Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНАНЫҢ «КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ»


5 февраля 2016, 05:00 | 3 161 просмотр



«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды...» - деп Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің алғашқы санында жазып, қазақ қоғамына газеттің қаншалықты керек екендігін білдірген еді. Бұл 1913 жылы болған. Қазіргі уақытта қоғам өміріне ақпарат құралдарының маңызын барлығы біледі. Бүгін Қазақстанда 5 мыңнан астам газет-журналдар тіркелген. Әр газет-журналдың өзінің оқырманы, және оқырман алдындағы міндеті, мақсаты бар. «Жәрдем» газеті – Республикалық қоғамдық-медициналық басылым, оның мақсаты қоғамдағы маңызды мәселелер мен денсаулық сақтау саласындағы негізгі ақпаратпен оқырманды хабардар ету. Сондай-ақ, еліміздегі денсаулық сақтау саласының жұмысын қадағалап, дәрігер қызметінің мәртебесін көтеру және медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау. «Жәрдем» газетінің жұмыс істеп келе жатқанына 10 жыл болды. 2006 жылы 3-ақпан күні газетіміздің алғашқы саны жарық көрген еді. Он жыл аз ба, көп пе? Осы он жыл ішінде қандай өзгерістер орын алып, қандай жетістіктерге жеттік? Редакция алдына қойылған мақсат орындалды ма? Он жыл ішінде «Жәрдем» медицинаның тыныс-тіршілігіне үңіліп, ақхалатты абзал жандардың абыройын асқақтатуға тырысып бағуда. Біз басқа ақпарат құралдары сияқты медицинаның кемшіліктерін теріп, дәрігерлерді тергеуден аулақпыз. «Жәрдемнің» мақсаты –қазақ медицинасының маңызын мәлімдеп, ұлт саулығының күзетінде аянбай еңбек қылып жүрген тұлғалардың ой-пікір алмасатын алаңға айналып, медицина мамандарының мінбері болу.

Кешегі күн

«Жәрдем» газетінің ақпарат айдынына келуі –бірінші қиялдан басталды. Ал бұл қиял, яғни газет шығару идеясы сұраныстан пайда болды. Медицина қызметкерлері санатын көтеру үшін белгілі бір мерзім сайын аттестациядан өтуге міндетті. Өзінің тәжірибелік біліктілігінің дәлелі ретінде еңбек өтілі мен жұмыстағы жетістіктерімен қатар газет бетіне аттестациялық мақала жариялауы да шарт. Медициналық емес бағыттағы басылымдар кәсіби мақалаларды жариялауға келісе бермейді. Осы тұрғыда ақхалатты мамандардың жұмысын жеңілдету үшін медициналық қауымдастықтың жеке өзіндік басылымы қажет болды. Кажеттіктің орнын толтыру мақсатында мединаға жанашыр бір топ адамдар мен Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп медициналық газет ашу қиялын шындыққа айналдырды. Сөйтіп, 2005 жылы 23-желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінде «Жәрдем» газеті тіркелді. Арада бір ай 11 күн өтіп, қоғамдық-медициналық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Басылымның бастапқы қадамдарын көрген алғашқы директор Шаймерден Сыдықұлы Сыдықов, алғашқы редакторы Владимир Шапошников болды. Шаймерден Сыдықұлы облыстық денсаулық сақтау саласына ерең еңбек еткен үлгілі дәрігер. Облыстық аурухананы қиын-қыстау кезеңде басқарып, киелі қарашаңырақтың жұмысын өшірмей, керісінше өрге жүргізген тұлғаның медициналық газеттің басында болғаны заңдылық еді. Ал Владимир Вениаминович 20 жылға жуық уақыт Облыстық санитарлық эпидемиологиялық станциясында жұмыс істеп, кейіннен өмірін шығармашылықпен байланыстырып, Талдықорғанда түрлі газеттерде жұмыс істеген. 2009 жылы бас редактор қызметіне теле-радиожурналистикада және мерізімді баспасөздің білікті журналист маман Бейбіт Мамлеев келді. Ал директор қызметін газеттің бүгінгі редакторы Нұрым Нұрлыбеков атқара бастады. 2009 жылдан бастап «Жәрдемде» медицинаға шығармашылық көзқараспен үңіліп, медицина мамандарының мәртебесін көтеретін «Адам және оның еңбегі» айдары пайда болды. Дәл сол уақытта бастап «Жәрдем» газетінің электронды нұсқасы zhardem.kz сайты жұмыс істей бастады. Уақыт өтті, «Жәрдемнің» редакторлық құрамы өзгерді, аға буын журналисттер мен қатар жас мамандар да жиналды. Сөйтіп, медициналық ақпарат таратуға деген жаңаша көзқарас қалыптасты. Ендігі кезекте медицина тілін қазақшалауға ынта жігер салынды. Қаза тіліндегі жаңа айдарлар пайда болды. Сондай-ақ, газеттің ендігі міндеті дәрігерлердің мәртебесін көтеру мен қатар медицина қауымдастығының құқығын қорғау тұрды.

