Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Батыста «революциялық жаңалық» деп танылған антибиотикті қазақ халқы ежелден білген


5 февраля 2016, 04:58 | 1 485 просмотров



Алматыда 1992 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген Ахмет Алдашев пен Жұлдызбек Әлімхановтың «Қазақтың халық медицинасының құпиясы» атты кітабы заманында оқырман таңданысын тудырған еңбек болғаны даусыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатқанда халық медицинасының құпия-сыры бір кітапқа топтастылып, оқырманға жетуі құба-құп іс болған еді.

Қолдан қолға өтіп, сүйсіне оқылған сол айтулы кітаптан халқымыздың хирургиялық ауруларды қалай емдегені туралы тарауын оқырманға ұсынамыз. Мұнда ірің, ісік, сынық, бітеу жараны дана халқымыздың қалай емдегені жан-жақты айтылған. Жалпы, кітапта ішкі ауруларды анықтап емдеу, жүкті әйелді босандыруға көмек, жаңа туған нәрестені күту, онда кездесетін ауруды емдеу, халықтың санитарлық гигиеналық түсінігі және жұқпалы аурулардан сақтану амалы, халық психотерапиясы т.б. зерттеулер қамтылған. Еңбекте патшалық Ресей заманында қазақ даласында болған орыс дәрігерлерінің халқымыздың емдік шараларына таңданысы мен оны ғылыми тұрғыда растауы да келтірілген.

***

Үнемі көшіп-қонып жүрген ел әредік соғыс-сойқандарын басынан кешірсе де бейбіт уақытта да той-томалағын ұмытпаған. Аттың құлағында ойнап, толып жатқан жарыстардан ойын-сауықтардың да түрлерін тапқан. Күнделікті тұрмыс оларды әлбетте, жарақатсыз қалдырмаған. Оның үстіне тіршілік-тыныс малға байланысты болғандықтан әртүрлі шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа жәндіктер де оларға іріңді жаралардың шығуына себепкер болған. Сондықтан халық әртүрлі хирургиялық ауру сырқаулармен де ежелден таныс болып, олардың көбін білген.

Олар: жаралану, бітпейтін жара, тілме, іріңді жара, бітеу жара, күбіртке, омырау ісігі, омыраудың бітеу жарасы, шиқан, сыздауық, ұра, зәрлі ісік, күйік, үсік, шығу-сыну, созылу, үзілу, жарылып кету.

Кіші хирургиялық ауруларға жататын бұл сырқаттан халық емделе білген. Мысалы, іріңдеген жаралар мен қотырларды өткір пышақпен не бізбен жарып жіберіп іріңін ағызған. Жарадан қан аға берсе, киіздің ыстық күлін қанап тұрған жерге басқан. Бұл - сырттан қанды тоқтатудың қарапайым ең жақсы әдісі. Себебі, киіз жанғанда онда йод пайда болады да микробтар жойылып кетеді.

Бұған қоса, жара үстіне күл себілгенде оның аузы құрғап, тез кебеді де, ол қанның тоқтауына жағдай жасайды. Сөйтіп, жара үстіне сырттан көп микробтар түсуден аман болады.

Қанды тоқтату үшін адамның өз қанын өзіне пайдалануды да білген. Ол үшін аққан қанды жинап алып, оны шағын ыдыста күйдірген. Сонан кейін жанған қанның күлін жараның үстіне сепкен. Егер мұрнынан қан ағып тоқтамаса, онда әлгідей қанның күлін мұрынға иіскеткен.

Н.Зеланд пен И.Колбасенко 1884 жылы қазақтардың аққан қанды тоқтатқанын көріпті. Ол үшін көбінесе ыстықты пайдаланған. Мысалы, жараның үстіне күшті қыздырылған қойдың құйрық майын басқан. Егер қан ішкі ағзалардан аққан болса, ол жерге қатты қыздырылған зат басқан. Егер жара іріңдеп немесе былғанса, оны алмастың әлсіз ерітіндісімен жуған. Сонан кейін оның үстінен шикі етпен, маймен, немесе қойдың құйрығымен кейде жаңа сыдырылған мал терісімен басқан. Мұны көрген оқыған орыс дәрігерлері В.Яроцкий, Н.Зеланд: «Осы емнен жара тезірек тазарады. Жазылып, жараның беті жабылып, онын орында нәзік тыртық қана қалады», деп жазады. «Халық емшілерінің (дәрігерлерінің) ойынша, - дейді олар, аталған заттармен жараны таңғанда олар жараның ішіндегі іріңді, тағы басқа зиянды заттарды өзіне сорып алады».

Жалпы, іріңі шықпай, аузы ашылмай тұрған шиқан, сыздауық, қотырларды да оларды жармай тұрып, үстіне жоғарыда аталған шикі етті қойдың құйрығын, әртүрлі шөптердің тұндырмасын, емшек сүтіне иленген қамырды, суға бұқтырылған немесе уақталған сарымсақты, шүберекке сіңдіріп малдың өтін басқан. Бұл жараның тез пісіп, өзінен өзі жарылып, іріңі ағуын тездеткен.

