Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Денсаулықта» отбасылық дәрігерлер жұмысы


19 февраля 2016, 03:24 | 6 680 просмотров



Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы отбасылық медицина қағидаларын қарастыратыны туралы ақпараттар бірнеше мәрте жарияланған. Отбасылық дәрігер деген кімдер және жаңа бағдарламада қандай қағидалар негізге алынатыны туралы айтсақ. Отбасылық дәрігердің міндеті — учаскеде тіркелген тұрғындарға тек емханада ғана емес, қажет кезде үйде де медициналық көмек көрсетіп, отбасының медициналық-әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу. Еуропа елдерінде отбасылық дәрігерге жүктелетін міндет  өте жоғары. Отбасылық дәрігер бір әулеттің денсаулығына жауап береді. Сондай-ақ дамыған мелекеттерде аурудың алдын алуға, яғни емхана қызметіне айырықша басымдық берілген. Медицина саласына бөлінетін қаржының басым бөлігі де осы салаға жұмсалады. Ал біздің елімізде негізінен емдеу ісі бірінші кезекте тұр.

Жалпы отбасылық дәрігер дегеніміз — әмбебап дәрігер, яғни ол педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, хирург секілді барлық медициналық қызметті атқара алады. Мәселен, кез келген отбасы өзінің қалауы бойынша белгілі бір отбасылық дәрігерді таңдайды. Дәрігер сол отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын қадағалап, қажет кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдейді. Ауру түрлерін зерттеп, медициналық көмек көрсетеді. Күрделі жағдай болса, тиісті медициналық орталықтарға тексертеді. Бұндай медициналық қызмет түрі дамыған елдерде жүйелі жолға қойылған. Отбасылық дәрігерлер қызметін жүзеге асыру бұрыннан бері қолға алынған. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымына 102 елдің 300 мыңнан астам отбасылық дәрігері кіреді. Ұйым мүшелері әлем халқының 90 пайызына көмек көрсетеді. Еліміздің отбасылық  дәрігерлер ассоциациясы ТМД елдерінің ішінде бірінші болып аталған ұйымға мүшелікке өтті. Ал алғашқы отбасылық дәрігерлер жұмыс істейтін емхана 1989 жылы Алматы қаласында ашылды. Оның ішінде жалпы тәжірибе және отбасы дәрігері бөлімшелері іске қосылды. Сөйтіп елімізде отбасылық дәрігер медицинасы дами бастады.

«Денсаулық» бағдарламасында алғашқы медициналық көмек көрсету саласында науқастарға отбасылық қағида бойынша қызмет көрсетуге кезең кезеңмен көшу қарастырылған. «Алғашқы медициналық көмектің әмбебаптығы қызмет көрсетудің отбасылық қағидасына кезең кезеңімен өтудің есебінен қамтамасыз етілетін болады», - делінген «Денсаулық» бағдарламада. Құжатқа сәйкес қызмет көрсетудің отбасылық қағидасы ағзаның әрбір жастық кезеңдегі ерекшеліктерін ескере отырып, профилактикаға баса назар аударумен, өмір бойына адамның денсаулығына бақылау жасауды көздейді. Демек, медициналық алғашқы көмекті жетілдіру процестердің негізі ретінде отбасылық дәрігерлер болмақ.

Ресми құжаттарға сүйенсек, ЭЫДҰ елдерінде МСАК пен стационарды қаржыландыру көлемдерінің арақатынасы 34% - стационар және 61% - МСАК-ті құрайды. Халықаралық тәжірибе денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың кемінде 40%-ы деңгейіндегі қаржыландыру көлемі кезінде халықты қажетті қамтуға және МСАК қызметін тиімді көрсетуге қол жеткізілетін дәлелдейді Қазақстанда тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсетуге жұмсалатын қаражаттың 62%-ы стационарлық секторға және тек 34%-ы ғана МСАК-ке жолданады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның денсаулық сақтау саласының әртүрлі буындары арасындағы «шектескен жерде» тиімсіздік аймағының негізгі бөлігі– арнайы мамандар жүктемесінің өсуі, негізсіз емдеуге жатқызудың жоғары үлесі, біріншілік буын жұмысының нәтижелілігі төмен болғандықтан, емханалар мен стационарларда диагностикалық зерттеулердің қайталануы орналасқан. Күшті МСАК-тің болуы ЭЫДҰ елдеріне 80%-ға дейінгі науқастарды өз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік беріп, ол осылайша, барлық жүйенің үйлестірушісіне айналады. Ал біздің жүйеде негізгі жұмыс жасайтын құрылым стационарлық сектор болып қала береді.

МСАК-ті одан әрі дамыту алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік бағытталған, қолжетімді және ұйымдасқан көмекті қалыптастыруға бағытталған шараларды тереңдетуді көздейді.