Медицина мамандығының мәртебесі

Газет –өмірдің айнасы. Қоғамның өмірін, болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды баяндайтын, халыққа жеткізетін құрал да газет. Медицина қауымдастығының өзінідік өмірі, өзідік әлемі бар десек артық емес. Медицина сөзінің ресми анықтамы - (лат. medicina: medicus — дәрігерлік, емдік) — адамдардың денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқаттарды емдеу мен аурудың алдын алу, денсаулық және жұмысқа қабілеттілік жағдайында, адамзат қоғамында ұзақ өмір сүруге жетуді көздейтін тәжірибелік іс-әрекеттің және ғылыми білімдердің жүйесі. Әрине, бұл анықтамаен келісеміз. Бірақ, Медицина бұл ғылыми анықтамадан да кеңірек ұғым. Ғылым мен өнер, қабілет пен міндет, адалдық пен шыдамдылық, қайсарлық мен мейірімділік, жанашырлық пен адамгершілік, білімділік пен ізденпаздық – бұл медицина маманы қажет ететін негізгі қасиеттер. Дәрігер, фельдшер, мейіргер, санитарка –жалпы медицина қауымдастығы еңбегі ең қастерлі, ең қайырымды жұмыс. Бұл бір адамның тұжырымы емес, бұл сонау ықлым заманнан бері уақыт пен қоғамның дәлелденгені. «Жәрдем» газеті он жыл ішінде «Адам және оның еңбегі» айдарында медицина мамандарының адамдық және кәсібилік қырын ашатын 500-ге жуық мақала жарияланған. Медицина мамандарының еңбегі мен өмірін өнеге тұту арқылы біз жалпы денсаулық сақтау саласының қыр-сырын жан-жақты зерттеп, ақ-қарасын айырып, анығын жазуға тырыстық. Медицина мамандығының мәртебесін көтеріп, қоғамда ақ желеңді жандардың еңбегінің қадірін насихаттауды мақсат тұттық. Талай дәрігерлермен медицина мамандығының қыр-сыры туралы тілдесіп, сұхбат алғанда көпшілігі «жұмысымыз халықтың алғысымен қымбат» деп айтатын. Ауруынан айыққан науқастар емдеуші дәрігеріне, мейірімді мейіргерлерге алғысын жаудырып жатады. Үлкен кісілер болса батасын береді. Қазақ үшін қашанда үлкеннің батасын алу аса қымбат болатын. Бірақ бүгінгі заманда мойындау керек, медицина мамандары емделушілердің алғысымен бірге «қарғысына да» ұшырап жатады. Елімізде медицина қызметкерлеріне дауыс көтеру, балағаттау, тіпті қол көтеру де жағдайлары жиілегені туралы да мақала жариялаған едік. Бұқаралық ақпарат құралдарында қарапайым дәрігерді мақтаудан гөрі, медицинаны даттауға асығады. Сенсация сүйгіш ақпарат құралдары улап-шулап «дәрігерлік қателік» туралы жарыса жазады. Дәрігер 1000 адамды құтқарып, 1 рет қана қателесуі мүмкін. Сол сәтте ол құтқарған мың өмір ескерілмей кетеді. Дәрігер құдай емес, ол пенде. Дәрігерді даттаудан бұрын, мәселенің мән-жайын толық біліп алған дұрыс. Қоғамда барлығы жаппай медицина қызметкерлерін жамандай берсе, ертең бізді кім емдейтін маман да қалмайды ғой. «Жәрдемнің» басты мақсаттарының бірі –медицина мамандарының мәртебесін көтеріп, құқығын қорғау.

Оқырман оқығысы келеді...

