Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Статистика сендіреді... немесе сандар қалай сөйлейді?


22 января 2016, 04:49 | 3 373 просмотра



«Өмірде өтіріктің үш түрі бар: жәй өтірік, арсыз өтірік және статистика» - деп айтқан екен Марк Твен. «Сандар өтірік сөйлейді, егер адамдар санаса» депті тағы бір ағылшын ойшылы. Бүгін біз жалаң сөзге сенбейміз, нақты статистикалық деректерге негізделген мәліметтерді шындыққа балаймыз. Ал ағылшындықтар болса, ең үлкен өтірік деп – статистиканы біледі. Қалай болғанда да барлық мемелкетерде статистика жүргізетін агенттіктер мен комитеттер бар. Мемлекет басшылары да, билік органдары да, тіпті халық та сол агенттіктер ұсынған деректерге сенеді. Сол деректерге сүйене отырып, елдің болашақ даму жоспарын қалыптастырады. Иа, расында сандар сөйлегенде қалай сенбейсің?! Ендеше қазақстандық сандардың қалай сөйлейтіне көз жүгіртсек.

Қазақстан Республикасы статистика комитеті қызметi саласындағы негiзгi мiндеттерi статистикалык әдiснаманы қалыптастыру;мемлекеттiк статистика қағидаттарын сақтай отырып, статистикалық қызметтi жүзеге асыру; қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа қажеттiлiгiн қанағаттандыру.Олай болса, осы ҚР статистика комитеті ұсынған деректерге сүйеніп, халықтың ресми статистикалық ақпараттардан ұсынайық.

Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге назар салсақ, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 2015 жылдың қараша айындағы дерегі бойынша 5,0% құраған. Ал орташа айлық жалақы 2015 жыл желтоқсан бойынша 157655 теңге болса, инфляция дәл осы мерзімде 13,2%-ға жеткен. Жалпы ішкі өнім (ВВП) деңгейі 2015 жылдың 9 айында 101,2%-ды құраған екен.

Халықты әлеуметтік қамсыздандыру көрсеткіштері бойынша нақты сандар 1991 жылдан 2014 жылға дейін толық қамтылған. Мысалы, Қазақстандағы аурухана саны 1991 жылы 1805 болса, 1999 жылы бұл көрсеткіш 917 –ге азайған. 2000 жылдан еліміздегі ауруханалар саны көбейе түседі. 2000 жылы 938 болса, 2006 жылы -1086 жетеді. 2007 жылдан бастап ауруханалар саны кеми түседі. Сөйтіп, 2014 жылы Қазақстандағы ауруханалар саны 911 –ге азайды. Бұның себебін, еліміздегі бірнеше медициналық мекемелердің біріктіріліп, бір басшылыққа бағынумен байланыстырамыз. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ондаған жаңа нысандар салынғанын білеміз. Тәуелсіздік алған 1991 жылы елімізде 8575 мектеп тіркелген. 2006 жылы 8055 мектепке азайып, одан әрі мектептер саны кеми түседі. 2013 жылы жалпы мектеп саны 7561–ге жетіп, 2014 жылы 7562 болған. Мектептер санын азаюын апатты жағдайдағы білім ордаларының жабуымен түсіндіреміз. Білім және ғылым мининстрілігі дерегі бойынша, 2015 жылы жаңа 157 мектеп салынып, соңғы жылдары апатты жағдайдағы мектептер саны 2-есеге азайған.

Бүгін де қоғамда медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі үлкен проблемалардың бірі екенін мойындайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда жалпы саны 66038 дәрігерге жеткен. Ал осындан 10 жыл бұрын дәрігерлер саны 54613 дәрігер болған еді. Жыл санап дәрігерлер саны да арта түсуде. Бірақ, сонда да маман тапшылығы әлі байқалады. Орта буын медицина қызметкерлері саны 2013 жылы 163102 адамды құраса, 10 жыл бұрын бұл сан 115006 адам болған. Денсаулық сақтау мен білім беру салалары әлеуметтік бағыттағы ең негізгілері болып табылады. Сол себептен, осы салалардағы статистикалық деректерге аса нақтылықпен қарайтыны белгілі.

