Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жұмыс, жалақы, заң!


15 февраля 2016, 03:25 | 1 917 просмотров



Жұмыс пен жалақы – бұл бүгінгі қоғамда жақсы өмір сүрудің негізі. Бұлай дейтін себебіміз, дағдарыс дүмпучі орын алып, қымбатшылық қысқан уақытта тұрақты жұмыс пен жақсы жалақы халық үшін маңызды. Оның үстіне, жұмыс пен жалақы мәселесі үнемі талқыланады. Адамдармен жаңадан танысқанда да, көп кездеспеген ағайынмен қауышқанда да амандықтан кейінгі бірінші сұрайтыны «қайда жұмыс істейсің?», «жалақың жақсы ма?». Сондықтан еңбек нарығындағы жаңалықтар ең қызықты, әрі өзектісі болып қала бермек. Соңғы статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде ресми түрде 443 мың адам жұмыссыз деп танылды. «Жұмыспен қамту туралы» ҚР Заң жобасы көпшілік назарына ұсынылды. 2015 жылы кім қандай жалақы алды? Болашақта қандай мамандықтар жойылады? Осы сұрақтарға жауап іздеп, санап саралап көрейік.

Жалақың қанша?

Жақсы жұмысқа орналасып, жақсы жалақы алу барша жастардың тілегі. Жалақысы жоғары адамдарға өмір сүру де жеңілірек дейді ғалымдар. Олай болса кімнің қандай еңбекақы алатынын статистика сүйеніп санайық. Жұмысшылардың белгілі (өзекті) кәсіптері және қызметкерлердің лауазымдары бойынша орташа айлық жалақының көлемі туралы ақпаратты алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті экономикалық қызметтің жеке түрлері бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарға бір жолғы зерттеу жүргізеді. Зерттеуге қыркүйек айында толық жұмыс істеген қызметкерлер кіреді.

2015 жылдың зерттеу нәтижелері бойынша экономикалық қызмет түрлерінде еңбекақы төлеуі қызметкерлердің кәсіптер топтары арасында жіктелуі сақталады. Басшылар санатына жататын қызметкерлердің орташа жалақысы біліктілік деңгейі жоғарғы мамандардың жалақысынан 2,0 есе, біліктілік деңгейі орта мамандардың жалақысынан 2,5 есе және біліктілігі жоқ жұмысшылар жалақысынан 4,3 есеге көп.

Ең жоғарғы жалақы шикі мұнайды және табиғи газды өндіру саласында жұмыспен қамтылған ұйымдардың басшыларында – 1456 мың теңге тіркелді, бұл көмір және лигнит өндіру саласындағы басшылардың орташа алатын жалақысынан 2,8 есе және құрылыс саласындағы – 2,9 есе жоғары. Шикі мұнайды және табиғи газды өндіру саласындағы біліктілігі жоғары және орта мамандарында жоғары жалақы – 496 мың. теңге, және 440 мың теңге алғанын атап өткен жөн.

Экономикалық қызмет түрлері және атаулы жалақының мөлшері бойынша жеке кәсіптерді топтастыруы келесі сипатта көрінеді:

Экономикалық қызмет түрлері және қызметкерлердің кәсіптері бөлінісінде еңбекақы төлеуі айтарлықтай айырмашылық сақтауда. Шикі мұнайды және табиғи газды өндіру кәсіпорындарында жоғары ақы төленетін техникалық қадағалау жөніндегі инженерде, көтергіш машинисте және бұрғылау жөніндегі инженерде (бұрғылау жұмыстары) болды (660 - 809 мың теңге). 269 мың теңге жалақыны мұнай өндеу өнімдерін өндіру саласындағы қызметкерлер, ал 231 мың теңге жалақыны әуе көлігі саласындағы қызметкерлер алды.

Құрылыс саласында жоғары деңгейлі білікті мамандар арасынан ең жоғары жалақы құрылыстағы менеджерлерде (352 мың теңге), біліктілік деңгейі бар мамандардан – арматуршы (157 мың теңге) және кран машинисті (краншы) (256 мың теңге) алды.

Ауыл шаруашылығы саласында біліктілігі бар мамандар арасынан ең жоғары жалақыны шаруашылық өндірісінің тракторшы-машинистері (125 мың теңге), агрономдары (109 мың теңге) ,ал төменгі жалақыны – қырықтықшылар мен қызмет пен өндіріс орындарын және аумақтарын тазалаушылар 25 – 30 мың теңге шамасында алды.

Барлық негізгі кәсіптер және қызметтер топтары бойынша әйелдердің жалақысы еркектердің жалақысына қарағанда төмен болды. Ұйымдардың басшылары лауазымында жұмыс істейтін еркектердің жалақысы 438 мың. теңге, аудармашы –228 мың. теңге, экономист – 193 мың. тенге, есепші – 155 мың. Теңге болды. Бұл 1,2 – 2,0 есе әйелдердің орташа жалақысынан жоғары.

Қазақстанның қай аймағында жалақы жақсырақ. Статистика комитеті бұл деректі де зерттеп назарымызға ұсынып отыр.

2015 жылғы қыркүйекте Астана мен Алматыда ұйым басшыларында ең жоғары жалақылар қалыптасып, 598 мың теңге және 783 мың теңгені құрады. Ең аз төленетін қызмет Жамбыл, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында болды, мұнда басшылар 183 мың теңгеден 208 мың теңгеге дейін алды. Республиканың өңірлері бойынша ұйым басшылары жалақысының ең жоғарғысы мен оның ең төменгі мәнінің арасындағы айырмашылық 4,2 есені құрады.

