Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Көрпеге қарап көсілу


22 января 2016, 04:48 | 1 473 просмотра



Басты мақалалар, Замана 20.01.2016 0 2 рет оқылды

Өткен жұма күні Қазақстан қор биржасының (KASE) кешкі сессиясында АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы – 362.67 теңгені құрады. Ұлттық валютамыздың құлдыраған беделін қайта қалпына келтіріп, теңгені тұйықтан шығарар күн бар ма?!

Көкейкесті бұл ащы сұрақ¬қа жауап іздер алдында, ұлттық валютамызды осындай дең¬гейге жеткізген негізгі себеп¬терді ай¬қын¬дап алайық. Сарап¬шы¬лар¬дың пікірінше, мұнай экспортына тәуелді Қазақстанның ұлттық валютасының құнсыздануына әлемдік рыноктағы мұнай баға¬сының күрт төмендеуі ең басты себеп болып отырған көрінеді. Әрине, мұнай баррелі бағасының 28-30 долларға дейін құлдырауы экономикамызға ерен қиындықтар әкелгені даусыз. Бірақ теңге бағамының төмендеуіне тек мұ¬най бағасының арзандауы ғана түрткі болып отырған жоқ.

Теңге айналымға шыққан 1993 жыл¬дан бергі оның АҚШ дол¬лବр¬ына шаққан бағамына зер са¬лып көрейік: 1993 жылы $1 – 5,2 тг, 1995 жылы $1 – 61 тг, 1999 жылы $1 – 119 тг, 2002 жылы $1 – 155 тг, 2009 жылы $1 – 147 тг, 2013 жылы $1 – 152 тг, 2014 жылы $1 – 184 тг, 2015 жылы $1 – 310 тг, 2016 жылы $1 – 362 тг. Міне, осы мерзім ішінде мұнай бағасы мың құбылып, тіпті, тарихта болмаған ең жоғары шегіне жеткен күндері де болды. Бірақ мұнай бағасының шарықтап өсуімен бірге теңге бағамының нық тұрақтанғанын көргеніміз жоқ. Мәселен, мұнай бағасының алғашқы күрт құлдырауы 1997-1999 жылдарға, азиялық дағдарыс кезеңіне тап келді. Бұл кезде Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 23,13 доллардан 10,45 долларға дейін арзандады. Осыған байланысты теңге бағамы 40 пайызға дейін төмендеп, 1 АҚШ доллары 130-138 теңгеге дейін жетті. Мұнай бағасының құлдырауы ұзаққа барған жоқ. 1998 жылдың ортасынан қайта көтеріліп, 1999 жылдың ортасында дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетті. Алайда, мұнай бағасының өсуімен теңге бағамы тұрақтанып, нығайған жоқ. 2002 жылы теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 156 теңгеге жетті.

Екінші рет мұнай бағасы 2008 жылы күрт құлады. Brent мұнайының баррелі 143,95 доллардан 33,73 долларға дейін құлдырады. Көп ұзамай, яғни 2009 жылы мұнай бағасы қайта көтерілді. 2012 жылы мұнай бағасы 128,14 долларға дейін өсті. Өкінішке қарай, теңге бағамы мұнай бағасымен бірге нығайған жоқ. 2002 жылдан бері бірде-бір рет тұрақтанып көрмеген теңге бағамы 2015 жылы 85 пайызға дейін төмендеді. Жаңа жыл басталғаннан бері теңге бағамы тіпті құбылудан көз ашпай тұр. Егер теңге бағамы мұнай бағасының ауытқуына байланысты өзгеретін болса, осы жылдар ішінде неге мұнай баррелі бағасының қымбаттауы кезеңінде тұрақтылық танытып, нығайып көрген жоқ?

Ендеше, теңге бағамының төмендеуі тек мұнай бағасының түсуіне ғана тәуелді емес. Оның тағы бір қосалқы себебі, Қазақстанның шектен тыс долларланып кетуінде болып отыр. Өздеріңіз ойлап қараңызшы, біздің елде әйелдердің қымбат тондарынан бастап, автокөлік пен жылжымайтын мүлікке дейін есепті бірлікпен (у.е) саудаланады. Жарнамаланатын тауар атаулының бәрі доллармен бағаланады. Халық жалақыны да, жәрдемақылар мен өтемақыларды да теңгемен алады ғой. Біздің елімізде неге еңбекақы теңгемен, тауар бағасы доллармен бағаланады? Желтоқсан айының соңында Halyk Finance сараптамалық компаниясы Қазақстанда долларлану үрдісі тарихи ең жоғары шегіне шықты деп мәлімдеді. Инфляция артып, долларлану үрдісінің белең алуына еліміздің кәсіпкерлері (біздегі кәсіпкерлердің басым көпшілігі саудагерлер екені жасырын емес) мен банкирлер барынша үлес қосып отыр.

