Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қатерлі ісікке сананың сілкінісі қарсы тұруы керек


22 января 2016, 04:49 | 2 158 просмотров



Елімізде 18 онкологиялық орталық болса, солардың ішінде төсекорын санының көптігімен, құрал-жабдығының жаңалығымен және қолы жеңіл, емі шипа мамандарының кәсіби біліктілігімен ат оздырып тұрғаны Қарағанды облыстық онкологиялық диспансер екен. Медициналық мекеменің басшысы, кәнігі хирург Мұратбек Жұмақаев мұны бізге нақты мысалдармен дәлелдеп, баяндап берді. Биыл құрылғанына 70 жыл толатын онкологиялық орталықтың ауыз толтырып айтар жетістігімен қатар, шешілмей келе жатқан шетін мәселесі де директормен арада болған сұхбат барысында көрініс тапты.

– Мұратбек Дәулетханұлы, «онкология» дегенде адамдар санасын үрей билейтіні жасырын емес. Жұрттың көбі осы себепке байла­нысты емделуден қашқақтап жүре­ді де, ауруы әбден асқынғанда ғана барып дәрігерге жүгіреді. Осы түйт­кілді қалай жоюға болады деп ойлайсыз?

– Адамдардың сана-сезімін өзгерт­пей болмайды. Өзінің денсау­лығына атүсті, салғырт қараған адам – қоғамға масыл. Жасыратыны жоқ, ауруы әбден асқынып, сырқаты меңдеген ата-анасын алып келгендермен кейде қатты сөйлесуге тура келеді. «Мұсылман баласы таңертең тұрғанда жасы келген ата-анасының қал-жағдайын сұрамаушы ма еді. Осынша халге қалай жеткіздіңдер?!», деп ұрсатыным да рас. Сонда олардың айтатын уәжі мынадай: «Айтудайын айтамыз-ау, тек өздері ғой, аурухана десе безе-қашатын…» Бұл, әрине сылтау. Егер де, әркім егде тартқан туыстарының ғана емес, өзінің де денсаулығына жанашылықпен қарар болса, кеселдің алдын алу әлдеқайда оңайға түсер еді.

Осы ретте мынадай жайтты айтпай кетуге болмас. Жыл сайын біздің облыста тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізуге қомақты қаржы бөлінеді. Өкінішке қарай, біздің халық бұл тексерістерге немқұрайды қарайды. Олар медициналық тексеру барысында анализдерді жөндеп тапсырмайды. Соның нәтижесінде, ауылдық жерлердегі адамдардың бойында қатерлі ісікке қатысты қандай дерт барын анықтау мүмкін болмай отыр. Мәселен, 3 мың халқы бар бір ауылдан тоқ ішек, тік ішек ісігі бар бір де бір адам табылмайды. Себебі, белгілі – халық анализді дұрыстап тапсыруға мән бермейді.

Дегенмен, соңғы кездері халқы­мыздың сана-сезімі баяу болса да өзгеріп келеді. Осыдан 50-100 жылдай бұрын халықтың өмір сүру жасы 50-дің мұғдарында болса, қазір ол деңгей ұзарып, 70 жастан асты. Заман түрленген, айнала толған игі­ліктер. Сәйкесінше, адамның өмір сүруге деген құлшынысы арта тү­се­тіні заңдылық. Өмірдің нағыз қы­зығы 50-60 жастан кейін басталады. Сол себепті, қазір адамдар өз денсаулығына ұқыпты қарай бастады. Дер кезінде дәрігерге көріну, саламатты өмір салтын сақтау сияқты игілікті істермен айналысуға деген ұмтылыс бар.

– Қатерлі ісік ауруларын емдеудің күрделі үдерістен тұратыны белгілі. Сондай-ақ, соңғы жылдардағы бұл саладағы жетістіктерді де жоққа шы­ғаруға болмайды. Дегенмен, бүгінгі медицина бұл кеселдің ал­­дында қаншалықты дәрежеде қау­қарлы?

