Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мәртебелі мамандығыммен мақтанамын!


5 февраля 2016, 04:54 | 3 760 просмотров



Әрбір іс, әрбір мамандық маңызды. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған адам нағыз батыр десек, артық айтпаймыз. Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал, жанға жақын іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік жоқ шығар. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Біздің ше, дәрігер мамандығы – мамандық атаулының ішінде ең абыройлысы. Жалғанда адамдар бір-бірімен дидарласып көріскенде, «Денсаулығың қалай?» деп бастайды. Демек, дүниенің жылтыраған бар байлығына еш бергісіз денсаулықтың қандай қымбат екенін осы бір қарапайым мысалдан-ақ байқауға болады. Денсаулыққа бей-жай, жүрдім-бардым қарау, ақыр соңында орны толмас қиындықтарға әкеп соғады. Ал денсаулықты реттеуде медицина қызметкерлерінің, яғни ақ халатты абзал жандардың, атқарып жүрген жұмысы маңызды, арқалап жүрген жүгі ауыр. Халықтың денсаулығы жағдайының жақсы болуы қашанда асқан жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет те бұл бағытта ешқашан аянып та, тарылып та көрмеген. Мүмкіндік болған кезде қолдан келгеннің барлығын жасайды. Ал, денсаулықтың күтімі, салауатты өмір салтын ұстануы балабақшада қалай? Тамақтану тәртібі ше? Баланың өмірге деген көзқарасы мен тәрбиесі ең алдымен ана құрсағынан, бесіктен бастау алса, жалғасы балабақшадан. Жастайынан көргенін, естігенін бойға түйген жас сәби, ер жеткенде де сол бағытпен кетері сөзсіз. Міне, бұл пікірлер төңірегінде Алматы облысы Талдықорған қаласы №45 «Арман» балабақшасының медбикесі Сарқыт Жақыпбекқызы ой бөліседі.

- Жалпы жұмысыңыз туралы, қашаннан бері осы саланың маманысыз сол туралы айтып өтсеңіз?

-Жылдар жылжыған сайын медицина да қарқынды дамып келеді. Сол даму

көшінен қалмау дәрігерлердің басты міндеті. Осыдан тура 39 жыл бұрын ең алғашқы еңбек жолымды «Үштөбе» қаласының аудандық перзатханасында балалар медбикесінен бастағанмын. 1978 жылдың 1-тамызынан Алматы облыстық ауруханасында балалар бөліміне жұмысқа ауысып, 1982 жылы тұрмысқа шықтым. Бала сүйіп, ана атандым. Назгүл, Дана есімді қыздарым мен Данияр атты ұлым бар. 1987 жылы 3-ші ақпанда қалалық білім бөлімнен №45 «Арман» балабақшасына шақырту түседі. Содан бері балабақшадамын. Бұл жұмысыма тағы бір себеп, балаларымның тәрбиесі еді.

- Бала Сарқыт пен бүгінгі Сарқыттың көзқарасында өзгерістер бар ма?

Қандай отбасында тәрбиелендіңіз, балаларды қалай тәрбиелеудесіз.

- Мен қарапайым отбасында тәрбиелендім. Барды қанағат тұтқан үйдің қызымын. Әкемнен қалған Сарқытымын. Үйдің кенжесімін. Бауыр-әпкелерім бүгінде өз алдарына бір төбе. Бала Сарқыттың арманы –дәрігер болу еді. Ауырып қалған, ауырып жатқан адам көрсе ұсақ-түйек болсын, білген ем-домын жасап жүретін.Жастайымнан салауатты өмірді насихаттайтынмын, ұлтшылмын. Бүгінде де сондаймын. Екі Сарқыттың арасында бәлендей айырмашылық жоқ. Бүгінгі Сарқыт елімізге еңбегі сіңген қариялар мен көп балалы аналарға ыстық ықылас көрсетіп, науқастарға жылы шырай танытып, ем-дом алуға бағыт - бағдар беріп отырады. Іздемпаздықты-

жаңашылдықты жанына серік еткен.

- Тәрбиешінің балалармен жұмыс жүргізуіндегі денсаулық сақтау технологиялары қандай?