Жасыратыны жоқ, елімізде тұтынушылық сұранысты қанағат¬тандырудың 70 пайызға дейінгі мөлшері импорттың арқасында жү¬зеге асырылады. Ал сол импорт¬ты тұтынушыға жеткізетін жоғарыда айтқан «кәсіпкерлер» ғой. Олар сол тауарларды өндіретін кәсіпорындар ашудың орнына шеттен әкелетін тауарларын сататын сауда орталықтарын салуды дәстүрге айналдырған. Себебі, тауар өндіретін өндіріс ашудың машақаты да, шығыны да белшеден. Одан да шеттегі тауар өндірушілермен «бәсекелес» болып бас қатырғанша, олардың дайын өнімін саудалаған жеңіл әрі пайдалы.

Доллар бағамы өскен күні сау¬да орталықтарына барсаңыз баға шарықтап шыға келеді.

– Ау, кеше ғана 700 теңге тұ¬ра¬тын өрігің 3500 теңгеге көте¬ріл¬-

¬гені, 300 теңге тұратын қияр¬дың 1500 теңгеге, қызанақтың 2000 теңгеге дейін қымбаттағаны қалай? – дейсіз қиналып.

– Біз тауарымызды тек доллармен ғана сатып аламыз. Дол¬лар ба¬ғамының қаншалықты көтерілгеніне қарамайсыз ба?! – дейді кәсіпкер керіліп.

– Өрік пен қиярдың қымбат¬тауына доллардың қатысы қанша? – дейсіз шынымен қайран қалып.

– Көке, көктен түстіңіз бе? Өрік түріктікі, қияр қытайдікі, қызанақ өзбектікі ғой. Көзіңізді ашып, қара¬саңызшы… – дейді кәсіпкер де таңдана кекжиіп.

Осымен әңгіме тәмәм. Бұ¬дан шығатын қорытынды, халық тұ¬ты¬натын тауарларды толықтай өзі¬мізде шығармай көсегеміз көгер¬мей¬ді, ұлттық теңгеміздің беделі көте¬ріл-мейді. Тұтыну тауарлары ел ау¬ма¬ғында өндірілуі, теңгемен баға¬лануы және теңгемен сатылуы ке¬рек. Шағын және орта бизнес сала¬сын дамыту аясында «50 пайыз¬ды қойып, 100-200 пайыз» пайда табуға негізделген алыпсатарлық «кәсіп¬керлікті» ауыздықтап, тұтыну тауарларын өндіретін кәсіпкерлікті кеңейтуге шұғыл бетбұрыс жасау қажет.

Биыл Павлодар облысында картоп бұрын-соңды болмаған көлемде керемет бітік шықты. Картоп сақтайтын қоймалар аузы-мұрнынан шығып тұр. Картоп өсірушілер қыруар еңбекпен өсірген осы өнімдерін өткізе алмай отыр. Ал еліміздің делдал «кәсіпкерсымақтары» Павло¬дардың сапалы картобын өзіндік құнымен сатып алудың орнына өзбектің, орыстың картобын әке¬ліп бұлдауда. Көктемге қарай павло¬дарлық картоптың басым бөлігі шіріп кетеді. Міне, отандық өнімге деген көзқарас!..

Ұлттық валютамыздың беде¬лін көтеру мақсатында Қазақ¬станның банк жүйесі «шыбық басын сындырмай» отыр. Теңгенің беделден айырылғанына банкирлер бас ауыртып қайтеді?! Банк табысының мұрты қисайған жоқ, депозит көлемі кеміген жоқ. Халық¬тың теңге депозитінен қа¬шып, жаппай доллар депозитіне көшіп жат¬қанына жаны ауырған бір банк иесін көрмедік. Неге жаны қи¬налсын, депозит мөлшері төмен¬деген жоқ, түсетін табыс та сол қалпында. Ал ол ұлттық валюта депозиті ме, әлде, шетелдік валюта депозиті ме айырмашылығы қандай…

Мәселен, өткен жылдың тек қазан айында ғана корпоративтік теңге депозитінің көлемі 216,3 миллиард теңгеге азайған. Ал тура осы айда шетелдік валюта депозиттері 187,7 миллиард теңгеге өсіп шыға келіпті. Одан бергі уақытта барлық банктердегі теңге депозиттері бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді. Екінші деңгейлі банк¬тер арқылы шетелге шығарылып жатқан капиталға да тосқауыл қойылар емес. Қалыптасқан осындай жағдайға байланысты дабыл қағып, теңге депозиттерін өсіруге, ел активтерін сақтауға ұмтылған, елдің патриоттық сезімін оятуға талпынған не бір банк, не бір банк қызметкері болған жоқ.

