Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алда тұрған міндеттер


19 февраля 2016, 03:32 | 3 904 просмотра



Қазақстандықтар ХҚКО-да профилактикалық тексеруден өте алады, 2018 жылдан бастап елімізде Ауруларды басқару бағдарламасы енгізіледі, диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру процедуралары қарапайым болмақ, медициналық ЖОО-да мамандарды үздік шетелдік медициналық мектептермен бірлесе отырып дайындайды, ауруларды ерте кезеңде анықтау көрсеткішін арттыру мақсатында Ұлттық скринингтік бағдарлама жетілдіріледі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылдың қорытындысы бойынша және 2016 жылғы алда тұрған міндеттер туралы кеңейтілген алқа отырысында Министрлік басшысы Тамара Дүйсенова мәлімдеді. 

Министр бүгінгі таңда Қазақстанда ауруларды анықтау жоғарғы деңгейде еместігін, скрининг өткізу үшін жасалатын тұрғындардың мақсатты топтары әркез сапалы жасала бермейтінін, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру медициналық техникамен қажетті деңгейде қамтамасыз етілмей отырғанын айтты.

Тамара Дүйсенова Ұлттық скринингтік бағдарламаны бағалау үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын шақыру арқылы жұмыс тобы құрылатынын хабарлады.Скринингті ұйымдастыруды жақсарту мақсатында скринингтік бағдарламаны өткізу алгоритмі қайта қаралады, скрининг түрлері оңтайландырылады. Сонымен бірге, медициналық ұйымдарды техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді есепке ала отырып, жүктеме нормативтерін қайта қарау жоспарланып отыр. Ауруды ерте кезеңде анықтау мәселелері бойынша медқызметкерлерді оқыту ұйымдастырылып, скринингтік тексеруден өткен азаматтарды бақылау мен есепке алудың ақпараттық жүйесі құрылады. Мұның барлығы әлеуметтік мәні бар аурулардың деңгейін төмендетуге, сондай-ақ, асқынулар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда скринингтер қан айналым жүйесі ауруларын, жатыр мойны, сүт бездері обырын, колоректальді обырды, асқазан мен өңеш, бауыр, қуықалды без обырларын, глаукома, В және С гепатиттерін анықтау бойынша жүргізіледі.   Сонымен қатар, 2013 жылдан бастап 5 облыс пен 2 қалада, 2014 жылдан бастап қосымша 4 облыста – жатыр мойны обыры ауруымен сырқаттанған адамдар көрсеткіші жоғары аймақтарда қыздарды адам паппиломасы вирусына қарсы вакциналау енгізілді. Естеріңізге сала кетейік, 7 жыл ішінде, 2008-2014 жылдар аралығында 71 161 320 скрининг-зерттеулер жүргізіліп, 16 420 544  адам тексерілді. 

Сондай-ақ, министр Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының аясында емханалардағы жасанды кезекті азайту мақсатында ересек тұрғындарды профилактикалық тексеру тәртіптері жеңілдетілетінін хабарлады.

Азаматтар міндетті профилактикалық тексеруден өту үшін (жұмысқа тұру немесе оқуға барар кезде және т.б.) халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, медициналық анықтама ала алады. Бағдарлы мамандарға қаралу қажеттілігі туындаған жағдайда олар ХҚКО-да емхана мен қызмет көрсету уақытын таңдай алады. Профилактикалық тексеру нәтижесі бойынша азаматтың денсаулығы туралы мәліметтер пациенттерді сауықтыру мен денсаулық топтарын құру мақсатында бірегей ақпараттық жүйеге жіберіледі.

 «Қабылданған шаралар нәтижесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы кезек азаяды, бағдарлы мамандардың жүктемесі жеңілдетіледі, пациенттердің медициналық анықтама алу шығындары азаяды», - деді Тамара Дүйсенова.  

Жыл сайын республика бойынша прфилактикалық медициналық тексерумен қамту 7,8 млн-нан астам адамды құрайды, оның ішінде 4,5 млн. астамы әйелдер және 3,3 млн. ер адамдар.  