Алғашқы медициналық көмектің әмбебаптығы қызмет көрсетудің отбасылық қағидасына кезең кезеңімен өтудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Қызмет көрсетудің отбасылық қағидасы ағзаның әрбір жастық кезеңдегі ерекшеліктерін ескере отырып, профилактикаға баса назар аударумен, өмір бойына адамның денсаулығына бақылау жасауды көздейді. Отбасылық қызмет көрсету қағидасын бірінші кезеңде 2020 жылға дейін, нақты өңірдің кадрлық жарақтандырылуына қарай, жалпы тәжірибе дәрігерлері (ЖТД) және/немесе қазір жұмыс істеп жатқан учаскелік дәрігерлерден (терапевтер, педиатрлар, гинекологтар) тұратын жасақталған мульти-тәртіптік командалар жүзеге асыратын болады. Жалпы тәжірибе дәрігерлерімен қамсыздандырылу мен олардың құзыреттерінің өсу шамасына қарай, олар мульти-тәртіптік командаларды алмастыратын болады.

Әрі қарай даму үдерісінде – ЖТД (ВОП)тек емханалардың ғана емес, стационарлардың да бейінді мамандары үшін емдеу үдерісінің үйлестірушілері болады.

Сонымен бірге, кадрлық жарақтандырылуы жеткілікті, халық кӛп қоныстанған ӛңірлерде терапевтік және педиатрлық учаскелерді сақтап қалу мүмкіндігі қаралатын болады.

Медициналық көмек көрсетудің сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатымен МСАК-тің денсаулық сақтаудың басқа да деңгейлерімен және қызметтерімен толық интеграциялануы қамтамасыз етілетін болады. Мысалы, МСАК мамандары бейінді мамандардың қызметтерін қоса алғанда, медициналық көмек көрсетуді, стационарға жолдауды үйлестіретін болады, сондай-ақ саланың барлық қызметтерінің медициналық көмекті уақтылы және толық кӛрсетуіне мониторинг жүргізеді және қажет кезінде пациенттердің мүддесін білдіруші және қорғаушы рӛлінде болады. ЖТД, ауруды профилактикалауды, диагностикалауды, емдеуді, оңалтуды және, қажеттілігіне қарай, паллиативтік көмек пен күтім жасауды (бағдарлау) қоса алғанда, пациенттерге үздіксіз бақылау жүргізеді.

Ал мамандандырылған және бейінді амбулаториялық қызметтерге келетін болсақ, (соның ішінде психиатриялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы, онкологиялық және т.б) жұмысының МСАК ұйымдарымен тығыз өзара байланысы жүзеге асырылады. Оны іске асыру үшін медициналық көмек көрсету және оның сабақтастығын қамтамасыз етудің тиісті стандарттары, қағидалары мен тәртібі, сондай-ақ оны қаржыландыру әдістері (мысалы, медициналық көмектің кейбір түрлеріне байланыстырылған тарифтер) әзірленетін және енгізілетін болады. Барлық деңгейде диагностикалаудың, емдеудің, оңалтудың және пациенттерге күтім жасаудың бірыңғай хаттамаларын, МСАК қызметкерлерінің орталық үйлестірушілік рөлінің негізінде бірыңғай мониторингтеу мен қаржыландыру тетіктерін қолдануды білдіретін кейбір созылмалы ауруларды интеграцияланған басқару қағидасы енгізілетін болады.

Медициналық алғашқы көмек көрсету саласындағы шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. МЖС аясында қызмет бейінін сақтау жағдайында одан әрі жекешелендіру мүмкіндігімен осы нысандарды сенімді басқаруға берумен амбулаториялық-емханалық желі құрылысы жоспарланған.

Сондай-ақ, медициналық көмектің қолжетімділігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін азаматтардың тұрғылықты жеріне барынша жақындатумен қамтамасыз етіледі. Орта есеппен алғанда бір жалпы тәжрибе дәрігеріне уақыт өте келе, 1,5 бастап 1,8 мыңға дейін тұрғын бекітіледі. Оған қоса, жоғары білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары бойынша бұл заманауи білімдерге, практикалық және коммуникативтік қабілеттерге ие және командада жұмыс жасай алатын кең бейінді мамандар болады.

Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына көңілі толмайтын азаматтар бар, бірақ ол заңды. Дәрігерлер мен мекемелердің жұмыс қағидалары өзгеріп жатыр, бұл ескі жүйеге үйреніп қалған адамдарға жаңа тәртіпке бой үйретуге тура келеді деген сөз, яғни қабылдауларға алдын-ала жазылып, шұғыл жағдайларда қалай әрекет ету қажеттігін және кімнен көмек сұрау керектігін білуге, өзі емделетін емхананы таңдауға тиіс болады. әрбір адамның ұтпайтын қағидасының бірі –ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу. Себебі, денсаулықтың 10%-ы ғана медицинаға, ал қалғаны адамның өзінің гені, өмір сүру салты, өз денсаусылығын күтуіне байланысты.

Автор:
Мәдина Омарқұлова