Медицина саласы –ең бір қиын салалардың бірі, медицинада дәрігерлерден халық әрдайым көмекті, жәрдемді қажет етеді. Ал дәрігерлердің өзі үшін –«Жәрдемнің» көмегі мен пайдасы тисе екен дейміз. Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар, медицинадағы өзгерістер мен әлем медицинасы жайлы ақпараттар жариялайды. Тек медицина жайлы емес, тарих тұңғиығынан сыр шертіп, қоғамдағы маңызды жағдайларды хабар беруге ұмтыламыз. Дәл бүгінгі күні, «Жәрдем» медицина саласын жан-жақты саралап, айтып, жазатын, дәрігерлердің еңбегін насихаттайтын ақпарат құралына айналды. Газет –халықтың көзі және тілі дейді. «Жәрдем» - біздің медицина саласының көзі, әрі тілі болуға ұмтылады. Сондықтан, медицина қауымдастығы арасында арасында сауалнама жүргізіп, медициналық газеттен не оқығысы келетінін сұрастырдық. Дәрігерлердің көп жағдайда газет оқуға уақыты болмайды, сондықтан салалық басылымнда тек маңызды, тек қажетті ақпарат болу керек екенін түсінеміз.

Сұралғандардың 30% түрлі аурулар жайлы материалдар қазақ тілінде көбірек болғанын тілейді. Бұны медицина тілі қазақ тілінде сапалы сөйлетудың маңыздылығымен түсіндіреді мамандар.

Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі жылдан-жылға газет қызықтырақ болып келетінін айтты. Оқитын материалдар да көбейіп, сапасы жақсарғанын айтады. Сондай-ақ, дәрігерлер бүгінгі заманда өзіңді қызықтыратын нәрсе туралы ақпаратты интернеттен алуға болатын айтып, дәрігердің күнделікті тәжірибесінде кітапта да жазылмайтын, кинода да көрсетілмейтін түрлі жағдайлар туралы жазуымызды тіледі.Орысша айтқанда «случай из практики» газет бетінде жариялап тұрса, көпшілік дәрігер қауымға өте қызық болар еді. Стационарда болсын, емханада болсын ерекше жағдайлар орын алады. Дәрігерлер өте ауыр науқастарды емдеп шығады, кейде сол насихатталмай қалады. Тәжірибеде кездескен жағдайлар жайлы насихаттау - дәрігерлер үшін пікір алмасу, тәжірибе бөлісу құралы болатыныны сөзсіз.

Дәрігер маман үшін тәжірибе алмасу құралы, пікір бөлісу алаңының болғаны өте маңызды. Себебі, сан алуан мәселелер талқыға түсіп, сан түрлі ойлар айтылғанда ғана сол келелі мәселелердің шешімін табу оңайға түседі. Нәтижесінде медициналық қызмет сапасы жақсарады, жұмыс алға басады. Бұл бүгінгі дәрігерлер қауамдастығын толғандыратын проблемаларды шешудің негізгі жолдары бола алады.

Сұрауға қатысқан тағы бір топ мамандар «Адам және оны еңбегі» айдарының маңыздылығын тоқталды: «Кез-келген салада өзіне тән ерекшеліктер мен өзгешеліктер болады. Денсаулық сақтау саласы үлкен жауапкершілікті қажет ететін сала. Себебі, адам өмірі мен денсаулығы медицина қызметкерінің қолында болады. Медицина қызметкерінің жұмысы –үлкен жауапкершілікті талап етін еңбек. Сондықтан да қарапайым дәрігерлерге көңіл бөлу, олардың қызметіне назар аудару керек. Осы бағытта «Жәрдем» газетінде «Адам және оның еңбегі», орысша «Человек и его труд» деген айдар бар. Менің ойымша, газет бетінде көп жыл еңбек еткен дәрігер мамандар, қарапайым медицина қызметкерлері жайлы жазу, олардың өмірі мен еңбегіне көңіл бөлу, халыққа оларды таныту өте дұрыс. Басқа газет-журналдар дәрігерлер туралы жазбайды емес, жазады. Бірақ көп жағдайда бас дәрігер туралы, медициналық мекеме туралы көп жазылады да, сол мекемелерде жұмыс істейтін қарапайым дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері назардан тыс қалып қояды. Еңбегінің бағаланатынын білу кез-келген адам үшін жақсы».