- Балабақшада оқу-тәрбие жұмыстарын заман талабына сай жүргізу, баланың денсаулығын сақтау мен нығайту мәселелерін тиімді шешу медициналық және педагогикалық қызметкерлердің бірлескен нәтижелі еңбектеріне байланысты. Осындай мәселені шешу барысында біздің анықтағанымыз, баланың денсаулығын нығайтуда және аурудың алдын-алуда тек қана баланың қимыл белсенділіктерін көтеру өте аз, сонымен қатар шынықтыру шараларын жүйелі өткізу керек. Ол үшін педагог дәстүрлі жұмыстарға дәстүрден тыс жұмыс түрлерінің жүйесін тудыруы жөн. Баланың дені сау, салмақты, дене дамуы мықты, тәбеті жақсы, ұйқысы толыққанды болып өсуі үшін күн тәртібін қатаң сақтау қажет. Бұл балаға балалық шақтан бастап ағзасын кез-келген ауруға қарсы тұруына маңызды. Себебі ағзада барлық өмірлік әрекеттер белгілі бір тәртіппен жүріп отырады. Жүрек ырғақты жұмыс жасайды, жиырылуы-босауы, тыныс алу, дем алумен -дем шығару кезектеседі, асқазандағы аста белгілі уақытта қортылып отырады.

- Денсаулық сақтау технологияларының кешенді жүргізудің басты мақсаты не?

- Мектепке дейінгі балалардың қимыл-әрекеттерін жетілдіріп, оның ағзасын суыққа төзімді болуға жаттықтыру. Балалар ауруларын төмендетуге мүмкіндіктер жасау үшін педагогтардың кәсіби-шеберліктерін өрлету және де ата-аналармен ынтымақтаса отырып, шынықтыруды кешенді ұйымдастыру

Бұл іс-шаралар барлық білім салаларымен байланыстырып, әрекеттестіріп жалпы «Денсаулық сақтау технологиялары» деп аталады.

- Балабақшадағы баламен шынықтыру шараларын ұйымдастыру алдында қандай ережелерді сақтау керек?

- Дені сау баламен шынықтыруды жүйелі жүргізу, оның теріс эмоциясын (үрей, жылау, мазасыздық) тудырмайтын және біртіндеп үдетіп, ұзартылып, медбике мен педагогтың қатаң қадағалауында болуы қажет. Оқу тәрбие үрдісін бала денсаулығына жүктеме болмайтындай, керісінше оны нығайтуға көмектесетіндей етіп ұйымдастыру керек. Балабақшаның жұмыс ерекшелігін ескере отырып, бала денсаулығын нығайту мәселелері, мектепалды балалардың физикалық дамуы – мектепке дейінгі мекеменің жұмысының негізгі бағыты болып табылады.

- Қазақстандағы салауатты өмір салтын дамытудың бастамасы мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың денсаулығын сақтаудың аса қажет екендігін көрсетеді. Сіз не дейсіз?

- Балабақша жұмысына денсаулық сақтау технологияларын енгізу қажетті заман талабынан туындайды. Осыған орай жұмыстың обьектісі – мектепке дейінгі жаста баланың денсаулығын қорғау болып саналады. Жұмыстың мақсаты - мектепке дейінгі ұйымда баланың денсаулығын сақтаудың, салауатты өмір салтын ұйымдастыру мен бала денсаулығын шыңдаудың мүмкіндіктерін қарастыру болып табылады. Мектепке дейінгі мекемедегі балалардың дені сау, психологиялық және интелектуалдық тұрғыда жан-жақты қалыптасқан, бастауышқа дайын болған мекеме түлегін дайындау.

- Сарқыт Жақыпбекқызы, бұрынғы бала тәрбиесі бесіктен! Бүгіні ше?

- Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат міндеттерінің ең бастысы - өзінің ісін өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлау болып табылады. Ал ұрпақты жан-жақты, қабілетті етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім тәрбиелік, білім танымдылық ролі орасан зор. Өзге халықтар сияқты қазақ елінің ұрпақ тәрбиесі жөнінде атам заманнан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Аға буын өз бойындағы ізеттілікті, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін, Отанын сүюшілік ең асыл қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үнемі үйретіп, қаны мен жанына сіңіріп келеді. Адамның жарық дүниеге келген күнінен бастап оның есейіп, о дүниеге аттанып кеткенге дейінгі өмірі мен іс-әрекеті, басқалармен қарым-қатынас атаулының барлығы салт-дәстүрден өзекті орын алып, баланың дүниеге көзқарасын қалыптастыратын тәрбие мектебі. Дәстүрсіз халық жоқ. Ол тарих негізінде қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып жалпыға бірдей әдеп, инабат нормасы болып табылады. Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса даму да болмайды. Соның нәтижесінде әрбір жаңа ұрпақ өткен ғасырлар мұрасының әсеріне ұшырап, оған бойсұнуға әзір. Белгілі француз социологі Э.Дюркгейм “Дәстүр – адамдардың қоғамнан дайын күйінде табатын, өздерінің тәртіптерін жөнге түсіріп және әрекетке келтіріп отыратын тетік. Дәстүрді бұзғаны үшін берілген жаза тайпалардың бірлігін сақтауға көмектесетін қорғаушы құрал болып табылады” – дейді. Бұл жерде әңгіме Бірлестіктің берік өмір сүруі үшін, оған кіретін адамдарға дәстүр талаптарын орындаудың міндеттілігі жайында болып отыр.

- Ерекшелігі неде?

- Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.

- Бала тәрбиесіндегі басты тұлға балабақша ма?

- Ата-ана. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жұріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шешеғ үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз. Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!

Кеше және Бүгін!

Барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Кешегі кеңестік кезден тәлім мен білім алған бүгінгі білікті маман, мамандығына адал Сарқыт Жақыпбекқызы кешегісі мен бүгініне не дейді?!

- ХХІ ғасыр - білім мен ғылымның дамыған ғасыры десек, осы медицина саласында жаңа заман талабына сай қандай жұмыстар атқарылып келеді?

- Бұрынғадай емес адамзаттың дамуы бұрынғыға қарағанда қарқынды даму үстінде екеніне күмәніңіз болмасын. Бұл үрдістің медициналық технологияларға да қатысы бар. Себебі осы күні таңқаларлық нәтижелерге қол жеткізуде, бізді алдымызда не күтіп тұр сонда?

Көптеген жаңа технологиялар қолданысқа еніп өз жемісін жегізіп жатса, қайсыбіреулері өздерінің ұтқыр шешімдегі оңтайлы технология екенін дәлелдеп қойса да өзінің кезегін күтуде. Болашақта біз ашық жарақаттарды бірнеше минуттарда ақ қалпына келтіре алатын боламыз. Ағзамызға керекті мүшелерді, сүйектерді, клеткаларды жаңа технологияның көмегімен жасап алуға да, адам қуатымен жұмыс жасайтын құрылғылар, зақым болған миды қалпына келтіру сияқты түрлі нәрселерге адамзат қол жеткізбек.

- Медициналық білім ге ше?

- Бүгінде білім саласына жаңа реформалар енгізу бүкіл әлем елдерінде ең өзекті мәселелердің бірі болуда. Әсіресе Қазақстанда. Білім жүйесіне жаңа емтихандар енгізіліп, мектепте білім беру жүйесі жаңартылып, ұйымдық-құқықтық құрылымдарға түзетулер енгізілуде. Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» - деген өсиетінің өзектілігі күннен күнге өсе түсуде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Бізге экономикалық және қоғамдық модернизация талаптарына сәйкес қазіргі заманғы білім беру жүйесі керек. Білімді дамыта білмейтін ел XXІ ғасырда сәтсіздікке ұшырайды»- деді. Осыған орай еліміздегі білім саласын дамытуға арналған іс — шаралар мен реформалар жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың инновациялық технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделді. Қоғамның қарқынды дамуы негізінен жастардың білімі мен мәдениетінен айқындалады. Сондықтан, біздің ойымызша, білім жүйесін құру, қоғамды мына күнде дамып отырған әлемге дайындау-бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

- Материалдық-техникалық базамыз жылдан жылға жақсаруда. Емхана мен ауруханада диагностикалық-емдеу жұмыстарын бүгiнгi таңның соңғы жетiстiктерiне сәйкес атқаруға толық мүмкiншiлiктер бар деп айтуға бола ма?