– Шартты түрде алсақ, рак аурулары төрт немесе бес сатыдан тұрады. Сырқаттың жаңа пайда болған кезі медицина тілінде «рак инцито» деп аталады. Бірінші сатысында қатерлі ісік кілегей қабығына ғана бітеді. Осы жара ұлғая түсіп, келесі қабатқа өткен жағдайда оны екінші саты деп сипаттауға болады. Дерт түйін салып, дами түсіп, тарай бастаған кезді үшінші-төртінші сатыға жатқызады. Ал енді, ауру асқынбай, бірінші және екінші сатысында тұрғанда, ондай науқастардың 95 пайызын емдеп жазуға болады деп нық сеніммен айта аламыз. Әлбетте, осылай болса жақсы ғой. Өкінішке қарай, іс жүзінде жағдай мүлде басқаша болып қалыптасып жатады. Онкологиялық ауруға шалдыққандардың 30 пайыздайы емге көнбейтін, әбден асқынған уағында ғана келеді дәрігерге.

– Орталықтың заманауи меди­циналық құрал-жабдықпен, озық технологиялармен қамтамасыз еті­луі қандай дәрежеде?

– Облыстық онкологиялық диспансерде тек қана позитрондық-эмис­сиондық томограф (ПЭТ) қана жоқ. Өте қымбат тұратын бұл аппараттың екеуі Астана қаласында бар. Және олардың бүкіл Қазақстанның қажетін ашуға мүмкіндігі жетіп тұр. Ал қалған қажетті дүниенің бәрі біздің орталықта жеткілікті.

Жалпы, онкологиялық ауруларды емдеуде дүниежүзілік тәжірибеде қолданылатын әдістердің түгелге жуығын біздің орталық мамандары жүзеге асыра алады. Жаңа технологияларды енгізіп, олармен жұмыс істеу үшін алыс-жақын шетелдерге барып, тәжірибе алмасып отырамыз. Құрал-жабдық, аппараттардың дені халықаралық стандарттарға сай. Дамыған елдердегі тек озығын алуға тырысамыз.

– Онкология сынды аса күрделі сала­ның маманына жүктелер жау­ап­­кершіліктің мол екендігі сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, меди­ци­на­лық кәсіби маман тапшылығы сезіле ме?

– Бүгінгі таңда біздің орталықта 96 дәрігер еңбек етеді. Бұлардың бәрі де өз ісінің аса білікті мамандары. Осылардың ішіндегі қырықшақты дәрігер Қарағанды медициналық университетінде дәріс оқып, шәкірт даярлайды. Бір сөзбен айтқанда, дәл бүгінгі күнде бізде кадр тапшылығы деген атымен жоқ.

– Қайсыбір сұхбатыңызда онко­­ло­гиялық диспансердің алдында тұрған проблема ретінде ғима­рат­тың тарлығын айтқаныңыз есте. Бұл шетін мәселе өзінің шеші­мін қа­шан табар екен?

– Рас, диспансер орналасқан бү­гінгі ғимарат өте тар. Қуықтай ғана бөлмелерде қызметкерлер үштен, төрт­тен, тіпті кейбірінде бес адамнан сығылысып отырады. Ал дәлізде қа­ралуға келген адамдардың өзі үйме-жүйме болып тұрады. Бұлай болмауы керек, әрине. Онсыз да көңілі пәс болып, ұнжырғасы түсіп келген науқас жандар кең дәлізде, жайланып отырып өз кезегін күтуі керек қой.

Амандық болса, биыл Қараған­дыдағы облыстық клиникалық балалар ауруханасы жаңа ғимаратқа қоныс аударып, оның орнына бет-жақ сүйек ауруханасы көшіріледі. Ал олар босатқан ғимарат біздің онкологиялық диспансерге берілмекші. Сонда біздің химия терапия, сауықтыру бөлімшелері сол ғимаратқа орналасатын болады. Осы шаруа сәтімен іске асқанда, ұзақ жылдардан бері қордаланып келген мәселе шешімін табады деген үміттеміз.

– Қатерлі ісікке шалдыққан адам­дардың операциядан кейінгі өмір сүру ұзақтығы белгілі бір көр­сеткішпен өлшене ме?