«Мамандықтың бәрі керек, мамандықтың бәрі жақсы». Алайда сонау ықлым заманнан бері ерекше сый -құрметке ие болған мамандық иелері –ұстаз бен дәрігер екені белгілі. Бірі халыққа білім үйретіп, ұлттың болашағын даярласа; бірі адамның ең бірінші байлығы –денсаулығын сақтап, адам өмірінің арашасы болады. Сондықтанда әр заманда осы екі салаға ерекше көңіл бөлінгені құпия емес. Бүгінде білім беру мен денсаулық сақтау саласы маңызды бағыттар. Мемлекеттің даму стандарттарын анықтау кезінде бірінші кезекте халық денсаулығы ескеріледі. Денсаулығы мықты, медицинасы дамыған мемлекетті -дамыған елдер қатарына жатқызады. Медицинаның дамуы –бірнеше факторларға байланысты. Білікті мамандар, заманауи технологиялар, уақыт талабына сай құрал-жабдықтар, сонымен қатар әрине, ғылыми зерттеулер, ғылыми жаңалықтар.

Медицина саласында күнде ғылыми жаңалық, жаңа әдіс, жаңа бағыт және жаңа бастамалар. Бұл үйреншікті жағдай. Сол себептен де, біз сұраған оқырмандардың дені медицина жаңалықтары, ғылыми жаңалықтар, емдеудегі жаңа әдіс-тәсілдер туралы көбірек ақпарат беруді қалайтын болып шықты. Дүниежүзілік медицина, әлемдік денсаулық сақтау үздіктері, сонымен қатар медициналық сақтандыру, медициналық туризм бағыттары да оқырман үшін қызықты тақырыптар екені заңды дүние. «Заңды» демекші. Біздің тұрақты оқырмандарымыздың бірі денсаулық сақтау саласындағы құқықтық реттеу мәселесі жайындағы мақалалар қызықтыратын айтты. «Біздің жұмыста науқастардың дәрігерлерге сотқа шағымданатын жағдайлар кездеседі. Оның ішінде орынды шағымнан гөрі орынсыз шағымдар өте көп. Дәрігерлердің көбі өз ісінің білікті маманы болғанымен, құқықтық білімі жеткіліксіз . Сол себептен, медициналық қызметкерлердің де, науқастардың құқықтық сауатын ашатын мақалалар көп болса артық етпейді. Біздің қоғам дәрігердің бір кемшілігін тапса, түймедейді түйедей етеді. Көп басылымдар да мән-жайды анықтамай «дәрігер жаман, дәрігер жауапсыз» деп жазуға дайын-ақ тұрады. Ал дәрігердің мүддесін, әрі құқығын қорғауға ешкім асықпайды. Қазір дәрігерлер тарапынан заң , құқықтар туралы білгісі келетін сұрақтар да жетерлік.

Қазақстанда дәрігерлердің құқығы тым көп бұзылады екен. Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау шын мәнінде де өте жауапты іс. Ақ халаттылар адам өмірін қорғайды, ал «оларды кім қорғайды?» деген орынды сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта редакция алқасы білікті заңгерлердің көмегіне жүгініп, оқырмандардың құқықтың сауатын ашатын арнайы айдар дайындамақ. Құрметті, медицина қызметкерлері, егер сіздерде құқықтық тұрғыдан толғандыратын салаударыңыз болса, біздің редакцияға хабарласыңыз. Сіздің сұрақтарыңызға білікті заңгер мамандар жауап береді. «Жәрдем» медициналық газеті –медицинаның жоғын жоқтап, барын мақтап, дәрігерлердің мүддесі үшін қызмет жасауды, медицина қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатып, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуды көздейді. «Жәрдем» - қазақ медицинасының «көзі, құлағы һәм тілі» болмақ.

P.S. Құрметті, оқырман, ақ халатты абзал жандар! Редакция алқасы, «Жәрдем» газеті сапасы жайлы сауалнаманы жалғастырады. Сіздерді толғандыратын сұрақтар болса, газет бетінен оқығыңыз келетін тақырыптар жайлы, сонымен қатар газет жұмысына сын-пікірлеріңіз болса міндетті түрде редакцияға хабарласыңыз. Өзіңіз оқығыңыз келетін сапалы әрі қызықты газеттін келбетін бірге жасайық! Сондай-ақ, сын-пікірлеріңізді біздің электронды поштамызға және менжайымызға хат жолдасаңыз болады. Сіздердің тілектеріңіздің барлығы ескеріледі.

Автор:
«Жәрдем» газеті