Ел арасында іріңдеген жараны немесе басқа да қотырларды өңезбен (плесень) емдеу әбден белгілі. Ол үшін айран, іркіт, қаймақ жинайтын ыдыс-аяқтардың, жиегіне көгеріп жиналған өңезді, пышақпен немесе қасықпен қырып алып, іріңдеген жерге жағады. Осыдан кейін ірің тез жазылады. Көгерген өңезде микробтарды жоятын антибиотик (пенициллин немесе антибиотиктердің басқа түрлері) өте көп жиналады.

Сондықтан, оның емдік қасиетін де халық өте ерте заманнан байқап, іріңдеген жараларды емдеуге пайдаланған.

И.Эфендиевтің (1964) айтуынша, қазақ дәрігерлері осы күнгі медицинада кеңінен қолданылып, кезінде «революциялық жаңалық» деп танылған антибиотикпен емдеуді бағзы замандардан бері білген.

Тірі бақаны түйнеме жарасын емдеуге де пайдаланған

Ал тілмені емдеу үшін оның үстін өткір пышақпен сызықтап тіліп, қан ағызған. Сонан соң, ол жерге малдың тері-терсегін және т.б басқан.

Кей кезде қызарған жерлерге сүлік салған. Жылан, шаян немесе тағы сол сияқты жәндіктер шаққанда шаққан жердің жоғары жағын жіппен қысып байлап, уытты жерді пышақпен тіліп, қанын сорғызған. Осыдан соң, ол жерге шикі ет, қойдың құйрығын басқан немесе жыланның немесе қара құрттың шаянның бүйенің кептірілген басынан ұнтақ даярлап, жара аузына себетін болған. Олар болмаса тірі бақаны шаққан жерге тартқан.

Тірі бақаны түйнеме жарасын емдеуге де пайдаланған. В.Шустов (1895 ж) пен А.Е.Слабуновтың жазуынша, қазақтар түйнеме аурынан пайда болған жараларға тірі бақаның қарнын жарып басып, жайлап орамалмен байлап қоятын болған.

«Бұндай емнің арқасында қазақтар амбулаторияларға ауруханаларға дәрігерлік көмек іздеп бармайды, осы аурудан олардың өлетіні аз», - деп жазады А.Слабунов (1895 ж).

Халық дәрігерлері де күйікті емдеудің амалын тапқан. Олар күйген жерге жаңа сойылған малдың шарбы майын немесе құйрық майын теріні басқан оған жылқы немесе қаз майын салып, үстіне ашыған сүт құйған бордың, тұздың, ақ балшықтың ұнтағын сепкен. Түйе жапырақты басқан.

«Қазақтар, - дейді А. Васильев (1901) - көл түбінде өсетін су балдырларын (шөбін) жинап алып, малдың шикі майын қосып қайнатады. Суығасын күйген жерге басады. Ал үсіген жерді алдымен мұздай сумен жуып, содан соң қармен ысқылаған және ол жерді қаздың майымен майлаған немесе оған суға қайнатып, қоюланған езілген құрт жаққан. Науқасқа қызыл топырақ қосылған қымыз ішкізген. Бұдан кейін де үсіген жер жазылмай ірің көбейе бастаса, ол жерді кесіп тастайды. Пышақпен кесіп емдеуді көбінесе Қожа руынан шыққан емшілер жүргізеді».

Сынықшы, оташылар әр ауылда кездескен

Халық дәрігерлері сүйектің шыққаны мен сынуын орнына салуда да көзге түседі. Бұл туралы А.Левшин (1932), А.Ягмин (1845), Н.Зеланд (1884), А.Алекторов (1900), В.Ненецкий (1884) жазып кеткен. Халық сынған сүйекті салуға маманданғандарды «оташы», «сынықшы» деп атаған.

Ел арасында сынық салатындар емшіліктің басқа түріне қарағанда жиі кездескен. Әртүрлі ұрыс-қағыстарда ат шабыстарында және қазақ тұрмысына тән басқа да осы тәрізді жағдайларда жарақаттану жиі кездесетіндіктен сынықшылық өнері кеңінен тараған. Әрбір ауылдың өзінде жедел алғашқы көмек көрсетуге дайын сынықшының болуы да ықтимал. Күнделікті өз тәжірибелерінде жарақаттың ашығын да жабығын да көзімен көріп, қолымен ұстап сезіп салып жүрген сынықшылар, олардың қандай түрлері болатынын да айыра білген.

Сынықшылардың айтуына қарағанда, орнынан түсірілген сынықтың бітіп, бекитін уақыты сүйектің түріне қарай мына төмендегідей болмақ.

1. Білек, қол саусақтардың бітуі - 15-25 күн.

2. Иық білегінің бітуі - 25-30 күн

3. Жіліншік сынығының бітуі 30-45 күн.

4. Жамбас сүйгенің бітуі 60-70 күн

Сүйекті бекітіп орауды жарақаттанған адам қанша жаста болса, сонша күн ұстауы керек.

Қазақтың кейбір оташылары мен сынықшыларының жоғарыда айтылғандай істеріне некен-саяқ ел аралаған орыстың оқыған дәрігерлері тәнті болған.

«Кіші хирургиялық әрекетті олардың емшілерінің (дәрігерлерінің) көбі жасай береді, мұны мен өз көзіммен көріп, куә болдым», - деп жазады Колосов.

Автор:
Алмас МҰҚАШҰЛЫ