Жалақы мен жұмыссыздық

Халықтың өмір сүру деңгейін бірнеше факторлармен бағамдайды. Оның ішінде күнкөріс көрсеткіші, жұмыспен қамту, жалақы және зейнетақы мөлшері. Бұл аталғандар жайлы жыл сайын статистикалық деректер жарияланады. Сол деректерге, көңіл бөлсек. Ең төменгі күнкөріс көрсеткіші туралы дерек 1997 жылдан бастап жариялана бастаған. Дәл сол жылда ең төменгі күнкөріс деңгейі 3505 теңгені құраған. 2000 жылы бұл көрсеткіш 4007 теңге болса, 2005 жылы 6014 теңгені құрайды. 2008 жылы ең төменгі күн көріс деңгейі 9653 теңгеден 12364 теңгеге бірден көтеріледі. Ал 2013 жылы 17789 теңге болып, 2014 жылы 19068 теңгеге жетті. 2015 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 21364 теңгеге өсті. Жаңа жылдың алдында шарықтаған азық-түлік бағасын ескерсек, биылғы жылдың көрсеткіші де шарықтай түспек.

Халықтың жұмыспен қамтылу деректеріне келетін болсақ, ресми деректер 1994 жылдан бастап жариялана бастады. 1994 жылы елімізде жұмыссыздақ деңгейі 7,5 %-ды құрапты. Ал 1999 жылы жұмыссыздық деңгейі 13,5%-ға жетіп, 2000-жылдардан бастап жұмыссыздық деңгейі төмендейді. 2000 жылы көрсеткіш 12,8% болса, 2011 жылы 10,4%-ға жетеді. 2014 жылы жұмыссыздардың пайыздық үлесі 5,0-ға төмендеді. 90-жылдардағы дағдарыс уақытында көптеген кәсіпорындар жабылып, халық жұмыссыз қалғаны белгілі. Жұмыссыздық деңгейі төмендеген сайын, күнкөріс деңгейі де жоғарлап, жалақының орташа көрсеткіші де жоғарлай түсті.

Статистикалық ресми дерекке сүйенсек, 1995 жылы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 4786 теңгені құрапты. 1999 жылы бұл цифр 11864 теңгеге өседі. Ал 2000 жылдардан кейінгі көрсеткіш мүлдем басқа. 2002 жылдан бастап орташа еңбекақы 20000 теңгеден көтеріле түсіп, 2006 жылы бірден 40000 теңге болады. сөйтіп жыл сайын орташа жалақы көрсеткіші 10 мың теңгеге артып отырған. 2010 жылы көрсеткіш 77611 теңге болып, 2014 жылы жалақы бірден 121021 теңгені құраған екен. Ал ең төменгі жалақы 2014 жылы 19966 теңге.

Халық саны

Қазақстандағы халық саны жыл басындағы дерек бойынша 17 млн. 400 мың адамға жетті. 2013 жылғы 1 желтоқсанымен салыстырғанда халық саны 251 мың адамға өсті. Ресми дерекке сүйенсек, туылғандар саны 368 мыңға жетіп, 1,6 пайызға артты. Ал қайтыс болғандар 120 мың адамды құрап, 4,7 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, 2014 жылы қаңтар-қарашада елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 15 185 адамды құрады. Ал елден кеткендердің саны 18,8 пайызға көбейіп, 26 869 адамды құраған. Атап айтқанда, еліміздегі негізгі көші-қон бұрынғыдай ТМД елдері аясында сақталып отыр. Еліміздегі демографиялық хал-ахуал сарапшыларды бұрынна толғандырып жүрген. Жер көлемі жағынан әлемде 9-орынға табан тіреген Қазақстан халық саны 1991 жылы -16 297 981 болды. Бес жылдан кейін халық саны 15 956 667 адамға азайды. Сол жылдан бастап халық саны керісінше төмендей түседі. 1999 жылы барша азақстандық саны 14 955 106-ге төмендеді. Ал ең төменгі көрсеткіш 2003 жылы тіркеледі, 14 866 837 адам. 2004 жылдан бастап халық саны күрт өсе бастайды. 2005 жылы 15 074 767-ға жетіп, 2006 жылы- 15 219 291 ,2007 жылы-15 396 878, 2008 жылы -15 571 506 болады. 2010 жылы халық саны 16 миллионнан асып түседі. 2013 жылы 16 909 776 адамға өсіп, 2014 жылы -170160 774 қазақстандыққа көбейді. Енді 20 миллионға қашан жетеміз...?