- Болады. Бүгінде медицинамыз жақсы деңгейде дамыған. Денсаулық сақтау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Елбасы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» Қазақстан халқына жолдауында денсаулық сақтау ұйымдарының жаңартылуына, ауруханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, олардың заманауи құралдармен жабдықталуына, білікті мамандар даярлауға ерекше мән беріп отыр. Мақалада балаларды емдеу және балалардың стационарларда шетінеуін төмендету жөніндегі жаңа технологиялық әдістерді қолдануды ұйымдастыру жұмыстары берілген.

- Бүгінгі медицина қызметкерлерінің қадірі құлдырап, құнсызданып барады, деген пікірге сіз келісесіз бе?

- Жоқ, келіспеймін. Бүгінде дәрігерлерімізге барлық жағдай жасалған. Жұмысын сапалы әрі тиянақты атқаруларына еш кедергі жоқ. Демек, сапалы емнен сон қандай сөз еру керек. Іс болғандықтан, қаңқу сөздер болады. Бірақ, оны тарататындар мына медицина ғылымының қыры мен сырын, я болмаса өздерінің жұмыстарын дұрыс түсіне алмайтындар. Қателеспейтін кісі болмайды. Бірақ, медицинада қателесу деген мүмкін емес. Демек, әрбір мінді өзі қате түсінетін, я болмаса қателікті көбірек жіберетін кісілер таратады.

- Медициналық жолыңызда орын алар өкінішіңіз бар ма?

- Ерекше белгімен сызып қоярлықтай өкінішім жоқ. Болған емес. Жанымның қалауы осы болса, оны ойып алатын ешкімнің, еш нәрсенің шамасы жетпейді. Бұл мамандық менің жан тыныштығым. Кейде үйде демалып отырған кезімнің өзінде де, жұмысымды аңсап, сағынатын кездерім де жиі болады. Көңілім құлазыған кезде, жұмысым арқылы тыныштық табамын.

– Бүгін медицинада не жеткіліксіз?

- Бүгінгі медицина саласына көңілім толады, өйткені мен алғаш еңбек жолын бастағанда қазіргі қолданып жүрген бір реттік қолданатын шприцтер, инструменттер, медициналық жабдықтарды ,қазіргі заманға сай медициналық аппараттары дәрі-дәрмектерді түсімізде де көрген жоқпыз. Біз бәрін қайнатып, тозығы жетіп сынған кезде бірақ есептен шығаратынбыз. Қазір барлығы толық, жеткілікті. Артығымен бар десе де болады. Демек, барлығы жеткілікті.

- Сарқыт Жақыпбекқызы, мамандығыңыз бен мақтана аласыз ба?

- Мақтана аламын. Медицина маманы болу үлкен мәртебе деп білемін. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат.

- Болашақта осы мамандықты таңдағысы келетіндерге қандай кеңес бересіз?

- Ең алдымен талапкер, өзінің болашақтағы мамандығының жауапкершілігі өте жоғары екендігін ұғынуы қажет. Одан барып басқа мамандықтар күніне сегіз, тоғыз сағаттық жұмыс атқарса, медицина қызметкерлері бір тәулік бойы қызмет атқаратындығын естен шығармауы қажет екенін жете түсінуі. Міне, осыны нақтылы дағдыға айналдыра білсе, ол нағыз дәрігер бола алады. Нан табудың амалы, өлмейтін мамандық деп қарамауы қажет.

Міне, осындай ақ халатты абзал жанның ана екендігін де естен шығармауға тиіспіз. «Ағашты қалай ексең, жемісін де солай береді» ,-деп, дана халқымыз бекер айтпаса керек. Барлық тәлім-тәрбиені жастайынан балаларының бойына сіңіріп, білім алуға мүмкіндік жасап, қоғамда өзіндік орны болатын тұлға тәрбиелейтін шаңырақтардың бірі десекте артық айтпаған болар едік. Отбасының басты қазығы, алтын тіреуі, діңгегі жолдасы Берікбай ағамен бірге 3 бала тәрбиелеп, қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырған жандар. Сарқыт Жақыпбекқызы жай ғана ана емес, ардақты әже, қадірлі ене, аяулы жар, ибалы келін. Шаңырағының ұйытқысы бола білген ақ халатты абзал жан!

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ.