Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Адамдар қайда жоғалады?


15 февраля 2016, 03:05 | 1 864 просмотра



Кейінгі кезде жоғалып кеткен адамдар туралы жиі әңгіме көтеріле бастады. Мұның себебі бар ма? Әлде бұл тылсым күштердің әсері ме? Түсініксіз. Бірақ ұшты-күйлі жоқ болып кеткен адамдардың қатары әлемде барған сайын көбейіп барады. Неге?

Мысалы  жыл сайын Ресейде 120 мың адам із-түзсіз кетеді. Қайда жоғалады? Белгісіз. Ең бір алаңдатарлығы, жыл сайын осы дерек 15 пайызға артып барады. Жоғалған адамдардың 80 пайызы ғана уақыт өтіп барып табылады екен. Неге? Хабарсыз кеткен азаматтардың басым бөлігі соғыс болып жатқан аумақтардан үдере көшеді. Сосын байланыс үзіледі. Ағайын-туысқаннан айырылады. Әркім бас сауғалап, жан-жаққа қашады. Бір ғана мысал, 1980-2007 жылдар аралығында Иракта 1 миллионға жуық адам хабарсыз кетті. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында  Югославияда тұрған 17 мың адам бір-бірінен хабарсыз қалды. Сириядан қашқан босқындар саны 4 миллионнан асты. Еуропада бас сауғалап миллионнан астам адам жүр. Немістердің өзі өткен жылы 500 мыңнан астам келімсектерді қабылдады. Туған елінен ауа көшкендер елдегі ағайындарынан осылай қол үзіп, хабарсыз кетеді. Еуропаға жасырын жолмен заңсыз келген иммигрантардың мыңнан астамы жолда опат болды, хабарсыз кетті.

Жарайды, бұл түсінікті, соғыс болған аймақтан бас амандығын ойлап, қашқандардың жайы. Ал тыныш, мамыражай уақытта да осындай оқиғалар кездеседі. Мәселен, Германияда жыл сайын 900 сәби із-түзсіз кетеді. Сонда адамдардың жоғалуы неге тоқтамай отыр? Мұны мамандар бірнеше себептермен байланыстырады: бұл лаңкестер мен арнайы қызмет орындарының ісі болуы мүмкін, жыл сайын құл саудасы өрістеп барады. Ресми емес мәлімет көздерінің деректеріне сүйенсек, адам саудасының жылдық айналымы 32 миллиард доллардан асып түседі екен. Еңбек және сексуальды құлдықтың құрбанына жылына 12 миллионнан астам адам түсетін көрінеді.

Ал Калифорния университетінің профессоры Джейн Линд адамдардың хабарсыз кетуін мына бір себептерден іздейді: Жер қабатында «қара жыралар» көп немесе оны «қара тесік» деп те атайды. Абайсыз келе жатқан адамдарды осы «қара жыра» жұтып қояды. Джейн Линдтің есептеуінше, бүгінде әлемде осындай ондаған «қара жыра» бар. Бірнеше адамдарды ғана емес, он мыңдаған тұрғыны бар қаланың өзін жоқ етіп жіберетін мұндай зындан туралы әңгіме естіген адамға қорқынышты және аңыз болып жетуі де мүмкін. Дегенмен, ағылшынның тағы бір парапсихологы Дан Форсайт деревняның шетіндегі үйге кірген пенденің хабарсыз кететіндігі туралы көп жазған адам. Парапсихологтың ойынша, адам «қара жыра» арқылы бөгде өркениетке қадам басады. Бірақ басқа баламалы өркениет пен бөгде әлемнің мәдениетін көріп келген еш тірі пенде жоқ. Бәрі бізге аңыз болып жеткен.

1915 жылдың тамыз айында түріктер мен ағылшындардың ұрысы кезінде Норфолковск полкінің бүтіндей бір батальоны Сульва жазығында қалың тұманға тап болады. Біршама уақыт өткен соң, тұман көкке көтеріледі де, батальон жоқ болып кетеді. Біраз уақыт өткен соң екі жақ тұтқындар алмасады, алайда тұтас бір батальонның сарбаздары олардың ішінде жоқ болып шығады. Сонда британ ар­миясының тұтас бір батальоны қайда жоғалды? Ешкім білмейді.

1937 жылы 3 мың сарбазы бар Қытай дивизиясы таң қылаң бере хабарсыз кетті. Нанкин қаласын қорғап тұрған қытайлар жапондардың шабуылға шығуға дайындалып жатқанын байқаған. Таңертең сарбаздарын көріп қайтпақ болған дивизия командирі қорғаныстың алдыңғы шебінде адам қалмағанын көрген. Үш мың сарбаз бір түнде қайда кетті, Қытай үкіметі соғыс біткен соң, бұл оқиғаны зерттеп көрмек болған, бірақ еш дерек таппады.