Көлігі көп қазақпыз

Қазақстан 2015 жылы қараша айындағы дерек бойынша қолда бар жеңіл автокөліктердің саны 5 042 424, бұл тіркелген және тіркеуден алынған автокөліктерді қоса алғанда. Соның ішінде жеке тұлғаларға 4 798 608, ал заңды тұлғаларға 243 816 көлік тиесілі. Халықтың 100 адамға шаққандағы автомабильдер саны -27,4. Бұл деректерді ҚР статистикалық комитеті ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегіне негізделіп дайындаған. Қазақстан әлем бойынша жол көлік оқиғаларынан көш бастайтын мемлекеттің бірі. 2003-2014 жылдар аралығында елімізде барлығы 183953 жол көлік оқиғалары тіркелген. Осы он жыл ішінде ең жоғарғы көрсеткіш 2013 жылы орын алған, 2012 жылы 14168 жол көлік оқиғасы тіркелсе, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, 23359 құрады. Әрине, бұл қуанатын көрсеткіштер емес. 2003-2014 жылдар аралығында Қазақстанда жол көлік апатынан 38039 адам қаза болған. Жыл сайын елімізде шамамен 3000 адам тек жол көлік оқиғаларынан көз жұмады.

Сан түрлі сандар

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстанда ең халық саны көп облыс болып табылатындығын, және мұнда 2014 жылдың басына халық саны 2 733 279 адамды құраған, бұл Ақмола облысы халқының санынан шамамен 4 есеге көп екендігін.

2013 жылы жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі жылдамдықты арттыру салдарынан болған – 5289 бірлік (22,6%).

2012 жылғы IV тоқсандағы халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша жұмыспен қамтылған халық аптасына 40 сағаттан аса жұмыс істеген.

Оңтүстік Қазақстан облысында (орташа жан басына шаққанда 46 кг) ет және ет өнімдердің тұтынуы Алматы қаласына қарағанда (орташа жан басына шаққанда 86 кг) 2 есе аз, ал балық және теңіз өнімдердің (орташа жан басына шаққанда 8 кг) Атырау облысына (орташа жан басына шаққанда 24 кг) қарағанда 3 есе аз (2013 жылғы үй шаруашылықтарын іріктеме зерттеу қорытындылары бойынша).

Қазақстанда жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар тұлғалар жалдамалы қызметкерлер арасында – 42%, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында– 19%, жұмыссыздар арасында - 25% (2014 жылғы 3 тоқсандағы халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша).

2014 жылғы шілдеде орташа айлық атаулы жалақының ең жоғары шамасы кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 253874 теңге, ең төменгі шамасы – ауыл, орман және балық шаруашылығында – 63560 теңге белгіленді.

Республиканың барлық оқу залдарына (36 915 орын) Лихтенштейннің барлық халқын (36 476 адам) орналастыруға болады.

2012 жылғы жұмыспен қамтуды іріктеп зерттеу нәтижелері бойынша барлық жұмыспен қамтылғандардың 7% ғана қосымша еңбекақы төлеу жағдайында көбірек уақыт жұмыс істеуге келісер еді

2014 жылдың 3 тоқсанында табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың басым үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына (6,9%).

Қазақстанда 2012 жылы дәрігердің орташа айлық жалақысы 113 804 теңгені, ал мұғалімдікі 73 990 теңгені құрады

2013 жылғы 1 тоқсан бойынша Қазақстанда орташа алғанда халықтың жан басына шаққандағы табыстың ең жоғары мөлшері Атырау облысына (113 715 теңге) келді

2014 жылдың 2 тоқсанында табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың басым үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына келді (5,5%, бұл өткен жылғы тиісті кезеңге қарағанда 0,7 пайыздық тармаққа төмен).

Автор:
Мәдина Омарқұлова