жұмыстан үйге қарай бес минутта жетіп барған, сөзсіз, дұрыс емес. Ал жұмыс ережесіне бағынған аға менеджер немесе кеңсе қызметкерлеріне не істеу керек?

-Сіз қаншалықты көп отырасыз, әрбір жарты сағат немесе бір сағат сайын жүріп-тұрғыңыз келсе, тіпті су ішу үшін орныңыздан тұру керек», бұлардың барлығын назардан тыс қалдыруға болмайды, дейді гимнастика залының жаттықтырушысы Антони Акаги.

Антони жұмыс орында отырып-ақ қозғалуға болатындығын, бір жақтан екінші жаққа бұрылуға, қолды әрлі -берлі созып, бернеше рет тұрып-отыру жаттығулары жеткілікті деп есептейді.

Лифт пенэскалаторлардан бас тартсаңыз, онда сіз бір жыл ішінде 450 грамм артық салмақтан құтыла аласыз. Ал тағы бір жаттықтырушы Хью Хэнли болса, «әлеуметтік қорға» назар аударғанды жөн деп санайды. Сол себептен де өз белсенділігіңізді бақылауда ұстау үшін қадам өлшеуіш керек екенін айтады.

Бұған қоса, жаттықтырушы «тіске басарлардан» бас тартып, суды көп мөлшерде ішу керектігін ұсынады.

- Сондай-ақ, көп отырып қызмет істейтіндермен күресудің тиімді жолы жайсыз орындықтан құтылып, қарапайым қатты орындықты таңдау керек,- дейді маман.

Суда жүзу адам ағзасын қартаюдан сақтайды

Бассейн - буыны ауыратын немесе басқа спорттан жараланамын деп сескенетіндер үшін таптыстырмас орын. Аква жаттығулар артық салмақтағы және тірек-қозғалтқыш аппараттарының ақауы бар адамдар үшін тиімді.

Суда жердің тартылыс күші азайып, буындардың жүктемесі азаяды. Бассейн қарт адамдар үшін де керемет орын саналады. Бұл таң қалатын жағдай емес. Егер суға белге дейін түсер болсаңыз тірек-қозғалтқыш аппаратының жүктемесі екі есеге азаяды.

Егер суда бойласаңыз, оған қарапайым жүктеменің төрттен бірі ғана сарп етіледі. Ал денеңіз толықтай суға енсе, 10 пайыздық жүктемемен ғана арпалысуға тура келеді. Жабық бассейндер сондай-ақ, демікпе ауруына шалдыққан науқастар үшін маңызды. Жылы әрі ылғалды ауа өкпенің жұмысын жақсартады. Тіпті, кәсіпқой спортшылар алған жарақаттарынан кейін қайта қалпына келу үшін бассейнде жаттығады.

Су бұлшықеттердің ауыруын азайтып, буындардың қозғалысын арттырады. Адам неғұрлым суда көп уақытын өткізсе, соғұрлым оның ағзасына әсері де артады. Сондықтан, жаттығуларды әр түрлі мұқтаждыққа қолдануға болады.

2004 жылы Индиана университеті зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп уақыттан бері аптасына төрт рет бассейнде жүзіп келген 40 жастан асқан жүзгіштердің қартаю белгілерінің азайғандығын дәлелдеді.

Бұған қоса ардагер жүзгіштердің қан қысымдары мен қан құрамындағы холестерин мөлшері қалыпты жағдайда болған. Бір қызығы, өкпелерінің жұмысы жақсарып, басқа қарапайым адамдармен салыстырғанда бұлшықет көлемінің өскендігін байқаған.

Егер бассейндегі су хлормен тазаланатын болса, ал оның кері әсері ауаны ластап, өкпеге зиянын тигізеді. Ел егер сіз аллергиялық реакцияға душар болсаңыз, хлор сіздің теріңіз бен көзіңіздің тітіркендіреді.

Бассейндегі суды тазарту үшін көптеген қауіпсіз, иіссіз, дәмсіз және кері әсері жоқ заманауи құрылғылар қолданылады. Сондықтан өзіңізді жүзуге толықтай бейімдегіңіз келсе, онда алдын-ала жақсы суы бар керемет бассейнді тапқаныңыз абзал.