1923 жылы Бразилиядағы Хоер-Верде поселкесінің 600 тұрғыны тапа тал түсте хабарсыз кеткен. Канаданың Анжикуни көлінің маңайында өмір сүрген мыңдаған эскимостар да бір түнде жоғалып, қарасын батырды. Олармен қатынас жасайтын қарсы жағалауда тұратын адамдар эскимостардың лашығында қару-жарақтары мен тамақтары қалғанын, ал иттері аштан өлгенін айтады. Мейлі, бұл өткен ғасырдың басында, әлі өркениет дами қоймаған уақытта болды делік. Ал 2001 жылы Конгода орын алған оқиғаны қалай түсіндіруге болады? Гуманитарлық көмекпен келген БҰҰ мамандары алыс деревнядан тілдесер бір адам таппаған, тіпті малы мен иттері жоқ елдің тұрғындары ізім-ғайым қайда жоғалды? Мұны да ешкім де айтып бере алмайды.

Мүмкін, шындығында да, бізбен қатар өмір сүріп жатқан басқа балама әлем бар шығар. Егер ол рас болса, оның кірер есігі қайда? Ғалымдар «магниттік дауылдың жиі болуы бекер емес, бұл өзге әлемнің бізге көрсеткен мінезі» деген сыр айтады. «Осы дауылдың ішінде есік бар» деген долбар келтіреді. Күмәнді пікір десек те, көптеген мамандар Жер шарында бөгде әлемге кірер тоннельдердің барын жоққа шығармайды.

Қалай айтқанда да, адамдардың жоғалуы тылсым бір күштің барын ескертіп отырғандай. Кейбір ғалымдар «өзге өркениеттің адамдары немесе бөгде планеталықтар анда-санда бізді келіп барлап кетеді. Олар бізден жоғары деңгейде дамып кеткен, анда-санда бізге келіп, сынақ жасап кетуі бекер емес. Адамдардың ұрлануының да астарында осындай әрекет жатыр» дегенді айтады. Бірақ ғалымдардың бұл топшылауы шындыққа қаншалықты жақын, ол жағы белгісіз. Бірақ жыл сайын әлемде бірнеше миллиондаған адамның жоғалатыны – өте алаңдатарлық жағдай. АҚШ-та да бұл мәселе күрделі күйінде қалып отыр. Ресми деректерге сенсек, АҚШ-та жыл сайын 1 миллионға жуық адам хабар-ошарсыз кетеді. Соңғы 27 жылда бұл дерек тіпті ұлғайып барады. Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, АҚШ-та хабарсыз кеткен адамдардың  65 пайызы бір аптадан кейін немесе он күннен соң табылып жатады. Мұның себебе неде? Өйткені олар ата-анасына, туысқандарына айтпай, іссапарға немесе демалуға шығып кетеді. Екінші типтегілердің үлесі 20 пайыз шамасында, оларды он күн немесе бір ай бойы іздеуге тура келеді. Бұл топтағыларды үш категорияға бөліп қарауға болады.

1. Өткен өміріне ырза болмай, ешкімге айтпастан, басқа жаққа қоныс аударып кететіндер.

2. Отбасылық зорлық-зомбылықтан шаршап, үйден қашатындар, оларды негізінен, 9-17 жастағы балалар құрайды.

3. Жүйке ауруына шалдыққандар мен есте сақтау қабілетін жоғалтқандар. Ақиқатында, АҚШ-та жоғалып кететін адамдардың 15 пайызы ешқашан табылмайды, олар шамамен 100 мың шамасында. Хабарсыз кеткен бұл адамдардың өмірі ата-анасына да, туысқандары мен достарына да, арнайы қызмет орындарына да белгісіз, жұмбақ күйінде қалады.

2013 жылы АҚШ-та интернет арқылы педофилдермен танысып, үйден қашып кеткен 3 мың оқиға орын алған. Расында, интернет бүлдүршіндердің санасын бүлдүріп тұр. Америка ғана емес, Австралияда да адамның жоғалуы күрделі мәселеге айналып барады. Әрбір 15 минут сайын мұнда бір адам жоғалады, бірақ хабарсыз кеткендердің 99,5 пайызы қайтадан табылады.

Еуропаға табан тіреген босқындардың арасында іс-түзсіз кеткендердің саны көбейіп келеді. Әсіресе кәмелетке толмағандардың қатары қалың. Шамамен 10 мың жеткіншек жоғалған. Бұл мәліметті Еуроодақтың полиция қызметі таратып отыр.  

Ал Қазақстанда із-түзсіз кеткен адамдардың дерегі бар ма? Ресми дерек Қазақстанда 4 мыңнан астам адамның із-түзсіз жоғалып кеткендер тізімінде тұрғандығын айтады.  Ең алаңдатарлығы, елде іс-түссіз кеткен балалардың саны артып барады. Ресми дерек бойынша, 2014 жылы Қазақстанда жоғалған балалар саны 5 мыңға жеткен. Елімізде 16 жасқа дейінгі зорлық-зомбылыққа тап болған балалардың саны 2011 жылы 148, 2012 жылы 236 болса, өткен жылдың жарты жылдығының өзінде 184-ке жеткен екен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың бала, АҚШ-та 1,5 млн бала, Ресейде 15 мыңға жуық бала жоғалады екен. Салыстырмалы түрде қарағанда, біздегі дерек шүкіршілік десек те, адамдардың жоғалуы үлкен трагедия. Сондықтан мұндай оқиғадан аулақ болып, бір-бірімен жиі хабарласып,  жүргенге ештеңе жетпейді  ғой.

Автор:
 Берік БЕЙСЕНҰЛЫ. «Айқын» газеті.