Ел экономикасына шетелдерден тартылған инвестиция алдымен осы екінші деңгейлі банктерге түседі. Экономиканы қолдауға Ұлттық қордан бөлінген транш¬тар да, мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар үшін бюджеттен бөлінген қаржылар да банк¬терге беріледі. Ал олар пайыздық ставкаларын қосып айналымға жібереді. Еліміздің экономикасына үлкен қиындықтар әкелген бүгінгі әлемдік дағдарысқа қарамастан «ауадан ақша жасайтын» банктер байып жатыр. Қазақстандағы екінші деңгейлі банк активтерінің көлемі 20 триллион теңгеден асып жығылды.

Жақында «Ranking.kz» порталы Қазақстандағы банк саласы қызметкерлерінің, оның ішінде банк директорлары мен топ менеджерлерінің 2015 жылғы орташа табыстарының мөлшерін есептеп шығарыпты. «Среднее вознаграждение топ-менеджера в месяц в банках Казахстана» деп аталатын сол үлкен тізімнен үзінді келтірейік: тізім бойынша «Bank RBK» АҚ директорының орташа жалақысы 1,2 миллион теңге болса, «Еуразиялық банк» АҚ директорының орташа айлық жалақысы – 15,1 миллион теңге, ал басқарма мүшелерінің орташа жалақысы 8,3 миллион теңге көрінеді. «Банк Хоум Кредит» АҚ директоры айына 4,5 миллион теңге алса, оның басқарма мүшелері 3,5 миллион теңгені «қанағат» тұтады екен. «Банк Центр Кредит» АҚ директорының жалақысы 2,1 миллион теңге болса, «Халық банк» АҚ директорының орташа айлық жалақысы 11,4 миллион теңге болыпты.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де – сол. Банкирдің айлық жалақысы – 15 миллион теңге! «HeadHunter Казахстан» сараптама және зерттеу орталығының дерегі бойынша, еліміздегі білікті мұғалімдер айына орта есеппен 80 мың, тәжірибелі тракторшы-машинис¬тер 90 мың теңге жалақы алса, инженерлердің орташа айлық жалақысы 120 мың теңгеге жуықтайды екен. Ал банк басшылары 11-15 миллион теңгеге дейін жалақы алады. Мұны қандай ақылға сыйғызуға болады?!

Ал миллиондап жалақы алатын сол банкирлер төл теңгеміздің беделін арттыру үшін не істеді? Басқасын былай қойғанда, өздерінің негізгі міндеті – теңге депозиттерін сақтап қала алмай отыр. Халықпен өркениетті насихаттық тұрғыда жұмыс істеуді білмейді. Банк тұтынушыларын несие алуға ғана бейім сұраншақтар деп түсінеді. Тұтынушы беделі үшін қызмет көрсетуге құлқы жоқ. Еліміздегі екінші деңгейлі банк қызметкерлері осындай сауатсыз қызметтің салдарынан ұлттық валюта беделін түсірумен қатар, теңге арқылы несиелеу жүйесін дағдарысқа ұрындырып, инфляцияның өсуіне, банк секторында стагнациялық үдерістің күшеюіне жол берді. Сөйтіп отырып, банк басшыларының миллиондап жалақы алуға қандай моральдық құқы бар?!

Қорыта айтқанда, теңге баға¬мы¬ның төмендеуі тек мұнай баға¬сының құлдырауына ғана байланысты емес екен. Мұнай баға¬сы әлі де төмендейді. Кейбір сараשּׁшы¬лардың пікірінше, мұнай барре¬лінің бағасы 20 доллардан да арзандайтын көрінеді. Тағы бір ащы шындық – АҚШ Ресей экономикасын тұралатпай тынбайды. Ол үшін мұнай бағасын 10-15 долларға түсіруден де тайынбайды. Бұған күні кеше ғана санкция¬лардан босап, әлемдік нарыққа еркін шыққан Иранның арзан мұнайын қосыңыз. Сонда теңге бағамы құрдымға кеткен мұнай бағасымен бірге құлдырай беруі керек пе? Жоқ! Соңғы жылдары біршама әртараптандырылған экономикамыздың әлеуеті енді көрінуі керек. Тауар және қызмет көрсету бағасы қарапайым халықтың табысының деңгейіне бейімделуі тиіс. Сататын тауарлары импорттан тұратын «кәсіпкерлер» үшін сату салығын өсіру керек.

«Жауырды жаба тоқығаннан» ушыққан жара жазылмайды. Ендеше, ашық айтар ақиқат біреу – ең алдымен, ел абыройын ойламай ешкім де ұшпаққа шыға алмайды. Еліміздегі байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ең қауіпті шекке жетті. Сондықтан бар байлықты қолдарына шоғырландырған ат төбеліндей қалталылардың да, ұрпақ болашағына жауапты қалың көпшіліктің де «көрпеге қарап көсілгені» жөн болмақ.

Автор:
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».