Тұмауға кір сабынның пайдасы

Қазіргі таңда біз кірсабынды киім жуғанда көмекші құрал ретінде ғана пайдаланатын болдық. Бірақ оның адам денсаулығына тигізер пайдасы да мол.

•Мәселен, адамның қолына тікен немесе ағаштың жаңқасы кіріп кеткен жағдайда оны инемен тескілеп, жанымызды ауыртамыз. Осындайда кір сабынды жылы суға езіп, дәкеге қалыңдау етіп жағып, тікен кірген жерге таңып қойсаңыз, бір сағаттың ішінде тікен өзінен-өзі сыртқа шығады.

•Егер шашыңыз қалың әрі ұзын болғанын қаласаңыз, онда мамандар шашыңызды кір сабынмен жууға кеңес береді. Сусабынды пайдаланып болғаннан соң, артынша басты кір сабынмен жуу керек. Содан соң суға бір-екі тамшы сірке суын қосып шашты қайта жусаңыз, шаштың түбін қатайтуға көмектеседі. Оған қоса, шаш түсе бастағанда дәрігерлер кір сабынмен жуынуға кеңес береді.

•Бетті аптасына екі рет кір сабынмен жуу керек. Ол беттің тері қабатына терең сіңіп, бетті майланудан сақтайды. Кір сабынмен жуынғаннан кейін, артынан балаларға арналған крем жағуды ұмытпаңыз.

•Моншаға түсуді ұнататындарға кеңес. Буға түсерде сыпырғыны кір сабын салынған суға батырып қолданса, теріңіз тазарып қана қоймай, денеңіз сергіп қалады.

•Сулы беторамалды кір сабынға үйкеп, ащы иісін 5-10 минуттан күніне үш рет иіскеп тұрған адам тұмауынан айығады.

•Іріңдеген жараларға сықпа майын жаға бергеннен, кір сабынның көмегін пайдаланған да пайдалы. Ол үшін кір сабынды ірі үккіштен өткізіп, табаға ені 1 сантиметр етіп жаймалап салыңыз. Үстінен сабынның көлемінен екі есе асатындай етіп сүт құйып, әбден қою болғанша баяу отта бір жарым сағат бойы қайнатыңыз. Суыған осы қоспаны жұқалап қағаз бетіне жағып, жара үстіне дәкемен орап қойсаңыз жетіп жатыр. Үш күн қайталасаңыз жараның іріңдеуі қойып, тез жазылып кетеді.

•Көгерген, жарақаттанған жеріңізді кір сабынмен жусаңыз, жараны асқынуынан және микроб тусуінен қорғайды. Жараның бетін күніне екі-үш рет жусаңыз жеткілікті.

•Күйіп қалған жараға (суға немесе отқа күйгенде) сабынды езіп жақсаңыз ісікті қайтарып, ауырғанын басады.

•Дәрі-дәрмектен, улы заттардан абайсызда уланғанда немесе сәбилер металл заттарды жұтып қойғанда, аздап сабын суын ішкізіп, аууханаға жеткізуден бұрын шұғыл алдын алу шарасын жүргізуге болады. Оны қолдануда көңіл бөлетін тұстар: әсте көп мөлшерде ішкізіп жіберуге болмайды. Таза сабынды жұқа жапырақтап турап, қайнаған жылы суға ерітеді. Сосын, ересек адамға 300-500 мл, ал балаларға 100-200 мл ішкізсеңіз улы зат құсықпен бірге түседі. Және маталл заттардың асқазанды зақымдауынан сақтана тұруға болады.

•Ит тістеп алған жағдайда қан тоқтағаннан кейін жараға сабын ертіндісіне малынған дәкені басыңыз.

•Құлап қалған жағдайда дереу кір сабынды жағыңыз,ол көгеруден сақтайды.

•Ер адамдар қырынғаннан кейін тері тітіркенсе, кір сабынмен сабындап қоюға болады. Көпіршік кебуін күтіп, кепкеннен кейін сумен шайыңыз.

Автор:
Дайындаған: Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