Экономистің жоғары жалақысы Атырау және Астана қалаларында байқалды, тиісінше 203 мың теңге және 256 мың теңге. Ал төменгі - Жамбыл және Қостанай облыстарында 87 -89 мың теңге. Дәрігердің жалақысындағы көлем деңгейі 1,4 есеге айырмашылық болды Астана қаласының дәрігерлері 158 мың теңге, ал Оңтүстік Қазақстан облысында - 113 мың теңге жалақы алады. Статистикалық деректе Алматы облысында ақхалаттылардың орташа айлық жалақысы 139 617 мың теңге деп көрсетілген.

Ел бойынша жоғары оқу орнындағы мұғалімнің жалақысы орташа 105 мың теңге болды, ал оның өңірлер арасындағы айырмашылығы 1,7 есені, арнаулы білім беру жүйесінде оқытушыларда тиісінше 87 мың теңге және 1,5 есе, тәрбиелеушіде – 61 мың теңге және 1,6 есені құрады.

Жаңа заңнан не күтеміз?

Қазақстанда 443 мың адам ресми түрде жұмыссыз деп танылды деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Біржан Нұрымбетов «Жұмыспен қамту туралы» ҚР Заң жобасының нормаларын түсіндіруге арналған брифингте мәлімдеді.

«Заң жобасында белсенді жұмыспен қамту шаралары әрқайсысы үшін азаматтардың басым санаттары белгіленгені өте маңызды. Кәсіби оқыту шараларына жұмыс іздеп жүрген азаматтар, жұмыссыздармен қатар, еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеп жүрген тұлғалар бағытталады. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыз азаматтарға беріледі. Жастар практикасына 29 жасқа дейінгі білім беру ұйымдары түлектерінің арасындағы жұмыссыздар бағытталады. Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздармен бірге, студенттер мен жазғы демалыс мерзіміндегі жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, кәсіпорынның жұмысы тоқтатылып қалған уақытында жұмыспен қамтылмаған азаматтарды орналастыру ұсынылады. Сонымен қатар, заң жобасы мүгедектерді, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды, бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар мен интернаттық ұйымдардың кәмелет жасына толмаған түлектерін жұмысқа орналастыру үшін квота бөлуді қарастырады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Вице-министрдің пікірінше, заңнамаға енгізілетін тағы бір маңызды жаңалық - жаңа Еңбек Кодексіне сәйкес, экономикалық негіздеме бойынша жұмыстан босатқанда, қызметкерлердің санын немесе штатты қысқартқанда, жұмыскерлерді жаппай қысқарту, яғни, кәсіпорын жұмысын тоқтатқан немесе банкротқа ұшыраған жағдайда, 4 айдан 6 айға дейін жұмысын жоғалтқанда әлеуметтік төлемдер уақытын ұзарту болып табылады.

Осы шараларға қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар аударылған адамдар үшін, сол сияқты аударымдары жоқ адамдар үшін: тегін консультация және кәсіби бағдар беру; сондай-ақ: білім беру қызметтеріне, стипендия төлеу, тұру және жолақы шығындарын өтеуді қамтитын материалдық көмек шығындарын толық өтей отырып, оқуға жіберуге; бюджет қаражаты есебінен еңбекақысын толық субсидиялай отырып 6 айға дейін жастар практикасына бағыттауға; жалақысын жұмыс беруші белгілеген еңбекақы мөлшерінің 35 пайызына дейін (бірақ ең төменгі жалақыдан төмен емес мөлшерде) 1 жылға субсидиялай отырып әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу; егер адамның немесе отбасындағы әрбір мүшеге отбасының табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаса, атаулы әлеуметтік көмек көрсету; мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар аудару көзделуде.

«Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы»  ҚР Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жұмысқа жарамды азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда ғана беріледі. Жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамту орталықтары арасында әлеуметтік келісімшарт жасалатын болады. Тұлғаларға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қажет болған жағдайда қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі», - деп атап айтты Біржан Нұрымбетов.

Жойылатын мамандықтар

Жасанды интеллектінің дамуы салдарынан алдағы 10 жылда көптеген мамандықтар жойылады, деп хабарлайды Қазақпарат CNN Money басылымына сілтеме жасап. Америка банкінің есебінде, 2025 жылдары роботтар АҚШ-та өндіріс жұмысының 45 пайызын атқарады делінген. Қазір бұл көсеткіш - 10%. Жойылатын кәсіптер қатарында - мәліметтерді өңдеуге қатысты әкімшілік қызметтер, өндірістік мамандар тұр. Роботтандыру 80-100% қамтитын мамандықтар қатарында - такси жүргізушілері, наубайшылар, фармацевтика қызметкерлері, сақтандыру агенттері, сатушылар, салық жинаушылар бар.

Сұраныс азаймайтын салалар ретінде түйсікті талап ететін, адам жанын түсінетін әрі әлеуметтік қарым-қатынасты қажет салалар аталуда.  Олар - дәрігерлер, психологтар, өрт сөндірушілер, полицейлер, әртістер, әлеуметтік және дін қызметкерлері.

Экономика сарапшылары роботтандыру жаһандық экономиканы өзгертіп, табыстың әркелкілігін арттыра түседі деп болжауда. Өйткені, автоматтандырудан төмен жалақылы әрі біліктілік талап етілмейтін қызметкерлер зардап шегеді. Алайды Deloitte зерттеулеріне қарасақ, Англияда соңғы 140 жылда жаңа технология алмастырып жабылған жұмыс орындарынан оған қызмет көрсетуші жұмыс орындары көп ашылған.

Автор:
Дайындаған: Мәдина Омарқұлова