Министр Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының аясында диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру процедураларын оңайландыру қарастырылатынын айтып өтті. Осы мақсатта дәрі алу рецептінің сызбасын өзгерту ұсынылады. Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын пациенттер үшін тоқсанына бір рет, қымбат дәрілер алатын ауыр түрдегі сырқаттанғандар үшін ай сайын жазып беретін болады. Дәріханалар пациенттерге берілген рецепттер негізінде сәйкес дәрілік заттарды беріп, олардың есебін жүргізеді. Жеңілдігі бар дәрілерді беру процедураларының барлығы автоматтандырылады деп жоспарлануда.

 «Қазіргі таңда Қазақстанда 2 млн-нан астам жеңілдігі бар дәрі алушы пациенттер бар. Олар ай сайын рецепт алу үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына («рі қарай - МСАК) барады. Бұл шара МСАК ұйымдарындағы кезекті едәуір төмендетеді, медқызметкерлер жүктемесін азайтып, қағаздағы құжат айналымын қысқартады», - деп атап айтты Тамара Дүйсенова. 

Сондай-ақ,  Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу болып табылатынын айтты (әрі қарай - АББ). 2013 жылдан бастап екі пилоттық аймақтың – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының 7 емханасында АББ үш нозология бойынша енгізілуде: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті. 1213 АББ қатысушыларымен келісім жасалып, пациенттер жүргізетін өзін өзі бақылау күнделіктері берілді. Келісімге сәйкес, медициналық ұйымдар АББ қатысушысы-пациентпен үнемі байланыста бола отырып, пациентке динамикалық бақылау жасайтын мультидисциплинарлық командаларды құрады. Емханалар жанында пациенттерді өзіне өзі көмек көрсету қағидаларына, өз денсаулығына дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін, салауатты өмір салты мен өздігінен білім алу бойынша ақпараттық материалдармен қамтамасыз ететін денсаулық мектептері жұмыс істейді.

Ақпараттандырылған пациент өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізеді, денсаулығына әсер ететін факторларды бақылайды, сонымен бірге, пациенттің мінез-құлқы өзгеріп, өз денсаулығы үшін жауапкершілігі арта түседі. Осылайша, бағдарлама пациенттермен қатар медициналық қызметкерлерге өз ауруларын басқаруға, оның асқынуына жол бермеуге мүмкіндік туғызады. 

Жоба АББ қатысушысы-пациенттің бойындағы жақсы өзгерістерді көрсетті: артериалдық гипертензиясы бар пациенттердің 75%-ында процестің тұрақталуы және артериалдық қысымды бақылау машықтарының қалыптасуы байқалды, созылмалы жүрек кемістігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы 2 есеге азайды. 

«Пилоттық аймақтардағы АББ-ны енгізудің тиімді тәжірибесін ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру 2016-2017 жылдар аралығында – қосымша жаңа 5 аймақта, 2018 жылдан бастап ҚР барлық облыстарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Министр медициналық білім беруді жаңғыртуға баса назар аударылатынына ерекше атап өтті. «Медициналық білім беруді жетілдіру үздік шетелдік медициналық стандарттарды  трансферттеу негізінде іске асырылатын болады. Осы мақсатта қазақстандық медициналық ЖОО мен шетелдік медициналық мектептер арасында тығыз байланыс ұйымдастырылады», - деді Тамара Дүйсенова. 

Министр отандық медициналық ЖОО-дың ықтимал стратегиялық әріптестері ретінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия және т.б. елдердің медициналық мектептері қарастырылатынын мәлімдеді. Үздік шетелдік ЖОО қатарынан стратегиялық әріптесі анықталатын алғашқы отандық ЖОО - С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті болмақ. Бастапқы кезеңде-ақ ҚазҰМУ басқару шетелдік әріптестермен бірге жүзеге асырылатын болады, одан кейін кезең-кезеңімен университетті сенімгер басқару түріне беріледі.

Медициналық білім беруді жетілдіру шеңберінде талапкерлерді арнайы тест көмегімен таңдау тәсілдері жаңғыртылып, дәрігерлер мен резиденттерді базалық дайындаудың жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі. Сонымен қатар, профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуеті арттырылып, білім беру, ғылыми қызмет және медицинаның практикасы процестерін біріктіретін университеттік емханалар құрылады.

Автор:
ЖД ақпарат