Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Баға шарықтауда


22 января 2016, 04:50 | 2 270 просмотров



«Ақша – қолдың кірі», «Дүние – ағын су» деп, дүниеқоңыздықтан  аулақ болуға қанша тырыссақ та, сананы тұрмыс билеп, өмірімізде «көк қағаздың» маңызы артып тұр. Әрине қалағаныңа еркін қол жеткізе алатындай қаражатың мол болғанға не жетсін. Еңбектің көзін тауып, әр қадамын ақшаға айналдырып жатқандарды көріп, қызығатынымыз жасырын емес. Ақша кімге керек емес дейсіз?! Бәріне керек. Қазіргі заманның ерекшелігі сол — байдың өзі «бармын», «шүкірмін» демейді. Бізге оның қасында кешірімді ғой. Ақша, бай болу туралы айта бастасаң, «Құнығудың қажеті жоқ!», «Осыған да шүкір!», «Ақша –қолдың кірі», деп жатады. Біз шүкіршілік еткенмен, доллар кайда барады. Базар - ақшалыға базар, ақшасызға назар дегенге жеттік. Доллар шарықтаған сайын, барлығы асқақтауда. Бүгінде, 2016 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан қор биржасындағы таңғы сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 372,03 теңге болды. 19 қаңтардағы таңғы сессиямен салыстырғанда доллар 7 теңгеге арзандады, деп хабарлайды биржаның ресми сайты. АҚШ долларына қатысты сауданың минималды курсы 369,94 теңгені құрады. Максималды курс — 378 теңге, сауданың аяқталуы кезінде 373,50 теңге болды. Таңғы сессияда сауда көлемі 24 млн 850 мың теңге болды. Валюта операциясына байланысты келісім саны — 26. Айта кетейік, 2016 жылдың 5 қаңтарынан бастап шетел валюталарына қатысты теңге курсын белгілеу туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді долларға қатысты теңгенің орташа ресми бағамы Қазақстан қор биржасындағы таңғы және күндізгі сессия қорытындысы бойынша белгіленеді. Талдықорған қаласындағы ақша айырбастау бөлімшелерінде доллар 376 теңгеден сатылуда. Ал 20 қаңтарға арналған доллардың ресми орташа бағамы — 377,70 теңге. Алматы облысының орталығы Талдықорғанда азық-түліктердің бағалары біршама өзгерген. Мәселен, қара базардағы жоғары сортты ұнның 1 келісі бұрын 125-130 теңгенің аралығында болса,  қазіргі бағасы 145-160 теңге. Қант 185 теңгеден саудаланса, бүгінде 220 теңгеге дейін өскен. Күнбағыс майының көтерме бағасы 1 л - 240 теңгеден 260 теңгеге дейін өскен. Шұжықтар түрлеріне қарай, әрқайсысы 50 теңгеге көтерілген. Тұрғындардың арасында "әлі де қымбатшылық болады" деген сыбыстар басылмай тұр. Ал, саудагерлер бағаның осыншама шарықтауына айтар өз уәждері бар. Елімізде қымбатшылық күннен күнге қысып барады. Оны қарапайым тұрғындар түгілі, саудагерлердің өздері де ашық айтып отыр. Сөздеріне сенсек, сол себептен дүкен сөрелерін аралайтын сатып алушылардың келуі де азайғанға ұқсайды. Тіпті  кейбір тауар түрлері ай санап емес, апта санап бірнеше теңгеге көтеріледі дейді тұрғындар. “Доллар кетті ырғақтап, Құрыққа көнбей сырғақтап. Төл теңгенің құны жоқ, Азық-түлік қымбаттап”, – деп өлеңдетіп жүрміз, әйтпесе қайбір жетіскеннен шыққан өлең дейсің. «Көңілдің кірі айтса кетеді» дегендей басына небір зобалаң күндер туғанда, қара көздерін қанды жасқа малған ата-бабаларымыз мұң-зарын, көкірегі толған шемен-шерін жырмен шайған ғой. Сол бабадан қалған үрдісті, бүгінгі ұрпақ жалғауда. Өмірі жайлы болмаған соң, өлеңдетпегенде қайтеді. Кім тойып, кім тоңып секіріп жүр айналаңа қараңызшы. Кебенекке оранған кедейлер түгілі, құстың сүтінен басқаның бәрін ішіп отырған, аузы тұрмақ мұрты да майға шыланған байлар дағдарыс басталғалы бері «бірнеше миллиардтан» айырылдық деп ақпарат құралдарына мұңдарын шағып, жылап жүр. Байлар да жылайды деген осы. Ал, олардың қасында, «Басқа тартса аяғына жетпейтін» келте көрпе жамылған ашқұрсақ халық: «Бұдан жаман күнімізде тойға барғанбыз, күннің жаманы кетер, ел іргесі тыныш болса бір қайыры болар» деп, дағдарыста, танауын тасқа соққан балықтай есеңгіреп қалды. Сауда сөрелеріндегі  лимон бағасы осыдан 1 апта бұрын 750 теңге болса, қазір 850 теңгеге көтеріліпті. Шабдалының бағасы да дәл осылай жүз теңгеге қымбаттап, құны 450 болып отыр. Алмұрт 550 ден 600 теңгеге. Ал апельсиндер 280 теңгеден 350 теңгеге бірақ өскен. Осы мезгілде75 теңгенің шамасында болатын картоп болса, кейбір жерлерде әлі де 120 теңгеден төмендемей отыр. Олар сонымен қоса, жергілікті жерден сатып алынатын қиярдың бағасы қырық құбылады деп алаңдаулы. Себебі, жергілікті кәсіпкерлердің айтуларынша, таңертең бір бағамен көтермелеп сатса, түстен кейін қиярдың бағасын бірден түсіріп жібереді деп отыр. Ет-шұжық өнімдері де сатушылардың сөзінше күн санап қымбаттауда. Мәселен мына сиыр етінің шұжығы апта бұрын 1150 теңге болса, қазір 1200 ден саудалануда. Сонымен қатар, саудагерлер жылқы, шошқа еттерінің қымбаттағанын да айтады.

