Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ерте анықтау маңызды


15 февраля 2016, 02:59 | 950 просмотров



Талдықорған қаласы Облыстық онкологиялық диспансерде Қатерлі ісік ауруларымен күрес дүниежүзілік күніне орай 1-10 ақпан аралығында онкологиялық аурулардың алдын алу және оны ерте анықтау бойынша онкүндік өтіп, сондай-ақ, 6 ақпанда ашық есік күні ұйымдастырылды. Онкологиялық диспансер мамандары таңертеңгі сағат 8-ден бастап тегін қабылдау өткізді. Сенбі күніне түскен шара тұрғындар үшін өте қолайлы болды. Шара барысында денсаулық сақтау мекемесінің қызметкерлері халыққа аурудың белгілері мен оны диагностикалау әдістері туралы айтып берді.

Сонымен ашық есік күні облыстық диспансерде барлығы 134 адам мамандардың кеңесін алды. Оның ішінде мамолог қабылдауында 48 адам болса, гинеколог кеңесінен 40 адам өтті. Хирург кеңесіне жүгінгендер саны 22 болды. Рентген тексеруден -3, маммография -1, колоноскопия -2, ларингоскопия -1, УЗД тексеруден 17 адам өтті.

Қазіргі кезде барша әлемде онкологиялық ауруларға шалдығу жағдайлары артып келеді. Бұған адамдардың орташа өмір сүру жасының ұлғаюы да септігін тигізді, қатерлі ісікке ересек адамдар жиі шалдығады. Республикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 150 мыңнан астам адам онкологиялық есепте тұр. Жыл сайын обыр ауруына шалдығудың 34 мыңға жуық жағдайы анықталады. Көбіне мұндай көрсеткіштер азаматтардың дәрігерлерге уақытылы қаралмауына байланысты тіркеледі.

Дертті асқындырып алмай, уақытында анықтау маңызды. Онкологиялық аурулар мәселесінің өзекті болуына орай аталмыш шараның маңыздығы жайлы диспансердің Сапалы медицинаның қызмет көрсету бөлімнің басшысы Дархан Атанаев айтып өтті:

- «Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау жолдарының бірі - обыр ауруларын ерте анықтау бойынша скринингтік бағдарламалар. Скринингтен басқа, қандай да болмасын хронологиялық патологиясы бар кез-келген адам жылына кем дегенде бір рет толық тексерілуден өтуі керек. Сол себептен, осындай ашық есік күндердердің маңыздылығы мол. Бұл шара сенбі күні өткізгеніне қарамастан, біздің диспансердің бас дәрігерінен бастап, барлық мамандарымыз халыққа кеңес беріп, аурудың белгілері мен оны диагностикалау әдістері туралы айтып берді».

Бүгінгі таңда облыстық онкологиялық диспансерде қатерлі ісікпен 5493 науқас тіркелген. Оның ішінде ең жиі тарағаны сүтбезі қатерлгі ісігі болып тұр. Бұл дертпен 1001 әйел адам емделуде.

Онкологиялық аурулармен күрес -ҚР денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі. Бүгінгі уақытта ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда науқас үшін обырдан толықтай айығып кетуге мүмкіндік бар. Скринингтік медициналық тексерістер қатерлі ісіктің алдын алуда және ерте кезеңде анықтауда ең тиімді тәсіл болып табылады.

Автор:
ЖД ақпарат