– Онкологиялық ауруларды емдеу көрсеткішінің нәтижесін мынадай деректер арқылы анықтауға болады. Егер де, қатерлі ісікпен ауырған адам операциядан кейін бес жылдан артық өмір сүрсе – бұл дегеніңіз өте тәуір нәтиже. Бұл жағынан біздің онкологиялық диспансер алда тұр. Еліміз бойынша 55 пайыздық көрсеткішпен бірінші орында келеміз.

Жалпы, біздің орталықта жылына үш мыңнан астам операция жасалады, тоғыз мыңға жуық адамды емдеп шығарамыз.

– Қатерлі ісік дерті ауруларын ем­деудің ең тиімді деген жолын атай аласыз ба?

– Онкологиялық ауруларды емдеу үш бағыт бойынша жүргізіледі. Ең алдымен операция арқылы ауру ошағын толық жойып, сылып алып тастау әдісін айтуға болады. Одан кейін радиоактивті заттардың сәулесін пай­даланып, рактың кейбір түрлерін толығымен емдеп, жазуға болады. Үшінші әдіс – химия терапиясы кө­ме­гімен ғана емдеуге көнетін ісік түр­­лері бар. Бұдан бөлек, тереңге ұя сал­ған түйіндерді тек сәуле арқылы емдеу әдісі де қолданылады. Әйтсе де, көптеген жағдайда ота жасауға жүгінетініміз рас. Яғни, емдеу әдіс­терінің тек мына түрі ғана тиімді деп кесіп айту тіпті де мүмкін емес.

Біздің облыста аудандық 29 онколог маман бар. Ал қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды емдеу белгілі бір орталықта болғанының дұрыстығына талас жоқ. Мысалы, бір адамнан ауру табыла қалған жағдайда ең кемі жеті маманнан тұратын кеңес тобының жиыны өтеді. Өйткені, адам тағдыры біздің қолымызда тұрған соң, бұл іске асқан жауапкершілікпен қарауға тура келеді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, мұндай жиында әр маманның пікірі ескеріледі. Тек ортақ пікірге тоқтап, толық келісімге келгенде ғана белгілі бір шешім қабылданады.

– «Жаман айтпай жақсы жоқ», қа­терлі ісік ауруларынан сақтанып жү­ру үшін адам баласы не істеу керек?

– Латында «канцерогенез» деген сөз бар, мұндағы «канцер» «қа­терлі ісік» деген мағынаны берсе, «генезис» – «пайда болу» деген сөзді біл­діреді. Қатерлі ісіктің «қайнар көзі» – нашар экология. Қалалар өсіп, ауаны ластайтын өндіріс ошақтары көбейген сайын ісік аурулары да етек жая бастайды. Канцероген дегендер зауыт түтіндерінде, бояғыш заттарда да мол болады. Әсіресе, бояғыштардан келетін қауіп зор: олар сыртқа бүйрек түтікшелері арқылы шығатындықтан, қуық қатерлі ісігін тудыруы әбден мүмкін. Шылым мен улы түтіндер де – канцерогендер. Бұлардың кесірінен өкпе рагы туындайды. Күйген майға піскен, қатты қуырылған, шамадан тыс тұзды тамақтар да өз кезегінде асқазан қатерлі ісігін тудыруға себепкер болады.

Сөз соңында айтпағым, әр адамның денсаулығы – баға жетпес қазынасы. Сайып келгенде, дерттің дер кезінде алдын алу әркімнің қасиетті боры­шы. Ал аурудың ішіндегі ауыры – қатерлі ісікке қарсы тұру үшін біз­дің санамызға есен-саулығымызға сақ­тықпен қарауға үндейтін үлкен сіл­кініс керек.

Мемлекет басшысы өзінің «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында денсаулық сақтау саласын медици­налық қызметтің сапасын арттыру бойынша соны реформа, үлкен өзгерістердің күтіп тұрғанын атап өтті. Біз өз тарапымыздан бұл бас­тамаларды қолдаймыз және бар мүм­кіндікті салып үлес қосуға әзірміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Айқын НЕСІПБАЙ, Қазақстанның Құрметті журналисі. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».