Маира, сатушы:

Жалпы, барлық ет өнімдері 2 апта ішінде 50-60 теңгеге өсті. Бұл қала бойынша тұрақты баға емес. Баға күнделікті өзгеріс үстінде болғандықтан сұраныс азаюда. Сатып алушылар да, сұраушылар да сын көтере бермейді.

Ажар, сатушы:

Бағалар өте жылдам өседі. Тауар қымбат. Үстіне қосатын теңге 30 теңге, 40 теңге. Өзін-өзі ақтамайдығой. Аренда жаппаймын мен мысалға. Біз орынды сатып алғаннан кейін, отырмыз.

Қайта рахмет, өкімет өзегімізге теппей, зейнетақы мен әлеуметтік аз қамтылғандарға, жалақылары аз деген мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, білімдері мен категорияларына байланысты жаңа жылдан бастап жалақыларын 40 пайызға дейін көтерді. Бірақ, алқымнан алған қымбатшылыққа қарасақ, бұл жасалып жатқан қамқорлықтар «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болып тұр. Бірлі-жарым әлеуметтік дүкендер болмаса, қалғандарын нарықтың заңы бойынша еркіндікке жіберуге мәжбүр болды. «Ақыш таздың амалы-ай» демекші, жергілікті билік өкілдері сенбі күндері «Жетісу» коммуналдық шағын базарында жәрмеңке ұйымдастырған болады. Ол күнделікті базардан 15-20 теңге төмен бірақ та, дәл осы күні сол базарға орталық базардағы саудагерлер барып саудаларын қыздырып жүр. Ақырын іш тартып, мұнда төмен бағамен сатылады, ұтыласыңдар ғой десек, аты-жөнін айтпауды өтінген бір танысым «таразы аман болса, есеп түгел ғой»-деп, күлімдейді. Сонда кім ұтты, кім ұтылды.

Зейнетақымызға үстеме қосылды деген зйнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «жығылған үстіне жұдырық тигенмен» бірдей болды. Жайма базарға барсаңыз да, сауда үйлеріне барсаңыз да, қолдарындағы барларын санап, «ақшам жетпейді айналайын, кішкене түсіріп берші» деп жәутеңдеген халықты көргенде қабырғаң қайысады. Басқа-басқа астықты өлке атанған Қазақстанда нанның бағасы әртүрлі ғой, дейді зейнеткерлер. Талдықорғанда бұл баға 60- 85 теңге аралығында. Осындайда «Мың асқанға бір тосқан болады» – деген тәмсілдің жаны бар ма, деп қаласың. Бір кездері осы нанды ысырап қып, қоқыс тастайтын жәшікке пакет-пакетімен тастап, оның қызығын қаңғыған иттер мен мысықтар көріп, қара жерде шашылып жатқан ас атасын көргенде көкірегіңді аяныш сезім билейтін. Дағдарыстың дауылы ұйтқығалы тиын-тебен санаған қала халқының көбі қазір дүкендерден нанды жартылай кесілгенін алып жатқанда «халық тәубеге келейін деген екен ғой» – дестік. Бұл әрине, орта топтағы адамдарға сабақ болған шығар, ал ақ бөлкені өзі түгіл пәтердегі итіне беріп отырған ауқаттыларға бұл қымбатшылық шыбын шаққан құрлы болған жоқ шығар.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